Аптаның экономикалық журналы (65)
Теһран әлі де еуропалық елдердің экономикалық делегацияларының барыс-келістерінің орталығы болып отыр.
Грекияның премьер-министрі экономикалық делегацияны бастап алдымен Исфаһан қаласының туристік тартымдылықтарымен танысу үшін осы тарихи қалаға келді. Одан кейін Теһранға келіп, Иран қайраткерлерімен екіжақты қарым-қатынастар және халықаралық ынтымақтастықтарды кеңейту туралы сұхбаттасты. Осы сапар барысында бірнеше ынтымақтастық құжатына, соның ішінде, өнеркәсіп және туризм салаларында құжаттарға қол қойылды.
Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи дүйсенбі күні Грекияның премьер-министрі Алексис Ципраспен кездесуінде Иран мен Грекияның мәдени және өркениеттік тарихына тоқталып: "Бұл сапар екі елдің ұзақ мерзімді ынтымақтастықтары мен сауда айналымының жақсы бастамасы бола алады" деді.
Хазірет Иран мен Грекия саясатының ортақ әрі бағыттас тұстарына тоқталып: "Грекия үкіметі тәуелсіз саясат пен болмысқа ие. Барлық экономикалық қиыншылықтардың шешіліп, грекиялық делегацияның Теһран сапарының екі елдің мүдделерін нығайту үшін жағдай тудыратындығына үміттенеміз" деді.
Ципрас Иранға сапарды барлық салалардағы ынтымақтастықты арттыруға деген ортақ саяси ерік-жігердің белгісі деп атап: "Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастағы жаңа кезеңнің бастамасы саналып, екі елдің мүддесі үшін пайдалы болмақ" деді.
Бұдан бұрын Германияның Сыртқы істер министрі Франк Вальтер-Штайнмайер сауда-экономикалық делегацияны бастап Теһранға сапармен келген болатын.
Теһран сонымен қатар сейсенбі күні Италияның ірі сауда-экономикалық делегациясын қабылдады.
Иранға қарсы экономикалық санкциялар жойылғаннан кейін Иран мен бірнеше еуропалық ел арасында көлік жасау өнеркәсібі бойынша келіссөздер өтті. Еуропалық және азиялық көлік жасаушылар Иранға ортақ инвестиция салуға мүдделілік танытты.
Iran Khodro өнеркәсіптік тобының бас директоры Iran Khodro және Benz компаниялары арасында жүк және жолаушы тасымалы көліктерінің өндірісі үшін ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталғанын хабарлады. Хашем Йекке Заре ақпарат отырысында: «Iran Khodro және Benz компаниялары арасында жүк көліктерін жасап шығаратын ортақ компания құрылады. Бұл компания үлесінің 51 пайызы Iran Khodro Diesel компаниясына, ал 49 пайызы Benz компаниясына тиесілі болады» деді. Iran Khodro өнеркәсіптік тобының бас директоры Benz-дің IDEM компаниясының 30 пайыз үлесін сатып алуын екі компания арасындағы жаңа келісім тарауларының бірі деп атап, Iran Khodro мен Benz арасында алдағы екі апта ішінде жолаушы көліктері туралы келісімнің қорытындыланатынын хабарлады.
Iran Khodro тобының төртінші серіктесі Fiat компаниясы да әріптестік жасауға мүдделілік танытып отыр. Iran Khodro өнеркәсіптік тобының бас директоры Fiat компаниясымен ынтымақтастық туралы келіссөздердің жақында басталатынын айтып: «Көлік жасау саласындағы келісім тарауларының қатарына келісім жүзеге асырыла бастаған кезде өнімдердің 40 пайызын жергіліктендіру мәселесі жатады. Бұл мөлшер 70 пайызға дейін артатын болады» деді.
