Maм 09, 2016 15:30 Asia/Almaty
  • Иранның жаңа заман кинематографиясы

Иран кинематографиясы тарихына шолу жасай келіп, осы салаға қатысты заңдар мен ережелердің қалыптасып, мүмкіндіктердің жасалып, мамандардың дайындала бастаған кезеңіне жеттік.

 Бұл х.ш.ж.с.б. 1360 жылдар (1980 жылдары) басталған кез еді. Иран кинематографиясы бұл кезеңде бәрінен бұрын өткен дәуірлердегі бейбастақ кинематографиядан, соның аясындағы белгілер мен байланыстардан арылуға тырысты. Мамандардың пікірінше, Иран кинематографиясының жаңа толқыны осы заманда қалыптасып, Иранда осы өнердің дамып-өркендеуіне септігін тигізді. Қолда бар статистикаға қарағанда х.ш.ж.с.б. 1362 жылы (1983 жылы) күн сайын орташа есеппен бүкіл Иран бойынша 800 мың адам кинотеатрға барып тұрған. Саддамның Иранға таңған соғысынан әсер алған сол кездегі әлеуметтік жағдайды назарға алатын болсақ, мұндай сан көрерменнің көптігін көрсетеді. Кинотеатр сол заманда жалғыз-дерлік түзу ойын-сауық түрі болып саналды. Кинематографияны дамытуға бағытталған жоспарлар мықтап қолға алынды. Осындай саясат айқындаулар іс жүзінде Иранда фильм түсірудің төрт тармағын қалыптастырып, бір онжылдық ішінде түсірілген фильмдер арқылы өзін көрсетті. Осы уақыт аралығында түсірілген туындылардың алғашқы тобы – көпшіліктің қолдауына ие болған жанұялық фильмдер. "Давуд гүлдері" мен "Матарсак" (Бақ қарақшысы) деген фильмдердің түсірілуі Иран кинематографиясында мелодрама түсіру толқынын бастады. Жанұя, ақлақтық насихаттар жайлы мәселелерді көтеретін мұндай фильмдер Иран кинематографиясының негізгі қаңқасын тұрғызып, шын мәнінде жоғары сатылымға ие болып, Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі жылдары Иран кинематографиясындағы алғашқы ресми ағымға айнала алды. Осы ағымнан кейін оқиға, соғыс және балаларға арналған музыкалы туындылар түсіріле бастады. Содан соң кинематография саясатын анықтаушылар тарапынан да, халық тарапынан да қолдауға ие болған толқын басталды. "Кани Манга" мен "Офоқ" (Көкжиек) фильмдері халықтың талғамын қалыптастырған осы замандағы ең сәтті туындылар болды. Кейінгі жылдары таңылған соғыстың жалғасуына байланысты көптеген фильмдер осы екі туындыға еліктеп түсірілді. Соғысқа ұрынған экономикалық және әлеуметтік жағдайға қарамастан, осы жылдардағы кинотеатр көрермендерінің саны көбейе түсті. Х.ш.ж.с.б. 1363 жылы (1984 жылы) 75 млн адам Иранда түсірілген көркем фильмдерді көру үшін кинотеатрларға барған. 60 жылдардағы Иран кинематографиясы туындыларының тағы бір тобы Ислам революциясынан кейін осы салаға қадам басқан жаңа фильм түсірушілер тарапынан түсірілді. Бұлар көрерменнің қалың тобын тартуды көздемеді. Өз туындыларында барша жұрт қабылдайтын "қалыптарды" қолданбады. Олар туындының көркемдік қырларын көбірек сақтап, ерекше тәсілді таңдады. Сөйтіп кинотеатрдың арнайы көрермендері үшін құнды туындылар жасады. Әрине кинематографияға жауапты адамдар осындай фильм түсірушілерге жеңіл қарады десе де болады: олар аса көп қолдау да көрсетпеді, кедергі де жасамады. "Маддиан" (Материалистер) фильмін түсірген Әли Закан, "Суық жолдар" мен "Тас арыстан" фильмдерін түсірген Масуд Джафари Джоузани, "Оттың ар жағы" мен "Танурейе див" (Дию үңгірі) атты