Maм 09, 2016 17:01 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Қасиетті қорғаныс жанрында фильм түсірген ең мықты режиссерлердің бірі – Ибрахим Хатамикиа. Ол кісі соғыс туралы фильмнің тек танк пен зеңбіректі жою және ұшақты құлатумен шектеліп қалуына рұқсат бермеді, ирандық жауынгерлердің нұрлы жүздерін бұлшық еттері бұлқылдаған батырлар мен соғыс машиналарына айналдырмады.

Ол соғыстағы адамдардың армандарын баяндай келіп, өзінің басқа бірнеше әріптесімен бірге осы киножанрдың негізін қалап, құнды фильмдер түсіру арқылы оны нығайтты. Ислам революциясынан кейінгі Иран кинематографиясы әлемге танымал кинематографиялардың біріне айналды. Иранның фильмдері әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетіліп, исламдық Иранның мәдениеті мен өнерін баршаға танытты. Осы жетістіктердің басым бөлігі Ислам революциясынан кейін осы салаға аяқ басып, өз сөздері мен сенімдерін баяндау үшін кино тілін таңдаған жас режиссерлердің талпыныстарына қарыздар. Осы жылдары фильм түсіруге кәсіби тұрғыдан кірісіп, Ислам революциясының көрнекті өнерпазы ретінде танылған осындай жастардың бірі – Ибрахим Хатамикиа. Өткен бағдарламада Хатамикианың өз жұмысын майданды суретке, бейнетаспаға түсіруден бастағандығын, содан соң фильм түсіруге бет бұрғандығын айттық. Хатамикиа туындыларының көбісі соғыс пен Қасиетті қорғаныс тақырыбына қатысты. Ол өзінің ерекше көзқарасымен қақтығыс пен соғыстың сыртқы қабатынан өтіп, соғыстың адам мен қоғамға тигізетін терең әсері жайлы сөз қозғайды. Саяси жағдайдың ықпалында болу және қоғамда болып жатқан оқиғаларға реакция білдіру – қай ғасырда болмасын жауапты өнерпазға тән ерекшеліктердің бірі. Ибрахим Хатамикиа да бұдан тысқары қалмады. Ол х.ш.ж.с.б. 1377 (1998 жылы) жылы, яғни Саддамның Иранға таңған соғысы аяқталғанына он жыл толғанда «Шыны жедел жәрдем» фильмін түсіріп, онда ел ішіндегі фракцияларға қатты саяси шабуыл жасап, Қасиетті қорғаныс жауынгерлерінің бір бөлігінің қазіргі жағдайға қатысты позиция ұстанып отырғандығын ашық түрде баяндайды. Бұл фильмде соғыс пен қақтығыстарда Отанды, халықты және сенімдерді қорғау үшін өздерінің барлық қызығушылықтары мен мүдделерін ысырып қойған, бірақ соғыс біткеннен кейін халық пен кейбір мемлекеттік қайраткерлер тарапынан ұмытылған адамдарға тілеулестік білдіріледі. Маңызды жайт: осындай жағдайларда Хатамикиа фильмдерінің кейіпкерлері бұрынғыдай өздерінің биік армандарына берік және оларды әлі де жан-тәнімен қорғайды. «Шыны жедел жәрдем» фильмін киносыншылар мен халық өте жақсы қарсы алды. Ол өнер және университеттік орталарда көп талқыланды. Фильмнің сюжеті мынадай: қажы Казем – соғыс кезіндегі жауынгерлердің бірі. Оның қаржы жағдайы онша жақсы емес. Бірақ сонда да өзінің майдандас досына көмектесуге тырысады. Оның досына Ираннан тысқары жерде тез арада операция жасалуы тиіс еді. Қажы Казем досын осы сапарға шығарып салу үшін өзін отқа да, суға да салады. Режиссер қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарына жататын адамдарды таңдап, оларды бір жедел жәрдем ұшағына топтастыру арқылы метафоралық көзқараспен олардың сөздерін баяндап, олардың сауалдарына жауап береді. Осы фильмнің кейіпкерлері қажы Казем мен Аббас – қадірі білінбей, шетке ысырылған адамдардың символы. Сол заманның қоғамында оларға орын болмады. Бірақ Хатамикиа барлық күш-қуатымен оларды қорғап, Иран кинематографиясы тарихындағы мәңгілік туынды жасады. «Шыны жедел жәрдем» фильмінің сәтті болуы халықты Хатамикианың келесі туындысын көруге ынталандырды. Ол бірден «Қызыл жамылғы» атты фильм түсірді. Бұл фильм өзінің бірегей кеңістігі және шөл даладағы үш адамды негізгі өзек етіп алуының арқасында Ислам революциясынан кейінгі үздік фильмдердің біріне айналды. Екі ер адам мен бір әйел адам шөл далада бір-бірімен жолығысады. Ол жер бір кездері соғыс алаңы болғандықтан мина мен танкке толы екен. Әйел бір кездері әкесінің үйінің осы далада болғанын, енді сол жерде өмір сүргісі келетіндігін айтады. Ер адамдардың бірі соғыс кезінен бері сол жерде тұрақтап қалған екен, осыдан былай да сол жерде тұра бермек. Ол өзінің аймақты минадан тазартып жүргендігін айтады. Үшінші кейіпкер әлгі әйелдің жанында жаңа өмір