Maм 09, 2016 15:14 Asia/Almaty
  • Иранның жаңа заман кинематографиясы

Алдыңғы бағдарламада Иранның алғашқы фильмінің 20-шы ғасырдың алғашқы жылдарында түсіріліп, экранға шығарылғандығын айттық.

 "Лур қызы" деп аталатын бұл фильм ирандық хикаялар мен сценарийлер негізінде түсірілген көркем фильмдердің бастамасы болды. Бұдан кейін Ирандағы кинематографияның даму үдерісі қарқындай түсіп, біртіндеп кинотеатр қала өмірінің бір символына айналды. Х.ш.ж.с.б. 1309 жылы (1930 жылы) "Иран айнасы" газетінде басылып шыққан бір мақалада: "Кинотеатр – жалпы алғанда ойын-сауықтың ең маңызды факторлары мен ең үлкен өнеркәсіптердің бірі. Ол тек адамға қызмет ету үшін пайда болған. Кинотеатрдың болуы екі жағдайда өте пайдалы: бірі – мінез-құлықты (ақлақты) тәрбиелеу, екіншісі – сананы тынықтыру", -деп жазылған екен. Сол заманда кинотеатр қоғамда маңызды мәселе ретінде қарастырыла бастады. Кинозалдарға қатысты ережелер, фильмді экранға шығарудың тәртібі, кинотеатрлардың сапасы, билет сату және т.б. мәселелер сол замандағы Министрлер кабинеті тарапынан қабылданып, жарияланып отырды. Иранда фильмді экранға шығару үдерісі шетелдік фильмдер мен ирандық туындылардың көрсетілімінің артуымен дами түсті. Осы өнер саласында көптеген адамдар жұмыс істей бастады. "Фердоуси" фильмі Иранның осы атақты шайырының өмірі негізінде түсірілді. Ұлы шайырдың эпосты оқу эпизодтары (сахналары, сценалары) мен оның атақты дастандарынан үзінділер келтірілуіне байланысты бұл фильм "Шахнама мыңжылдығы" фестивалінде көрсетілді. Шетелдік қонақтар осы фильм арқылы Иран кинематографиясымен танысты. Осы талпыныстармен бір мезгілде Иранда тағы басқа туындылар да түсірілді. Олардың сценарийлері көбінесе Иранның әдеби мәтіндері мен "Фархад-Шырын" және "Ләйлі-Мәжнүн" сияқты ескі ғашықтық дастандар негізінде жазылды. Халықтың осы дастандармен таныс болуы және аталмыш дастандардың бейнетаспалық нұсқасын көруге қызығушылығы Иран кинематографиясына ерекше қарқын сыйлап, көптеген туындылардың түсірілуіне септігін тигізді. Бірақ жағдай осылайша жалғаса бермеді. Ешбір нақты бағдарламасыз шетелдік фильмдердің көптеп кіргізілуі және жаңадан жұмыс істей бастаған кинематографтардың экономикалық қиыншылықтары оларды шетке ығыстырып, әлсіз туындылар жасауға итермеледі. Мұнымен қоса, екінші дүниежүзілік соғыстың орын алуы да Иранның кинематографиясын тоқырауға ұшыратқан факторлардың бірі болды. Иран сол соғыста өзінің бейтараптылығын жарияласа да, уақыт өте келе Еуропа елдері тарапынан осы саясаттан бас тарттыруға бағытталған қысымдар күшейді. Кинематография саласында Германия Иранның кинотеатрлық бағдарламаларында айтарлықтай үлеске ие болды. Сол заманда кинотеатрлардың көбісі германдықтар берген жеңілдіктер негізінде олардың ақпараттық және көркем фильмдерін көрсетуге кірісті, тіпті сол кездері Иранда Германияның соғыс тақырыбы мен нацистердің саясатын баяндайтын туындылары көрсетілді. Х.ш.ж.с.