Нұрлы жол. 890-бөлім. "Шура" сүресінің 24-28 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 890-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Шура" сүресінің 24-аятына құлақ түріңіздер:
«أَمْ یَقُولُونَ افْتَرَى عَلَى اللَّـهِ کَذِبًا فَإِن یَشَإِ اللَّـهُ یَخْتِمْ عَلَى قَلْبِکَ وَیَمْحُ اللَّـهُ الْبَاطِلَ وَیُحِقُّ الْحَقَّ بِکَلِمَاتِهِ إِنَّهُ عَلِیمٌ بِذَاتِ الصُّدُورِ»
Аяттың аудармасы:
(Мұхаммед Ғ.С. олар сені): “Аллаға өтірік жала қойды” дей ме? Алла қаласа, сенің жүрегіңді де бітер еді. Алла, өтірікті жойып, өз сөздерімен шындықты шынға шығарады. Өйткені Ол, жүректегілерді толық біледі. (24)
Өткен бағдарламада Алла елшісі миссиясының рухани сыйы ретінде пайғамбар жанұясының шыншылдығы туралы сөз қозғалды. Мына аяттарда: "Әрине кейбір мұнафықтар Алла елшісіне жалған жала жауып, бұл Алланың емес, пайғамбардың өзі тарапынан жасалып отыр. Оның Құран, уәһи және Әһл-е бейттің шыншылдығы туралы айтып отырғандары Алла тарапынан жіберілмеген",-делінген.
Алла тағала бұл адамдарға жауабында: "Егер пайғамбар бұлай істесе, Құдай оның жүрегіне құлып салып, Алла тарапынан жіберілмеген нәрселерді Оған телуге рұқсат етпейді",-деді. Өйткені егер Құдай оған тосқауыл болмаса, халықтың адасуына жол ашылады. Бұл халыққа жетекшілік етуге бағытталған илаһи хикметке қайшы келеді. "Хаққа" сүресінің 44-46 аяттарында: " Егер елші, кей сөзді өзі айтып Бізге таңса; (44) Әрине оның оң жағынан қолға алар едік; (45) Сосын оның күре тамырын кесер едік. (46)",-делінген.
Аяттың жалғасында былай делінеді: Құдай жалғанды жойып, оны әшкерелейді, жалғанның уәһиге енуіне жол бермейді. Ол өзі жіберген сөздер арқылы ақиқатты бекітіп, нығайтады.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Мүмін адам пайғамбардың Алла тарапынан әкелгенінің бәрін қабылдап, сенеді. Ол өзі қалайтын дүниені қабылдап, ұнамайтын дүниені қабылдамайтын жағдайда емес.
- Құдай ешкіммен әзілдеспейді. Тіпті егер пайғамбар қате нәрсені Құдайға таңса, оны әшкерелеп, сөзінің жалғандығын ашып, оны уәһиден мақрұм қалдырады.
- Жалғанның жойылып, хақтың жеңуі – Құдайдың иманды адамдарға берген кесімді уәдесі.
"Шура" сүресінің 25-26 аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَهُوَ الَّذِی یَقْبَلُ التَّوْبَةَ عَنْ عِبَادِهِ وَیَعْفُو عَنِ السَّیِّئَاتِ وَیَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ»، «وَیَسْتَجِیبُ الَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَیَزِیدُهُم مِّن فَضْلِهِ وَالْکَافِرُونَ لَهُمْ عَذَابٌ شَدِیدٌ»
Аяттардың аудармасы:
Ол, құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегендеріңді біледі. (25)
Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің тілегін қабыл етіп, кеңшілігімен арттыра түседі. Ал қарсы болғандар үшін қатты азап бар. (26)
Алланың халыққа махаббатының ең маңызды белгілерінің бірі мынау: әрдайым қателескен адамдарға қайтар жолды ашық қалдырды, олардың тәубеге келуіне шектеу қоймады. Біз әдетте өзімізге зұлымдық жасап, артынан кешірім сұраған адам қателіктерін бірнеше рет қайталаса, кешірімін қабылдамаймыз, тіпті оған кешірім сұрауға рұқсат бермейміз.
Ал Құдай былай дейді: менің құлдарым істеген ісіне өкініп, қайтып келсе, оларға тәубе жолы ашық. Құдай олардың қателерін кешіреді.
Ал бұл жағдайда Құдай біздің істеріміздің іші мен сыртынан хабардар. Оның қырағы көзінен ештеңе жасырынып қалмайды. Оның адамдарға жасайтын рақымы олардың күнәларын кешірумен қатар, тілектерін орындау болып табылады. Яғни Құдай өзі кең болғандықтан иман келтіріп, ізгі іс істейтін адамдардың тілектерін қабыл етіп, одан да асып, олардың ойына келмеген нәрселерді немесе адамның шектеулі тілегінен жоғары нәрселерді береді. Бұл – Жаратушының мүміндерге деген зор мейірімі мен рақымының белгісі.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Исламда тығырық деген жоқ. Қайтар жол әрдайым ашық. Кез келген адам қандай жағдай болса да, қайта алады.
