Maм 10, 2016 19:03 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Өткен бағдарламаның жалғасы бүгінгі бағдарлама да Иранның балаларға арналған кинематографиясына арналады.

 Бірқатар онжылдық барысында ирандық балалар мен жасөспірімдерге арналып түсірілген фильмдер кемелдік пен дамуға қол жеткізген туындылар болып, Иран кинематографиясын әлемнің құштар көрермендеріне таныстыруда маңызды рөл атқарады. Бұл кинематография Иранның бай әдебиеті мен мәдениетін қолданып, сондай-ақ бала көрермендердің жас санаты мен рухани жағдайларын ескере отырып, білім және тәрбиелік мәні бар фильмдерді өндіруге атсалысты. Бұл туындылардың түрі мен құрылымы баяндалатын ертегі мен оның мазмұнына қарай әр түрлі болды. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдерге арналған кинематография саласында көптеген кинорежиссерлер бірқатар әсерлі туындыларды түсіруде белсенділік танытуда. Өзінің кәсіби қызметі барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер түсіріп, осы жас санатының мәселелері мен тақырыбына баса аназар аударып жүрген адамдардың бірі – Мохаммад Әли Талеби. Ол шәмси жыл санағы бойынша 1337 жылы (1958) Теһран қаласында дүниеге келген. Балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік дамуы орталығында және Өнер академиясының кинематография саласында білім алған. Талеби өзінің өнер жолын теледидарда режиссердің көмекшісі ретінде және деректі фильм түсіруді 1356 жылдан бастайды. Оның кинематография мен теледидар саласындағы негізгі қызметі сценарий жазу мен режиссерлік ету болды. Оның фильмдері әлем кинематография кинофестивальдерінде табыстарға қол жеткізді. Соның бірі – "Бәйшешек гүлі" атты телехикая. "Тышқандар қаласы", "Етік", "Тик-Так", "Бір қап күріш", "Тал мен жел", "Еркіндікте", "Қабырға", "Жел мен ай" және "Көгал" атты фильмдер балалар мен жасөспірімдер мәселесіне арналып түсірілген Мохаммад Әли Талебидің кинематография саласындағы туындылары. Оның фильмдері балалар мен жасөспірімдер өміріне мейірімділік пен адамгершілік көзқараспен қарап, осы саладағы әлеуметтік және тәрбиелік дағдарыстарды сынайды. Аталмыш режиссер өзінің әңгімелерін баяндағанда кейіпкерлерін аса мейірімді әрі шынайы етіп бейнелейді. Оның туындыларының ортақ аспектісі балалардың үлкендер әлемінің қарым-қатынастарындағы мәселелерге шырмалуы болып есептеледі. Талеби өзінің балалық шағының қиын өткенін, сол себепті туындыларының сюжеттері мен кеңістігінің көбісі өзінің балалық және жасөспірім шағынан алынғанын айтады. Мәселен, "Тик-Так" туындысында біз бір сағатқа ие болудың өзі оған ерекше маңыздылық сыйлайтын бір баламен танысамыз. Талеби мырза: "Осы фильмнің сюжеті бастауыш мектеп кезеңін баяндайды. Алғашында бұл фильм қысқа бейне материал болып түсірілген. Кейін бұл туындыны толық метражды фильм етіп түсіруге бел байладым" - дейді. Ол сол кезеңнің фильмін түсіріп, естеліктерін жандандыруға ризалығын білдіріп: "Сол заманның хикаяларын мен кинематография туындыларынан көрсеттім" дейді. Мохаммад Әли Талеби 12 жасынан бастап фильм түсіруге қызыққанын, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік даму орталығы мен ұстаздарының өмірінде маңызды орын алғанын айтады. Сөзінің жалғасында Мохаммад Әли Талеби: "Біз балалық шағымызда қиялдар мен армандарға ие болдық. Сол армандарға жету жолында көп талпыныс жасадық. Әрдайым армандарымыз бен мұраттарымыздан айырылып қалмас үшін қырағылық танытып, соларға жету үшін қатты тырысуымыз керек. Оны ойлау адамға күш-қайрат береді. Егер бір күні осы күш-қуат жоғалса, апатқа ұшыраймыз. Менің пікірімше, адамның өмірінің соңына дейін осы арманға қол жеткізу үшін оның арманы едәуір зор болуы қажет" - дейді. Мохаммад Әли Талеби фильмдерінің өзге кинорежиссерлермен салыстырғанда ең маңызды ерекшелігі өмір мен оның сәттері бір жасөспірім баланың көзімен өрбітілетіндігі. Осы көзқарас тұрғысынан өмір сен оған қай тұрғыдан қарасаң, дәл сол көзқараспен саған кері қайтарылатын айна секілді. Осылайша, егер сен өмірге қуаныш әрі оң көзқараспен зер салып қарасаң, өмір көркемділікке бөленеді. Талебидің көзқарасы бір балдырған баланың қызыққұмар, әуесқой және солай бола тұра қуаныш пен шынайылыққа толы көзқарас. Ол айналасындағы дүние қиындықтарына қарамастан ақырындап өзінің өмір жолын ашады. Балалардан ғана көрінетін оның шығармашылық әуесқойлығы және оның балалар өміріне айрықша көңіл бөлуі әрбір мезетті