б. 1320 жылы (1941 жылы) Иран одақтастар тарапынан басып алынғаннан кейін орыстар Теһран мен басқа қалалардың кинотеатрларын жаулап алуға кірісті. Сол замандағы кинотеатр басқарушылардың бірі өзінің естелігінде былай дейді: "Иран басып алынғаннан кейін орыстар тікелей кинотеатрлардың иелерімен сөйлесіп, оларға көптеп ақы төлеп, кинотеатрларды өз қарауларына алып отырды. Олар орыстардың ақпараттық және көркем фильмдерін көрсету арқылы өздерінің коммунистік идеялары мен саясаттарын жарнамалауға кірісті. Содан соң орыстар бұл шеңберден де шығып, өздерінің театр әртістері, опера-балет труппалары, музыкалық оркестрлерін Теһран, Әзірбайжан, Хорасан, Гилян облыстарының үлкен қалаларына жіберу арқылы кинотеатрларды қойылым қойып, ән-күй орындалатын залдарға айналдырды. Олар осы бағдарламаларды тегін атқарып, көбінесе әртүрлі топтарды өздері шақырып отырды". Бірақ ағылшындар осындай ашық әрі шулы жолмен өз мақсаттарын орындауға кіріспеді. Олар алдымен қойылым залдарын (театрларды) Иран-Англия мәдени ассоциациясына айналдырды. Содан соң соғыс жайлы ақпараттық фильмдерді аударуға кірісіп, әртүрлі кинематографиялық басылымдарды шығарды. Шетелдердің кинематография саласындағы бәсекелестігі мен Иран қайраткерлері және өнер иелерінің осыған қатысты әрекетсіздік танытуы Иран кинематографиясының тоқырауы мен фильм түсірушілердің оқшаулануына әкеліп соқтырды. Алайда парсы ілінде "Өмір дауылы" деп аталатын алғашқы фильмнің түсірілуі Иран кинотеатрларын басқарушылар арасында жаңа толғаныс тудырды. Бұл фильм Әли Дариябейгидің режиссерлығымен түсірілді. Мұнда ғашықтардың дастаны баяндалумен қатар, ақлақтық жолдаулар беріліп, ақшақұмарлық пен дүниеқұмарлық айыпталған. "Өмір дауылы" фильмі х.ш.ж.с.б. 1327 жылы (1948 жылы) көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындыны барлық факторлар жөнінен ирандық болып табылатын алғашқы фильм деп атауға болады. Аталмыш фильмнің кемшін тұстарын сол заманда айтылған сындардан айқын көруге болады. Бірақ ең маңыздысы, бұл фильм сол дәуірде ирандық фильм түсірушілер үшін жаңа бастама болды. Біртіндеп Теһранда фильм түсіретін компаниялар мен көптеген студиялар ашыла бастады. Тіпті Франция, Германия және Түркия сияқты шет елдермен бірлесіп фильм түсіріле бастады. Техника саласындағы жетістіктер мен фильм түсірудің артуы бұрынғыдай жалғасын тапты. Кинозалдардың көптеп салынуы да ирандық режиссерлердің өндіріс статистикасын жоғарылатуға асығуына септігін тигізді. Олар кинотеатрларда көрсетілетін туындылардың Иранда дайындалуын қалады. Бірақ асығыстықтың салдарынан өз туындыларының сапасының төмендейтіндігін ұмытып кетті. Сценарий жазудағы үстірттілік пен актерлердің сахнадағы әлсіздіктерін сол кезеңдегі көптеген фильмдерден көруге болады. Кинематография тарихына жасаған шолу мен сол замандағы сыншылардың жазбалары санның өсуімен сапаның түскендігін көрсетеді. Статистика бойынша, Иран кинематографиясы х.ш.ж.с.б. 1358 жылға дейін (1979 жылға дейін) 632 фильм ұсыныпты. Оның 500-ге жуық фильмі 1331-1347 жылдар аралығында (1952-1968 жылдар аралығында) түсірілген. Бұл жылдары 58 студия, 124 жаңа фильм түсіруші жұмысқа кіріскен. Бірақ осы кезең аяқталғанда тек 16 студия мен 75 фильм түсіруші қалып, қалғандары бәсекелестікке шыдамады. Иран кинематографиясы сол жылдары экономика саласында әртүрлі тәсілдерді пайдаланды. Оның белсенділігінде шарықтаулар мен құлдыраулар болды. Бірақ оның құрылымы неліктен