Сәу 25, 2016 15:55 Asia/Almaty

Пайғамбарлардың халық ауыз ертегілерінің маңызды мәйектерінің бірі екендігін айттық.

Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, пайғамбарлар ертегі кейіпкерінің түсіне еніп немесе өңінде пайда болып, оған көмектесіп, оның қиындықтарын жойып, аурудан сауықтырады. Кейіпкердің түсінде оны қызға  үйлендіру – халық ауыз ертегілеріндегі басты сюжеттердің бірі. Ертегілердің бір тобында әдетте пайғамбарлардың бірі патша қызының немесе дұшпан әскерінің танымал батырының бірінің түсіне еніп, оны мұсылман қылады. Патша қызын мұсылман батырларының біріне күйеуге береді. Бұл екі тақырыпты екі тұрғыдан түсіндіруге болады: біріншіден, діни және шариғаттық нормаларға сәйкес ғашықтық кеңістігін тудыру ертегінің қатал жауынгерлік кеңістігін жұмсартуға көмектеседі; екіншіден, осы қыздар кейіпкердің әскеріне қосылғаннан кейін оның жұмысы оңалады. Қыз өзінің күші мен ықпалын дұшпанның әскерін сиқырлауға немесе сиқырды жоюға жұмсап, кейіпкерге көмектесіп, оны қорғайды. Мұндай ертегілерде бұл рөл Ислам пайғамбары (с.ғ.с.), хазірет Ибрахим (ғ.с.) мен хазірет Шейістің (ғ.с.) мойнында болған.

«Ховараннамада» пайғамбар (с.ғ.с.) пұтқа табынатын патша қызының түсіне еніп, оны мұсылманға айналдырып, ислам әскербасыларының біріне күйеуге береді. «Хамзанамада» да Уранг пен Курангтың қарындасы түсінде хазірет Шейісті көреді. Пайғамбар оны Ландахурдың жары етіп таңдайды. Тура осы ертегіде Қарунның қарындасы хазірет Ибрахимді түсінде көріп, мұсылманға айналып, Хамзаны азат етіп, оның әйеліне айналады. Проза тілімен жазылған «Ескендірнамада» Сабуктекин хазірет Исаны (ғ.с.) түсінде көріп, мұсылманға айналып, Шахбану Абдулмаджидпен үйленіп, Ескендірдің қызын  өзінің ұлы сұлтан Мұхаммадқа тұрмысқа береді.

Халық ауыз ертегілеріндегі пайғамбарлардың қатысуымен болатын басты сюжеттердің бірі – пайғамбардың ерекше ықыласына бөлену. Проза тілімен жазылған «Ескендірнамада» Насим Айяр пайғамбардың ықыласына бөленген, сол себепті ол 72 түрге еніп, 72 тілде сөйлеген.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Жавантиғ» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, баяғы өткен заманда бір патша өмір сүріпті. Ол бір балаға зар болыпты. Дәруіш оның тілегін орындамақ болып, оған алма беріп: «Осы алманы әйеліңмен бөліп жеген соң ұлды боласың. Атын «Жавантиғ» деп қойыңдар. Содан соң Құдай сендерге үш қыз береді»,-дейді. Дәруіштің  патшаға айтқаны орындалады. Жылдар өтіп, патша қайтыс болады. Қайтыс болар алдында өз ұлына қарындастарының тұрмысқа шығуы жайында ескертулер жасайды. Жавантиғ оның айтқанын орындайды. Бір күні Жавантиғ сарайдың бөлмелерінің бірінен Челгистің суретін көріп, оған ғашық болып қалады. Дариябор мен Жұлдызшы деген екі досымен бірге кептер, мысық пен тазы итті ертіп жолға шығады. Бірінші қалаға жеткенде халықты жеті басты диюден құтқарып, патша берген барлық затты Жұлдызшыға беріп, өзі жолын жалғастырады. Келесі қалада айдаһар судың жолын жауып қалып, халыққа аздап су беру үшін күн сайын жеті қыз бен жеті қазан ас жейді екен. Жавантиғ: «Патшаңа хабар жеткіз. Мен бұл айдаһарды өлтіремін. Маған не бергісі келсе, соны берсін»,-дейді. 

