Ақп 22, 2023 20:59 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 888-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Шура" сүресінің 15-16 аяттарына құлақ түріңіздер:

«فَلِذَلِکَ فَادْعُ وَاسْتَقِمْ کَمَا أُمِرْتَ  وَلَا تَتَّبِعْ أَهْوَاءَهُمْ وَقُلْ آمَنتُ بِمَا أَنزَلَ اللَّـهُ مِن کِتَابٍ  وَأُمِرْتُ لِأَعْدِلَ بَیْنَکُمُ اللَّـهُ رَبُّنَا وَرَبُّکُمْ  لَنَا أَعْمَالُنَا وَلَکُمْ أَعْمَالُکُمْ لَا حُجَّةَ بَیْنَنَا وَبَیْنَکُمُ  اللَّـهُ یَجْمَعُ بَیْنَنَا وَإِلَیْهِ الْمَصِیرُ»، «وَالَّذِینَ یُحَاجُّونَ فِی اللَّـهِ مِن بَعْدِ مَا اسْتُجِیبَ لَهُ حُجَّتُهُمْ دَاحِضَةٌ عِندَ رَبِّهِمْ وَعَلَیْهِمْ غَضَبٌ وَلَهُمْ عَذَابٌ شَدِیدٌ»

Аяттардың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.) міне сол үшін ақиқатқа шақыр да бұйрылғаныңдай мықты тұр. Олардың ойларына ілеспе және оларға: “Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік қылуға бұйырылдым. Алла, біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың. Біздің ісіміз бізге, сендердің істерің сендерге тән. Сендер мен біздің арамызда тартыс жоқ. Алла арамызды қосады. Және қайтар орын сол жақ” де. (15)

Дін қабылданғаннан кейін Алла турасында дауласқандардың даулары Раббыларының қасында босқа. Оларға ашу және қатты азап бар. (16)

Өткен бағдарламада илаһи діндердің тегі мен тамыры бір екені айтылды. Мына аяттарда Ислам пайғамбарына былай делінген: "Барша жұртты мүшрік болса да, кітабы бар болса да, саған уәһи етілген дінге шақыр. Өйткені бұл –  Алланың ең соңғы шариғаты. Саған уәһи етілген нәрселерді кемітпей халыққа жарияла. Бұл жолда мықты да берік бол. Оларды хақ дінге кіргізуге бағыталған міндетіңді орындау барысында жан аяп қалма. Әрбір топ сені өзінің жеке мақсаттары мен мүдделеріне тартуға талпынады. Бірақ сен олардың сөздеріне ерме. Бәрін Жаратушының бір діні айналасына топтастыр".

Иудейлер мен христиандарға айт: Құдай тарапынан жіберілген әрбір кітапқа сенемін. Мен сендердің пайғамбарларың мен кітаптарыңды қабылдаймын. Менің миссиям – олардың миссиясының жалғасы. Мұнымен бір мезгілде менің дінім олардың бәрін қамтып, толықтырып тұрады.

Бұрынғы пайғамбарлар қоғамда әділет орнатуға және өздері әділ болуға міндеттелгендей, мен де сендердің араларыңда әділ үкім жүргізуге жіберілгенмін.
Мені мен сендерді Жаратқан құдірет бір. Мен сендерге өз сөзімнің хақ екенін білдіретін айғақтар көрсеттім. Біздің амал-әрекетіміз өзімізге, сендердің амал-әрекеттерің өздеріңе. Әркім өзі ісіне жауапты. Демек мен сендердің алдыңда міндетімді орындадым. Дауласып, жанжалдасудың қажеті жоқ. Сіз бен біздің арамызда жеке жауластық жоқ.  Құдай сіз бен бізді қиямет күні жинайды. Сол күні бәріміздің төрешіміз бір болады. Сол күні сіз бен бізге Алланың дәргейінде қалайша төрелік жасалатынын көрелік.

Аяттардың жалғасында: "Алайда, өкінішке қарай, олар дауласа кетіп, ислам дінін әлсіретуге күш салады. Өйткені бірқатар адам осы дінге бет бұрғанын, басқа бір топтың болашақта оған қосылатынын көреді",-делінген. 

Ақиқат айқындалса да, қастық пен қырсықтыққа салынып, өздерінің жалған сенімдерін ақтап, Құдай туралы дауласады. Олар дәлел мен қисынға көнбейді. Керісінше ислам дінін қабылдамауға делелдер келтіреді. Бұлары Құдайдың алдында негізсіз әрі жалған. Олардың бұл ісі Алланың қаһарына ұшырап, ауыр азапқа түсулеріне себеп болады. 

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Басқаларды ризалықпен дінге тарту үшін діни бұйрықтарды орындауда жан аяп қалмауымыз керек. Керісінше берік те мығым болып, дінге шақыру
  2. Сенім хаққа негізделсе ғана, оған берік болу құнды. Болмаса, соқыр сенім мен жөнсіз қырсықтық саналады.
  3. Қоғамда әділет орнату – барлық илаһи діндердің мақсаттарының бірі.Биліксіз әділет орнату мүмкін емесі анық.
  4. Ақиқат айқындалуы үшін сұхбаттасып, пікірталастыруға болады. Ақиқат айқындалғаннан кейін дауласудан бас тартып, адамды жайына қалдырыңыздар.

