Қыр 18, 2023 21:56 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 900-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Зухруф" сүресінің 29-30 аяттарына құлақ түріңіздер:

«بَلْ مَتَّعْتُ هَـؤُلَاءِ وَآبَاءَهُمْ حَتَّى جَاءَهُمُ الْحَقُّ وَرَسُولٌ مُّبِینٌ»، «وَلَمَّا جَاءَهُمُ الْحَقُّ قَالُوا هَـذَا سِحْرٌ وَإِنَّا بِهِ کَافِرُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: 

Сонда да оларды әрі аталарын Құран және ашық баян етуші Елші келгенге дейін қамтамасыз еттім. (29)

Оларға Құран келген сәтте, олар: “Бұл бір сиқыр. Шынында бұған қарсымыз” деді. (30)

 

Алланың халықпен қатынасындағы сүннеті – дәлелдер келтіру. Хақ сөзі халықтың құлағына жеткенге дейін Құдай ешкімді жауапқа тартпайды. Мекке мүшріктері де бұл ережеден тыс емес. Құдай араб үмбетіне өз арасынан пайғамбар таңдады. Сөзін анық түсініп, ақиқатқа жетсін деді. Бірақ басқа үмбеттер сияқты олардың көп бөлігі ақиқат келгенде қарсы шығып, оны қабылдаудың орнына шындықты жеткізушіні сиқыршы деп атап, иман келтіруден бас тартты. Бұған қарамастан, Құдай оларды материалдық нығметтерден мақрұм қалдырмады, қате жолдан қайтар деген үмітпен оларға мұрсат берді.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Құдай тарапынан келген нәрселердің бәрі – хақ. Егер адам Алланың бұйрықтарына қарсы заңдар енгізсе, халықтың көпшілігі оны ұстанғанымен ол жалған саналады.
  2. Адамдарға берілген молшылық пен байлық олардың дұрыс жолда екенінің белгісі емес. Алланың адамға берілген сынағы ғана.   
  3. Адам ақиқатты түсінгенде дәлел келтіру аяқталады. Хақтан қашуға қандай да бір сылтау іздеу – күпірлік пен әділетсіздіктің белгісі.  

 

 "Зухруф" сүресінің 31-32 аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَقَالُوا لَوْلَا نُزِّلَ هَـذَا الْقُرْآنُ عَلَى رَجُلٍ مِّنَ الْقَرْیَتَیْنِ عَظِیمٍ»، «أَهُمْ یَقْسِمُونَ رَحْمَتَ رَبِّکَ  نَحْنُ قَسَمْنَا بَیْنَهُم مَّعِیشَتَهُمْ فِی الْحَیَاةِ الدُّنْیَا  وَرَفَعْنَا بَعْضَهُمْ فَوْقَ بَعْضٍ دَرَجَاتٍ لِّیَتَّخِذَ بَعْضُهُم بَعْضًا سُخْرِیًّا  وَرَحْمَتُ رَبِّکَ خَیْرٌ مِّمَّا یَجْمَعُونَ»

 

Аяттардың аудармасы: 

Олар: “Бұл Құран (Мекке, Тайып) екі қаладан ірі бір адамға түсірілсе еді” деді. (31)

(Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңның мәрхаметін олар бөліп бере ме? Олардың дүние тіршілігіндегі несібесін араларына Біз үлестірдік. Сондай-ақ бір-біріне бағынсын деп, бірін-бірінен дәрежеде көтердік. Раббыңның мәрхаметі олардың жиған-тергендерінен артық. (32)

 

Бұл аяттарда Мекке мүшріктерінің сылтаулары айтылған: "Егер пайғамбар біздің арамыздан таңдалатын болса, Мекке немесе Тайып қаласының ақсақалдарының бірі болуы тиіс еді. Бала кезден жетім қалған, атасының қолында өскен, әлемнің байлығы мен билігінен мақрұм қалған адам болмауы тиіс еді".

Олар пайғамбар тайпаның билеушісі сияқты болуы керек деп ойлаған. Билік, байлық пен қоғамда жоғары орынға ие танымал адам болуы тиіс, сонда тайпаның адамдарының бәрі оған мойынұсынады деп санаған. Ал бұл жағдайда пайғамбарлық миссиясын мойнына алған адам адамгершілік тұрғысынан кемелдікке жетіп, таза ниет, дұрыс мінез-құлыққа ие болып, шыншыл болуы тиіс. Көрегендік, ізеттілік пен батылдық сияқты ерекшеліктерге ие, жоқ-жітік пен жапа шеккендердің азабынан хабардар адам болуы керек. Тарихта барлық пайғамбарлар осындай болған.   

