Қаң 14, 2023 17:09 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (23)

Иранда серуендеуді жалғастыра келіп, Йезд қаласына сапар шегеміз. Бізбен бірге болыңыз!

Иранда серуендеуді жалғастыра келіп, шөлдің асыл тасы саналатын Йезд тарихи қаласына сапар шегеміз. Бұл қаланың көшелерінен әлі күнге дейін саман кірпіш пен топырақтың иісін сезуге болады. Бұрынғы заманның адамдары жүріп өткен тар көшелермен қадам басуға болады.

Йезд – теңдессіз тартымдылықтарға ие бірегей тарихи облыстардың бірі. Бұл облысқа жыл бойы туристер мен жолаушылар көп келеді. Иранның орталық бөлігінде орналасқан Йезд облысының орталығы Йезд қаласы – елдегі саман кірпіштен жасалған алғашқы белсенді қала және әлемде Италияның Венециясынан кейінгі екінші тарихи қала. Сонымен қатар Йезд – Иранның ЮНЕСКО-да әлемдік мұра тізіміне тіркелген алғашқы қаласы. Йездте ирандық өнер, мәдениет пен өркениеттің қазынасы сақталған. Солардың қатарында діни ғимараттар, мазарлар, мешіттер, хұсейниелер, зороастарлардың ғибадатханалары, су қоймалары, тарихи бақтар, желтартқыштар және шағын базарларды атауға болады. Бұл қала теңдессіз тартымдылықтарына орай тарих бойында "Желтартқыштар қаласы", "Ғибадат үйі", "Ғылым мен ғамал үйі", "Велосипедтер қаласы", "Тәттілер қаласы", "Қаннат пен қанағат қаласы", "От және күн қаласы" деп аталған.  

 

Йездпен танысуды қаланың ортасындағы көне ауданда орналасқан Амир Чақмақ алаңынан бастаймыз. Базар, текие, мешіт, екі су қоймасы мен бір мазардан тұратын тарихи алаң Йездтің ең көрнекті тарихи-туристік кешендерінің бірі ретінде танылған. Аталған ғимараттардың әрқайсысы айрықша ерекшеліктерге ие. Сондықтан олардың құндылығы жоғары. Ғимараттардың барлығы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген. Амир Чақмақ алаңы – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың туындысы. Иранда Тимурилер билік құрып тұрған заманда әмір Джалаледдин Чақмақтың бұйрығымен салынған. Шахрух Тимуридің қолбасшыларының бірі болған Джалаледдин Чақмақ Йездің билеушісі болып тағайындалғаннан кейін жұбайы Сати Фатима хатунмен бірге қаланы абадтандыру үшін текие (шиікттік діни рәсімдер өтетін жер), алаң, монша, керуен сарай, ханқаһ (дәруіштер үйі), қаннатхана (жер асты су желісі) және суық су құдығын салдырды. Алаңның айналасы тарих бойынша сан рет өзгертілді. Бірақ қазіргі алаң мен оның айналасы көз тартарлық тарихи туынды ретінде танылған.

Йездің Амир Чақмақ алаңы

 

Амир Чақмақ алаңының көрнекті ескерткіштерінің бірі – оның шығысында жатқан үлкен құрма ағашы (пальма). Ол "Хейдарилер пальмасы" деген атпен танымал. Қазіргі заман әдебиетшісі, ақыны әрі жазушысы Абдулхұсейн Аятидің айтуынша, ағаш 450 жыл бұрын х.қ.ж.с.б. 1229 жылдан бастап Сефевилер заманында осы жерде болған.

 

Пальма – үлкен ағаш табыт. Пальма-табыт тасу рәсімінде халық оны көтеріп, мұхаррам айындағы аза тұту рәсімінің символы ретінде пайдаланады. Мұхаррамның алғашқы он күнінде аза тұтушылар қара және жасыл түсті матамен жабылған табытты көтеріп алып жүреді. Жылдың басқа күндерінде ол хұсейниелер мен мешіттерде сақталады.

