Maм 09, 2016 18:51 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман киноматографиясы

Соғыс алаңы табандылық пен мықтылық талап ететін оғаш оқиғаларға толы. Жан сақтау мен өлім аузынан қашу – әрбір адамның табиғатында бар еріксіз күш. Өлім қауіп-қатері төнген жағдайда адамдар әдетте қашып құтылудың жолдарын іздестіреді. Мәселен, көк аспан қызыл отқа оранғанда, қай адам қашып кетпей, жауға төтеп бере алады?

 Әлемде қалыптасқан әскери жүйе сарбаздарды шені жоғары қызметкерлердің әміріне бағынуға мәжбүрлейді. Бұл жүйе сарбаздарды бірегей мақсатта ешбір сұрақсыз әрекет ету үшін қолданылады. Мұндай жағдай соғыс алаңындағы сарбаздардың қобалжуларына түрткі болып, өлім алдында қорқыныш сезімін тудыртуы мүмкін. Алайда отан, дін мен құнды жетістіктерге қол жеткізген ұрпақ дұшпан шабуылы мен басқыншылығына тап болған мезетте қорқыныш пен қобалжуға жол бермейді. Мұндай жағдайда адамның жанды сақтап қалу ырықсыз сезімі махаббатқа толған армандары мен сенімдеріне жетелеп, күмән мен қобалжуды жолдан тайдырады. Отанқорғаушылық сезімі діни сипатқа ие болғанда адамның өзін-өзі рухани тәрбиелеуі үшін лайықты жағдай тудырып, адам материалдық құштарлық жолынан рухани әлем тарапына бет бұратын айқын жол табады. Өлім мен өмір ақиқаты көзқарасының өзгеруі шайқас алаңында адамды маңызды игіліктерге жетелейді. Кинематография өнері символикалық баяндау тәсілі мен әр түрлі техникалық құралдарды қолдану арқылы әскер қатарындағы сарбаздардың жай-күйі, армандары мен сезімдерін, отан қорғау және джихад жағдайларын да лайықты көрсете біледі. Мұндай өнер тіпті ауыр баяндалатын хикаяны аса көркем тілмен жеткізіп, қазіргі және келешек тілі мен мекені әр түрлі халыққа хикаяны түсінуге көмектеседі. Көркемөнер баяндау стилін қолданатын, әрі қасиетті қорғаныс жанрында өзінің құнды туындыларын қалдырған келесі бір ирандық режиссер – Азизаллах Һамид Неджад. Һамид Неджад өзінің фильмдерінде соғыс жылдарындағы ирандық отан қорғаушылардың өмірі мен ерліктерін ашық баяндауға тырысты. Һамид Неджад 53 жыл бұрын Гармсар қаласында (Теһранның шығысында 95 шақырым жерде орналасқан) дүниеге келген. Басынан кинематография кезеңін өткерген соң, көркем өнер саласына бет бұрды. Ол қызметінің алғашқы жылдары фотограф, режиссер көмекшісі, кеңесші, сахналық костюмдер дизайнері қызметін атқарған. Кейіннен деректі фильм түсіруді ұйғарып, 1370 (1991) жылы өзінің алғашқы туындысын көпшілік назарына ұсынады. Азизаллах Һамид Неджадтың «Отқа оранған бақыт» атты фильмі Саддам Хусейннің Иранға қарсы ашқан соғысы мен сол жылдардағы рухани ахуал мен соғыстан кейінгі жылдар жағдайын баяндайды. Фильмде бейнеленген сарбаздар мен сардарлар әскер қатарында соғысқан әдеттегі ержүрек батырлар кейпінде сипатталмаған. Режиссер бұл маңызды кейіпті көрермендерге өзге тұрғыдан жеткізеді. Яғни, рухы мен сенімі әлсіз адамдар соғыс алаңынан қашып, әскери қимылдарды өзге сарбаздар мен сардарларға жүктеп, құтылады деп баяндайды. Фильм сценарийі соғыс алаңына түскен Әқил мен Раһмат есімді әке мен бала жайында өрбиді. Ұлы майданның алдынғы қатарында шайқасуға аттандырылады, ал әкесі жасы үлкен болғандықтан майданның тылында жұмыс атқарады. Әқил ұлын сағынғандығын, әрі оның амандығын тілейтінін хатында жазып, майдан шебінің тылына келуін өтінеді. Алайда дұшпанның шабуылы әке мен баланы бұл мүмкіндіктен айырады. Әқил баласымен кездесу үшін майдан шебінің алдыңғы қатарына барады. Бірақ әрдайым түрлі келеңсіздіктер мен қиындықтарға тап болып, жете алмайды. Фильмнің соңы бастарынан өткізген түрлі оқиғалардан кейін әке мен баланың қауышуымен аяқталады. «Отқа оранған бақыт» фильмінің сценарийі қарапайым болғанымен, кейіпкерлер түрлі оқиғаларға тап болады. Өткен кезең хикаялары мен тақуалық, кейде тылсым ырымдар жайында баяндайды. Режиссер көрермендерді ирандық отан қорғаушылардың рухани жағдайын кең түрде таныстыруға ынталанған. Әрі бұл жолда ислам және иран мәдениетін, әдебиеті мен дінін, көне көркемөнер құндылықтарын пайдаланған. Мысалы, парсы әдебиетінде «сырнай» адамды рухани болмысы мен тазалықтан алшақтататын символ түрінде қарастырылады. Бұл көрініс аталмыш фильмде жақсы баяндалып, көрсетілген. Сонымен қатар фильмде парсы елінің атақты ақыны Хафиздің әсем ғазалдары өз орнын тапқан. «Отқа оранған бақыт» көркем фильмі көрермендерді терең ойға салып қана қоймай, соғыс алаңындағы сарбаздардың рухани әлемін жан-жақты сипаттап, кейіпкерлермен бірге рухани сапарға жетелейді. Әқил бұл сапарда Ибраһим (с.