Иран ертегілері мен аңыздары (111)
Пайғамбарлар мен олардың ертегі желісіне қатысуы халық ауыз ертегілерінің маңызды мәйектерінің бірі екендігін айттық.
Сондай-ақ, пайғамбарлардың түске еніп немесе өңде пайда болып, кейіпкерлерге көмектесіп, оның қиындықтары мен ауруларын жоятынын немесе өздерінің құралдары мен қаруларын кейіпкерге беру арқылы көмектесетінін айттық. Пайғамбарлар дәуірлерінен қалған мекендер де халық ауыз ертегілерінің маңызды мәйектерінің бірі. Көптеген ертегілерде Сүлеймен пайғамбардың (ғ.) заманында салынған ғимараттар мен сиқырланған жерлер жайлы айтылады, әдетте кейіпкер бұл жерлерді жеңіп алып, сиқырын жойып, ондағы қазынаға қол жеткізеді. Халық ауыз әдебиетіндегі жәуәнмәрттік және діни мәтіндердің бірі болып табылатын «Хамзанама» романында хазірет Сүлейменнің (ғ.) бағында бір жалпақ тастың бар екендігі, хазірет Сүлейменнің (ғ.) заманында онда Хамзаның келіп, кеткен уақыты жазылған деседі. Бейғамидің «Дарабнама» атты еңбегінде Джамшид шах Александрияға барып, Сәрсенді аралының сиқырына ұшырайды. Бұл арал Сүлеймен пайғамбар (ғ.) тарапынан сиқырланған екен. Ертегінің кейіпкері Фирузшах оны азат етіп, Сүлеймен пайғамбардың (ғ.) қазынасына қол жеткізеді.
«Ескендір мен айлакерлер» ертегісінің соңында Ескендірдің табытын өзінің өсиеті бойынша бір қолын табыттан шығарған күйде қалалардың ішінде алып жүреді. Хазірет Адамның (ғ.) жүрген жеріне жақындағанда Ескендірдің қолын табыттың ішіне салып, өзін сол жерде жерлейді.
Тілек орындалу үшін Қызырдың (ғ.) мешітінде намаз оқуға сену, хазірет Мариямның (ғ.) ғибадатханасы мен хазірет Яқубтың (ғ) кесенесі сияқты діни орындарды зиярат ету және онда намаз оқу – негізгі мән-мазмұнын пайғамбарлар туралы әңгімелерден алған халық ауыз ертегілерінде жиі кездесетін мәйектердің бірі. Осындай ертегілердегі мазмұндардың бірі – пайғамбардың ерекше ықыласына бөлену. Проза тілімен жазылған «Ескендірнамада» Насим Айяр пайғамбардың ықыласына бөленген. Сол себепті 72 түрге еніп, 72 тілде сөйлей алады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Бақытсыз Ахмад» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Баяғы өткен заманда бір кемпірдің Ахмад деген ұлы болыпты. Кемпір жіп иіріп, соны сатып, ақысына талғажау етер нан-шайын алып, күнін көреді екен. Бір күні ұлы шешесіне келіп: «Жұмыс істегім келеді. Бүгіннен бастап үйге нан әкелетін боламын»,-дейді. Шешесі бұл сөзді естігенде қуанып: «Ертең патшаның сарайына бар да, жұмыс сұра»,-дейді. Ұл қабылдап, түнде ұйықтап, таң атқанда патшаның сарайына барады. Патшаға жеткен кезде: «Әлемнің құбыласы, өзім мен шешемді қамтамасыз ету үшін сізден жұмыс сұрай келдім»,-дейді. Патша уәзіріне қарап: «Мына жігітке қандай жұмыс тапсыра аласың?»-дейді. Уәзір: «Бұл өзіңіз түсіңізде көрген жігіт»,-дейді. Патша осыны ести сала, Ахмадқа: «Жұмақ бағына барып, бір мүйізі алтын, екінші мүйізі күміс құланды алып келуің керек»,-дейді.
Ахмад үйіне қайтып оралып, еңіреп жылай бастайды. Шешесі: «Бұлай жылайтындай не болып қалды?»,-деп сұрайды. Ахмад патшаның одан не сұрағаны туралы айтып береді. Шешесі: «Құдайға сен. Бүгін ұйықтап, ертең не боларын көр»,-дейді. Ахмад түнде ауыр ұйқыға кеткенде түсіне Қызыр пайғамбар еніп: «Ертең бір қоржын нан мен бір торсық шарап алып жолға шық. Жолыңда құмырсқалардың ұясына жетесің. Нанды құмырсқаларға қалдыр да кете бер. Пілдерге жеткен кезде бір торсық шарапты алдарына тастап, жолыңды жалғастыра бер. Алдыңнан үш ер адам кездеседі. Бірі оң жағыңа, екіншісі сол жағыңа, ал үшіншісі тура алдыңа тұра қалады. Әлгілерден «Жұмақ бағына қалай баруға болады?» деп сұра. Оң және сол жағыңда тұрған ер адамдардың сөзіне құлақ аспа. Тура алдыңда тұрған адамның сөзін тыңда. Сол айтқан жолмен жүріп отыр. Жұмақ бағына жеткен кезде мына хатты бағбанға бер. Ол саған алтын-күміс мүйізді құланды алып келеді»,-дейді.
