Maм 09, 2016 16:48 Asia/Almaty
  • Иранның жаңа заман кинематографиясы

Бұл бағдарламаның мақсаты Иран кинематографиясы тарихына шолу жасап, Иранның қазіргі заманғы кинематографиясының қалыптасу үдерісімен таныстыру болып табылады. Бұл кинематография қазір бүкіл дүние жүзіне танымал және оның туындылары әлем халықтарының қошеметіне бөленіп отыр.

 Ислам революциясынан кейінгі және 1980 жылдардағы Иран кинематографиясы сапа және сан жағынан дами түсіп, фильм түсірудің көптеген ағымдарының пайда болғандығын айттық. Халықтың күн өткен сайын кинотеатрларды қолдауы артып, Иран кинематографиясында барлық бағыт дерлік даму үстінде болды. 1980 жылдардың аяғында басқа елдер де Иран кинематографиясын өнер ортасында қабылдап, кинофестивальдарға шақыра бастап, Иран кинематографиясының туындылары әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетіле бастады. Алғаш рет х.ш.ж.с.б. 1369 жылы (1990 жылы) Италиядағы Пезаро халықаралық кинофестивалі өз бағдарламасының бір бөлігін Иран кинематографиясын таныстыруға арнады. Өзіндік саяси ұстанымы болған бұл ағартушы кинофестиваль өз бағдарламасының негізгі бөлігінде Иран кинематографиясының 20 толық метражды және 2 қысқа метражды фильмін жұрт назарына ұсынды. Осылайша Иран фильмдерінің басқа да кинофестивальдарда көрсетілуіне жол ашылды. Дәл осы уақыт аралығында "International film guide" (Дүниежүзілік фильм жолнұсқасы-1993) өзінің жылына бір рет шығатын журналын Иран кинематографиясын таныстыруға арнады. Мұнда сыншылар ирандық режиссерлердің дарындылық белгілері жайлы ауқымды мақалалар жазды. Дәл осы кезеңге қатысты екі маңызды мәселеге тоқталып өткеніміз дұрыс. Бұл мәселелер сол заманда Иран кинематографиясына қатты әсер етті. Біріншісі – ирандық режиссер Аббас Киарустамидің жетістігі. Ол фильм түсіруді Ислам революциясына дейін бастаса да, одан кейін кино әлемінде ерекше танымалдыққа жетті. Ол х.ш.ж.с.б. 1365 жылы (1986 жылы) Иранда 5-ші Фаджр кинофестивалі қазылар алқасының арнайы жүлдесін жеңіп алды. Содан соң Ираннан тыс жерлердегі кинофестивальдарға қатысу тұрғысынан рекорд жасады. Киарустамидің фильмдері бірінен соң бірі өзіне тән стильде түсіріліп, өзі және Иран кинематографиясы үшін үлкен жеңістер әкелді. Киарустамидің 1360-70 жылдары түсірген фильмдері Иран кинематографиясы, тіпті басқа елдердің кинематографиясының қалыпты үдерісінен өзгеше болды. Бұл фильмдер әдетте қолданылатын тартымдылықтар мен қалыптар қолданылуынсыз, тіпті кәсіби әртістердің қатысуынсыз түсірілді. Бірақ қызық әдіс-тәсілмен халықаралық сарапшылар мен сыншыларды өзіне тарта білді. Оның әрбір туындысы фильм түсіру саласындағы соны тәжірибе болып саналды. Олар Батыс фильмдерінен жалыққан көрерменді өзіне тарта білді. Бірақ Киарустамидің жаңа тәжірибе жасаудың соңында болғандығын естен шығармауымыз қажет. Бірақ кейбір адамдар оған еліктеп, оңай әрі жеңіл фильмдер түсіруге кірісіп, халықаралық сахналарға шығуға тырысты. Мысалы, 1990 жылы 85 ирандық фильм 83 халықаралық кинофестивальда көрсетілді. Бұл үдеріс кейбір фильм түсірушілерді қаражат жағынан арзан, әлсіз, көшіріліп алынған фильмдерді өндіріске жіберуге итермеледі. Бұл режиссерлер ирандық көрерменді назарға алмай, тек халықаралық жүлделерді иеленуді көздеді. Олардың көптеген фильмдері ел ішінде экранға шықпады. Сол замандағы Иран кинематографиясының жалпы бағытына әсер еткен екінші жағдай – мистикалық фильмдердің түсірілуі болды. Мәдени болмыс-бітімді іздестіру кейбір режиссерлерді мистика, рухани ұғымдар мен материалдық өмірден алшақтау мәселелеріне көңіл бөлуге итермеледі. Х.ш.ж.с.б. 1370 жылдары (1990 жылдары) Иран кинематографиясы туындыларының көбісі мистикалық мәселелерді қарастыру бағытына бет бұрып, осы салада үлкен толқын пайда болды. Иран кинематографиясында осы онжылдықта түсірілген "Нөл биіктіктері", "Рейхане", "Кеш батқанға дейін" және тағы басқа ондаған фильмдер бар. Бұл фильмдерде көрермендер үшін мистикалық және рухани мәселелер қарастырылған. Бірақ аталмыш фильмдер көркемдік жағынан аса тартымды түсірілмеді. Соның нәтижесінде қалың жұрттың назарын өзіне аудара алмай, билет сатылымы аса сәтті болмады. Бірақ осынша көлемде мистикалық фильмдердің түсірілуінің өзі жағдайды растап беріп отырғандығын естен шығармауымыз қажет. Шамамен 12 жыл бойы осындай мазмұндағы ондаған көркем фильм түсіру, үлкен көлемде қаржы бөлу, өнер және техника саласының мамандарын жұмылдыру үкіметтік қолдау көрсету саясаты кинематографияны тірі сақтап, басқа өнер түрлерінің