Нау 02, 2022 21:05 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 870-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 66ятына құлақ түріңіздер:

«قُلْ إِنِّی نُهِیتُ أَنْ أَعْبُدَ الَّذِینَ تَدْعُونَ مِن دُونِ اللَّـهِ لَمَّا جَاءَنِیَ الْبَیِّنَاتُ مِن رَّبِّی وَأُمِرْتُ أَنْ أُسْلِمَ لِرَبِّ الْعَالَمِینَ»

 

Аяттардың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Маған Раббымнан ашық дәлелдер келген заман; сендердің Алладан өзге жалбарынғандарыңа құлшылық қылуыма тыйым салынды. Сондай-ақ әлемдердің Раббына бой ұсынуға бұйырылдым” де. (66)

Өткен бағдарламада Жаратушының бірлігін көрсететін илаһи нығметтер мен белгілер жайлы сөз қозғадық. Бұл аятта Алла елшісі мүшріктерге қаратып былай дейді: "Мен Алланың атынан пайғамбарлыққа таңдалдым. Пұтқа табынуға рұқсат бермеуге және осы істен бас тарттыруға шақырды. Сондықтан мен пұтқа табынады деп күтпеңдер. Мен сендерге қырсыққаннан пұтқа табынбайды деп ойламаңдар. Сендер де қырсыққаннан менің рәсімдерімді қабылдамай жүрмеңдер. Керісінше мен қисынды да рационалды дәлелдер негізінде Аллаға табынамын, ал пұтқа табынудан бас тартамын. Мен тек бәріміздің Жаратушымыз алдында бас иіп, оған ғибадат етемін. Мен тек ғаламды Жаратушыға табынып қана қоймаймын, оған бас иіп, ол бұйырған нәрселерді қалтқысыз орындаймын. Өйткені өзімді оның құлы санаймын, құлдың міндеті – қожайынға қалтқысыз бас ұру.     

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Алланың әмірлері қисын мен дәлелге негізделген. Уәһи мен ақыл арасында қарама-қайшылық жоқ.
  2. Ғаламды Жаратқанның алдында бас ию – лайықты іс. Кемел ғибадат – Алла алдында бас ию.

"Ғафир" сүресінің 67-68яттарына құлақ түріңіздер:

«هُوَ الَّذِی خَلَقَکُم مِّن تُرَابٍ ثُمَّ مِن نُّطْفَةٍ ثُمَّ مِنْ عَلَقَةٍ ثُمَّ یُخْرِجُکُمْ طِفْلًا ثُمَّ لِتَبْلُغُوا أَشُدَّکُمْ ثُمَّ لِتَکُونُوا شُیُوخًا وَمِنکُم مَّن یُتَوَفَّى مِن قَبْلُ وَلِتَبْلُغُوا أَجَلًا مُّسَمًّى وَلَعَلَّکُمْ تَعْقِلُونَ»، «هُوَ الَّذِی یُحْیِی وَیُمِیتُ  فَإِذَا قَضَى أَمْرًا فَإِنَّمَا یَقُولُ لَهُ کُن فَیَکُونُ»

 

Аяттардың аудармасы: Сондай Алла сендерді топырақтан, сосын мәниден, сосын ұйыған қаннан жаратып, кейін бөбек қып шығарып, соңыра ержеткізіп, кәртейтеді. Кейбіреулеріңді (ержетуден) бұрын өлтіреді. Кейбірің белгілі мерзімге жетесіңдер. Әрине ойланарсыңдар. (67)

Ол сондай Алла, тірілтеді әрі өлтіреді. Қашан бір істі бұйырғысы келсе, шын мәнінде оған: “Бол” дейді. Сонда ол бола қалады. (68)

Өткен аяттардың кейбіреулерінде аспан мен жердегі, табиғи құбылыстардағы Алланың нышандары айтылған. Бұл аяттарда адамның жаратылуына, оның топырақтан жаралғанына, адамның эмбриондық кезеңі, дүниеге келуі және өмір сүруі, ақырында қайтыс болатыны туралы айтылған.

Адам алғашында топырақтан жаралған. Бұған хазірет Адамның жаралуы да жатады. Ол тікелей топырақтан жаралған. Барлық адамдарды да қамтиды. Өйткені адам денесін құрайтын азық-түліктің түп негізі өсімдік пен жануарлармен қоса, топырақтан шығады.

