Иранның туристік тартымдылықтары (18)
Осы аптада Иранның мәңгі тірі мұражайы әсем қала Исфаханға сапар шегеміз.
Исфахан облысы әртүрлі тарихи кезеңдерге тиесілі көне құнды ескерткіштердің көп болуына байланысты тарихи-көркемдік мұражайға айналды. Отандық және шетелдік туристердің көбінің мақсаты – Исфахан қаласы. Жылына миллиондаған турист Исфаханды көріп қайтады. Көбіне олар көктем мезгілінде, әсіресе Наурыз мерекесі кезінде сапар шегеді. Әдемі исламдық архитектура, көркем бульварлар, жабық көпірлер, әйгілі сарайлар, танымал мешіттер мен мұнаралардың болуына байланысты бұл қала Иран мәдениетінде "жарты әлем" деген атқа ие болды. Исфаханда құнды тарихи ескерткіштер көп, олардың бәрін таныстыруға уақыт жетпейді. Сондықтан олардың ең маңыздыларын таныстырамыз. Осы әдемі ескерткіштермен танысқаннан кейін Исфаханға сапар шегуге ынталана түсерсіздер деп үміттенеміз. Сол кезде қаланың барлық құнды ескерткіштерін өз көздеріңізбен көре аласыздар.
Исфаханның тарихи ескерткіштерімен танысуды Имам алаңынан (Нақш-е джаһан) бастағанымыз дұрыс. Бұл алаң ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелген.
Имам алаңы (Нақш-е джаһан) – ұзындығы 500 метрден асатын, ені шамамен 165 метрге жуық тіктөртбұрышты алаң. Ол Сефевилер дәуіріне тиесілі ғимараттармен қоршалған. Алаңның ортасында үлкен хауыз бен әдемі субұрқақтар бар. Қазіргі күйдегі бұл алаң Аббас шах Сефевидің кезінде салынған. Бұрынғы заманда алаң поло ойынына арналған жер ретінде пайдаланылған. Әлі күнге дейін алаңның солтүстік және оңтүстік бұрышында полоға арналған қақпалардың темір сырықтары бар. Имам алаңының төрт жағындағы тарихи ғимараттар – Әли Ғапу сарайы, Имам мешіті (Шах мешіті), Шейх Лотфулла мешіті және Қейсарие базарының маңдайшасы. Бұл ғимараттар Имам алаңының сұлулығын арттырып, оны жүзіктің асыл тасындай жарқыратып, әлемдік деңгейде танылуына себеп болды.
Бұл ғимараттармен қоса алаңның айналасында екі қабатта екі жүз құжыра орналасқан. Әдетте бұл құжыраларда Исфаханның қолөнер бұйымдары, соның ішінде хатамкари – инкрустацияланған ағаш бұйымдар, минакари – бетіне көк түспен сурет салынған металл бұйымдар, қаламзани – бетіне ойып өрнек салынған металл бұйымдар, монаббаткари – бетіне ойып өрнек салынған ағаш бұйымдар және т.б. сатылады. Алаңда өткел жолдар көп. Алаңның төрт жағында төрт базар орналасқан. Олар дүкендер арқылы алаңмен байланысып жатыр. Бұл базарлар Сефевилер заманында әрқайсысы бір кәсіпке арналған. Бүгінде алаңның батыс базарында мыс бұйымдары, солтүстік базарында қолдан тоқылған ирандық кілемдер мен кілемшелер сатылады.
Париждің Конкорд алаңымен салыстырғанда Нақш-е джаһан алаңы тарихи тұрғыдан артығырақ әрі құндырақ саналады. Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңынан кейін әлемдегі ең үлкен екінші алаң болып отыр. Бұл алаң архитектуралық жобасы мен өлшемдердің үйлесімдігі тұрғысынан ғасырлар бойы тамашалаушыларды таңғалдырып келеді.
Әли Ғапу сарайы алаңның батыс жағында орналасқан. 6 қабатты ғимарат шамамен 1800 шаршы метр ауданда салынған. Алаң деңгейінен биіктігі 34 метр. Әрбір қабатта арнайы безендіру түрлері қолданылған. Ғимаратта дыбыс пен дауысты жаңырта алатын кіреберіс, өте әдемі қонақ күту залы, музыка залы және басқа 53 бөлме бар. Олар жиналыс және демалыс орны, кеңсе және елшілер мен қонақтарды қабылдайтын жер ретінде қолданылады. Ғимарат қалың қабырғалар мен ағаш бағандардан тұрады.
Имам мешіті де Имам алаңының салтанатты ғимараттарының бірі саналады. Ол алаңның оңтүстік жағында орналасқан. Сұлтани мешіті, Орталық мешіт және Шах мешіті деген аттармен де танымал. Имам мешіті Аббас шах Сефеви билігінің 24 жылы салынды. Мешіт сырлы кірпіштермен безендірілген. Мешіттің көрнекті жерлері ретінде вузу(дәрет алу) хауызы, күмбез, жеті түсті сырлы кірпіштер мен симметриялы аркаларды атауға болады.
Алаңдағы көрнекті ғимараттардың бірі – Шейх Лотфулла мешіті. Ол алаңның шығыс жағында Әли Ғапу сарайына қарама-қарсы орналасқан. Бұл діни орын Аббас шах Сефевидің бұйрығымен шейх Лотфулла әл-Мисиді ұлықтау үшін салынған. Мешіт құрылысына 17 жыл кеткен. Х.қ.ж.с.б. 11 ғасырдағы сәулет өнері мен сырлы кірпіш жапсыру өнерінің үздік үлгісін осы ғимараттан көруге болады. Бұл мешіттің құрылысында нұр мен түстің синтезі өте жақсы қолданылған. Басқа мешіттерге керісінше шейх Лотфулла мешітінде мұнара мен аула жоқ. Теңдессіз жобаға ие мешітте биіктігі 32 метр әдемі күмбез бар. Көрген адамды сұлулығымен сиқырлап алады. Осы мешітті жобалаушылар мен сәулетшілердің бірі – ұстаз Мұхаммед Реза Исфахани. Мешіттің кіреберіс маңдайшасы Сефелер заманындағы атақты каллиграф Әлиреза Аббасидің қолымен "сұлс" жазуымен жазылған тақташалармен безендірілген.
Қейсарие базарының кіреберіс маңдайшасы – алаңдағы әдемі тарихи құрылыстардың бірі. Ол Исфаханның үлкен базарының негізгі кіреберіс қақпасында орналасқан. Бұл ғимарат бұрынғы заманда үш қабатты болған. Онда наққарахана – барабанда ойнайтын музыканттар отыратын жер орналасқан. Бірақ ол Қаджарлар заманында қиратылып, түгел жойылған. Бұл маңдайшада шын мәнінде бірінші қабатта дүкендер орналасқан. Онда адамдар сауда жасайтын. Екінші қабатта әкімшілік және хатшылық жұмыстар атқарылған. Ал наққараханада халыққа намаз уақыты жарияланып отырған. Маңдайшаның үстінен Реза Аббаси салған суреттерді көруге болады.
Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Келесі бағдарламада Исфахан қаласының басқа туристік тартымдылықтарымен таныстырамыз.