әлсіздікке бой алдырып, жас тал сияқты әрбір желдің ығына жығыла берді? Зерттеушілердің көбісінің пайымдауынша, Иран кинематографиясының басты проблемасы – көрерменнің жетегінде кетіп, оның талаптарын орындауы болды. Жалпыға мойынұсыну Иранда фильм түсірудің негізіне айналғаннан бастап уақытша экономикалық дамуға қол жеткізсе де, одан кейін ұзақ экономикалық тоқырауға ұшырады. Осы аралықта азырақ жұмыс жасай алған білімі бар кинематографияны түсінетін санаулы фильм түсірушілердің өздері де экономикалық қиындықтардың салдарынан жұмыстарын тоқтатты. Өкінішке орай, Ирандағы кинематография тарихында бұл жағдай бірнеше рет қайталанды, тіпті оны жойылып кету дәрежесіне дейін жеткізді деп айтуға болады. Иран кинематографиясы х.ш.ж.с.б. 1332 жылы (1953 жылы) америкалық төңкеріс болғаннан кейінгі жылдары Ислам революциясымен аяқталған 1357 жылғы (1978 жылғы) халықтық наразылықтарға дейін қисық қабырға тұрғызды, оның тек құлаудан басқа ешқандай болашағы жоқ еді. Пехлеви тәртібі мәдени уланған кеңістік қалыптастырып, фильм түсірушілерді құнсыз туындылар жасауға итермеледі. Бұл туындыларда бәрінен бұрын ақлақтық жүгенсіздік, сайқымазақтық пен масқаралаушылық көрсетілді. Қайғылы сюжеттер мен америкалық, және үнді фильмдерін көшіру, фильмнің ортасына ән айту, билеу, ақлаққа жатпайтын сахналарды кіргізу сол дәуірдегі Иран киноларындағы әдеттегі, қарапайым іс болды. Бір қызығы бұл сахналар кейде ешбір қатыссыз фильмге кіргізіліп отырды. Тіпті кей жағдайда фильмді ортасынан бөліп тастап, кинозалда осындай бағдарламааралық үлгілерді көрсетіп отырған. Мұнымен қоса, кейбір фильмдерді ақ-қара түспен түсіріп, тек көрерменді тарту үшін ақлаққа жатпайтын сахналарды түрлі түсті етіп түсіріп отырған. Иранның қала мен ауыл халқының өмірін бұрмалап көрсету, ұлттар, тілдер, жергілікті әдет-ғұрыптарды масқаралау, дін мен діни рәсімдерді сақтауға күмән келтіру, ақлақтық жүгенсіздік х.ш.ж.с.б. 1337-1357 жылдар (1958-1978 жылдар) аралығында түсрілген Иран фильмдерінің көбісінде кездесетін басты жағдайлар болды. Мұнымен қоса, Иран кинематографиясында есерсоқ сотқарлар сияқты азған топтың бейнесі жағымды етіліп көрсетілгендіктен көп жылдарға халық арасында олардың қылықтары ұят деп саналмай, көп қайталанғандықтан кейбір көрермендер үшін үлгіге айналды. Әрине осы жылдары ирандық фильм түсірушілердің бір азғантай тобы құнды туынды жасауға бел байлап, ағысқа қарсы жүзді. Х.ш.ж.с.б. 1348 жылының аяғында (1970 жылдың басында) түсірілген "Сиыр" фильмі Ислам революциясына дейінгі Иран кинематографиясында айшықты бетбұрыс болды. Бұл фильм ақша жасауға негізделген кино нарығындағы барлық факторларды аяқ асты етсе де, жұрттың ыстық ықыласына ие болып, құнсыз фильм түсірушілердің сағын сындырды. Дариуш Мехржуидің режиссерлығымен түсірілген "Сиыр" фильмінде модернизмнің шабуылына ұшырағалы тұрған ауыл тұрғындарының өмірі баяндалады. Олардың өмірі мен мәдениеті жойылудың алдына дейін барады. Әу бастан осы күнге дейін бұл фильм аса жоғары марапатқа ие болған фильмдердің қатарына жатады. Мұнымен қоса, халықаралық кинофестивальдарда да мамандардың назарына ілігіп, Иран кинематографиясының шоқтығы биік фильмі ретінде танылды.