Амир Чақмақ алаңындағы пальманың көлемі 5/8х5/8х5/8 метр. Ол Йезд облысында бар ең ірі пальма ағаштарының бірі саналады.  Бұл ағаш шарбақ сынды өрілген сырықтардан тұрады. Пішіні "азаттық символы" саналатын сауырағашқа (кипарис) ұқсайды.

Амир Чақмақ мешіті – осы алаңның оңтүстігінде орналасқан ең көне ғимарат. Ол х.қ.ж.с.б. 841 жылы салынған.

Амир Чақмақ мешіті

 

Мешітте қысқы және жазғы шабестан – намаз оқитын жер бар. Жазғы бөлікте михрабтың үстіне өте әдемі желтартқыш салынған. Қысқы шабестанға қатысты қызықты жайт: ол кіреберіс дәліздің екі жағында орналасқан және жарығы мәрмәр тас арқылы қамтамасыз етіледі. Мешіттің төбесінде жарылып, қисайған күмбез бар. Күмбез көк керамикалық тақташалармен жабылған. Оның айналасында Құран сүрелерінің бірі куфа жазуымен жазылған. Негізгі алаңның михрабы керамикалық тақташалармен муаррақ қалыбында (ұсақ бөлшектерден өрнек жасау) көмкерілген. Үсті жағы мұғарнас өнері қалыбындағы архитектуралық сталактиттермен әрленген. Оның ортасына өте әдемі жонылған мәрмәр тас орнатылған.

 

Осы мешіттің моншасында екі ағаш есік бар. Есіктің екі жақтауында екі жазба тақташаның ортасында нәсх жазуымен "Ла илаһа иллалла, Мұхаммед – расулолла, Әли – валиулла" деп ойылып жазылған.

Амир Чақмақ алаңының шығысында орналасқан базар – Низамеддин Қажы Қамбар Джаһаншаһи салған ғимараттардың бірі. Джаһаншаһ Қара Қоюнлының бұйрығымен Йезде билікке келген ол қалада көп ғимарат салды. Солардың бірі – қолөнер бұйымдарын сатуға арналған базар ғимараты. Ол қазір Қажы Қамбар базары деген атпен танымал.

Х.қ.ж.с.б. 13 ғасырда базардың алдына хұсейниелер мен текиелерге ұқсас әдемі де биік ғимарат салынды. Сырлы кірпіштермен әрленген бұл ғимарат Йезд қаласының символдарының бірі саналады.

 

Базарда мата, алтын, кілем сататын қатарлармен қоса, қына жапырағын үгітіп, табиғи бояу жасайтын шеберхана, күнжітті халуаға айналдыратын орын, жіп пен жүнді бояйтын шеберхана да бар.

Алаңның солтүстігінде Амир Чақмақтың жұбайы Бибі Фатима хатунның мазары бар. Ол осы мешіт пен алаңның негізін қалаған. Йездті абадтандыруға көп үлес қосқан. Х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда қайтыс болған. Халық оның еңбегін бағалап, ескерткіш ғимарат салған. Ғимарат түнгі қалпаққа ұқсас күмбезі бар бір бөлмеден тұрады және жасыл түсті керамикалық тақташалармен көмкерілген. Ғимараттың іші алебастрмен сыланған. Архитектуралық сталактиттердің үстіне жапсырылған сырлы кірпіштердің сынықтары оған ерекше сұлулық сыйлады.  

Амир Чақмақ кешенінің бір бөлігі – су қоймалары. Солардың бір Сати Фатима кесенесінің алдында орналасқан. Бүгінде ол ирандық көне спорт түрімен айналысатын зурхана түрінде қолданылады. Басқа бір су қоймасы базардың жанында. Ол Йездтің Су мұражайының бір бөлігі саналады.