Maм 09, 2016 16:53 Asia/Almaty
  • Иранның жаңа заман кинематографиясы

Бұл бағдарламада х.ш.ж.с.б. 1380 жылдардағы Иран кинематографиясының тарихына шолу жасаймыз.

Бұл онжылдық Иранда х.ш.ж.с.б. 1380-1390 жылдар аралығын, сәйкесінше 2001-2011 жылдар аралығын қамтыды. Онда жетінші өнер – кинематография шарықтаулар мен құлдыраулар кезеңін басынан өткерді. Х.ш.ж.с.б. 1370 жылдары көптеген өзгерістерді бастан өткізген кинематография білім мен тәжірибеге толы жүгімен Ислам революциясынан кейінгі өз өмірінің үшінші онжылдығына қадам басты. Фильм түсірушілердің жаңа буыны осы салада жұмыс істей бастап, тәжірибелі режиссерлермен қатар көрермені көп өнер саласының иесіне айналды. Кинематография саласында білім алған жаңа мамандар мен фильм түсірушілер осы салаға келіп, кинематографиялық туындыларды байыта түсті. Фильм түсіруге арналған дамыған сандық құрал-жабдықтардың кең таралуы көптеген режиссерлердің оны қолдануға бет бұруына себеп болды. Кинематографиялық туындылардың көбісі осындай тәсілдермен түсірілді. Мұның өзі кинематографияда жасампаздықтың артып, қаржы билігінің жойылуына себеп болды. Әрине бейне-техникалық сапаның төмендеуі немесе фильм түсіруге жеңілтектікпен қарауға байланысты алаңдаушылықтар да болды. Мұндай алаңдаушылық сандық технология революциясы орын алғаннан кейін бүкіл әлемді жайлаған болатын. Бірақ біртіндеп кинематографтардың жаңа буыны осы құрал-жабдықтарға қатысты тиісті мәдениетке ие болып, тез арада тәжірибе жинап, жеңілтектік жасау кезеңінен өтті. Осы онжылдықтың алғашқы жылы жаңа режиссерлердің толқыны өздерінің әралуан туындыларымен баршаны таң қалдырды. "Мұнда шырақ жағылған", "Тордан қашқан есалаң", "Шаң-тозаңдағы би" және т.б. бірнеше фильм сол жылдары түсіріліп, киносыншылар мен "Фаджр" кинофестивалі сияқты кино орталарында жақсы қабылданды. Әрине бұл кезде барша жұртты назарға алған фильмдер шетке ысырылып, билет сатылымының деңгейі төмендеп кетті. Өйткені халық экранға шығарылған мұндай кинокартиналарды қолдамады. Соның нәтижесінде билет сатылымы болмағандықтан, мұндай фильмдерді түсіру тоқтатылды. Жалпы алғанда, бұл – табиғи құбылыс: қаржының айналып, кинематографияға қайта құйылуы кино өндірісіне әсер етеді. Кейінгі жылдары үлкен көлемде қаржы жұмсалып, үлкен өндірістік күш салынып түсірілген фильмдер экранға шықты. Олар көрерменді кинотеатрмен қайта табыстыруға тырысты. Соның нәтижесінде осындай фильмдерге көрерменнің қолдауы артты. Осы жылдың ең көрнекті фильмі – "Жекпе-жек" (Дуэль) фильмі болды. Ол техника жағынан жоғары дәрежеде түсіріліп, Иран кинематографиясының стандарттарын жоғарылата алды. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылдарының алғашқы кезеңін зерттегенде көңіл аударуға тұрарлық мәселе Қасиетті қорғаныс жылдарындағы кинематографияның қайта жандануы (Саддамның Иранға қарсы соғысы) болды. Бірнеше жылдық тоқыраудан кейін Қасиетті қорғаныс тақырыбына арналған фильмдерді түсірудің жаңа кезеңіне аяқ бастық. "Жекпе-жек" (Дуэль) , "Әкенің егіс алқабы", "Суықтың көз жасы" және "Гилане" фильмдерінің әрқайсысы техника, мазмұн, 8 жылдық Қасиетті қорғанысқа әралуан көзқараспен қарау тұрғысынан айтулы туындыларға айналды. Мұнымен қоса, осы онжылдықта режиссерлер осы уақытқа дейін жұмыс істелмеген кейбір салалар бойынша фильм түсіре бастады. Осы туындылардың экранға шығарылуы БАҚ-та дау-дамай мен жанжал тудырып отырды. Тіпті, кейде біраз уақытқа дейін Иран кинематографиясын өнер және мәдени хабарлардың басты айдарына айналдырды. Хабарлар мен дау-жанжалдардың нәтижесінде осы фильмдердің билет сатылымы таңқаларлықтай өсті. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылдары Иран кинематографиясы ғимаратының әр кірпіші асқан нақтылық әрі қырағылықпен қалануы тиіс жылдар болатын. Ұзақ жылғы тәжірибе мен қоғамдағы тұрақтылық кинематографтарды аса ыждаһаттылықпен жұмыс істелуі қажет салаға аяқ бастырды. Бұл іс өзін бәрінен бұрын әртістік салада көрсетті. Осы онжылдықта Иран кинематографиясында көптеген әртістердің есте қалаларлық рөлдерде ойнап, танымал кинотұлғаларға жан бітіргендігін көрдік. Жас әрі оқыған әртістердің кино саласына аяқ басуы, тәжірибелі әртістердің өз еңбек жолын жалғастыруы әлем халықтарына Иранның әртістік өнерінің жоғары сатысын таныстырды. Асқар Фархади, Реза Миркарими, Дариуш Мехржуи мен Рахшан Бани Этемадтың осы онжылдықта түсірген фильмдеріндегі әртістердің көбісі өз рөлдерінде жарқын көрініп, Иран кинематографиясындағы әртістік стандарттарды жоғарылатты. Олар "әйгілілік" жайлы қалыптасқан қалыпты өзгертті. Осы онжылдықта бүкіл Иран кинематографиясы тарихының көлеміндей фильмдерден жақсы әртіс пен жақсы әртістік ойынға куә болдық деп айта аламыз. Осы онжылдықта х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардағы жастар қалайтын фильмдердің жалыны басылды. Кинематография бәрінен бұрын білім мен арнайы ғылымды қажет ететіндігін сезінді. Сондықтан да осыған дейін саусақпен санарлықтай болған әртістерді дайындау мектептері жылдам дамып, қызығушылар арнайы дәрістерде әртістік өнерді меңгере бастады. Кинематография мен театр факультеттерінде білім беру шындап қолға алынды. Білім алуды белгілі бір салада даму-жоғарылау сатысына қол жеткізудің сенімді жолы деп санайтын барша жұрт Иранда кинематографияның дамуына көмектесті. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылдардағы (2000 жылдардағы) кинематография екі ақпарат құралынан нәр алып тұрды. Алғашқысы – театр. Ол өзінің көптеген әртістерін кинематография саласына жіберді. Кейінгісі – теледидар. Бұл сала арналардың көбейіп, бағдарлама, фильм мен сериал түсіруге қажеттілік туындағандықтан, кейде өз жұмысында әртістерді пайдаланып отырды. Бұл көрермендерді тартуға да көмектесті. Кейіннен олардың кейбіреулері кинематографияда да табыстарға қол жеткізді. Дәл осы жерде бір маңызды мәселеге тоқталып өткеніміз жөн. Ислам революциясынан кейінгі Иранның саяси-экономикалық жағдайы жылдар бойы кинематографияға қатты әсер етіп отырды. Осы әсердің ең үлкені – киножұлдыз жасау мәдениетінің болмауы еді. Революцияға дейін киножұлдыздар өзегіне айналған Иран кинематографиясы бірден олардан айырылып, ұзақ жылдар бойы киножұлдыздардың болмау қажеттігін баса айтып келді. "Келін" фильмі х.