Екінші кезең ұрықтың қалыптасуына қатысты. Эмбрион әйелдің жатырында еркектің сперматозоиды мен аналық жасушасынан қалыптасады. Эмбрион жылдам дамып, ұйыған қанға айналады. Құранда ол "әләқе" деп аталған.

Келесі кезеңде әләқе – ұйыған қан мозғе – шайналған етке ұқсас қалыпқа енеді. Содан соң дене мүшелері қалыптасады. Соңында нәресте дүниеге келеді. Балалық және жасөспірім шағынан өткен соң жастық шағы басталады. Адам бұл кезеңде ақыл тұрғысынан толысады және физикалық тұрғыдан максималды күш-қуатқа ие болады.

Бірақ жастық шақ та тұрақтамай, адам жастық шыңынан төмен қарай құлдырауға мәжбүр болады. Бұл кезеңде біртіндеп кері шегіну, қуаттан айырылу шағы басталады. Адам орта жасқа келіп, кәрілікке аяқ басады. Ақырында өмір соңына жетеді. Өлім адамды қиямет есігі, яғни қабірге кіргізеді.

Әрине кейбір адамдар түрлі оқиғалар немесе ауру-сырқау салдарынан бұл жолды табиғи түрде аяқтамайды, кәрілікке жетпей жатып өмірден өтеді.

Бір қызығы, Құрандағы бұл аятта өлім жойылу деген мағынада қолданылмайды, керісінше өлген кезде періштелер адамның рухын алып, өлімнен кейінгі әлемге апарады делінген. Бұл аяттардан мынаны анық білуге болады: көп адамның ойына керісінше өлім деген адамның жоқ болып, жойылып кетуі емес, қайта басқа мәңгі әлемге апаратын есік.

Аяттың жалғасында жаратылыстың жалпы заңы, яғни өмір мен өлімге тоқталып: "Бұл іс тек Алланың қолынан келеді және Оның қалауымен орындалады. Ол нені қаласа, сол ешбір кешігусіз орындалады",-делінген.

Осы екі аятта екі құбылыс, яғни өлім мен өмір туралы айтылған. Әрине бұл барлық жандылар, соның ішінде өсімдіктер, жануарлар мен адамдарды қамтиды. Бұл екі құбылыс шын мәнінде Алла белгілеген табиғи жүйеге негізделген. Адамның оған қатысы жоқ. Өмір мен өлім – Жаратушы құдіретінің бір белгісі. Адам баласы ғылыми дамуына қарамастан әлі де бұлардың сырын аша алмады.

Осы жерде айта кету керек, өмір түрлі қалыптар мен түрлерде көрініс табады. Алып жануарлар, биікке самғайтын құстар немесе биіктігі ондаған метрге жететін ағаштардың әрқайсысында өзінше өмір бар. Өмірдің түрлі келбеті Жаратылыстың алуан түрлі қалыбын құрайтыны сөзсіз. Жансыз дүниеден жандылар әлеміне өту, өмірден өлімге өту тылсымға толы. Бұл – хакім Алланың құдіретінің белгісі.

Әрине біз үшін қиын әрі күрделі көрінетін мәселелердің әрқайсысы Алла тағала үшін қиын емес. Ол ерік білдіріп, бұйрық берген кезде Оның кез келген әмірі орындалады. Өйткені Ол бір нәрсені қалаған кезде оған тек "Бол" деп айтады, сол нәрсе бірден орындалады.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Жансыз топырақтан ақыл мен ойға ие тірі адамды жарату – Алла құдіретінің бір белгісі.
  2. Жаратылыс жүйесі – кемелдену жүйесі. Өлім адамның түбегейлі жойылуы емес, керісінше рухтың денеден бөлініп шығып, жоғары сатыға көтеріліп, Қияметке жетуін білдіреді.
  3. Құдай бізден адамның жаратылу кезеңдеріне көңіл аударып, Жаратылыстың ұлылығын түсініп, өзін арзанға сатпауды сұрайды.  
  4. Тірілту және өлтіру тек ұлы Алланың қолында.

Бағдарлама уақытының аяқталуына байланысты сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.