Iran Khodro компаниясының бас директоры экспортты Peugeot компаниясымен келісімнің маңызды бөлімі деп атап: «Бастапқы кезде өндірістің 30 пайызы ТМД елдеріне, Шығыс Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс және кейбір азиялық елдерге экспортталатын болады. 500 миллион еуро көлемінде инвестиция салу арқылы ортақ компания құрылатын болады. Peugeot компаниясы Иранға 250 миллион еуро көлемінде инвестиция салады» деді. Iran Khodro өнеркәсіптік тобының бас директоры болашақта жасалатын өнімдерді Еуропа нарығындағы Peugeot-ның заманауи өнімдері деп атап: «Иранда жасалатын алғашқы өнім Peugeot-ның 2008 жылғы моделі болады. Ол наурыз айында алғаш рет Женева көрмесінде таныстырылып, оның өндірісі Peugeot-ның бас зауытында басталады» деді.
ИИР Президентінің жуырдағы Францияға сапарында ондаған экономикалық ынтымақтастық құжатына, соның ішінде, Иран мен Францияның екіжақты қарым-қатынастарын нығайтудың жол картасы құжатына Иран мен Францияның Сыртқы істер министрлері тарапынан қол қойылды.
Арменияның ұлттық банкі Иран мен Армения арасындағы экономикалық ынтмақтастықтарды кеңейтуге күш салып жатқан осы елдегі жалғыз банк болып табылады.
Ереван қаласында Иранмен ғана әріптестік жасап, Иран өнімдерін импорттайтын компаниялар аз емес. Осындай компаниялардың бірі – Сергей Абрамян басқаратын СТЕКО компаниясы. Ол былай дейді: «Ираннан ғана әйнек импорттағаныма 10 жылдай болды. Ирандық өнімдердің бағасы да тиімді, сапасы да жақсы». Бірнеше орталыққа банктік жеңілдіктер жасау – Арменияның ұлттық банк қызметтерінің бір бөлігі. Бұл банк басшыларының айтуынша, банктің басты мақсаты Иран мен Армения арасындағы экономикалық ынтымақтастықтастықтарды кеңейту болып табылады.
Арменияның ұлттық банкінің атқарушы директоры сейіт Ғоломреза Моусави бұл жайында былай дейді: «Аталмыш банк Иран мен Армения арасындағы сауданы жеңілдету үшін қызмет көрсетеді. Табыс көрсеткіші бойынша Арменияның 21 банкінің арасында 4 орында тұр. Иранның ұлттық банкі үшін Орталық Азия мен ТМД елдерінде Арменияның ұлттық банкі арқылы ауқымды халықаралық қызмет көрсету мүмкіндігі туындады».
Арменияның ұлттық банкі мен Иранның «Тоусее садерат» банкі арасында қол қойылған келісімге сәйкес, ирандық экспорттаушылар өз тауарлары мен қызметтерін Арменияға экспорттап, ақшаларын Иранда алуы үшін Арменияның ұлттық банкінде «Тоусее садерат» банкі тарапынан 5 миллион еуролық кредиттік желі ашылды.
Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Иранның стратегиялық орыны, Парсы Шығанағы және Оман теңізімен іргелестігінің арқасында Қазақстанды әлеммен байланыстыратын буын болып табылатынын айтты.
Мұхаммадреза Нематзаде жексенбі күні Теһранда екі елдің жеке меншік секторының басшылары және өкілдерінің қатысуымен өткен Иран мен Қазақстанның сауда және инвестиция форумында: «Иранның жағырапиялық орналасуы және оның Каспий теңізі, Парсы Шығанағы, сондай-ақ Оман теңізімен байланысы Иранның ерекше артықшылығы болып табылады. Қазақстан осы артықшылықты пайдалану арқылы көрші елдермен және әлеммен қарым- қатынасын нығайта алады.
Қазақстан сонымен қатар рельстік жолдар, кеме қатынасы және байланыс жолдарымен Иранмен байланыста бола алады. Қазіргі кезде Түркіменстанның Инче-Бурунмен темір жолының қосылуы екі елдің байланыс тәсілдерінің біріне жатады. Бұл жоба Иранның Жол және қала құрылысы министрлігі тарапынан қарастырылып жатыр» деді.
Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі сондай-ақ Қазақстанның 260 кісіден тұратын делегациясының Теһранға жасаған сапарына тоқталып: «Бұл делегация Орталық Азиядан Иранға келген ең үлкен делегация болды. Екі елдің терең мәдени, діни және тарихи өткенін назарға алсақ, осы сапардың жетістіктерінің екі елдің сауда-саттығын кеңейтуге көмектесендігіне нық сенімдімін» деді.
Нематзаде екі тараптың сауданы дамытудағы мүмкіндіктерін қуаттап: «Екі елдің әрқайсысы осы мүмкіндіктері мен артықшылықтарын өзара мүдде үшін пайдалана алады» деді.
Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев те осы отырыста «Біздің ирандық әріптестеріміз сенімді. Шын мәнінде біз Иранмен қарым-қатынастарды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерді іздеп жатырмыз» деп, Қазақстанның ирандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтынын айтты. Ол Иранмен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту қажеттігін қуаттап: «Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі Иранмен сауда теңгерімін арттыру үшін ирандық компанияларға қажетті кез келген рұқсатнаманы қамтамасыз етеді» деді. Исекешов салынған инвестицияларға оралу үшін 30 пайыздық субсидияны жоспарлап отырғанын айтып: «Қазақстанда жұмыстарды ілгерілетіп, ирандық кәсіпкерлермен қарым-қатынастарды нығайтуға көмектесетін 900-ға жуық компания ашылды» деді.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, әлемдік нарықтарда мұнай мен шикізат бағасының төмендеуі халықаралық экономиканы артқа тартады. Мұнай бағасы 2014 жылдың ортасынан осы уақытқа дейін өз құнының шамамен төрттен үш бөлігін жоғалтып, қазір мұнайдың әр баррелінің бағасы шамамен 30 долларға түсті. Оның басты себебі – әлемдік нарықтардағы мұнай ұсынысының артық болуы.
Кейбіреулер мұнай бағасының төмен болуы әлемде экономиканың өсуіне сеп болады деп санайды. Себебі әлемдік нарықтарда мұнай бағасы төмен болған кезде өндіріс пен экспортқа кететін шығын да азайып, экономикалық өсу үшін көбірек мүмкіндік туындайды. Бірақ мұндай болжам ұзаққа созылмайды. Себебі дамыған елдер арзан мұнай сатып алу арқылы үнемдеп қалған соманы экономикалық өсуді қарқындату үшін жұмсамай, оны мемлекеттік қарыздарды өтеу үшін пайдаланады.
Ал Халықаралық Валюта қорының есебіне сәйкес, әлемнің экономикалық өсу көрсеткіші бұрын болжанған мөлшерден де төмен болмақ. Осы есепке сүйенсек, әлемнің 2016 жылғы экономикалық өсуі 3,4 пайызға, ал 2017 жылы 3,7 пайызға жетеді. Халықаралық Валюта қорының бас директоры Кристин Лагард қаңтар айының соңында қазір көптеген елдерден көруге болатын тұрақсыз экономикалық жағдайдың алдағы жылдардағы әлемнің экономикалық өсуіне әсер ететін алаңдатарлық факторға айналғанын айтты.
Мамандардың айтуынша, өткен 75 жылдың ішінде әлем нарықтарындағы мұнай бағасының толассыз түрде көтерілуі әлемдік дағдарысқа себеп болды. Бірақ бұл жолы әлемдегі экономикалық дағдарыстың басталуына мұнай бағасының төмендеуі себеп болады.
Әлем экономикасы әлемдік нарықтардағы мұнай бағасының көтерілуін қажет етеді. Себебі мұнайдың мұншама төмен бағасы әлемнің экономикасын құлдыратады. Арабстанның ОПЕК-тегі үлесінен артық арзан мұнай өндірісін арттыруы әлемдегі мұнай бағаларының төмендеуінің басты факторы болып отыр.