Maм 10, 2016 19:08 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Бірнеше апта көлемінде балалар мен жасөспірімдерге арналған кинематография саласының режиссерлерімен таныстырдық. Осы аптада да келесі бір ирандық кинорежиссердің өмірбаяны жайлы сөз қозғаймыз.

Киюмарс Пурахмад – ирандық режиссер, әрі жазушы. Ол көп жылдар бойы кинематография саласында қызмет етіп келеді. Оның негізгі қызметі балалар мен жасөспірімдерге арналған теледидардың тізбекті бағдарламалары мен фильм түсіру болып табылады. Пурахмад 1328 жылы (1949) Иранның орталығында орналасқан Исфаһанның Наджафабад деп аталатын жерде дүниеге келген. Кинорежиссерлік саласында жоғары білім алып, өнер жолының басында түрлі баспаларда сын жазумен айналысқан. Ислам революциясы жеңіске қол жеткізген уақытта отыз жасқа толған режиссердің кинематографиядағы жұмысы теледидардың бір тізбекті бағдарламасының көмегімен басталды. Пурахмад қазіргі күнге дейін 20-ға жуық кинематография туындылары мен бірнеше теледидар тізбекті бағдарламаларын түсіріп, ондаған фильм сценарийін жазуды өз мойнына алған. Қазір де қолынан қалам түспей, түрлі басылымдарға мақала жазумен айналысады. Пурахмад деректі фильм түсіруге де атсалысқан. "Мұртаза және біз" деректі фильмі аталмыш режиссердің туындысы болып табылады. Ол бұл деректі фильмде шәһид болған Иранның атақты кинорежиссері, әрі жазушысы сейед Мұртаза Авинидің өмірі мен туындылары жайында түсірген. Сейед Мұртаза Авини соғыс алаңында фильм түсіру барысында мина жарылысының саладрынан дүниеден озған болатын. Авини: "Пурахмад ирандық көзқарасты ұстанатын кинорежиссерлердің бірі. Біздің кинематографияға мұндай тұлғалар өте қажет" – деп айтқан болатын. "Татура" (датура-өсімдіктің атауы) туындысы Пурахмадты кәсіби кинематография саласына бастаған жолдамасы болды. Бұл фильм ислам революциясынан кейінгі жылдары түсіріліп, Пәһләви кезеңіндегі Иранның оңтүстігінің тұрғындарына бөгделердің көрсеткен қысымы мен зұлымдығы жайында баяндайды. Кейін режиссер "Қарлығаш ханым" атты фильмін түсірді. Бұл туындыда Пурахмад бірнеше жылдардан кейін көрісетін әке мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы сезім мен қайғыға толы оқиғаны баяндайды: баласы әкесін танымайды, ал көптеген қиындықтарды басынан кешірген әкесі баласының көзіне түскісі келмейді. Аталмыш туындысымен Пурахмад балалар мен жасөспірімдер кинематографиясына бет бұрып, бірнеше жыл бойы осы салада еңбек етті. Жасөспірімдер арасында көрермендердің легін ұлғайтқан "Айлақ" және "Үнсіз аңшы" фильмдері режиссер үдерісінің көрсеткіші болып табылады. Айлақта әлеуметтік теңсіздікке қарсы шыққан екі жасөспірімнің қарсылығын баяндайтын оқиға жеткіншек көрермендердің назарын өзіне тартты. Ал "Үнсіз аңшы" фильмінің комедия жанры мен шатыққа толы қырлары жас көрермендерді жаңа кинематографиямен таныстырды. Пурахмад жалғыз қалған балалар мен жасөспірімдер әлеміне және олардың көзқарастарына ерекше қызығушылық танытады. Балардың бұл бейкүнә әлемі үлкендер және олардың әрекеттері әсерінен жапа шекен. Көптеген сыншылардың пайымдауларынша, Киюмарс Пурахмадтың кәсіби өнер жолының шарықтауы "Маджид хикаялары" атты теледидар тізбекті бағдарламасынан бастау алады. Бұл туындысы бірнеше жыл көлемінде (1990) түсіріліп, Иран телеарналарынан бірнеше рет көрсетілген. Аталмыш тізбекті туынды Хушанге Мурадие Кермани жазушының "Маджид хикаялары" кітабы негізінде түсіріліп, үлкен экранға 4 толық метражды фильм түрінде көрермен назарына ұсынылған. Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің ішіндегі ең үздік туынды болып есептеледі. Авини бұл туындыларды дастан, тұлғалық фактор, актерлер ойыны, диалект, әуен, оқиғаның жай-күйі "ұлттық кинематографияның" айқын үлгілері деп атап, режиссерлердің өнері мен талғамы осы туынды тізбектерін түсірудің негізі деп атады. Кітаптың желісі бойынша оқиғалар Керман қаласында орын алған, алайда Пурахмад өзі Исфаһан қаласында өсіп, ержеткендіктен кинотуындыларын осы қалада түсіріп, Исфаһан қаласының мәдени, жергілікті және әлеуметтік ерекшеліктерін фильмде көрсету арқылы табысқа қол жеткізген. Аталмыш туынды тізбегінің негізгі кейіпкері әжесімен бірге өмір сүретін Маджид есімді жасөспірім. Олар бай емес, бірақ экономикалық жағдайлары олардың еңсесін түсірмейді. Осы екі кейіпкердің бетпе-бет келетін оқиғалары