Maм 10, 2016 19:04 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

"Иранның қазіргі заман кинематографиясы" бағдарламасының бүгінгі шығарылымында сіздерді балалар және жасөспірімдерге арналған кинематография саласында жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан және туындылары балалардың назарын баурап алған келесі бір ирандық режиссердің өмірбаяны жайында сөз қозғайтын боламыз.

Бүгінгі бағдарламада кинорежиссер Камбузиа Партуи мен оның фильмдерімен танысамыз. Партуи шамси жыл санағы бойынша 1334 жылы (1955) Иранның солтүстігінде Гиланның Рустамабадында дүниеге келіп, қойылымдық сценарий саласы бойынша жоғары білім алған. Алайда жоғарғы оқу орны мен теориялық білімдер ол үшін жеткіліксіз болды. Сөйтіп тез арада фильм түсіру және тәжірибе жинауға кірісті. Ислам революциясының жеңісінен кейінгі алғашқы жылдары Иран теледидарында еңбек жолын бастап, бірқатар қысқа метражды фильмдерді теледидар желісі үшін түсірген болатын. "Жасыл құрбақа" атты қуыршақ фильмі сол замандағы нәтижелі тәжірибелерінің бірі болып, кейін Партуидің толық метражды фильмдері, атап айтқанда "Гүлнар" мен "Ән айтатын мысық" туындыларын түсіруге септігін тигізді. Әрі аталмыш фильмдердің табысы біршама қамтамасыз етілді. Әлбетте сол заманда Иранға қарсы Саддам Хосейннің таңған соғысы туралы да екі сериал түсірілді. Бұл шығармалардың сценаристі де Камбузиа Партуи болды. "Үй" және "Бәйшешек" сериалдары сол заманның ең сүйікті және ең көп талқыланған сериалдары болды. "Бәйшешек" телесериалында Партуи мелодрама жанрына көбірек көңіл бөліп, баяндау тәсілі арқылы теледидар көрермендерінің назарын өзіне аударды. Осы телехикаяда көрермендер соғыстан зардап шеккен жасөспірімнің өмірімен танысады. Ол соғыстың басталуына байланысты, өзге қалаға аттанады. Басынан көптеген қиындықтарды кешкен сол баланы бір жанұя асырап алады. Партуидің кәсіби кинематографиядағы өнер жолы 1366 жылы (1987) "Кішкентай арыстан" сценарийін жазумен басталды. Сценарий бойынша бір жасөспірімнің ауылдағы қиын өмірі баяндалады. Осы туындысынан кейін Партуи "Балық" атты сценарий жазып, өзі соның режиссері болды. "Балық" туындысының сценариі қарапайым, алайда балалық шақ пен сол кездердің шытырман оқиғаларына толы. Әкесі абақтыға жабылған жасөспірім бала наурыз мерекесінде қызыл балық аулап, оны қолға түсіруге тырысады. Бірақ досымен дауласып қалады. Сөйтіп балықты үйіне алып келген кезде анасы баласына балықты ұстап алғаны үшін ұрсады. Кішкентай бала қаламаса да балықты еркіндікке жібереді. Дәл сол түні әкесі де абақтыдан босатылып, үйіне қайтып оралады. "Балық" фильмі жасөспірім баланың және достарының қарым-қатынасы, дау-жанжал, балалардың армандары төңіріегінде шоғырланып, қарапайым, әрі жағымды тілмен баяндалған. Аталмыш фильм сол жылдардағы сыншылар мен кинематография саласы мамандарының назарына түсіп, фильмді түсіруші топқа оң жағдай орнатты. Сондай-ақ халықаралық кинофестивальдерге жолдама алған фильмдердің қатарына кіріп, өзге мемлекет сыншыларының мақтауына ие болды. "Гүлнар" фильмі 1368 жылы (1989) түсірілген ең сүйікті қуыршақ, әрі сол заманда бәсекелесі болмаған Иран кинематографиясының сазды туындысы болып табылады. Аталмыш туындының қайғылы, алайда қызық оқиғалары негізгі көрермендерді, яғни балалардың талғамы мен қиялын біршама қанағаттандырды. Мұнда Партуи орыс халқының бір шығармасын жаңғыртып, өмірі қуаныш пен қызыққа толы қыз жайында баяндайды. Қыздың есімі – Гүлнар. Ол кішкентай кезінде орманда адасып кетіп, аю мырза мен аю ханымға тап болады. Гүлнар лезде жоспар құрып, олардан қашып құтылады да, әжесі мен атасының жанына қайтып оралады. Осы фильмнің қуыршақ тұлғасы мен оның өлеңдері "Құрбақа апай" туындысы секілді көп көрерменнің назарын өзіне аударды. Тіпті фильмнің өлеңдері де арнайы құрастырылып, көптеген балақайлар Гүлнар туралы естеліктерін жасөспірім мен жастық шақ кезендеріне дейін ұмытпай естерінд сақтаған. "Гүлнар" фильмі ерекше жоғары сатылымымен балалар және жасөспірімдер кинематографиясының экономикалық негізін қуаттады. Кейін Камбузиа Партуи "Ән айтатын мысық" фильмін