- Құдай күнәһарларға, егер күнәларынан тәубе етсе, кешіруге уәде етті. Шын мәнінде бұл уәдемен күнәһарларды дұрыс жолға қайтуға ынталандырып отыр.
- Дұғаның орындалуының басты шарты – Құдайға иман келтіру және ізгі әрі лайықты істер істеу.
"Шура" сүресінің 27-28 аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَلَوْ بَسَطَ اللَّـهُ الرِّزْقَ لِعِبَادِهِ لَبَغَوْا فِی الْأَرْضِ وَلَـکِن یُنَزِّلُ بِقَدَرٍ مَّا یَشَاءُ إِنَّهُ بِعِبَادِهِ خَبِیرٌ بَصِیرٌ»،
«وَهُوَ الَّذِی یُنَزِّلُ الْغَیْثَ مِن بَعْدِ مَا قَنَطُوا وَیَنشُرُ رَحْمَتَهُ وَهُوَ الْوَلِیُّ الْحَمِیدُ»
Аяттардың аудармасы:
Егер Алла құлдарына несібені кеңітіп жіберсе, әлбетте жер жүзінде бүліншілік шығарады. Бірақ қалаған мөлшерде несібе береді. Өйткені Ол, құлдарынан толық хабар алушы, көруші. (27)
Ол сондай Алла, олар күдер үзгеннен кейін жаңбыр жаудырып, рахметін шашады. Ол мақтаулы ие. (28)
Бұл аяттарда әлем істерін басқарып тұрған илаһи хикметтің негізіне тоқталып, былай делінген: Жаратылыс жүйесі заттар мен адамдардың әлеуетін ескеру негізінде құрылған. Құдай кез келген нәрсе мен адамға бұдан да артық қабілет пен мүмкіндік бере алады. Бірақ бұл оның хикметімен үйлеспейді. Өйткені адамдар бағынбай бүлік шығарып, қоғамдық жүйенің күйреуіне себеп болады.
Адамдардың барлығы Құдайдан көбірек ризық беруін сұрайды. Құдай бұл тілекті орындай алады. Бірақ Оның хикметі мұндай тілектерін орындалуына рұқсат бермейді.
Құдай бір нақты есеп бойынша адамдарға ризық береді. Өйткені Ол өз құлдарының ісінен хабардар. Ол әр адамның көтере алатын жүгін біледі. Сондықтан адамдар арасына ризықты хикметпен өлшеп, мөлшерлеп бөліп береді.
Тарихи тәжірибе көрсеткендей, мол ризық пен байлыққа жеткен адамдар әдетте Құдайды ұмытып кетіп, зұлымдық жасап, Оған бағынбай бүлік шығарады. Өйткені адам тойымсыз. Билік пен байлықтың белгілі бір мөлшеріне қанағаттанбайды. Ол басқаларда барды қолға түсіргісі келеді. Зұлымдық жасап жатқанына қарамайды. Сол себепті Құдай өзі жөн деп тапқан мөлшерде ризық береді.
Сондықтан біздің міндетіміз – табиғи жолмен табыс тауып, әл-ауқатымызды жақсартуға талпыну. Мұнымен қоса, біліп жүргендеріңіз жақсы, Жаратылыс жүйесі мен илаһи хикмет біздің қалауымызға бағынбайды. Бізге Жаратылыс жүйесіндегі тепе-теңдік бұзылмайтындай етіп ризық беріледі.
Әрине кейде ризықтың тапшылығы адам баласының әлсіздігінен, жалқаулығынан болады. Бұл тапшылық пен жоқшылық Құдайдың абсолютті қалауы емес. Бұл – адамның іс-әрекетінің нәтижесі. Сондықтан егер ризыққа үміт артып, талпыныс жасамаса, ештеңеге қол жеткізбейміз. Өйткені Құдай жұмыссыз адамдарға ризық беремін деп уәде еткен жоқ.
Адамзаттың ризығы Алланың қолында екеніне нақты әрі көзге көрінетін дәлел – адамның ырқынан тыс жаңбыр құбылысы. Жаңбыр – Алланың білімі мен құдіретінің белгілерінің бірі. Егер жаңбыр жаумаса, құрғақшылық болады. Егер жауса, жер абадтанып, нығмет артып, ризық молаяды. Құдай жаңбыр арқылы өз мейірімін төгеді. Жаңбырмен өлі жер тіріледі, өсімдіктер өсіп, адамдар мен басқа да тіршілік иелері тұщы сумен қамтамасыз етіледі. Яғни Құдай адамдарды бір үлкен жанұядай жұмылдырып, жақсылап жетекшілік етеді. Сондықтан Олар алғыс айтып, мақтайды.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Адамдардың тілектерінің орындалуы илаһи хикмет құзырында. Өйткені кейде кейбір тілектердің орындалуы адамның бұзылып, бүлік шығаруына әкеліп соқтырады.
- Жаратылыс жүйесі есеп пен өлшемге құрылған. Әр нәрсе бөлек-бөлек есептелген.
- Жаңбыр – Алла рақымының белгісі.
- Қиыншылыққа ұшырағанда адамның жалғыз үміті – Алла.
Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.