бастағысы келеді, өткенді сызып тастап, мүлдем ұмытқысы келеді. Бұл үш адамның бір-бірімен қарым-қатынасы символдар мен метафораларды пайдалану арқылы фильмде шарықтау шегіне жеткізілген. Хатамикианың асқан білгірлікпен мизансценаларды нақты жобалауы және әртістердің асқан шеберлікпен ойнауы бұл фильмді бірегей туындыға айналдырды. Осы фильмнің бір әртісі Реза Кианиан өзінің естелігінде бұл фильмді шын мәнінде өткен мен болашақтың майданы деп атап: ««Қызыл жамылғы» фильмінде адам баласының жалпы мәселелері қарастырылған: өткен шақ, келер шақ, ғашықтық, құмарлық, өтірік, жалғыздық, соғыс, бейбітшілік, өлім мен өмір», -деп жазған. Соғысты көрген адамдардың қазіргі дүниемен қарама-қайшылығы – Хатамикианың келесі фильмдерінде де негізгі өзекке айналды. Хатамикиа «Өлі толқын», «Әке атымен» және «Төмен биіктік» фильмдерінде әртүрлі қырдан аталмыш мәселені талқылап, қоғамдағы кейбір мәселелерге қатысты реакция білдірді. Әрине мына нәрсені естен шығармауымыз қажет: Хатамикиа да басқа кез-келген өнерпаз сияқты өзінің кейбір туындыларында алып қашпа ұрандар мен асығыстыққа бой алдырды. Соның салдарынан сапасы төмен туындылар да шықты. Бірақ халық пен мамандардың Хатамикианың жалпы еңбегі жайлы көзқарастары оң. Тіпті ол теледидарға телехикая түсіре бастаған кезде де қолдауға ие болды. Ол көркем фильм түсірумен қатар х.ш.ж.с.б. 1380 жылдары (2000 жылдары) екі телехикая түсірді. «Қызыл топырақ» атты телехикаяның оқиға желісі Ираның оңтүстігінде өтеді. Бұл телехикаяда соғыстың алғашқы күндері Иранның оңтүстік-батысындағы Хоррамшахр қаласының жау қолына өткен кездегі жанұяның жағдайы баяндалады. Мұнда сонымен қатар осы қала халқының ержүректігі мен табандылығы көрсетілген. «Жасыл шеңбер» атты екінші телехикая адамның дене мүшесін трансплантация жасауға арналған. Мұнда өлімнен кейінгі әлемге сапар жасалады. Бұл өзі үшін де, Иран теледидарының көрермендері үшін соны тәжірибе болды. Ибрахим Хатамикиа – аты халықты кинотеатрларға тартуға жеткілікті санаулы режиссерлердің бірі. Ол осы кәсіппен айналысқан жылдар бойы халық тек оның режиссерлығымен түсірілген фильм дегенді естіп-ақ, соны көруге кинотеатрларға баратын. Өйткені олардың сенімінше, Хатамикиа қазіргі заман жайлы сөз қозғайды, оның фильмдерінен әркім өзінің бейнесін көреді. Жылдар бойы Қасиетті қорғаныс жанрында деректі фильм түсірумен айналысып, соңында бір фильм түсіру барысында шаһид болған сейед Мұртаза Авини Ибрахим Хатамикиа жайлы: «Хатамикианың Ислам революциясы кинематографиясында пайда болуының өзі революцияға ұқсайды. Ол кинематография саласында Иран Ислам революциясымен бірге туған адамдардың символы. Оларды рухани дәуірдің жаршысы деп атауымыз қажет... Мен ғана емес, ертеңгі адамның тарихи тағдырын ұққан барлық адамдар біздің рухани дәуірге аяқ басқандығымызды біледі. Хатамикиа сияқты режиссерлер мұндай дәуірге керек», -деген болатын. Иран кинематографиясында соғыс фильмдері үш топқа бөлініп, қарастырылады: барша жұрт қалайтын фильмдер, қақтығыс-соқтығысы мол көп қаражатты экшн фильмдер мен үгіт-насихаттық сипаттағы фильмдер. Бірақ осы арада Қасиетті қорғаныс жанрына арналған ағымның орны бөлек. Иран кинематографиясының ең жақсы үлгілері осы жанрда түсірілген. Осы ағымда фильм түсірушілердің ең үздігі – Ибрахим Хатамикиа. Ол кісі соғыс туралы фильмнің тек танк пен зеңбіректі жою және ұшақты құлатумен шектеліп қалуына рұқсат бермеді, ирандық жауынгерлердің нұрлы жүздерін бұлшық еттері бұлқылдаған батырлар мен соғыс машиналарына айналдырмады. Ол соғыстағы адамдардың армандарын баяндай келіп, өзінің басқа бірнеше әріптесімен бірге осы киножанрдың негізін қалап, құнды фильмдер түсіру арқылы оны нығайтты. Осы жағдай Иран кинематографиясын мазмұн жағынан әлемдегі өзі тектес кинематографиядан ерекшелендіреді. Хатамикиа соңғы жылдары әлеуметтік мазмұнда бірнеше фильм түсірді. Онда жастардың қазіргі қиындықтары мен саяси мәселелердің жаңғырығы көрініс тапқан. Біраз уақыт бойы сценарий жазумен шұғылданған ол қазір «Ч» фильмін түсіруді бастады. Бұл фильмде ең үздік ирандық әртістердің қатысуымен Қасиетті қорғаныс жылдарындағы қолбасшылардың бірі шаһид Мұстафа Чамран өмірінің бір бөлігі бейнеленетін болады. 

Тегтер