Maм 10, 2016 19:44 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

"Иранның қазіргі заман кинематографиясы" атты тізбекті бағдарламасының бүгінгі бөлімі тағы да балалар мен жасөспірімдерге арнап фильм түсірген режиссерлердің туындыларына арналады.

Бүгінгі бағдарламада Ибрахим Фурузешпен танысамыз. Ибрахим Фурузеш балалар мен жасөспірімдер кинематографиясының табысты, абыройлы режиссері, сценарист. Ол балалар мен жасөспірім көрермендерге фильм түсіру саласында 40 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Осы тұлғаны жақсы танитын адамдар Фурузешті байсалды және ақылды адам деп санайды. Ол балалар мен жасөспірімдер кинематографиясының дамуы мен жетілуіне үлкен алаңдаушылық танытады. Ол ауылдық және отандық кеңістікке үлкен қызығушылық білдіріп, өзінің туындыларында сол жердің өмірі мен халқының жағдайын түсіруге тырысатын режиссер. Ибрахим Фурузеш 73 жыл бұрын Теһранда дүниеге келген. Отыз жасқа толғанда фильмдер қойылымы саласының драмалық өнер факультетін тәмәмдап, балалар және жасөспірімдердің зияткерлік дамуы кинематография орталығының басшылығын өз мойнына алды. Басшылық ету қызметі 7 жылға созылып, аталмыш орталық киноөндірісінің ең жемісті кезеңдерінің бірі болды. Сол уақытта аталмыш кинематография орталығына мемлекеттің аса көрнекті режиссерлері тартылып, орталықта шамамен 70 қысқа және толық метражды фильм түсірілді. Ибрахим Фурузеш – Ирандағы балалар мен жасөспірімдер кинематографиясы көшбасшыларының бірі. Негізінде "балалар және жасөспірімдер кинематографиясы" атты сала болмаған жылдары ол балалар және жасөспірімдердің зияткерлік даму орталығын басқару, режиссерлерді тарту, сондай-ақ сценарий жазу арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған кинематография тармағын нығайтуға атсалысты. Ибрахим Фурузештің кинематография саласындағы алғашқы тәжірибесі 1351 (1972) жылы «Бам шахрестаны» мен "Арге Бам" тарихи мекені туралы түсірген деректі фильмдерінен бастау алады. Кейін ол сценарий жазуға бет бұрып, Иранның аса көрнекті аниматоры Әли Акбар Садеқи сынды режиссерлердің анимациялық туындыларына бірқатар сценарий жазды. Осы анимациялар 40 жыл өткеніне қарамастан әлі күнге дейін көруге тұрарлық және жан-жақты туындылар болып есептеледі. Әрі сюжет, сценарий, сондай-ақ бейнелеу стилі мен оның өндірісі үздік туындылардың қатарына қосты. Балалар үшін түсінікті және қарапайым тілмен Иранның мәдени мұрасы мен ұлттық болмысы сынды мәселелерді жоспарлауда ептілік пен нақтылық аталмыш туындылардың айрықша ерекшелігінің бірі болып есептеледі. Ибрахим Фурузеш Иран Ислам революциясынан кейінгі жылдары киноөндіріс туындыларын жаңа қырынан түсіруге бет бұрды. Балалардың тәуелсіздікті қалайтын рухы туралы "Өзім, мен өзім" фильмі және қуыршақ фильмдерін түсіру үдерісі жайындағы "Көзқарас" деректі фильмі аталмыш режиссердің Ислам революциясынан кейінгі туындылары болып табылады. Ол 1365 (1986) жылы "Кілт" атты алғашқы толық метражды фильм түсірді. Фильмнің сюжеті өте қарапайым: бір ана сауда жасау үшін үйден сыртқы шығып, үйінде екі кішкентай баласын жалғыз қалдырып кетеді. Балалардың үлкені кішісіне қамқор боламын деп қиындықтарға душар болады. Көршісі олардың үйінде орнаған жағдайды түсінгенімен ешкім есікті аша алмайды. Себебі кілт балалардың қолы жетпейтін жерде тұрған еді. "Кілт" фильмі балаларға арналғанына қарамастан астыртын мәнге ие. Сол себепті фильм революциядан кейінгі туындылар арасынан аса маңызды, әрі қатаң әлеуметтік туынды ретінде қабылданды. 1371 (1992) жылы Фурузеш Хушанг Мороди Керманидің хикаясы негізінде "Хомре" фильмін түсірді. Туынды Иран кинематографиясының көптеген мамандары мен сарапшыларының пікірі бойынша аталмыш режиссердің ең үздік фильмі болып есептеледі. "Хомре" фильмі шөл далада орналасқан бір ауылдың мектебінде орын алған оқиғаны баяндайды. Олардың су қорлары тек жарық құмырада сақталады. Мұғалім оқушылардан оны жөндеу үшін әрекет етуді сұрайды. Бірақ кез-келген шешім жолы тығырыққа келіп тіреледі. Кенеттен ауылдың қариясы халықтан ақша жинап, басқа қаладан жаңа құмыра сатып алып келеді. Бұл кино туындыда шөл дала халқы үшін құмыраның өте бағалы екендігі анықталса, көрермен үшін өнеге