ғ.) хазірет секілді жаратушы Аллаға ғибадат етеді. Тіпті ұлының орнына өз жанын тапсыруға дайындығын көрсетеді. Алайда басыбайлықтан босанған әкесі ұлымен қауышып, тәтті өмірге бөленеді. Һамид Неджад көрермендер тарыпынан жақсы қабылданған «Отқа оранған бақыт» туындысынан кейін, «Жер жұлдызы» фильмін ұсынады. Фильм ауылда өмір сүретін шопан жайында баяндалады. Шопан соғыс жылдарында бір аяғынан айрылып, ендігі өмірін жалғыздықта өткізеді. Уақытының көбінде шахид болған досы туралы ойлап, тебіренеді. Әр күні досының мазарына барып, онымен әңгімелеседі. Күндердің бір күнінде мазардың қиратылғанын байқап, шопан ауылдастарымен жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдайды. Он жыл уақыт өткеніне қарамастан, шахид болған досының мүсіні өзгеріссіз, сол қалпында тұрғанын түсінеді. Бұл фильм өлімнен кейінгі ықпал, өмірде белең алатын түсініксіз жағдайлар мен діни наным-сенім жайында баяндайды. Назарларыңызға ұсынылатын Һамид Неджадтың келесі туындысы «Әлемнің шыңы» деп аталады. Бұл туынды да қасиетті қорғаныс жанрында түсіріліп, әскер қатарында соғысуға талпынатын жастар мен соғыс жылдарындағы Иран қоғамы аясында баяндалады. Сондай-ақ бұл туынды жас балалар мен жеткіншектерге арналған фильм болып есептеледі. Алайда режиссер туындыларының ішіндегі ең елеулісі - «Оның салқын көз жасы» атты фильмі. Режиссердің бұл туындысы 1382 (2003) жылы түсіріліп, көрермендер назарына ұсынылды. Аталмыш туынды Һамид Неджадтың кинорежиссер түрінде толық кемелденуі мен кәсіби көзқарасы, қақтығыстар пен келеңсіз оқиғалардағы адами қарым-қатынастарын жетік меңгергендігін көрсетеді. «Оның салқын көз жасы» фильмі қасиетті қорғаныс жанрында оқыс оқиғалар мен режиссердің өзі жазған сценарийімен ерекшеленеді. Фильмнің негізгі өзегі шекаралық қалалардың соғыс алаңындағы қиыншылықтарды жеңуі мен Иран сарбаздарының көтеріліске қарсы шығушы топтармен қарсыластығы аясында өрбиді. Сонымен қатар бүгінге дейін жау болған екі сарбаздың мәжбүрлі достығы шынайы ақиқаттың ашылуы мен кейін екі сарбаздың бір-біріне көмектесуі аясында баяндалады. Ал фильмнің соңы екі сарбаздың қоштасуымен аяқталады. «Оның салқын көз жасы» фильмі – қыс мезгілінде таулы аймақтың қиын табиғи жағдайларында түсірілген туынды. Алайда көркем, әрі таңдаулы бейнелерге толы фильм. Аталмыш кино Иран елі мен басқа да шетел халқы көрермендері тарапынан жылы қабылданды. Өткен бағдарламалардың барысында біз иран кинорежиссерлері мен олардың туындылары жайында баяндадық. Қасиетті қорғаныс жанрын ілгерілететін тағы да көптеген кино түсіруші шеберлер бар. Алайда бағдарлама уақытының шектеулігіне байланысты сіздерді олардың барлығымен таныстыру мүмкін емес. Моджтаба Райо, Хосейн Қасеми Джами, Махмуд Хосейн Һақиқи, Парвиз Шейх Тади, Махмуд Әли Баше Ахангар секілді тағы басқа ондаған режиссерлер осы салада өз іздерін қалдырған. Сонымен қатар бұл тізімдемеге актерлар тобы мен кәсіби техника мамандарын кіргізген жөн. Осы тұлғалардың ынтасы мен талпыныстарының арқасында қасиетті қорғаныс бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Осымен қасиетті қорғаныс орны туралы бағдарламамызды тәмәмдап, келесі аптадан бастап Иран киносының өзге жанры мен туындылары жайында баяндайтын боламыз. Ал Иранның деректі фильмдері апталығында қасиетті қорғаныс жанрына тағы да көңіл бөлетін боламыз. Келесі бағдарламаға дейін өздеріңізді мейірімді Аллаға тапсырамыз.