арасында бірінші өнерге айналдыра алғандығын көрсетеді. Бірақ фильмдердің мистикаға ұрыну мәселесі және олардың халықтың қолдауына ие болмауы жауапты адамдар мен фильм түсірушілер үшін қатер қоңырауы болуы тиіс еді. Бірақ бұлай болмады. Жауапты адамдар мен кинематографтардың қырағы болмауы үлкен қаржы-қаражаттың өзінің алғашқы шығынын өтей алмаған фильмдерді түсіруге жұмсалуына себеп болды. Осындай жағдайда халықтың қолдауына ие болған фильмдер де азды-көпті түсірілді. Олар жанр бойынша бірнеше топқа бөлінді: комедия, әлеуметтік, соғыс және балаларға арналған фильмдер. Х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардың басында Иранның жаңа заман кинематографиясында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан режиссерлердің көбісі кәсіби жағынан айтарлықтай жетілді. Ислам революциясынан бұрынғы заманнан қалған режиссерлер де осы кезеңде ең мықты фильмдерін түсірді. Әлеуметтік фильмдер біртіндеп өзіне лайықты орынды иеленді. Тіпті шытырман оқиғалы «экшн» фильмдер де Иран кинематографиясы туындыларының қатарына қосылды. Тіпті осындай фильм түсіру көптеген беделді режиссерлерді қызықтырды. Олар көрермендерді кинотеатрларға тарту үшін «экшн» фильмдер түсіруге кірісті. Осындай жағдайда үкіметтің қолдауы мен ішкі кинофестивальдардың жүлделері де осындай туындыларға берілді. Бұған қарамастан, Иран кинематографиясының ең үздік фильмдерінің біразы осы жылдары түсірілді. Мысалы, Сейфулла Дадтың режиссерлығымен түсірілген "Тірі қалған" (Базманде) , Маджид Маджидидің режиссерлығымен түсірілген "Аспан балалары" мен "Әке" және Шахрам Асадидің режиссерлығымен түсірілген "Оқиға күні" фильмдері. Осындай әртүрлі жанрдағы фильмдермен қоса, революцияшыл режиссерлер де үлкен күш-қуатпен өз жұмыстарын жалғастырды. Олар соғыстың біткендігіне қарамастан, соғыс жайлы фильм түсіруді жалғастырды. Ибрахим Хатамикиа "Керхеден Райнға дейін", "Жасыл күл", "Шыны такси" және т.б. фильмдерді түсіріп, соғыстың әртүрлі көріністері мен оның әсерлерін көрермен қауымның жадында мәңгіге қалдырды. Расул Моллақулипур да соғыс майданының көріністерін қайта сомдауда кәсіби білік, сыншыл көзқарас пен шыншыл баяндау тәсілін қолдану арқылы соғыс тақырыбында "Құтқарылғандар" мен "Чезабеге сапар" атты фильмдерді түсіріп, фильмдер барысында өзін алаңдатып жүрген мәселелер жайлы айтып, қоғамның кейбір қырларын сынға алды. Иран кинематографиясы тарихына шолу жасай келіп, көңіл аударатын мәселе – х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардың аяғындағы жастар мен жасөспірімдер мәселесіне арналған әлеуметтік фильмдердің пайда болуы болды. Бұл бағыт х.ш.ж.с.б. 1380 жылдары (2000 жылдары) Иран кинематографиясының негізгі ағымдарының біріне айналды. Сондай-ақ, Иран қоғамындағы әйелдің рөлін жаңаша көрсету және олардың көптеген көркем фильмдерде өзекті рөл атқаруы осы кезеңде ерекше қолға алынды. Кинематографтар әйел не ер адам болғандығына қарамастан, қоғамдағы әйелдер қауымына ерекше көңіл бөлді. Саяси фильмдер немесе саясатқа ұрынған фильмдер х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардың соңында көбейе түсті. Саясатпен айналысатын қарттар мен жастардың бейнесі киноэкранда көрсетіле бастады. Масуд Кимиаи мен Бахман Фарманараның фильмдері осындай көзқараспен түсірілді. Олардың туындылары ресми түрде марапатталды. Саддамның Иранға таңған соғысы аяқталып, қоғамдағы жағдай тұрақталып, Иран кинематографиясында әртүрлі жанрдағы фильмдердің түсірілгендігіне қарамастан, х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардағы көрермендер санында айтарлықтай өсу байқалмады. Мұның бірнеше себебі болды. Соның бірі – бейнефильмдердің еркін айналымға жіберілуі. Алғашқы бейнеклубтар х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардың бас кезінде іске қосылды. Көрермендер үшін көркем фильмдерді үйде отырып тамашалауға мүмкіндік туды. Осы кезеңде телеарналарды дамытуға бағытталған мәдени саясат біртіндеп жаңа телеарналардың ашылуына себеп болды. Халық кинотеатрларға барумен қоса, демалыс уақыттарын өткізуге арналған басқа әртүрлі таңдауларға ие болды. Әрине осы жұмыстарға байланысты кинотеатрлар да жаңа жабдықтармен жарақтала түсті. Дыбыс жүйесі мен жаңа бейнелеу мүмкіндіктері кинотеатрда фильм көрудің тартымдылығын арттыра түсті. Осы жағдайлардың барлығы Иран кинематографиясын даму үдерісінен өткен жетілген адамға айналдырды. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылдары қарсаңында халықтың кинематографияға қоятын талаптары арта түсті.