фильмдерді түсірген Киануш Айари сияқты фильм түсірушілер кинотеатрдың арнайы көрерменіне арнап шындап жұмысқа кірісті. Сатылымның төмен болғандығына қарамастан, Иран кинематографиясында мәңгілік туындылар тудырды. Бұл фильм түсірушілер қысқа метражды және деректі фильмдер түсіру саласында тәжірибелерге ие болған, сондықтан кинематография жайлы салыстырмалы түрде танымға ие болып, өз қалауларымен осы салаға бет бұрған. Осындай жаңа жұмысқа кіріскен фильм түсірушілердің туындыларында қоғам мен оның мәселелері мен қиындықтары қатаң түрде сыналып, оның алдындағы мелодрамаларға керісінше көбінесе фильмдердің соңы қайғылы бітіп отырды. Әрине дәл осы жерде айта кететін жәйт, ол осы туындылар шетелдердегі кинофестивальдар мен өнер саласындағы шараларда ерекше қолдауға ие болып, олардың көбісі жүлделі орындарға ие болу арқылы шетелдік кинематографияның сыншылары мен сарапшылары арасында өз орындарын таба алды. Қазір өткенге көз жүгіртсек, бұл фильмдерді Иран кинематографиясы үшін жақсы үлгі деп атамауымыз мүмкін. Өйткені олардың көбісі ащы, қайғылы оқиғаларға толы болды. Сонымен қатар қала және ауыл қоғамының мәселелері мен қиындықтарын әсірелеп көрсетті. Бұл фильмдердің Иран қоғамының толық әрі шынайы бейнесін көрсетпегендігі айқын. Бірақ сол заманда тек бірен-саран адам ғана Иранның қазіргі заман кинематографиясының бір бөлігінің өкілі бола алды. Әрине, бұл туындылардың шетелдік кинофестивальдарға қайта-қайта шақырылуының басқа бір себебі де болды. Кинофестивальдарды ұйымдастырушылар арасында Иранның сол замандағы қоғамына деген пессимистік көзқарас қалыптасқан еді. Ислам революциясынан кейінгі теріс саяси жарнамалар шетелдіктердің жадында Иран жайлы шындыққа жанаспайтын теріс көзқарастың қалыптасуына себеп болды. Кейбір көркем фильмдер осындай бұрыс бейнені қуаттап отырды. Мұның өзі Батыс елдерінде Иран жайлы жағымсыз бейне көрсететін туындыларға деген қолдаудың көп болуына себеп болды. Өкінішке орай, сол замандағы кинематография саласындағы кейбір жауапты адамдардың қырағы болмауы осы үдерістің қарқындай түсуіне себеп болды. Бұл фильмдерді шетелдерде көрсетудің теріс әсері қазір де 20 жыл өтсе де сезіліп, ирандық фильм түсірушілердің реалистік фильмдерін қабылдауға жағдайды қиындатып жіберді. Бірақ х.ш.ж.с.б. 60 жылдардағы Иран кинематографиясының кемесінде басқа да жолаушылар болды. Олар Ислам революциясына дейін кинематография саласында жұмыс істей бастаған болатын. Сол замандағы кейбір фильм түсірушілердің еңбек жолы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін де жалғасын тапты. Олар революцияшыл Иранның жағдайымен үйлесе отырып, фильм түсіруді жалғастырды. Дариуш Манучехри, Масуд Кимиаи және Әли Хатами сияқты фильм түсірушілер Ислам революциясынан кейін де көптеген туындылар жасаған адамдардың қатарына жатады. Олардың туындылары әлеуметтік, комедия, тіпті мелодрамма жанрларында түсірілді. Бірақ шынын айтсақ, сол туындылар қоғамның сол кездегі жағдайымен аса үйлеспеді. Мұндай адамдардың фильмдерінде қарапайым жанұялық және әлеуметтік мәселелерді көтеру басты орында тұрды. Тіпті осы адамдардың кейбіреулері халықтың бөгде елдер тарапынан Отанға төнген қауіп пен соғыспен арпалысып