Maм 09, 2016 17:00 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Ибрахим Хатамикиа өз жұмысын соғыс майданында бір қысқа метражды фильм түсірумен бастады.

Содан соң біртіндеп деректі фильм түсіруге бет бұрды. Ол х.ш.ж.с.б. 1362 жылы (1983 жылы) өзінің «Болмыс» (Ховвият) атты алғашқы көркем фильмін түсіріп, осы туындыда жауынгерлердің мәселелерін баяндауға қатты қызығушылық танытты. Ибрахим Хатамикианы соңғы онжылдықтағы Иран кинематографиясының айшықты құбылысы десе де болады. Оның белсенділігінің шарықтау кезі х.ш.ж.с.б. 1360-1370 жылдарға дөп келді. Ол кезде оның әрбір фильмі халық пен киносыншылардың қолдауына ие болды. Оның туындыларының көбісі басқа режиссерлердің көптеген фильмдерінің түсірілуіне бастау болды. Хатамикиа х.ш.ж.с.б. 1340 жылы (1961 жылы) Теһранда дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Өнер университетіне оқуға түсті. Оның жастық шағының Ислам революциясының пайда болған кезімен тұспа-тұс келуі, одан кейін Саддамның Иранға таңған соғысының басталуы кинематографияға қызығатын Хатамикианы майданға аттандырып, сонда соғыс алаңын суретке түсіріп, сол заманның жағдайы жайлы фильм түсіруге итермеледі. Өзінің айтуы бойынша, майданда болу және соғыстағы адамның күрделі жағдайын көру оған қатты әсер еткен. Сондықтан да ол соғыс, қорғаныс, майдандағы адамдар жайлы фильмдерді әртүрлі қырынан түсірді. Табысты режиссер сол жылдары Иран теледидарында шаһид Авинимен бірге майданды бейнетаспаға түсірумен айналысты. Тіпті әскери қақтығыстар аяқталғаннан кейінгі жылдары да Хатамикиа осы оқиғадан қол үзіп қалмады. Оның Қасиетті қорғаныс және жауынгерлердің қоғамдағы жағдайына арналған бірнеше фильмі соғыстан кейін түсірілді. Ибрахим Хатамикиа өз жұмысын соғыс майданында бір қысқа метражды фильм түсірумен бастады. Содан соң біртіндеп деректі фильм түсіруге бет бұрды. Ол х.ш.ж.с.б. 1362 жылы (1983 жылы) өзінің «Болмыс» атты алғашқы көркем фильмін түсіріп, осы туындыда жауынгерлердің мәселелерін баяндауға қатты қызығушылық танытты. Соғыс аяқталған жылы (1988 жылы) Хатамикиа Қасиетті қорғаныс жайлы ең жақсы фильм түсірді. Ол «Күзетші» фильмін және аз уақыттың ішінде «Мигрант» атты фильм түсіріп, көрермендерді қан майдандағы тұлғалардың жан дүниесінде жасырынған қырлармен таныстырды. «Күзетші» фильмінде көрермендер бір күзетшімен бірге майданның алғы шебіне аттанып, оның жалғыздық пен шешім қабылдау сәттеріне куә болады. Соның ішінде оның өз майдандастарын құтқару үшін жанкештілікке барып, өзін құрбан ететін сәтті атап өтуге болады. Хатамикианың «Күзетші» фильмі соғыстың бас кезінде түсірілсе де, әдемі әрі жасампаз сәттерге толы. Нақты әрі кәсіби сценарийі 25 жыл өтсе де, оны әлі күнге дейін көруге тұрарлық тартымды фильмдердің қатарына қойып келеді. Хатамикиа «Мигрант» фильмінде өзі бастаған үрдісті кемелдікке жеткізгендігі соншалықты, көп адамдар әлі күнге дейін бұл режиссер өзінің кейінгі тәжірибелерінде «Мигрант» фильмінің белесінен аса алмады деп есептейді. Фильмнің желісі мынадай: «Мигрант» деп аталатын бір ұшқышсыз ұшақ дұшпан шебінде барлау жұмыстарын жүргізу үстінде болады. Ұшақты басқару аппаратының қамту аясы шектеулі болғандықтан ұшқыштар немесе оны басқарушылар майданның алғы шебінде орналасуы тиіс еді. Ұшқыштардың біреуі ұшақты жақсырақ басқару үшін дұшпан тылына өтіп кетеді, бірақ сол жерде дұшпан күштерімен қақтығысып қалады. Осы қақтығыс барысында барлау амалын да жүргізе береді. Ұшақ құнды мәліметтермен өз жағына қайтып оралады, бірақ ұшқыш соңғы мезетте қаза табады. Хатамикианың дастандағы кейіпкерлермен және Иран майдандарындағы қарым-қатынаспен таныс болуы бұл фильмде шынайы әрі әсерлі кеңістіктің пайда болуына септігін тигізді. Фильмнің тағы бір артықшылығы – мистика, шаһид болу және жанкештілік сияқты діни ұғымдардың соғыстағы реалистік кеңістікпен біте қайнасып жатуы. Хатамикианың соғыс және оның дастандары жайында фильм