түсіруге кірісті. Туындыда балалар үйінде өмір сүретін ағайынды балалардың оқиғасын баяндайтын қуыршақтар мен балақайлар бейнеленеді. Аталмыш фильм мюзикл жанрындағы балаларға арналған туынды болып есептеледі. Олар өздерінің отбасын табу үшін балалар үйінен қашып кетеді. Олармен достасқан бір мысықтың көмегімен өздерінің ауқатты әкелерін тауып алып, бақытты өмірге бөленеді. Бұл фильм кассалық жиыны жағынан да табысты болып, кинотеатрға көптеген көрермендердің назарын аударды. Бұдан кейін Партуи тағы да соғыс кезеңі туралы оқиғаларды түсіруге кірісті. Балалардың өмірі мен олардың бой жетуіне соғыстың тигізген әсері "Үлкендердің ойыны" атты фильмнің сценариінің пайда болуына түрткі болды. Оқиға желісі соғыс кезеңіндегі балалар жайында. Туындыда жас бала мен қыздың бейнелері көрсетіледі. Олар шекарада орналасқан кішігірім бір қалада қалғандардың бірі. Олар соғыс қақтығысында, сондай-ақ қалаларын дұшпандар басып алған уақытта жаңа дүниеге келген нәрестенің өмірін құтқарып қалуға тырысып, әрі ата-ана ретінде оған қамқор болады. Фильмнің бұл сюжеті көрермендердің назарын өзіне аударып қана қоймай, Партуиге деген көрермендердің сенімдерін арттыра түсті. Аталмыш фильмде кәсіби емес актерлер ойнап, режиссердің жеткіншек актерлердің ойынында толық кемеңгер екенін көрсетті. Партуидің "Лала әжей мен оның балалары" атты келесі бір туындысынан көрермен алыс өңірде тұратын баласының даусын естігісі келетін қарт әжейді тамашалаймыз. Әжейдің үйінде телефон болмағандықтан, ол ұлымен сөйлесу үшін көршілердің үйлеріне барып тұратын. Бірақ бір күні анасымен хабарласу үшін ұлы телефон соғатын күні көршілері үйлерінде болмай қалады. Сонда ауылдын балалары қарияға қол ұшын беріп, ұлымен хабарласуға көмектесуге тырысады. Аталмыш туынды теледидар эфиріне шыққанымен бірқатар кинофестивальдерге де қатысып, Партуиді балаларға арналған туынды түсіруші режиссер ретінде бекітті. Балалар мен жасөспірімдер кинематографиясында жылдар бойында белсенділік көрсеткен режиссер Камбузиа Партуи кейін үлкендерге арналған туындылардың сценариін жазуға бет алды. "Бос аялдама", "Менде 15 жылдық ән бар", "Кеше әкеңді көрдім, Аида" сынды фильмдердің сценариін Камбузиа Партуи жазып, Иран кинематографиясы саласында маңызды туындыларды түсіруге кеңістік дайындаған. Әлбетте оның жасөспірімдер мәселесі аясындағы сезімталдығы әлі де режиссердің жазбаларынан көрініс беріп тұрды. Оның сценарилерінің барысынан осы сезімді байқауға болады. Партуидің режиссер ретінде түсірген соңғы туындысы "Транзиттік кафе" деп аталады. Бұл фильм бір әйел жайында баяндайды. Ол күйеуі қайтыс болған соң оның ресторанын қайтадан іске қосуды мақсат етеді. Бұл ресторан жолдың бойында орналасқан. Сол жерде орын алатын оқиғалар желісі "Транзиттік кафе" фильмінің өзегін құрайды. Аталмыш туынды «Фаджр» кинофестивалінде көрермендердің қошаметіне ие болып, екі хрустальді самұрықты жеңіп алды. Бұдан кейін де халықаралық фестивальдерге қатысып, көрермендердің назарына ілінді. Осы туынды режиссердің өнер жолындағы ең атақты туындыларының бірі болып есептеледі. Алайда Партуи соңғы бірнеше жылдың көлемінде ең үлкен жұмысының бірін іске асыруда. Ол Маджид Маджиди есімді ирандық режиссермен Иран кинематографиясының ең үлкен жобасы "Мұхаммед (с.ғ.)" фильмінің сценариін жазды. Бұл туындыда Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.) балалық және жасөспірімдік шағы баяндалады. Аталмыш фильм әлі де түсіріліп жатыр. Бұл фильм – зерттеушілер тобы мен Иран, Марокко, Тунис, Ливан, Ирак және Алжир мемлекеттерінің ислам әлемінің ғұламалары, тарихшылары мен данышпандарының серіктестігі мен сүннит және шиіт жазба дереккөздерінің көмегімен түсіріліп жатқан туынды. Аталмыш туындының сценарийін осы зерттеулердің негізінде Камбузиа Партуи мен Маджид Маджиди жазды. Олар сүнниттер мен шиіттердің бірлігі туралы құжаттарды пайдаланып, лайықты жағдай мен кезеңді бейнелеуде пайғамбар бейнесі мен сол заманды жан-жақты көрсетуге тырысуда. Туындыда таза тарихи оқиғаның баяндалуы бүгінгі әлемдік жағдайда көрермендердің пікірталасын тудыратыны күмәнсіз.

Тегтер