Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Қасиетті қорғаныс жанрында фильм түсіруші Расул Моллақалипур: «Біз соғыс бітті деп ойлаймыз, бірақ оның салдары әлі күнге дейін бар. Мысал ретінде бір қаланың 12 мың тұрғынынан 8 мың адам химиялық қарумен бомбалау барысында қатты зиян шекті... Олардың өмірі басқа. Сол өмір жайлы сөз қозғап, фильм түсіруіміз қажет. Бұл адамдарды ұмытпауымыз қажет».
Расул Моллақалипур революциядан кейін жұмыс істей бастаған ең шыншыл ирандық кинематографтардың бірі деп саналады. Оны танитын және еңбектерімен таныс көптеген адамдардың айтуы бойынша, Моллақалипурдың шыншылдығы мен батылдығы оның туындыларынан айқын байқалады. Ол х.ш.ж.с.б. 1334 жылы (1956 жылы) дүниеге келген. Саддамның Иранға таңған соғысы басталысымен майданға аттанды. Моллақалипурдың сурет және фильм түсіруге қызығушылығы оның осы екі салада белсенділік танытып, фото және бейне таспалар арқылы соғыс көріністерін түсіре бастауына себеп болды. Ол жылдар бойы жұмыс жасап, жүздеген сурет түсірді. Бірнеше қысқа метражды фильм және 13 толық метражды көркем фильм түсірді. Сонымен қатар бір телеарна үшін телехикая түсірді. Ол х.ш.ж.с.б. 1385 жылы (2007 жылы) жүрегі тоқтап (инфаркт алып) қайтыс болды. Ол өмірінің соңында «Оныншы күннің түс кезі» атты фильмнің сценарийін жазып, түсіруге дайындалып жатыр еді. Ол қайтыс болғаннан кейін фильм басқа кісінің режиссерлығымен түсірілді. Моллақалипур соғыс бітсе де, сол заманға қатысты реалистік көзқарас ұстанды. Ол сезінуге боларлық сыртқы көріністер мен майдандағы әскери қақтығыстарды ғана асқан шеберлікпен бейнелеп қоймай, соғыстағы адамдардың ішкі жан дүниесі мен ойларын баяндауға ерекше қызықты. Режиссер өз фильмдерінде жауынгерлердің ержүректігі пен жанпидалығын бейнелеуге кіріссе де, сол кезең мен жауынгерлердің шаһид болғандығына қайғыра қарап, кейде олардың жалғыздығы жайында сөз қозғайды. Осы режиссердің туындыларының сәтті болуының сырын екі мәселемен түсіндіруге болады: біріншісі – үлкен соғыс сахналарын көрсетуде әскери мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануы. Бұл аталмыш салада режиссердің жоғары қабілетке ие болғандығын көрсетеді. Моллақалипурдың соғыс жанрындағы фильмдерінің көбісінің сапасы жоғары. Соғыстағы қатігездік оның фильмдерінде ерекше әсерлер арқылы көрініс тауып отырды. Оның сәттілікке жетуіндегі екінші мәселе – осы соғысқа қатысқан адамдар мен олардың жанұяларына ерекше сезіммен қарауы. Бұл Моллақалипурдың бірнеше фильмде жанұялық мелодрамаларды бейнелеуіне себеп болды. Моллақалипур тіпті «Мим» месл-е мадар» (Мама сөзіндегі «м») атты өзінің соңғы фильмінде ана мен баланың қарым-қатынасын өзінің күшті сезімі мен соғыстан қалғандарға тілеулестігін білдіру үшін пайдаланды. Бұл фильм өте қайғылы әрі ерекше толғандыратын туынды. «Хиуа», «Улы саңырауқұлақ» және «Әкенің егіс алқабы» фильмдері – Моллақалипурдың Қасиетті қорғаныс тақырыбы негізінде сол заманның бейнесін қазіргі өмірмен байланыстырып, көрерменді өзімен ілестіре алған туындыларының бірі. Ол бұл фильмдерде, әсіресе өзінің соңғы «Мим месл-е мадар» (Мама сөзіндегі «м») атты фильмінде ең ауыр жағдайда да өзінің негізгі жолынан тайқымайтын, өз армандарына берік болып қалатын адамдар жайлы сөз қозғайды. Моллақалипур өмірінің соңғы кезінде берген бір сұхбатында: «Біз соғыс бітті деп ойлаймыз, бірақ оның салдары әлі күнге дейін бар. Мысал ретінде бір қаланың 12 мың тұрғынынан 8 мың адам химиялық қарумен бомбалау барысында қатты зиян шекті. Олардың арасында 4 мың жаралы – қазір әртүрлі дертке шалдыққан балаларды дүниеге әкеліп жатқан әйелдер мен қыздар. Олардың өмірі басқа. Сол өмір жайлы сөз қозғап, фильм түсіруіміз қажет. Бұл адамдарды ұмытпауымыз керек», -деген болатын. Моллақалипур Қасиетті қорғаныс жанрында фильм түсіру жайлы: «Мен әлеуметтік жанрда да фильм түсірдім. Өз заманымның саяси-әлеуметтік мәселелерін фильм аясында баяндауға