болады. Халықтың қажеттілігін көрсететін, арнайы әдіспен түсірілген туынды аталмыш кеңістікті бірегей етті. Фурузеш "Хомре" фильмінен кейін бірқатар толық және қысқа метражды фильмдер түсірді. Соның ішінен "Нахл" (мохаррам айының аза тұту дәстүрінің рәсімдері туралы фильм) және "Мұнай балалары" атты деректі фильмдерін атап өтуге болады. Режиссердің өзге фильмдерінің қатарына "Жазық дала мен көл", "Махаббат уақыты", "Бірінші құз" жатады. Осы режиссердің туындылары бірнеше кинофестивальге қатысып, отыздан астам халықаралық, ондаған отандық фестивальдердің сыйлық иегері атанды. Фурузештің талғамы бейімделген сценарийлерге ерекше назар аударатынын көрсетеді. Ол Киюмарс Пурахмадпен бірге ирандық жазушы Хушанг Мороди Керманидің ертегілерін көгілдір экранға бейімдеп шығарған алғашқы адамдардың бірі болып есептеледі.Осы бағдарламада сіздерді аталмыш жазушымен таныстыруды жөн көрдік. Хушанг Мороди Кермани 1323 (1944) жылы Керман аймағында орналасқан ауылда дүниеге келген. Балалар мен жасөспірімдерге арнап жазған кітаптары жазушыны елге танымал етті. Мороди Кермани жастық шағында жазушылықты әр түрлі баспаларда прозалық туындыларын жариялаумен бастайды. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгіме, повесть жазуға бет бұрады. Ол 1353 жылы өзінің балалық кезіндегі шынайы өмірін "Мәджид әңгімелері" атты кітабында көрсетті. "Мәджид әңгімелерінде" бір бала мейірімді әжесімен бірге өмір сүреді. Қайғылы да, қуанышты оқиғаларды әжесі екеуі бірге бастан кешеді. Оның туындылары әр түрлі тілдерге, соның ішінде үнді, араб, ағылшын, неміс, испан және француз тілдеріне аударылып, көптеген сыйлық иегерлері атанды. "Ганс Христиан Андерсен" және "Хосе Мартини" халықаралық сыйлықтары осы жазушының әдеби сыйлықтарының қатарын құрайды. Мороди Кермани жазбаларының ерекшелігі жазушы шығармасы тілінің ауыз екі тіл мен халықтың күнделікті әдебиетіне жақындығы мен олардың кез-келген жас пен топ үшін қызықты болуы. Мақал-мәтелдер мен қарапайым халықтың әдеп-ғұрыптарын пайдалану, проза мен поэзияның бірегейлігі, балалардың пәк таза қиялы мен поэтикалық сезімнің болуы Хушанг Мороди Кермани туындыларының келесі ерекшеліктерінің қатарына жатады. Сондай-ақ Мороди Кермани жазбаларының сөз ықшамдылығы мен әзіл-қалжыңдары өзге тілдерге аударғанда мәтін тартымдылығының барынша жеткізілуіне себеп болады. Кинематография туындыларында Хушанг Мороди Кермани әңгіме, хикаялары бейімделіп шығарылған, әрі туындылары аса көрнекті және көрсеткішті жұмыс болып есептелетін жалғыз ирандық жазушы. "Мәджид әңгімелері" сериалы Иран теледидарының революциядан кейін көп көрермен жинаған топтама болып табылады. Ибрахим Фурузешпен түсірілген "Ар-ұят", "Таңертең", "Нан мен өлең" және "Хомре" кинотуындылары Мороди Кермани әңгіме-дастандары негізінде түсірілген. Бұдан басқа Мохаммад Әли Талеби түсірген "Бір қап күріш", "Тик так", "Етік" фильмдерінің сценарийі және Марзие Брумандтың "Тәтті тосап" туындысы аталмыш жазушының балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларының желісі негізінде түсірілген. Алайда Мороди Керманидің "Анамның қонақтары" атты хикаясының "Мейірімді Дариуш" туындысында бейімделуі аталмыш жазушының шығармаларын үлкен экранға бейімдеудің жаңа тарауы болып табылады. Бұл фильм балалар кинематографиясына жатпайды, алайда балалық пәктік, сықақ пен күйініш кеңістігін айқын көрсету Мороди Керманидің өзге туындыларына ұқсас. Бұл туынды көптеген сыншылар мен көрермендердің назарын өзіне аударды. "Жалғыз ағаштар" мен "Сырға" секілді фильмдер де Мороди Кермани жазбаларының негізінде түсірілген. Аса көрнекті жазушының туындыларына режиссерлердің назар аударуының ең маңызды себебін өзінің сөздері айқындайды: "Прозалық шығарма жазу барысында оның фильмдік қырларын ойлаймын. Шын мәнінде әңгіме-дастандарды өз қиялымда елестетемін. Сол себепті мен жазған әңгімелер негізінде түсірілген туындылар арасында көп қиындық туындамайды". Ол балалар әдебиетіндегі табысының себебі туралы: "Менің ойымша бала бейнесі менің өне бойымда қалған сияқты; мен балалық кезеңде қалдым. Қанша уақыт өтсе де балалық шақ санамнан кетпейді. Балалық сезімін жоғалтқан адамдар жандарынан айрылып, дүниеден озады" – дейді.