Жетекшілік хадисы 12
Білім меңгерудің маңыздылығына байланысты ислам діні адамның білім алуы үшін арнайы шарттарды анықтады.
Бұл салт-дәстүрлер ахлақ пен білімнің тұрғыларына көңіл бөліп, білім алуды жеңілдетеді. Қасиетті ислам діні мен исламның ұлық пайғамбары және хазірет әулетінің өмір сүру салтында әрдайым мұғалімдер мен ғалымдарды құрметтеу қуатталған. Алла Тағала хазірет Мұса мен хазірет Хызырдың хикаясын баяндап, мұғалімді құрметтеудін үлгісін ұсынады. «Каһф» сүресінің 66-шы аятында хазірет Мұса хазірет Хызырдан: «Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе?»- деп сұрайды. 69-шы аятта хазірет Хызырдың оң жауабын естіген кезде: «Алла қаласа, мені сабырлы табарсың. Сондай-ақ саған ешбір істе қарсы келмеймін»,- дейді. Хазірет Мұсаның осы екі қысқа сөзінен тағылым-тәрбиенің салттары көрінеді. Хазірет Мұса үлкен пайғамбарлардың бірі болғанымен оның дәрежесі шәкірттің ұстаз алдындағы рәсімін орындауына кедергі болмады. Хазірет Мұса өзін ұстазының шәкірті ретінде таныстырып, хазірет Хызырмен бірге баруға рұқсат алды. Мұндай мәлімет шәкірттің ұстазы алдындағы қарапайымдылығын білдіреді. Ұстаз дәрежесіне ие адам құрметке ие. Имам Әли (ғ.с.) өз сөзінде: «Шәкірт жиынға кіріп, ұстазының сол адамдардың ортасында отырғанын көргенде жиналғандардың барлығымен амандасып, ұстазына ерекше тағзым етіп, құрмет білдіреді»,- деген. Келесі бір сөзінде: «Тіпті басшы болсаң да әкең мен ұстазың үшін отырған орныңнан тұр»,- деп айтқан. Ұстазды құрметтеп, оның алдында қарапайымдылық білдірудің маңыздылығы сондай Алла елшісі: «Егер кімде-кім бір адамға бір мәселені немесе бір ғылым саласы бойынша бір сөзді үйретсе соның иесі саналады»,- деп айтқан. Сонымен қатар шәкіртті құлмен салыстыруға болады ма деген сұраққа, хазірет: «Ұстаз шәкіртке бұйрық беріп, оны кейбір жұмыстан бас тартқыза алады»,- деді. Яғни құлдардың өз иелеріне бағынғандары сынды шәкірттер де білімді ұстаздарының сөздерін тыңдаулары керек. Сабыр тағылымдық әдеп-ғұрыптардың бірі болып табылады. Ұстаздардың ескертулерін қабылдау, талап-тілектеріміздің алдында сабыр сақтау және қатаңдықтар хазірет Хызыр мен хазірет Мұсаның хикаясынан мәлім болған білім алудың ең маңызды салттарына жатады. Білімді меңгеру кезінде сабыр сақтамаған адам өз білімін тереңдетуден қапы қалып, ұстазынан алыстауы мүмкін. Сол себепті шәкірт сабыр сақтап, білім меңгеру жолында асығыстық танытудан абай болып, мақсатына жылдам жетуді көздемей, оқып-үйренудің үдерісін толық өткені жөн. Хазірет Хызыр да хазірет Мұсаға сабыр сақтауды әрқашан қуаттаған болатын.
Білім алу үдерісіндегі көңіл бөлетін келесі мәселе шәкірттің ұстаздың алдында үнсіздік танытуы болып табылады. Шәкірт мұғалімінің сөзін мұқият тыңдап, жақсылап түсінуі керек. Имам Әли (ғ.с.): «Ғалым мен ұстаздың алдына келген кезде сөйлеудің орнына көбірек сөз тыңдауға тырыс»,- деген болатын. Кейбір адамдар үлкендер мен ғалымдардың ортасына түскен кезде көбірек сөйлеп, өз пікірін айтқысы келеді. Алайда хазірет Әли (ғ.с.) шәкірттеріне ұстаздың сөзін көбірек тыңдауға кеңес береді. Өйткені мұндай мұрсатты дұрыс пайдаланған жөн. Кейбір адамдар басқалардан жақсы сөйлеуді ғана үйрену керек деп санайды. Негізінде дұрыс тыңдауды да үйрену керек. Ден қойып тыңдап, дұрыстап түсіну ұстаздың алдында сақтайтын ғамалдарға жатады. Хазірет Әли (ғ.с.): «Ұстаз сөйлеген кезде оның сөзін бөлме. Бұл білім алудың жолдарының бірі және ұстаздың құқығын сақтау болып саналады»,- деп айтқан. Имам Садық (ғ.с.)-ның әкесі имам Бақер (ғ.с.)-нан естіп, жеткізген сөздерінің бірінде: «Бір адам Алла елшісінің қасына келіп: «Әлемдегі әр нәрсенің құқығы мен заңы бар. Сіздің пікіріңізше, білімнің құқығы не?»- деп сұрағаны айтылған. Хазірет: «Білім алу үшін ғалымның алдына келгенде үнсіз бол»,- дейді. Сұрақ қойған адам: «Егер үнсіздік танытсам ілімнің құқығын сақтағаным ба?"- деп сұрақ қоюын жалғастырады. Хазірет: "Екінші құқығы ғалымның мәліметін жақсылап тыңдау» дейді. Адам: «Содан соң?» деп сұрағанда хазірет: «Содан соң оны жаттап, меңгеру» дейді.
- Жаттаған соң не істеймін?
- Алған біліміне сай амал ет.
- Содан кейін?
Хазірет: «Басқаларға үйрет» деп жауап береді.