ш.ж.с.б. 1370 жылдардың басында екі жаңа киножұлдызды таныстырған алғашқы туындылардың қатарында болды. Содан кейін киножұлдыз жасау мәдениеті Иран кинематографиясына қайта оралды. Біртіндеп Иран кинематографиясында киножұлдыздардың болуы ерекше сипатқа ие болып, х.ш.ж.с.б. 1380 жылдары бұл үдеріс қарқындай түсті. Әрине Ирандағы киножұлдыз болудың критерийлері мен шарттарының Батыс кинематографиясынан айырмашылығы көп. Иран кинематографиясында әлі күнге дейін ақлақтық қағидалар мен критерийлер бірінші орында тұр. Осы күнге дейін ирандық әртістерден 64 ер адам мен 58 әйел адам шетелдік кинофестивальдар мен мәдени шараларда жүлдегер атанды. Мұның өзі Иран кинематографиясындағы әртістік өнердің сапалық деңгейінің жоғары дәрежеде екендігін көрсетеді. Берлин кинофестивалінде "Күміс аю" жүлдесін иелену, Азия-Тынық мұхиты кинофестивалінің жүлделері мен Карловы Вары, Монреаль, Лукарно және Мәскеу кинофестивальдарында ең үздік әртіс жүлделерін иемдену Иран кинематографиясының әртістік өнер саласындағы мақтаныштарының қатарына жатады. Ирандық режиссерлердің арасында Маджид Маджидидің фильмдері осы күнге дейін әртістік өнер номинациясы бойынша ең көп жүлдені иемденсе, одан кейін Асқар Фархади осы салада ең сәтті режиссер болып табылады. Үйде тамашалауға арналған фильмдер телеарнасына арналып түсірілген жаңа фильмдер мен сериалдардың пайда болуы х.ш.ж.с.б. 1380 жылдардың тағы бір өзгерісі болып табылады. Бұл кинематографияға тікелей әсер етті. Бейне арналар көбейгеннен кейін кинематографияның кейбір продюсерлері мен мамандары осы сала үшін жұмыс істеуге кірісіп, қаржы жағынан арзан туындыларды нарыққа шығарып, көрермен қауымын тарта білді. Әрине мұндай фильмдердің сапасы бір деңгейде болмады. Олардың арасында жақсы, орташа, тіпті әлсіз туындылар да болды. Бұл кинематография экономикасы мен фильм сатылымына теріс әсер етіп, белгілі бір деңгейде кино өндірісіне жұмсалған қаржыға қатер төндірді. Сонымен қатар киносыншылар мен тәрбие саласының мамандарының пікірінше, осы салада түсірілген фильмдердің сапасы көрерменнің талғамына теріс әсер етеді. Тіпті олардың ақлақтық әсері де жанұя үшін қолайлы емес. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылдарының соңында үйде тамашалауға арналған фильмдер телеарнасының дамуына байланысты көркем фильмдердің сатылымы айтарлықтай кеміді. Тек санаулы туындылар ғана сапа, техника және қажетті шарттар жиынтығына сәйкестігінің арқасында сатылым бойынша тізімнің жоғары жағынан орын ала алды. Басқа жағынан ирандық дублерлердің көмегімен жақсы аударылған шетелдік фильмдердің елге енуі үйде тамашалауға арналған фильмдер телеарнасын байыта түсіп, халықты әлем кинематографиясының жетістіктерімен танысуға ынталандырды. Осындай жағдайда Иран кинематографиясы х.ш.ж.с.б. 1390 жылдарына (2010 жылдарына) жетті. Біз қазір осы онжылдықтың басында тұрмыз және Иран кинематографиясын гүлденген жарқын болашақ күтіп тұр деп үміттенеміз. 

Тегтер