естен кетпес оқиғаға айналдырады. Әрі хикаяда кейіпкерлердің қаһармандығы сипатталып, қуанышқа бөлейтін ізденістер баяндалады. Талебидің айрықша ерекшелігін, яғни балалар әлеміне деген достық пен шынайы сыйластығын оның туындыларынан көруге болады. Бұл әлемде үлкендердің ешбір қиындығы, қоқан-лоққысы олар үшін маңызды емес, әрі заманның қиындықтары мен зорлық-зомбылығына берілмейтін берік қамал ретінде көрсетілген. Балалар әлеміне кірер жалғыз жол олардың заңдарына құрмет көрсету, яғни адалдық пен пәктік. Осылайша "Етік" фильміндегі Самане, "Тик Так" туындысындағы балалар және "Бір қап күріш" фильміндегі Джейран сынды кейіпкерлердің ортақ ұқсастықтары көрінеді және олар шексіз табандылықтарымен өмірден өздерінің балалық құқығы мен мүдделерін қорғап алатынын көрсетеді. Бұл табандылық пәктілік, өмірге деген махабат пен бүкіл тіршілік иелеріне құрмет көрсетумен бірге өрбиді. Шын мәнінде, Талеби әлемі дәл сол балалар әлемінің жалғасы. Ол фильм өзегінде балалардың ой-санасы мен рухани жағдайларын толық танып, жылдар бойы осы салада қызмет атқарып келеді. Дәл сол себепті аталмыш саланың өзге режиссерлерімен салыстырғанда Талеби туындылары көбірек балалардың талғамынан шығып, олармен тікелей қатынас орнатады. Жасөспірімдердің Талеби түсірген балалар әлеміне реакциясы әрдайым өзара түсінушілікті көрсетеді. Балалар фильм сюжетіне сеніп, туынды кейіпкерлері мен олардың ішкі дүниелерінің бірегейлігі көрініс алатын. Бұл іс-шара көбіне кинорежиссерлер үшін жас актерлермен жұмысты және олардың суырып салма өнерлерін маңызды еткені шүбәсіз. Талебидің балалардың эмоционалды және психикалық әлемінің соңынан ілесе жүруіндегі шеберлігі соншалықты, тіпті үлкендер де оның туындыларын тамашалауға отырып, өздерінің балалық шақтарын еске алады. Оның туындыларына қатысты сан рет айтылған сындар аталмыш тақырыптың осы режиссердің ерекше артықшылығын көрсетеді. Режиссер ретінде Талебидің тағы бір шеберлігіне оның кәсіби емес актерлермен, әсіресе балалармен жұмыс жасауы жатады. Ол балаларды жақсы түсінеді. Әрі осы әлемнің таныс кеңістіктерін балаларға және кейде үлкендерге белгілі-бір түсініктерді нандыру үшін пайдаланады. Мазда Мурад Аббаси өзінің "Армандарыңызды жоғалтып алмаңыздар" атты кітабында балалар мен жасөспірімдер кинематографиясы мен Мохаммад Әли Талебидің туындыларын зерттейді. Ол осы кітабында кейіпкерлерді режиссердің қарапайым және аса мейірімді көзқарасына бірқатар мысал келтіріп, келешекте осы режиссердің туындыларына үміт білдіріп, осы өнер майталманының туындыларының әлемнің назарын аударатынын баяндайды. Ол "Иранның көркем әдебиетінің осы режиссердің туындысында экранға түсірілуі режиссердің мықтылығы мен жұмыстарының табысты болуының көрсеткіші болып табылады" дейді. Мурад Аббаси Талебиді алпысыншы жылдары қиял-ғажайып пен қуыршақтар кинематографиясын өшірмей ұстаған адамдардың бірі деп санайды. Мохаммад Әли Талеби мен Марзие Брунмандтің режиссерлығымен түсірілген "Тышқандар қаласы" фильмі балалар мен жасөспірімдерге арналған кинематографияның өшпес туындысы болып табылады. Аталмыш фильмнің көптеген көрермендері де болды. Бұл фильм теледидардың бір сәтті бағдарламасы негізінде де үлкен экранға шыққан туындылардың бірі. Талеби фильмдері қазіргі күнге дейін Берлин, Канны, Чикаго, Нью-Йорк, Монреаль, Торонто, Токио, Сидней, Греция, Амстердам және Лондон кинофестивальдеріне қатысып, көрермендер мен сыншылар тарапынан мадақталып, бірнеше сыйлықтың иегері атанды: Сан-Франциско халықаралық кинофестивалінің 37 кезеңінің алтын қақпасын, Вена фестивалінің көрермендер көзайымы жүлдесін, Үндістан кинофестивалінің алтын пілін жеңіп алды, балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық орталығының ең мықты туындысы ретінді бірінші жүлдесін ұтып алды. Талебидің тағы бір туындысы халықаралық аренада Греция фестивалінің алғашқы екі жүлдесінің иегері болды. Сондай-ақ оның құрметке ие болған бағдарламалары өзге мемлекеттерде де көрсетіліп, қызығушылық танытқан адамдарға фильмдер тізбегі арнайы конференцияларда дайындалды. "Тик-Так" туындысы Иранның «Фаджр» халықаралық кинофестивалінің ең үздік сюжетті фильмі ретінде қазылар алқасының арнайы жүлдесі «Екі кристалды самұрықты» жеңіп алды. Мохаммад Әли Талеби кинотуындылары қазіргі күнге дейін әр түрлі кезеңде Иранның балаларға арналған фильмдері фестивалінің 15 «Алтын көбелек» жүлдесіне ие болды.