Қаз 30, 2022 12:04 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (19)

Исфахан қаласында серуендеуді жалғастыра келіп, қаланың басқа да көрікті жерлерімен таныстырамыз.

Исфахандағы Чаһарбақ көшесі

Исфахан қаласында серуендеуді жалғастыра келіп, бүгін қаланың тарихи орталығындағы «Чаһарбақ» деп аталатын жап-жасыл көшеге барамыз. Бұл көше – қаланың басты сауда және туристік орталықтарының бірі.

Чаһарбақ көшесі Аббас I шахтың кезінде, яғни 1591 жылы жобаланып, салынған. Қазіргі кезде көшені жөндеу және ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көше жоғарғы Чаһарбақ және төменгі Чаһарбақ деген екі бөліктен тұрады.  Жалпы «Чаһарбақ» деген атпен танымал.

Исфахандағы Чаһарбақ көшесінің жоғарғы және төменгі бөліктері «Си о се пол» көпірі арқылы бір-бірімен байланысып жатыр.

Чаһарбақ көшесінде салт атты мен ат арбаға арналған екі жолақ, велосипед тебушілерге арналған екі жолақ, жаяу жүргіншілерге арналған үш жолақ бар. Жолақтардың арасын төрт қатар қарағаш пен шынар ағаштары бөліп тұр. Бұл көшеде серуендеу ұмытылмас естелік қалдырады. Қарағаш пен шынар ағаштарының саясында қадам басып, сөмке, аяқ киім, киім-кешек пен Исфаханның қолөнер бұйымдарын сататын дүкендерді аралау кез келген адамның жанын жадыратады. Чаһарбақ көшесінің басында Доулат қақпасы салынған. Оның маңында  «Һәшт Беһешт»  (Сегіз жұмақ) сарайы мен бағы орналасқан. Чаһарбақ көшесінің бойына салынған жанға жайлы сарайлар мен павильондардан тек «Һәшт Беһешт» сарайы сақталып қалды. Бұрын әлемнің ең әдемі сарайы деп аталған бұл салтанатты ғимарат х.қ.ж.с.б. 1080 жылы шах Сүлеймен Сафави заманында Бұлбұл бағы маңында салынған.

Осы екі қабатты ғимарат әсем жобасы мен әдемі өрнектеріне байланысты Сефевилер заманындағы сәулет өнерінің жарқын үлгілерінің біріне айналды. 

Исфаханға барып, «Һәшт Беһешт» сарайын көрген саяхатшылардың барлығы әлемнің ең сұлу ғимараттарының бірі деп атаған.

«Һәшт Беһешт» сарайы

 

Чаһарбақ медресесі

 

 

 

«Һәшт Беһешт» сарайынан бірнеше қадам жүргенде Чаһарбақ медресесіне жетеміз. Бүгінде ол имам Садық (ғ.) атындағы діни медресе деген атпен танымал. Бұл медресе діни тәліптер қолдану үшін х.қ.ж.с.б. 1104-1126 жылдар аралығында шах Сұлтан Хұсейн Сефеви заманында салынған. Медресе – Сефевилер заманында салынған соңғы ғимарат. Ол сол замандағы ирандық сәулетшілер мен өнерпаздардың талғамы мен шеберлігін көрсетеді. Ғимараттың архитектуралық жобасы исфахандық стильге негізделген. Чаһарбақ медресесінің күмбезі архитектуралық симметрия және қыш тақташалардың үйлесімді жобасы тұрғысынан шейх Лотфулла мешітінен кейін екінші орында. Бірақ осы сала сарапшыларының пікірінше алтынмен апталып, күміспен күптелген бұл ғимарат жобалау және ойып өрнек салу сияқты нәзік өнер түрлері саласында теңдессіз. Чаһарбақ медресесі қыш тақташалар тұрғысынан да маңызды. Онда жеті түсті қыш тақташа жапсыру, қыштан сталактит жасау, шарбақтап өру сияқты өнер түрлері қолданылған. Шын мәнінде ол Исфаханның сырлы кірпіштер мұражайы ретінде танылған. Медресенің кең ауласында биік ағаштар, су ағатын арықтар мен құжыралар бар. Осындай жанға жайлы кеңістікті қиып кету оңай емес. Бірақ медресеге жапсарлас орналасқан басқа да тарихи жерлер бізді өзіне қарай тартады. Чаһарбақ көшесінде серуендеуді одан ары жалғастырып, Сефевилер заманындағы әдемі сарайлардың бірі «Чеһелсутун» сарайына барамыз.   

«Чеһелсутун» (Қырық баған) сарайы бір кездері патшаның қонақтары мен шетелдік елшілерді қабылдайтын жер болған. Х.қ.ж.с.б. 11 ғасырдың басына тиесілі сарайдың айрықша көрінісі оның атауына себеп болды. Шын мәнінде сарайда қырық баған жоқ. Жиырма баған сарай алдындағы суда шағылысып, екі еселеніп, қырық бағандай көрінеді. Сондықтан ол «Чеһелсутун» деп аталған.  

 

«Чеһелсутун» сарай

Исфаханға барып, тарихи көпірлерді көрмеу мүмкін емес. Заяндеруд өзенінің жағасымен жүргенде қаланың екі жағын жалғап жатқан бірнеше көне көпірді көруге болады. «Си о се пол» (33 есікше) көпірі – Исфаханның ең әдемі көпірлерінің бірі. Ол Чаһарбақ көшесінің соңында орналасқан.  «Си о се пол» көпірінің ұзындығы 300 метр, ені 14 метр. Ол Заяндеруд өзені үстіне салынған ең ұзын көпір. Шах Аббас I салуға бұйрық берген алғашқы құрылыстардың бірі. Ол шах Аббас I заманына тиесілі теңдессіз архитектуралық туындылардың қатарына жатады. Кешке таман осы көне көпірдің үстімен жүріп, жарықтандыруын тамашалау Исфаханға сапардан есте қалар естеліктердің бірі болады.