Ахмад ұйқыдан оянып қараса, бүктеулі хат жанында жатыр екен. Хат, бір қоржын нан мен бір торсық шарапты алып қаладан шығып, далаға қарай жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып құмырсқалардың ұясына жетеді. Нанды ұяның алдына қойып кете барады. Осы жолы пілдер мекендейтін орманға жетеді. Ахмад торсықты жерге қойып, жолын жалғастыра береді. Жүріп отырып, жүріп отырып бір жолайрыққа кездеседі. Жолайрықтың ортасында үш адам тұр екен. Әлгілерден «Жұмақ бағына жету үшін қай жолмен жүруім керек?» деп сұрайды. Сол жағындағы жігіт: «Мына жаққа» десе, оң жағындағы адам «Мына жаққа» деп, ал тура алдындағы адам арт жақты нұсқап: «Мына жаққа қарай жүру керек» дейді. Ахмад тура алдында тұрған адам көрсеткен жолды бетке алады. Күндер мен түндерде жол жүреді. Өзендер, таулар мен ормандардан өтіп, ақыры Жұмақ бағына жетеді. Бағбан Ахмадтың шашы мен сақалының беліне жеткенін көреді. Ахмад хатты бағбанға береді. Ол жылдам барып алтын-күміс мүйізді құланды ұстап әкеліп, шылбырын Ахмадтың қолына ұстатады.
Ахмад келген жолымен қайтып оралып, патшаның сарайына барып, құланды патшаға береді. Патша құланды алып, Ахмадқа ақы да төлеместен, үйіне құр қол қайтарады. Жігіт жабығып, көңілі түсіп, үйіне қайтып оралып, шешесіне: «Өмірлік қаражатымызды табу үшін жұмыс берсін деп жіберген патшаңның түрі осы»,-дейді. Шешесі ренжиді, бірақ «Алла мейірімді. Бүгін ұйықта, ертең не боларын көрерміз» дейді. Жігіт ұйқыға кетіп, түсінде Қызыр пайғамбарды көреді. Ол: «Ертең патша сені шақырып алады да, қырық тоты ағашын алып келуге бұйырады. Сен бір қап тары мен бір торсық су алып, жолға шық. Жолыңда бір топ торғай мен кептерге кезігесің. Тарыны соларға шаш та, жолыңды жалғастыра бер. Суы құрғап, балықтары өлейін деп жатқан шұңқырға жетесің. Балықтар аман қалу үшін суды шұңқырға құй. Сол шұңқырдан өткеннен кейін Жұмақ бағына жетесің. Сол жерде хатты бағбанға бер де, қырық тоты ағашын ал»,-дейді. Ахмад осыны естігенде ұйқысынан оянып, осы жолы да жастығының жанында бір хаттың жатқанын көреді. Хатты алып, патшаның нөкерлерінің келуін тосып қалады. Таң атқанда нөкерлер келіп «Патша шақырып жатыр» дейді. Ахмад олармен бірге сарайға барады. Патша Ахмадқа: «Қырық тоты ағашын алып келуің керек»,-дейді. Ахмад үйге қайтып келіп, тары мен су алып, жолға шығады. Жолында бір топ торғайлар мен кептерлерге кезігеді. Жылдам оларға тары шашады. Құстар тарыны теріп жеуге кіріскенде Ахмад өз жөнімен кете барады. Жүріп келе жатқанда бір шұңқырға жетеді. Бірнеше балық қайраңда қалып, жанұшырып жатыр екен. Соны көрген Ахмад торсықтағы суды шұңқырға құя салады. Балықтар айналып жүзе бастайды. Жүгі жеңілдеген Ахмад тезірек жүріп, таулар, өзендер мен ормандардан өтіп, бір есекке мінген үш адамға кездеседі. Олардан Жұмақ бағына баратын жолды сұрайды. Біреуі «Оңға жүр», екіншісі «Солға жүрсең, Жұмақ бағына жетесің» дейді. Үшіншісі: «Құбылаға қарай жүр»,-дейді. Ахмад құбыланы бетке алып, жүріп, Жұмақ бағына жетеді. Хатты бағбанға береді. Бағбан қырық тоты ағашын алып келіп, Ахмадқа береді. Ол келген жолымен қайтып оралады. Таулар мен өзендерден, ормандардан өтіп, өзінің қаласына жетеді. Ахмад сарайға қарай бет алады. Патша Ахмадтің келгенінен хабардар болған соң, уәзір мен уәкілін шақырып алады. Ахмад ағашты патшаға береді. Патша шапан берудің орнына, Ахмадке алты рет «Бәрекелді» деп қана айтады. Ахмад көңілі түсіп, құр қол үйіне қайтып келеді.