Патша сенбей: «Менің бүкіл әскерім айдаһарды өлтіре алмады. Мына жалғыз адам оны қалай өлтірмекші? Оған айтыңдар, егер айдаһардың көзін жоя алса, қызым мен мал-мүлкімнің жартысын беруге дайынмын»,-дейді. Ертеңінде айдаһар аздап су алуға рұқсат берсін деп қыз бен  жеті қазанды алдына апарады. Жавантиғ айдаһардың бас жағында тұрады. Айдаһар тамақ ішу үшін басын көтергенде Жавантиғ қылышын оның маңдайына бір-ақ сұғып, басын қақ айырады. Патшаға «Тойдың қамын жаса, белгісіз жас жігіт айдаһарды өлтірді» деген хабар жеткізіледі. Патша жеті күн, жеті түн той өткізіп, өзінің мал-мүлкінің жартысы мен қызын Жавантиғқа береді. Осы кезде Жавантиғ патшаға өзінің сапарға шыққандағы мақсатын айтып, қыз бен мал-мүлікті досы Дарияборге беріп, өзі мысық, кептер мен тазы итті ертіп Челгисті іздеуге аттанып, тау мен даланы бетке алады. Жүріп отырып, жүріп отырып, таудың етегіне салынған бір үйге келеді. Үйдің есігін қаққанда бір әйел шығады. Жавантиғ: «Бізге үйіңде түнеп шығуға рұқсат бер»,-дейді. Әйел: «Күйеуім үйде жоқ. Егер қайтып оралып, сені үйде көрсе, басыңды алады»,-дейді. Жавантиғ: «Үйіңе кіруге рұқсат бер, Алла жар болсын»,-дейді. Әйел үйдің төбесіне шығып қараса, күйеуі келе жатыр екен. Жавантиғті сандыққа салып, аузын құлыптап тастайды. Күйеуі келгенде әйелі: «Бір бөтен қонағымыз бар. Оны көргенде тиіспеймін деп уәде бер»,-дейді. Күйеуі қонаққа тиіспеуге уәде береді. Әйел Жавантиғті сандықтан шығарады. Күйеудің көзі оған түскенде: «Ей, әйел, сен өзіңнің ағаңды да танымайсың ба?»-дейді. Жавантиғ сол кезде мына әйелдің өзінің кіші қарындасы екенін түсініп, қатты қуанады. Түнді өзінің қарындасының үйінде өткізіп, сапарының мақсатын қарындасы мен оның күйеуіне айтып береді. Таң атқанда  күйеу бала Жавантиғті жетектеп, бір төбенің басына шығарып, сол жерден қарама-қарсы таудың етегіндегі бір үйді көрсетіп: «Анау үлкен қарындасыңның үйі. Әлгі таудан ары қарай сол қарындасыңның күйеуінің иелігі басталады. Егер ортаңғы қарындасыңның үйіне барғың келсе, сол жол көрсетер. Егер Челгистің соңынан барғың келсе, ол жолын жақсырақ біледі»,-дейді. Жавантиғ жолға шығып, үлкен қарындасының үйіне жетіп,  түнді соның үйінде өткізеді. Ертеңінде күйеу баласы өз анасына хат жазып, Жавантиғқа Сүлейменнің сақинасын беріп: «Мына хатта анама саған Челгистің үйіне қарай жол сілтесін деп айттым»,-дейді. Содан соң Жавантиғқа шешесінің үйінің мекен-жайын беріп, қоштасады. Күн батарда Жавантиғ күйеу баласының шешесінің үйіне жетеді. Кемпір: «Бүгін осында қон. Ертең ертемен саған Челгистің үйіне баратын жолды көрсетемін»,-дейді. Ертеңінде кемпір Жавантиғті жеті бөлмелі үйге апарып, оған бір бума кілт беріп: «Мұнда жеті бөлме бар,  барлығын ашып болып, жетінші бөлмеге жеткенде Челгисті көресің. Бар да екі иығын қапсыра ұстап ал. Егер сенен «Кімсің?» деп сұраса, «Ажалмын, жаныңды алғалы келдім» деп жауап бер. «Жанымды не үшін алғың келеді?» деп сұрайды. «Өйткені жетпіс жыл  болды тұрмысқа шықпайсың» деп жауап бер»,-дейді. Жавантиғ кемпірдің айтқанын істейді. Челгистің көзі Жавантиғке түскен кезде оған ғашық болып қалып, екеуі үйленіп, сол жерде қалыпты. Бір күні Челгис өзінің қырық қызметшісімен бірге  моншаға барады. Олардың әрқайсысы бір-бір бұрымды жуады екен. Шаш тарайтын кезде қызметшілердің бірі абайсызда тарақпен Челгистің бір тал шашын жұлып алады. Челгис байқап қоймасын деп әлгі бір тал шашты ағашқа байлап, өзенге лақтырып жібереді. Су ағашты Харут пен Маруттың қаласына алып барады.