Иранның жаңа заман кинематографиясы
Өткен екі бағдарламада кинематографияның Иранға қалай келгендігі жайында және осы өнердің көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткеріп, х.ш.ж.с.б. 1357 жылға (1978 жылға) дейін қалай жеткендігін баяндадық
1357 жыл сырттай қарағанда тыныш басталды. Сол жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша екі ирандық фильм кинотеатрлардың Наурыз бағдарламасына енгізілді. Бірақ осы сыртқы тыныштықтың ар жағында Иран кинематографтары арасында қауіптену мен толғаныс жағдайы орнады. Сол күндері Пехлевидің диктаторлық жүйесі де күдік, сезіктену мен алаңдаушылыққа душар болған еді. Саясат, экономика, ақлақ пен мәдени құрылымға наразы халық біртіндеп өз наразылықтарын айқайлап айтып, ашу-ызамен білдіре бастады. Халық қоғамда орнаған зұлымдыққа қарсы күреске шығып, Пехлеви жүйесін құлаудың алдына дейін апарды. Осы жағдайда көптеген экономикалық қиыншылықтарға ұшыраған Иранның кинотеатр басқарушылары кинотеатрларды жауып, бойкот жариялайтындықтарын айтып, қоқан-лоққы жасап, осы салада үлкен дау тудырды. Осы жылы экранға шығарылған барлық фильмдерге билет сатылмай, олар бірінен соң бірі сәтсіздікке ұшырады. Кинотеатрлардың жағдайы ауырлай түсті. 1357 жылы ең көп сатылған фильм Масуд Кимиаидің режиссерлығымен түсірілген "Тас сапары" фильмі болды. Оның сәтті болуының басты себебі мықты техника мен сол заманның әлеуметтік жағдайымен үйлесетін тақырыпты көтергендігіне байланысты еді. Бұл фильм бір адамның зұлымдыққа қарсы бас көтергендігін, қоғамдық деңгейдегі көтерілістің жеке бас себептері мен халықтың бірлігінен туындайтындығын көрсетті. Фильмнің көрермені көп болды. "Тас сапары" фильмінің сәтті болғандығына қарамастан, кинотеатр иелері бірнеше сеанстан кейін басқа фильмдерге билеттердің сатылмай, халықтың кинотеатрға келуі азайғаннан кейін, оны жауып тастауға мәжбүр болды. Бұл жауып тастаулар мен қоғамдық бойкот 1357 жылы орын алды. Бірақ осындай жағдайда қоғамда, Иран қалалары деңгейінде басқа да маңыздырақ оқиғалар орын алып жатқан еді. Халықтық наразылықтар өзінің шарықтау шегіне жетіп, оның жалыны кинотеатрларды да шарпып кетті. 1357 жылдың 28 мордадында (1978 жылдың 18 тамызында) Иранның оңтүстік-батысындағы Абадан қаласында "Рэкс" кинотеатры соңғы сеанс кезінде отқа оранып, көп ұзамай бүкіл зал жанып кетті. Бұл оқиғада 600 адам қаза тауып, біраз адам ауыр жарақаттармен лаулаған оттан шығарылды. Кейін деректерден анықталғандай, бұл өртте үкімет қызметкерлері басты рөл атқарған. Шах үкіметі осы айуандық қылмыс арқылы Иран халқының исламдық революциясын жаңа өркениет символдарына, соның ішінде кинотеатрларға қарсы көтеріліс деп көрсеткісі келген. Шах тәртібі, сондай-ақ, осы сылтау арқылы әскери билік ережелерін күшейте түсуді көздеген. Абадан қаласының "Рэкс" кинотеатрында орын алған халықты жаппай қыру оқиғасынан соң кинотеатрлар жабылып, сол кездегі үкімет бір аптадан кейін отставкаға кетуге мәжбүр болды. Осы кезден Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін Иран қалаларында халықтық шерулер мен қозғалыстар жалғасын тапты. Осы арада үкімет қызметкерлері де жоспарланған жоба бойынша кинотеатрларға шабуыл жасап, кей жағдайларда осы орындарға ауыр зиян тигізіп отырды. Олар осы істері арқылы билік басына әскери үкіметтің келуіне сылтау жасауды көздеді. Әрине ол заманда Иранның мұсылман халқы кинотеатрдың ақлақ тұрғысынан төмендеп, ұлттық болмыс-бітімнен айырылғандығына, қоғамда мәдени жағдайдың төмендеп кеткендігіне наразылықтарды күшейткен болатын. Бірақ бұл наразылықтар үкімет қызметкелерінің шараларындай қатігездік пен қоғамдық мүлікті қиратумен қатар жүрмеді. Кинотеатрлардың іші мен сыртында орын алған оқиғалардың жиынтығы бұл ақпарат құралының қоғамдағы рөлі мен әсерінің жойылып, іс жүзінде сол замандағы өзіндік болмыс-бітімсіз, құнсыз әрі бұрмаланған кинематографияның құлауына себеп болды. Содан кейін шах үкіметінің де құлайтын кезі жетті. Бұл оқиға 1357 жылы 22 бахманда (1979 жылы 12 ақпанда) орын алды. Ислам революциясы жеңіске жетіп, Ислам республикасы орнағаннан кейін Иранның саяси-әлеуметтік өмірінде ғана жаңа кезең басталған жоқ, сонымен қатар Иранның өнері мен мәдениеті де жаңа арнаға бет бұрып, түбегейлі өзгерістерді бастады. Иран кинематографиясы осы күннен бастап өз бағытын жаңа тәсілмен