Қар 21, 2022 14:31 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 882-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресінің 41-42-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ الَّذِینَ کَفَرُوا بِالذِّکْرِ لَمَّا جَاءَهُمْ  وَإِنَّهُ لَکِتَابٌ عَزِیزٌ»، «لَّا یَأْتِیهِ الْبَاطِلُ مِن بَیْنِ یَدَیْهِ وَلَا مِنْ خَلْفِهِ  تَنزِیلٌ مِّنْ حَکِیمٍ حَمِیدٍ»

 

Аяттардың аудармасы: Расында өздеріне Құран келген кезде, қарсы болғандар бар. Шын мәнінде ол, ардақты бір Кітап.(41)

Оның алдынан да артынан да бос сөз келмейді (араласпайды). Аса дана, өте мақтаулы Алла тарапынан түсірілген. (42)

Өткен бағдарламада жалған сөздермен дінді бұрмалап, халықты тура жолдан тайдырып, оларды дін мен Құраннан алшақтатуға талпынып жүрген адамдар жайлы айтылды. Ал мына аяттарда: "Құран ескерту үшін түсірілді. Адамдар ғапылдық ұйқысынан оянып, өз Құдайының пәк болмысына қайтып оралсын деп жіберілген. Бірақ өкінішке қарай кейбір адамдар оған күпірлік жасап, діни ақиқатты терістеуге кіріседі. Ал негізі олардың терістеуі илаһи кітаптың құнын түсіре алмайды. Құдайдың кітабы – жойылмайтын мәңгілік жәдігер. Бұл кітаптың қисыны айқын, дәлелдері мықты әрі тәлімдері тереңнен тамыр алған",-делінген.

Аятта Құранның ұлылығын мадақтай түсу үшін былай делінген: бұл кітап Құдай тарапынан жіберілді. Оның әрбір ісі хикметке негізделген. Сондықтан кітап кемел әрі дұрыс. Мақтауға лайықты хәкім Құдайдан түскен кітапқа арттан да, алдынан да жалған сөз жабыспайтыны анық. Аяттарда қарама-қайшылық жоқ. Оның заңдары мен тағылымында қателік жоқ. Оны ешкім бұрмалай алмайды. Мұнымен қоса, ешкім оның ақиқатын терістей алмайды. Болашақта да адамзат баласының ғылыми жетістіктері мен жаңалықтары оны бұза да, оған сызат та түсіре алмайды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Қазіргі замандағы адасушылық пен ғапылдықтан аман қалу үшін Құран кітабын оқуымыз керек. Ол ақиқатты еске салып тұрады.
  2. Құран өз болашағынан хабар береді. Бұл кітапқа ешқандай сызат түсірілмейтінін, бұрмаланбайтынын және ешқашан жалған нәрсе оған кіргізілмейтінін тура айтады.
  3. Құранға қарсы түрлі қастандықтар нәтиже бермейді. Сондықтан дұшпандар қанша тырысса да, Құранды қоғамнан аластата алмайды.  
  4. Құран аяттары илаһи хикмет пен ғылымның көрінісі болғандықтан, дұрыс әрі хикметке толы және Ислам діні үшін мықты негіз.   

"Фуссиләт" сүресінің 43-44-аяттарына құлақ түріңіздер:

«مَّا یُقَالُ لَکَ إِلَّا مَا قَدْ قِیلَ لِلرُّسُلِ مِن قَبْلِکَ  إِنَّ رَبَّکَ لَذُو مَغْفِرَةٍ وَذُو عِقَابٍ أَلِیمٍ»، «وَلَوْ جَعَلْنَاهُ قُرْآنًا أَعْجَمِیًّا لَّقَالُوا لَوْلَا فُصِّلَتْ آیَاتُهُ  أَأَعْجَمِیٌّ وَعَرَبِیٌّ  قُلْ هُوَ لِلَّذِینَ آمَنُوا هُدًى وَشِفَاءٌ  وَالَّذِینَ لَا یُؤْمِنُونَ فِی آذَانِهِمْ وَقْرٌ وَهُوَ عَلَیْهِمْ عَمًى  أُولَـئِکَ یُنَادَوْنَ مِن مَّکَانٍ بَعِیدٍ»

