Сәу 23, 2016 18:22 Asia/Almaty
  • Жетекшілік хадисы 13

Сүнниттер мен шиіттердің хадистерінің көбінде бедғаттың үлкен және айқын күнә екендігі және мұсылмандардың шынайы түрде солардан абай болу керектігі туралы айтылған.

Бедғат, яғни бұрын болмаған жаңа нәрсе шығару. Шариғат бойынша, бедғат – Құран мен сүннетте кездеспеген дінге енгізілген жаңашылдық. Исламның ұлық пайғамбары: «Бедғатшылар Алланың үкімі мен Кітабына және пайғамбарына қарсылық білдіріп, өздерінің қалаулары мен нәпсілеріне сай амал ететіндер. Олар көп болуы да мүмкін»,- деген болатын. Пайғамбар бұл хадисте бедғаттың ең маңызды себебін нәпсі деп таныстырады. Дінді өзінің заңсыз амалдарына тыйым салушы деп санайтын, бірақ дінмен тікелей күресе алмайтындар өз қалаулары мен сұраныстарын дінді желеу етіп, жаңадан шыққан мәселе ретінде ұсынады. Мәселен, Муавие өзінің бедғатымен исламдық үкіметті салтанатқа айналдырып, патшалардың барлық салт-дәстүрлерін жаңғыртып, соңында дінсіз ұлын өзінің орынбасары етіп сайлады. Негізінде бұл іс илаһи істер мен Құран тағылымдары және исламның ұлық пайғамбарының сүннетіне қайшы болды. 

 Бедғат исламдық қоғам үшін көптеген қатер тудырады. Бедғат исламның негізгі мәдениетін өзгертіп, сүннеттерінің жойылуына себеп болады. Имам Әли (ғ.с.): «Дінге бедғаттай шығын келтірген еш нәрсе жоқ»,- деген болатын. Сол себепті ислам дінінде бедғат пен бедғатшылар қатты айыпталған. Имам Бақер (ғ.с.): «Бедғат және Аллаға телінген өтірік сөздерге еріп, соларға табандылық танытатындардың діні болмайды»,- деп айтқан. Сонымен қатар иламның ұлық пайғамбарынан: «Әрбір бедғат – адасушылық, ал әр адасушылық отқа қарай ашылған жол»,- деген сөз қалған. Исламның ұлық пайғамбары өз үмбетін бедғаттан құтқару үшін әрқашан өз әулетіне халықты Құранмен таныстыруға кеңес беріп: «Мен сендердің араларыңа қымбат екі нәрсемді қалдырдым. Егер ол екеуінен айрылмасаңдар, еш уақытта адаспайсындар. Алланың Кітабы мен менің әулетім бір-бірінен бөлінбей, кәусар хауызының қасында маған қосылады»,- деп айтқан болатын. Хазірет басқа бір хадисінде әулетінің сүннеттерді қорғап, бедғаттармен күресудегі рөлі туралы: «Менен кейін иманға зиян келтіру үшін пайда болатын әр бедғатқа қарсы шығып, әулетімнен иманды қорғайтын және хақты анықтап, бүлікшілерді залалсыздандыратын қолдаушы келеді»,- деген болатын. Алла Елшісінің бедғаттармен күресу саласындағы екінші әрекеті үмбеттің әділ ғалымдарын ақиқатты әшкерелеп, Алла Елшісінің сүннеттерін халық арасында таратуға міндеттеу болды. Хазіреттің хадистерінің бірінде: «Менің үмбетімнің арасында бедғат пайда болған кезде үлем өз білімін көрсетуі керек. Кімде-кім олай жасамаса оған Алланың лағынеті тиеді»,- деді. Сонымен қатар қарапайым халық та бедғатшылардан өздерін алыс ұстап, оларды құрметтеп, олармен ынтымақтастық етуден бой тартып, қисынды сұхбаттар және жауаптармен оларды қоғамнан оқшаулау керек. Исламның ұлық пайғамбары: «Бедғатты тікен деп санайтын адамды Алла Тағала қиямет күні құтқарады»,- деген. Халық ішкі болмысымен дінге жақын. Сол себепті дүниеқұмар адамдардың көбісі пайда тауып, дүние-мүлікке жету үшін өз сөздерін халыққа діннің атымен ұсынады. «Бақаре» сүресінің 79-шы аятында Алла Тағала: «Сондай Кітапты қолдарымен жазып, сонан соң аз ақшаға (дүниелікке) сату үшін: «Осы Алланың қасынан келгені» дегендерге нендей өкініш! Және олардың қол жазғандарына нендей өкініш! Сондай-ақ олардың табыстарына нендей өкініш!»- деп жазылған. Сондықтан адамдар ішінде бедғадтық мәліметтер кездесетін кітаптар мен мақалалар және сөздерден абай болып, әр ғалымға сенім артпауы керек. Өйткені тарих бойында бедғаттардың салдарына пайда болған әрбір ауытқушылықтың күнәсі бедғатшылардың мойнында. Алайда сол бедғатқа еретін адам да күәһар саналады. Алла Елшісінің айтуынша, «бедғатшыны құрметтеген адам исламды жоюға көмектескен болып саналады».