қабілетім жетеді деп ойлаймын. Бірақ соғыс жанрында фильм түсіруді орындауға тиісті тапсырма, борыш деп санаймынн», -деген. Әрине бұл тек Моллақалипурдың ғана пікірі емес. Қасиетті қорғаныс жанрында жұмыс істейтін басқа да көптеген режиссерлер бұл тақырыпқа тапсырма, діни әрі ұлттық борыш деп қарайды. Мысалы, ирандық режиссер Камал Табризи осы жайлы: «Революциядан кейін Қасиетті қорғаныс жанрына бет бұрған кинематографтар осы тақырып аясында қалды, келешекте де қала береді. Тіпті егер туындыларының арасында соғыс жайлы емес фильм болса да, тағы да осы тақырыпқа айналып келе беретін болады. Олар жеке емес, қоғамдық мәселелерді көтереді», -дейді. Моллақалипур соғыс және онымен арпалысқан адамдардың өмірін бейнелеумен қоса, соғыстың әлеуметтік салдарының осал тұстарын анықтауға кіріседі. Ол қоғамдық шындықтардың кейбіреуі арман-тілектерге қатер төнуіне себеп болды деп есептейді. Осы қателерді шынайы түрде бейнелеу арқылы басқаларға ескерту жасады. Ол өз туындыларында өткенді қазбалауға кірісіп, ақиқат пен адамгершілікті іздестіріп, қатал ескерту жасау үшін біздің алдымызға осы ізденістердің айнасын келтіреді. Көптеген жыл бұрын Моллақалипур фильм түсірудің шыңында болған кезде XVII «Фаджр» халықаралық кинофестивалінде Моллақалипур пен оның еңбегін құрметтеу рәсімі өтті. Бұл х.ш.ж.с.б. 1377 жыл (1999 жыл) еді. Ол жылы «Хиуа» фильмі көпшіліктің назарына ілінген болатын. Моллақалипурмен осы туынды және басқа да фильмдері жайлы сұхбаттастық. Ол өз туындыларына сын айтты. Одан «Неге осыншама өткенге байланып, ол жайлы фильм түсіресіз?» деп сұрадық. Ол: «Егер осы шақта жақсы өмір сүргіміз келсе, өткенмен байланысымызды сақтауымыз қажет деп есептеймін. Біз өз тарихымызды ұмытпауымыз қажет. Мен адамгершілік пен армандарды іздеп өткенге барамын. Және оны қазіргі қоғамға, әсіресе жастарға көрсетуге тырысамын», -деп жауап берді. Моллақалипур сол сұхбатта кейіпкерлер мен олардың ерліктеріне әдеттен тыс көзқараспен қарауды сынға алып: «Алдымен барлық кейіпкерлердің адамдық қасиеттерге ие екендігіне баса назар аударылып, кейінен белгілі бір жағдайға байланысты оларды таңдаудың жолайрығына әкелеміз. Бұл екі жол әлгі кейіпкерлердің қарапайым адамдардан айырмашылығын айқындап береді», -деді. Моллақалипур фильмдерінің барлық дерлік диалогтары мен есте қаларлық әсерлі эпизодтары адам үшін таңдау жасаудың қаншалықты ауыр екендігін көрсететін жағдайлардан тұрады. Өмірде болатын күтпеген күрделі жағдайлар адамды қиын таңдау жолына қояды. Бұл жағдайлар мен таңдаулар жеке өмір жағдайында әлгі адамның тағдырын өзгертіп, оған басқа болашақ сыйлайды. Бірақ соғыс кезінде қоршауға түсу немесе шабуыл, қақтығыс сияқты қатерлі жағдайлар адамды таңдаудың жолайрығына әкеледі. Бұл таңдаулар тек жеке бас тағдыры мен жанындағыларға ғана емес, бір ұлттың тарихы мен соғыстың тағдырына да қатысты болады. Осы таңдаулар мен олардың қиындығын бірнеше рет «Чезабеге сапар», «Әкенің егіс алқабы» және «Мим месл-е мадар» (Мама сөзіндегі «м») сияқты фильмдерден көрдік. Фильм кейіпкерінің алаңдаушылығы немесе тыныштығы бізге де әсер етті. Моллақалипурдың режиссер ретіндегі ұлы өнері осындай сезімдерді ең жақсы тәсілдермен көрерменге жеткізуі болып табылады. Экранға таңданыспен тесіле қараған көрермен кейіпкер жайлы сын айту үшін оның шешімін тосады. Әрине Моллақалипурдың фильмдерінде кейіпкерлерге адам күшінен тыс элементтер мен материалдық емес күштер де көмектеседі. Режиссердің айтуынша, бұл оның қиялдағы сапарлары мен табиғаттан тыс күштерге сенуінің нәтижесінде туындаған. Оның туындыларында көптеген діни пайымдаулар көрініс тапқан. Бұл да оның діни сенімінен алшақ емес. Өзінің үлкен арманы болған соңғы фильмі имам Хұсейннің көтерілісі мен Кербала оқиғасына қатысты болған. Сценарий жазылғаннан кейін соның негізінде фильм түсірілуі тиіс еді. Бірақ өкінішке орай, Моллақалипурдың тосын өлімінен кейін бұл арман орындалмай қалды.