бастады. Өткен жылдармен салыстырғанда деңгейі жоғарылап, дами түсті. Кинематографияны Батыстың үстемдігінен азат ету, кинотеатрлардың қаржы-экономикалық негізін қайта жөндеу, жас дарындарды тарту, фильм түсірушілер мен көрермендер арасындағы әріптестікті арттыру – Ислам революциясынан кейінгі Иран кинематографиясының жаңа өмірінің басындағы маңызды мақсаттардың қатарын құрады. Бірақ осы мақсаттарға жету алғашқы кездері кинематография саласы мамандарының көбісі үшін аса оңай бола қойған жоқ. Ислам революциясы жеңіске жеткен алғашқы кездердегі Иран қоғамының шарықтаулар мен құлдырауларға толы жағдайында қоғамның кинотеатр жайлы пікірі аса жақсы болмады. Халық санасында фильм түсіру деген ақлаққа жатпайтын бейбастақ өнер ретінде қалыптасып қалған еді. Кинотеатр халықтың қолдауынан айырылған болатын-ды. Алайда екі маңызды себеп Иранда кинематография мен кинотеатрдың қайта жандануына себеп болды. Бірінші себеп – имам Хомейнидің кинотеатр мен таза әрі пайдалы фильмді қоштауы болды. Осы арқылы ақлақтық тұрғыдан түзу және бейбастақ кинематография арасында шекара пайда болды. Ислам республикасының негізін қалаушы имам Хомейни революцияның басында сау әрі адамгершілікке негізделген кинематографияны қорғау туралы баяндама жасап, оның деңгейі төмен, ақлаққа жат кинематографиядан айырмашылығы барлығын айқындап берді. Ол әртүрлі мерекелік шараларға байланысты фильм түсірушілерді Ислам революциясынан кейін қалыптасқан пәк әрі сау кеңістікте жұмыс істеуге ынталандырды. Тіпті "Сиыр" сияқты фильмдерді сау кинематографияның үлгілері ретінде атап көрсетті. Осы бағытқа байланысты Ислам республикасының жауапты қайраткерлері алғашқы жылдары іс жүзінде әрекет етіп, Иранның кинематографиясын қайта жандандыруға күш салды. Басқа жағынан, революцияға дейін түсірілген санаулы құнды фильмдер үкімет қайраткерлері мен халықтың Иран кинематографиясын тұтастай жойылуы тиіс дүние деп танымай, Иранның жаңа қоғамында кинематографияның өнер ретінде өмір сүруіне болады деп түсінуіне себеп болды. Сондықтан да Дариуш Мехржуи, Әли Хатами, Масуд Кимиаи, Мехди Сабағзаде, Амир Қаввидель сияқты фильм түсірушілер мен революцияға дейін кинематография саласында жұмыс істеген басқа адамдар жаңа жағдайға байланысты көңілдері орнығып, бұрыннан да белсендірек жұмыс істей бастады. Революцияға дейін де сол замандағы әдеттегі кинематография ағысынан бөлек бағытты таңдап жұмыс істеген бұл адамдар революциядан кейін белсенділіктерін арттыра түсіп, көптеген фильмдер түсіріп, экранға шығарды. Әрине кинематография саласында жұмыс істейтіндердің бір тобы жаңа жағдайға шыдай алмады, өйткені халық пен исламдық жүйе сатысы ахлаққа жат, бейбастақ фильмдерді түсіруге рұқсат бермеді. Бұл адамдар кинематографияны тастап, басқа жұмысқа ауысып, кейбіреулері Ираннан кетіп, Батыс елдерінде жұмыстарын жалғастырды. Бұл адамдар туындыларын көбінесе өздерінің бұрынғы бағыттарында түсірді. Осы күнге дейін кәсіби салада олардың жетістікке жеткені байқалмайды. Ирандағы жаңа әлеуметтік жағдай жастар мен қызығушылардың кинематография саласына аяқ басуына жағдай жасады. Бұл адамдардың өзі екіге бөлінеді: олардың бір тобы революцияға дейін жұмыс ортасының түзу болмауына байланысты бұл кәсіптен бойын аулақ ұстап, бірақ революциядан кейін қолайлы әлеуметтік жағдай қалыптасқаннан кейін кинематографияға бет бұрғандар болып табылады. Екінші топ осы салада білім алып, кинематографияны өз ұлтының ой-пікірі мен көзқарасын әлем халықтарына жеткізетін құрал деп санайтын адамдардан тұрады. Бұл адамдар революциядан кейінгі онжылдықтарда Иран кинематографиясындағы ең маңызды фильм түсіруші ағымға айналды. Осы жылдардағы маңызды туындылардың көбісі аталмыш адамдар тарапынан түсірілді. Әрине үшінші топ жайлы да айтуға болады. Бұлар қалыптасқан жаңа жағдай мен талаптарға байланысты фильм түсіруге кірісті. Осы адамдардың дарыны революциядан кейінгі кинематографияның сәтті болуына айтарлықтай көмектесті. Бұл өнер иелерінің басында кино саласына қатысты білімі болмаған, бірақ біртіндеп қызығушылықтары мен дарындары ашылып, кинематографияны тәжірибе жүзінде үйренген. Бұл адамдардың көбісі Саддамның Иранға таңған соғысы басталғаннан кейін майданға аттанып, соғыс оқиғаларын таспаға түсіріп, өз майдандастарының ерліктерін көрсету үшін кино әлеміне аяқ басқандар болып табылады.