Аяттардың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) саған сенен бұрынғы елшілерге айтылған ғана айтылды. Күдіксіз Раббың жарылқау әрі күйзелтуші азап иесі. (43)

Мүбада оны бөгде тілде бір Құран қылсақ, әлбетте олар: “Аяттары неге ашық баян етілмеген? Арапқа бөгде тілде айтыла ма?”,- дер еді. “Ол Құран иман келтіргендерге бір тура жол және шипа” де. Ал иман келтірмегендердің құлақтарында кереңдік бар. Сондай-ақ Құран оларға бір соқырлық (қараңғылық). Олар ұзақ бір жерден шақырылғандай. (44)

Дінге қарсыларға тойтарыс беру туралы айтылған аяттардың жалғасында: "Олар Құранға ғана қарсы күреспейді, керісінше Ислам пайғамбарына да жөнсіз сөздер телиді. Оны сиқыршы, ақын әрі мәжнүн деп атайды",-делінген. Құдай пайғамбарға қаратып: "Бұрынғы пайғамбарларға да жөнсіз сөздер айтылған. Олар да осындай халыққа тап болған. Демек, олардың сөздеріне көңіл аударма, сабырлықпен өз миссияңды орындай бер",-деді.  

Құдай жазықсыз да жәһіл адамдарға кешіріммен қарайды. Бірақ қасқана тіл тигізіп, Құран және илаһи пайғамбарлармен жауласатын адамдарға ауыр жаза беріледі.

Ислам пайғамбарына қарсылардың кейбіреулері келтіретін сылтаулардың бірі мынау: Неге сенің кітабың біздің тілде жазылған? Егер сен пайғамбар болсаң, мұғжиза ретінде араб тілінен басқа тілде кітап түсір. Сонда сенің рас Құдайдың пайғамбары екеніңе көз жеткіземіз.

Құдай осы топтың сылтауларына жауап ретінде: "Егер Құранды араб тілінен басқа тілде түсіргенімізде, біз араб тілді халықпыз деп сылтау айтар едіңіздер. Бұл кітаптың аяттары түсініксіз, оны түсінбейміз деп айтар едіңдер. Ал енді кітап араб тілінде жазылып, мазмұны түсінікті болса да, бос сөзбен дау-жанжал шығарып, халықтың Құран сөзін тыңдауына кедергі жасап отырсыңдар",-деді.

Осы аяттардың жалғасында: "Құран – иман келтірген адамдар үшін жетекшілік пен шипа негізі. Оның мақсаты – сендерді бұ дүние мен о дүниеде таза өмірге қарай бастау. Ол сендердің жүректеріңе шипа беріп, ақлақтық ластықтардан тазартады, сөйтіп кемел адамға айнала аласыңдар. Алайда өкінішке қарай, кейбіреулер шындықты көргісі де, естігісі де келмейді. Оларда көретін көз, тыңдайтын құлақ жоқ сияқты, соқыр әрі мылқау. Егер олар иманға толы рух пен ақиқатты іздеу талабымен Құранға үңілетін болса, оның нұрлы аяттарынан жетекшілік алып, рухани және ақлақтық аурулардан арылады. Бірақ олар соқыр әрі керең адамдай. Оларды жақын жерден шақырса да, естімейтін сыңайлы",-делінген.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Діни жетекшілер мен үгітшілер қарсыластардың жөнсіз сөздеріне төзе білуі керек.
  2. Илаһи кешірім жасау мен жаза беру хикметке негізделген. Олардың әрқайсысы өз кезегінде жақсылық жасаушыларды ынталандырып, жамандық жасаушыларды жазалауға арналған. Дегенмен Құдайдың рақымы оның ашуынан артық.  
  3. Дұшпандардың сылтау айтуы бітпейді. Мұсылмандар не істесе де, олар айып тағып, тиісулерін қоймайды.
  4. Құран – жетекшілік кітабы. Құран рухани, ақлақтық және әлеуметтік ауруларды емдейді. Әрине осы нұрдан жетекшілік алғысы келетін, көзі мен құлағын жауып алмаған адамдар үшін шипалы.

Бүгінгі бағдарламамыз өз мәресіне жетті. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

 

Тегтер