түсіруі соғыс біткеннен кейін аяқталған жоқ. Ол біртіндеп соғыстан кейінгі жылдардағы қалалық қоғамның мәселелері, жауынгерлер мен олардың жанұяларының мәселелерін бейнелеуге кірісіп, әртүрлі тақырыптарда көптеген фильмдер түсірді. Химиялық қарудан зардап шеккендер, тұтқындардың бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірі және олардың жанұяларының жағдайы, соғыс батырлары мен қазіргі жастардың оларға қоятын сұрақтары – осының барлығы Ибрахим Хатамикианың өз фильмдеріне арқау етіп алған маңызды мәселелері болып табылады. Бұл режиссердің кәсіби еңбек жолының шарықтау тұстары өте көп. Ол «Кархеден Рейнге дейін» атты мелодраманы 20 жыл бұрын х.ш.ж.с.б. 1371 жылы (1992 жылы) түсірді. Бұл фильм халықтың үлкен қолдауына ие болып, өз кезінде Иран кинематографиясы тарихындағы сатылымы ең жоғары фильмге айналды. «Кархеден Рейнге дейін» фильмі – емделу үшін Германияға барған Саид есімді бір жанкешті жауынгердің дастаны. Ол Германияда осыдан біраз жылдар бұрын қоныс аударған өзінің апайымен кездесіп, оған және оның баласына қатты әсер етеді. Олардың қайтадан қауышуы Саидтың денсаулығының нашарлап кетуімен бір мезгілде орын алады. Соғыс кезінде химиялық газбен уланып, ауруға шалдыққан Саид ауруханада көз жұмады. Бұл фильм сезімге толы әсерлі кеңістігімен Иран кинематографиясының соғыс жанрында жаңа ағым болып саналады. Өзінің осыған дейінгі фильмдерінде тек қақтығыс-соқтығыс пен батыр жасауды ғана ойламайтындығын көрсеткен Хатамикиа «Кархеден Рейнге дейін» атты фильмінде өзінің басты кейіпкерінің жаңа жағдайдағы жан сезімдері мен күйзелістеріне тоқталады. Бірақ фильмнің басты жолдауы – Батыс елдерін Саддам Хұсейнге химиялық қару жасап, Иранға қарсы пайдалануына көмектескендігі үшін айыптау. Хатамикиа жауынгерлердің жанұялары және олармен өмір сүретін адамдарға терең көзқараспен қарайды. Ол өз фильмдерінде әлгі адамдардың сөздерін баяндауға кіріседі. «Жүсіп жейдесінің иісі» атты фильмінде таңылған соғыста тұтқынға түскен ирандық жауынгерлердің жанұяларының әзіз жандарын күтуі баяндалған. Бір әкеге баласының шаһид болғандығы туралы хабар беріледі, бірақ ол бұл хабарға сенбейді. Соғыс біткеннен кейін бір оқиға барысында ол бір әйелмен кездеседі. Ол әйел тұтқыннан Отанына қайтқан ағасын қарсы алу үшін шетелден қайтып келген екен. Бұл екі адам өздерінің жоғалған адамдарын тауып алу үшін рухани және жердегі сапарда бір-біріне серік болады. Тұтқындар қайып оралады. Баршаны таң қалдырып, барлық болжамдарға қарсы әлгі шалдың баласы тұтқындардың арасынан табылады. 1990 жылдары орын алған бұрынғы Югославиядағы азаматтық соғыстар мен сол жерде сербтер тарапынан жасалған апаттар кинематографтар арасында көптеген туындылардың түсірілуіне себеп болды. Иран кинематографиясында да Хатамикиа осы жайында ұзақ көркем фильм түсірді. Бұл режиссердің еңбек жолындағы шоқтығы биік туынды болып саналады. «Жасыл күл» - деректі фильм түсіруші Хади деген адамның хикаясы. Ол келесі бір фильміне қатысты зерттеулер жүргізу мақсатында Хорватияға аттанады. Оның бір досы Хадиге Хорватияда Фатима есімді бір әйелді іздестіруді өтінеді. Әлгі әйел жаңағы досымен үйленуі тиіс еді, бірақ жарақаттанып Иранға қайта алмағандықтан екеуі үйлене алмапты. Хади әйелді іздеп біраз жүргеннен кейін жарақаттанып, оны таппастан елге қайтып оралады. «Жасыл күл» фильмінде Босниядағы оқиғаларға басқа қырдан қарауға талпыныс жасалды. Фильм Словакияда түсірілген. Түсіру үдерісі қиыншылыққа толы болды. Қалың әскер қарасын түсіру сахналары, әртістердің әртүрлі тілдерде сөйлеуі, екі ирандық әртістен басқа шетелдік әртістерді пайдалану – осының барлығы ақыр соңында жақсы нәтиже берді. Бұл фильм Хатамикианың еңбек жолындағы бетбұрыс сәттердің біріне айналды. Бұл фильмде ғашықтық пен соғыс тақырыптары өте әдемі үйлесім тапқан. Режиссер соғыс қатігездіктерінен өткеннен кейін ғашықтық пен сезімнің жоғары әлеміне жол тартады. 

Тегтер