олардың өмірге деген көзқарасы мен түсініктеріне әсер етіп, соның ішінде Маджидті ақиқат пен өмірмен жақсырақ таныстыра түседі. "Маджид хикаялары" туындысының бүкіл ирандықтың назарын өзіне тартуының бір себебі, ол әңгімеде баяндалатын жасөспірім, яғни Маджиттің тұлғалық ерекшелігі болып табылады. Ол ұқыпты, ынталы, жауапты және өзінің пәк таза, әрі парасатты ақылымен айналасындағы адамдарға да әсер етеді. Мектеп табалдырығында оқиғаға ұшырайтын бұл бала осы әңгімелер тізбігінің негізгі бөлігін құрайды. Режиссер шеберлікпен оқыту жүйесін сынайды. Әлбетте оқиғалардағы әзіл мен сықақ шынайы ащы ақиқатты жасырып, балалар мен жасөспірімдердің назарын аталмыш туындыны көруге тартады. Осы теледидардың тізбекті туындысының негізгі кейіпкері болып табылатын жасөспірімнен басқа кейіпкерлер де балалар мен жасөспірімдерге арналған туындыларда шоғырланған ең үздік үлгілер болып есептеледі. Аталмыш фильмдерде балалық шақта ойға кіріп-шықпайтын ер жетіп, ересею кезеңі қатты сыналады. Режиссер жасөспірім көзқарасымен осы адамдардың қарым-қатынасының егжей-тегжейіне дейін жоққа шығарып, көрерменді сол қатынастардың салдарымен таныстырады. Басқа жақтан Пурахмад балалар мен жасөспірім өмірінде отбасыны ең маңызды орган ретінде баяндап, ананың маңызды рөліне баса назар аударады. Осы тізбекті туындыда Маджиттің әжесі онының анасының ролін атқарып, баланың алдынан шығатын кез-келген қиыншылық пен мәселелерде тікелей немесе жанама түрде оған жол нұсқайды. Осы кейіпкердің рөлін сомдауды Пурахмад көптеген ізденістерден кейін өзінің анасына жүктегенін білгендеріңіз абзал. Киюмарс Пурахмад "Маджид хикаялары" тізбекті туындысынан кейін балалар мен жасөспірімдер мәселелеріне шоғырланып, "Хания үшін" және "Жапандағы жалғыз әпкелер" атты фильмдерді түсірді. Бұл фильмдер ерекше әдіспен түсіріліп, табысқа қол жеткізді. "Йалда түні", "Мұзды гүл", "Күріштің басы" фильмдері ересектерге арналған режиссердің келесі бір туындыларының қатарын құрайды. Аталмыш туындылар да режиссердің атын осы сала бойынша әйгіледі. Алайда оның балалар мен жасөспірімдерге арналған туындыларының орны бөлек. Пурахмад осы фильмдері арқылы бірқатар теледидар тізбектерін түсірген. Сол тізбектерде де әрдайым өзінің шығармашылық талғамымен әлеуметтік мәселелерге көңіл аударатын режиссер ретінде көріне білді. Пурахмадтың негізгі режиссерлік қызметі ислам революциясынан кейін басталғанын айтып өткен жөн. Ол: "Иранға қарсы Саддам Хусейннің мәжбүрлі соғысы басталған кезде мен балалар мен жасөспірімдердің ой қабілетін дамыту орталығында болдым. Ирандық кинорежиссер ретінде мен бір нәрсе жасау керектігімді сезіндім. 4 адамнан құралатын топ құрып, ауыр қақтығыстар жүріп жатқан Хузестан ауданына жалғыз бір жеңіл автокөлікпен аттандық. Аймаққа жеткен кезде Абадан дұшпандардың қол астында еді. Сол себепті қала ішіне кіре алмадық. Мен соғыс кезінде балалар туралы фильм түсіруді жоспарлап, көптеген фильмдер мен сұхбаттарды бастан өткердік. Аталмыш фильмдер соғыс әсерінен қуғынға ұшыраған қарапайым халықтың өмірін баяндайды. Алайда соғыс жағдайына байланысты біз оларды пайдалана алмадық. Бұл жағдай "Түнгі автобус" атты фильм түсіру үшін маған түрткі болды. "Түнгі автобус" фильмінің негізгі өзегі түрлі жағдайларға ұшыраған 15 жасар жасөспірімнің өмірін қамтиды. Мен өзімнің естеліктерімді және Иран кинематографиясының ең үздік факторларын пайдалана отырып, осы туындыны түсірген болатынмын" – дейді. "Түнгі автобус" фильмі 1385 жылы (2007) түсірілген. Туындының сценарийі бойынша майдан шебіне бірнеше ирактық тұтқынды тасымалдау міндеті жүктелген бір ержүрек жасөспірім жайында баяндалады. Ол бетпе-бет келген қиыншылықтарға қарамастан, бұл жұмысты жалғыз өзі атқаруға мәжбүр болады. Осы жолда жасөспірім көптеген оқиғаларды бастан кешеді. "Түнгі автобус" кинотуындысы соғыстың ағы мен қарасын бейнелеп, баяндайтын Иран кинематографиясының бірден-бір туындысы болып есептеледі. Сондай-ақ бұл туындыда актерлердің білікті ойындары мен операторлардың елеулі жұмысы байқалады. Фильм кинематография саласының мамандары мен сыншыларының жағымды пікірлеріне ие болды. Әрі «Фаджр» кинофестивалінің жүлдегері атанып, "Азия-Тынық мұхит елдері" кинофестиваліне қатысып, үлкен көгілдір экранда көруге тұрарлық туынды ретінде көптеген көрермендердің назарын өзіне тартты.