Maм 09, 2016 15:29 Asia/Almaty
  • Иранның жаңа заман кинематографиясы

Иран кинематографиясының тарихына шолу жасау барысында х.ш.ж.с.б. 1357 жылы (1979 жылы) Ислам революциясы жеңіске жеткен кезеңге тоқталып өттік.

Революция жеңіске жеткен жылы Иран қоғамы мен ирандықтар өз өмірлерінің жаңа кезеңіне аяқ басты. Әдетте халықтық қозғалыстар негізінде орын алған әрбір саяси өзгерістерден кейін мәдени ықпалдастық пен өзгерістер дәуірі де басталады. Бірақ Иранда мәдени вакуумдық жағдайдың орнауына байланысты мұндай үдеріс бірден іске аса алмады. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін ирандық фильм түсіру үдерісі толықтай тоқтатылды десе де болады. Мәдени құндылықтарды алмастыру үдерісі өте баяу жүргізілді. Кейбір кинотеатрлар мен киностудиялардың меншіктік жағдайының анық болмауы, мәдениет саласына жауапты адамдар тарапынан пәк исламдық бағыттағы кинематографияның ғылыми критерийлерінің анықталмауы фильмдердің түсірілмей, кинематографияның тоқырауға ұшырауы себептерінің бірі болды. Сондай-ақ өткен кинематографиядағы бейбастақтық мәселесі осы саладағы көптеген адамдардың аттарына кір келтіргендіктен, олардың жұмыс жасауына мүмкіндік берілмеді. Жұмыс құралдары мен шикізаттың тапшылығын осы қиыншылықтарға қосуға болады. Х.ш.ж.с.б. 1358 жылы бұрынғы замандарда түсірілген Иранның біраз фильмдері кинотеатрларда көрсетілді. Олардың көбісі не жаңа жағдаймен үйлескен немесе бітпей қалып, революциядан кейін толықтырылған фильмдер болды. Бірақ кинотеатрларды басқару ісі бұрынғыдай тәртіпке келтірілмеген жағдайда қала берді. Қатысы жоқ органдардың араласушылығы, мамандардың бытыраңқы болуы фильм түсіру саласында тоқыраудың пайда болуына себеп болды. Осы жылы тек 14 көркем фильм түсірілді. Әрине кейбір шетелдік фильмдер де экранға шығарылды. Қазір бұл фильмдерді қарасаңыз, олардың үстірт, жеңіл-желпі мазмұнды болғандығын көресіз. Онда не ауыл тұрғындарының хандар мен бай-манаптармен күресі бейнеленген, немесе көтерілісшілердің «қалып» болып қабылданған бейнесі көрсетілген. Әрине осы туындылардың бір тобы қырғи-қабақ соғысының әсерінен солшыл саяси бағыт пен империализммен күрес ұраны, барлау ұйымдарын әшкерелеу тақырыбын сценарий желісіне айналдырған. Бұл фильмдердің барлығы дерлік құрғақ ұрандарға сүйеніп, шындықты назардан тыс қалдырып, сол заманның шынайы жағдайын дұрыс сараптаудан кенде, әлсіз туындылар болып саналады. Қоғамдағы саяси қақтығыстар мен ел ішіндегі революцияға қарсы күрес шамамен х.ш.ж.с.б. 1360 жылға дейін жалғасын тауып, кинематографияны дамыту үшін бағдарлама жасауға мүмкіндік бермеді. Кинематографтар даму мен ізденістен кенде қалып, тоқырау жағдайында жаңа жағдайдың қалыптасуын күтумен болды. Содан соң х.ш.ж.с.б. 1362 жылға (1983 жылға) кинематографияны қайта жандандырып, дамытуға бағдарлама жасауды көздеді. Кинотеатр сол заманда революция мен Ислам республикасының мәдени негіздерін таратуға қолайлы ең ықпалды қоғамдық байланыс құралы ретінде ерекше назарға алынды. Жол сілтеуші, қолдаушы және бақылаушы саясаттардың аясы анықталды. Бұл бағдарламада бірнеше мәселеге баса назар аударылды: өзін-өзі қамтамасыз ететін дәрежеге дейін фильм түсіру көлемін өсіру, фильмдердің сапасын арттыру, кинематографтардың жаңа буынына жұмыс істеуге мұрсат беру. Экономикалық қиыншылықтарды шешу осы мақсаттарға жету үшін жасалатын алғашқы қадам болды. Қажетті шикізаттар, құрал-жабдықтар мен маман кадрлер сол замандағы Иран кинематографиясының негізгі қажеттіліктері болды. Кинематографияны қайта жандандыру және жақсарту осы қажеттіліктерді өтеуге байланысты болды. Шетелдік фильмдерді әкелуші делдалдардың үстемдігі мен байланысы жойылғаннан кейін Иранға шетелдік фильмдерді енгізу үкіметтің қарамағына көшті. Ішкі өндірісті қолдау мақсатымен Экрандау комиссиясы құрылды. Қала әкімшіліктері өзінің алым-салығын Иран фильм түсірушілерінің мүддесіне орай айтарлықтай азайтты. Сондай-ақ, кинотеатр билетінің бағасы өсіп, фильм түсіруге арналған құрал-жабдықтар мен шикізаттар кедендік жеңілдіктерге ие болды. Бұл шаралар х.ш.ж.с.б. 1360 жылдардың басында (1980 жылдары) фильм түсірушілер мен мамандардың фильм түсіруге және сау кәсіби орта қалыптастыруға ынталандырылуына себеп болды. Ал ұйымдастыру саласында х.ш.ж.с.б. 1362 жылы (1983 жылы) жауапты топ кинематография саласының өзекті мәселелерін талқылады. Кинотеатрлар революциялық әрекеттер жасала бастаған кезде жабылған алғашқы орындар болды. Сол заманда олардың тек біраз бөлігі қайта іске қосылған болатын. Осы топтың басты шарасы х.