 

"Шура" сүресінің 17-18 аяттарына құлақ түріңіздер:

«اللَّـهُ الَّذِی أَنزَلَ الْکِتَابَ بِالْحَقِّ وَالْمِیزَانَ وَمَا یُدْرِیکَ لَعَلَّ السَّاعَةَ قَرِیبٌ»، «یَسْتَعْجِلُ بِهَا الَّذِینَ لَا یُؤْمِنُونَ بِهَا وَالَّذِینَ آمَنُوا مُشْفِقُونَ مِنْهَا وَیَعْلَمُونَ أَنَّهَا الْحَقُّ أَلَا إِنَّ الَّذِینَ یُمَارُونَ فِی السَّاعَةِ لَفِی ضَلَالٍ بَعِیدٍ»

Аяттардың аудармасы:

Ол сондай Алла, Кітапты және өлшеуді шындықпен түсірді. Қайдан білесің? Қиямет жақын шығар. (17)

Оған сенбегендер, асығыс тілейді. Сенгендер, одан үрейленіп, оның хақ екенін біледі. Сақ болыңдар! Ол мезгіл жайында тартысатындар, әлбетте ұзақ адасуда. (18)

Пайғамбарға мүшріктер мен кітаптары бар адамдарға ислам дінін таныстыру керегі айтылғаннан кейін мына аяттарда былай делінген: Біз сенетін Құдай халыққа жетекшілік етіп, илаһи кітап жіберіп, онда хақты жалғаннан айырып, бағалау деңгейін белгілеп берді.

Яғни адамдар өз қалауынша ақиқат пен жалғанды сипаттай алмайды, оны өз істерінің критерийі етіп ала алмайды. 

Жалпы Құдай хақ. Ол айтқан нәрсенің бәрі хақ. Оның сөзі мен ісінде жалған жоқ. Сондай-ақ Ол жаратқан табиғат жүйесі де хақ пен әділетке негізделген. Уәһи қалыбында пайғамбарлар мен халыққа жеткен шариғат хақ пен ақиқатқа негізделген. Халық бес сезім мүшесімен сезе алмайтын немесе қазіргі заман ғылымымен қол жеткізе алмайтын кейбір ақиқаттарды айқындап береді.   

Құранда айтылған адам өмірінде маңызды рөл атқаратын ақиқаттардың бірі – Қиямет күнінің болуы. Өйткені қиямет күнінде хақ, әділдік пен таразы толық көрініс табады. Сол себепті Құран адамзат баласының назарын қиямет күніне аудару және оның қатерлерінен сақтандыру үшін былай дейді: "Сен қайдан білесің, қайта тірілер күн жақын шығар!"

Бірақ, өкінішке қарай, қияметке сенбейтін кейбір адамдар оның болмайтынына дәлел мен айғақтары жоқ болса да, бұл сенімді келекелеп, пайғамбарға мойынұсынбай былай деген: "Егер шын айтсаң, қиямет күнін тезірек келтір. Сонда сіз жұмаққа барасыз да, біз тозаққа кетеміз!"

Бірақ қиямет күні мен Алланың әділ соты болатынына сену иман келтірген адамдарға терең әсер етеді. Олар қиямет күнінен қорыққандықтан ұдайы жүріс-тұрыстары мен іс-әрекеттеріне абай болады. Өйткені қияметтің ақиқат екенін біледі. Олар тұрғысынан бұл әлем – басқа әлемге бастама. Онсыз бұл әлемді жаратудың мәні болмас еді. Басқа әлем жоқ деу Құдайдың хикметіне де, әділетіне де қиыспайды.   

Қияметтің қай күні болатыны бәріне жасырын екені айқын. Тіпті пайғамбар да оның келер уақытын білмеген. Бірақ бір істің болар мезгілін білмеу ол болмайды деген сөз емес. Керісінше осы хабарсыздық адамның кез келген сәтте оның болу ықтималын ойлап, қылмыс пен заң бұзушылықтан алшақтауына себеп болады.

Бірақ қияметті қабылдағысы келмейтін адамдар күн сайын түрлі күдік тудырып, басқаларды күмәнға батырады. Мұндай адамдар басқаларға соққы жасамас бұрын өздеріне зиян тигізеді. Құранда айтылғандай, қиямет жайлы күмән тудырып, қырсықтық танытатын адамдар терең қателеседі.    

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Құран – хақты жалғаннан айырудың критерийі. Өйткені ол Құдай тарапынан түсірілген. Онда жалған ештеңе жоқ.
  2. Ешкім амал кітабы қаралатын қияметтің болатын күні мен сағатын білмейді. Ол кез келген сәтте орнауы мүмкін. Сондықтан қияли тілектерге берілмейік. Өйткені қиямет жақын болуы мүмкін.
  3. Иманның бір белгісі – сөз бен іске абай болу. Өйткені мүмін адам әрдайым қиямет күнгі сотта жауап беретініне алаңдайды.
  4. Қарсыластардың әрекеттерінің бірі – түрлі қитұрқы сұрақтар қою арқылы иман келтіргендердің бойына күмән ұялату. 

 

Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.