жатқандығын білмейтін сынды еді. Шындық мынада: олардың кейбіреулері жаңа жағдаймен үйлесіп, қалың жұртты тарта алатын туынды жасағанға дейін көп уақыт өтті. Бірақ Иран кинематографиясы біз санамалап өткен топтармен өз өмірін жалғастыра алмайтын еді. Бұл фильм түсірушілер кинематографиядағы экономика және мәдениет деген екі тақырыптың басын қоса алмады. Сол кезеңдегі кинематография осы өнерді жаңа сатыға көтеретін адамдарды қажет етті. Осы сатыда Иран кинематографиясы жалпы көрермендердің көңілдерінен шыға алатындай да, ой мен мәдениетті назардан тыс қалдырмайтын да қабілетке ие болуы керек еді. Көрерменнің қалың тобын тарту тек дайындаушыларды (фильм түсірушілерді) ғана разы ететін еді. Жаңа толқын да тек таңдаулыларды ғана назарға алып отырды. Сондықтан да көрерменнің де көңілінен шыға алатын, діни ой мен мәдениетті де жеткізе алатын жаңа ағым пайда болды. Осы ұрпақтың арасындағы ең атақты адамдар Қасиетті қорғаныс тақырыбында фильм түсірген адамдар болуы мүмкін. Ибрахим Хатамикиа мен Расул Моллақалипур Ислам революциясының армандары мен Саддам әскерінің шапқыншылығына қарсы Қасиетті Қорғанысты бейнелеп, исламдық наным-сенімдерді сол замандағы оқиғалармен байланыстыра суреттеп, көрнекті туындылар шығарған фильм түсірушілердің қатарында болды. Олар осы бағытты жалғастыра келіп, кейде соғыс тақырыбынан тыс фильм түсірсе де, бірақ көбінесе Ислам діні мен мәдениетін әлем мен Иранның сол замандағы жағдайымен байланыстыруға тырысты. Хатамикиа сияқты адамның өзі де өз туындыларының бірінде Балкан соғысы мен Босниядағы оқиғаларға тоқталып, ирандық көрерменнің тілеулестігін тудыра алды. Осы арада тағы бір шектеулі адамдар тобы болды. Олар Ислам революциясынан кейін фильм түсіруге кіріссе де, кейін революция, Ислам, тіпті өз Отаны мен халқынан алшақтап кетті. Олардың жұмыстары да тез арада төмендеп кетті. Бұл топтың көрнекті үлгісі – Мохсен Махмалбаф. Ол фильм түсіруді ешқандай алдын ала дайындықсыз х.ш.ж.с.б. 1361 жылы (1982 жылы) бастады. 1360 жылдардың алғашқы бірнеше жылында 8 фильм түсірді. Оның фильмдері басында революциялық жалынға толы сарынмен қоғамның төменгі топ өкілдерінің мәселелерін баяндады. Фильм түсіруді өзінің сезімге толы жанайқайын жеткізуге арналған трибуна деп білген ол тәжірибе жүзінде өз заманында көптеген дау тудырған туындылар жасауға кірісті. Махмалбафтың өмірінде көптеген шарықтаулар мен құлдыраулар болды. Революцияға дейінгі жылдары аяғы кинотеатрға жетпеген адам кинематография, діни ой-пікір және салыстырмалылыққа қатысты ақылға қонбайтын теориялар ұсынды. Ақыр соңында тұрақты пікір мен біртұтас ойға ие болмаған ол діни наным-сенімдердің негізіне қайшы келетін бағытқа түсіп, өз фильмдерінде бейбастақ мәселелерді көрсетуге кірісті. Махмалбаф Иранда болған соңғы жылдары өз туындыларының көрермендері және кинематография саласының жауапты адамдарымен қатты қақтығысып, әрі көңіл аударуға тұрарлық туынды жасап шығара алмады. Оның Иранда фильм түсіру карьерасы елден кетумен аяқталды. Х.ш.ж.санағының 1360 жылдары Иранда көптеген кинематографиялық ағымдардың пайда болған кезеңі болды: олардың кейбірі жылдар өте келе нығайды, ал біразы жаңа жағдайға байланысты шетке ығыстырылды.