ш.ж.с.б. 1362 жылы Фараби атындағы кинематография қоғамын құру болды. Бұл қоғам ресми бағдарламалар мен саясаттарды орындау үшін құрылып, Иран фильмдерінің санын көбейтіп, сапасын жоғарылатуға арналған ұйым құруды міндетіне алды. Фараби атындағы кинематография қоғамының жарғысында: "Бұл қоғам – Исламдық бағдар министрлігінің бақылауында елдің кинематография саласындағы өнер мен мәдениетке қатысты саясатын орындайтын білік ретіндегі мемлекеттік емес ұйым", -делінген. Заңдық тіркеуден өткеннен кейін осы қоғамның түсірген алғашқы фильмі Киумарс Пурахмад түсірген "Татуре" (Еліртпе) фильмі болды. Ол алдын-ала жасалатын жұмыстардан өткеннен кейін бірден түсіріле бастады. Содан кейін орталықта фильм түсіру қарқындай түсіп, оның құрал-жабдықтары жаңарып, заман талабына сәйкестендірілді. Осы қоғамда өндіріс бөлімі, мәдени бөлім, халықаралық істер бөлімі, балалар бөлімі мен соғыс бөлімі де құрылды. Аталмыш орталықтағы фильм түсіру үдерісі Иран кинематографиясын өзгертті. Фараби атындағы кинематография қоғамы өзінің бірінші бағдарламасында Иран кинематографиясын жоғарылату үшін екі факторды назарға алды: кинематография өнеркәсібін өзгерте отырып, қайта қалыптастыру. Бұған қызмет көрсету саласы, құрал-жабдықтар мен әртүрлі аппараттар мен шикізаттар жататын еді. Екінші фактор – адам күші (кадр мәселесі) . Кинематография саласында адам күшіне қажеттілік айқын сезілетін. Фараби атындағы кинематография қоғамы Фаджр халықаралық кинофестивалін өткізуге бағдарлама жасады. Оның бірінші кезеңі басқа атпен х.ш.ж.с.б. 1361 жылы (1983 жылы) өткізілді. Бұл кинофестиваль 1-11 ақпан аралығында Иран Ислам революциясының жеңісі күнін тойлаумен қатар өтті. Онда 160 ирандық және өптеген шетелдік фильмдер көрсетілді. Бұл кинофестиваль кейінгі жылдары Иран кинематография туындыларын ұсынатын жерге айналды. Қазір де жыл сайын өткізіледі. Фараби атындағы кинематография қоғамы сценарий жазу саласында оқыту мен жаңа идеялар және ойларды жинауға күш салды. Сондай-ақ бұл қоғам кинематография арқылы Ислам революциясы мәдениетін таратуды өзінің халықаралық сахнадағы ең маңызды жұмысы ретінде күн тәртібіне қойды. Халықаралық кинофестивальдарға қатысу, әлемдік кино нарығына туынды ұсыну және әртүрлі елдерде ИИР фильмінің апталығын өткізу Фараби атындағы кинематография қоғамының жұмыстарының қатарын құрады. Бұл қоғаммен бірге Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің кинематография департаменті "Жастар" кинематографиялық ассоциациясы, Исламдық фильм түсіру орталығы, фильм түсіруге қызығатын жастарды оқыту ұйымдарын құру арқылы кино өнерінің дамуына жол ашты. Университеттер қайты ашылғаннан кейін фильм мен кинематографияға қатысты мамандықтар ашылып, жас мамандарды дайындауға кірісті. Сондықтан да ирандықтар өз кинематографиясын қайта құрды деп нық сеніммен айтуға болады. Исламдық үгіт-насихат ұйымында өнер бөлімінің ашылуы сол жылдары кинематографияға жаңа серпін берген басқа бір қозғалыс болды. Бұл орталық революцияшыл жаңа күшті тарту арқылы Иран кинематографиясын жаңа бағытқа бағыттап, оны түбірімен өзгертті. Осы заманда Саддамның Иранға таңған соғысынан әсер алған фильм түсірушілер жұмыс жасап, Иран кинематографиясында соғыс жанрын қалыптастырды. Революциядан кейінгі алғашқы жылдардағы кинематографияны әралуан оқиғалар мен түстерді қамтитын кемпірқосаққа ұқсатуға болады. Одан талапты жаңа фильм түсірушілердің жұмысқа кірісуінен бастап, ескі фильм түсірушілер жұмысының солғындануын, алғашқы жылдардағы бағдарламасыздық пен әлсіздік және үйлеспеушілікті, ресми мәдени ұйымдардың құрылып, олардың біртұтас бағдарлама құруына дейін көруге болады. Бірақ біртіндеп біртұтас саясаттың қалыптасуы құнды туындылардың түсріліп, халықтың кинотеатрларға тартыла түсуіне себеп болды. Сол жылдардағы фильмдерге шолу жасау отыз жылдай уақыт айырмашылығы бар біздер үшін қызықты жайттарды ашып береді. Сол жылдары кинематографияға келген жаңа буын өз мәдениетіне көңіл аудару арқылы көрерменді тарта алды. Бұл адамдардың туындылары кейде "қалып" болған мәселелермен араласып жатса да, Иранның революциялық қоғамының мәселелерін көрсету арқылы осы салаға жаңа тәжірибе әкелді. Осы жұмыстардың нәтижесінде халықтың отандық кинематографияға деген қызығушылығы артып, отандық фильмдердің көрермені күн сайын арта түсті.