Аяттардың жалғасында: "Пайғамбар болу миссиясы халықтың ықтиярында ма еді? Олар қалаған кісіге Құдай пайғамбарлық беріп, қаламаған кісіге миссия бермейтіндей. Құдай пенделерінің ниетінен хабардар. Кімнің бұл миссияға лайықты-лайықсыз екенін Ол бәрінен артық біледі",-делінген.

Дүние істерінде де хикмет негізінде адамдар арасына айырмашылық қойылған. Шын мәнінде егер барлық адам сана, физикалық және психологиялық қарым-қабілеті тұрғысынан бір деңгейде болса, қоғамдық жүйе күйрейді. Алла тағала адамдарды сана және физикалық қабілет тұрғысынан әртүрлі жаратқан. Сонда әр адамда өзі ұнатқан іспен айналысуға мүмкіндік болады. Сол салада басқаларға қызмет етіп, басқалар да оның қажетіне сай қызмет етеді. Өйткені ынтымақтасу және бір-біріне қызмет етуден басқа жолмен өмірді басқару мүмкін емес.       

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Адамдардың көбі ұлылықты байлық пен билік деп біледі. Ал Құдай үшін мұның ешқандай құны жоқ.
  2. Рухани және материалдық нығметтер – Алланың адамдарға қылған рақымының белгісі. Екеуі де Алла тарапынан берілген нығметтер. Халықтың тұрмыс-тіршілігі Алланың хикметі бойынша бөлінетін болса, рухани іс болып табылатын пайғамбарлық қалайша олардың ықтиярында болмақ?
  3. Қоғамның саулығы адамдардың өзара әріптестігі, түрлі идеялық және физикалық қарым-қабілетін пайдалануға тікелей байланысты. Сол себепті қоғамдағы адамдардың ақыл-ой және физикалық тұрғыдан айырмашылығы мақтанып, басқаларды қорлау үшін емес, бір-бірінің қажеттіліктерін өтеу мақсатында ынтымақтастық рухын тудыру үшін керек.

 

 

"Зухруф" сүресінің 33-35 аяттарына құлақ түріңіздер:

اکنون به تلاوت آیات 33 تا 35 از سوره زخرف گوش می‌سپاریم:

«وَلَوْلَا أَن یَکُونَ النَّاسُ أُمَّةً وَاحِدَةً لَّجَعَلْنَا لِمَن یَکْفُرُ بِالرَّحْمَـنِ لِبُیُوتِهِمْ سُقُفًا مِّن فِضَّةٍ وَمَعَارِجَ عَلَیْهَا یَظْهَرُونَ»، «وَلِبُیُوتِهِمْ أَبْوَابًا وَسُرُرًا عَلَیْهَا یَتَّکِئُونَ»، «وَزُخْرُفًا  وَإِن کُلُّ ذَلِکَ لَمَّا مَتَاعُ الْحَیَاةِ الدُّنْیَا وَالْآخِرَةُ عِندَ رَبِّکَ لِلْمُتَّقِینَ»

 

Аяттардың аудармасы: 

Егер бүкіл адам баласы бірыңғай болып, азбайтын болса еді, әрине Аллаға қарсы болғандардың үйлерінің төбесін әрі жоғары шығатын баспалдақтарын күмістен жасар едік. (33)

Үйлерінің есіктерін және сүйеніп үстеріне отыратын дивандарын да күмістен жасар едік. (34)

Сондай-ақ алтынға бөлер едік. Бұлардың барлығы дүние тіршілігінің ғана пайдасы. Раббыңның қасындағы ақырет, тақуалар үшін. (35)

 

Алдыңғы аяттарда мүшріктердің "Құран неге билік пен байлыққа ие адамға түспеді?" деген сұрағына жауап берілді. Ал бұл аяттарда: "Алла алдында билік пен байлықтың құны жоқ, сондықтан Ол бұған негіздеп әрекет етпейді. Құдай үшін ішкі тазалық пен тақуалық бағалы. Соған сәйкес пенделерінің ісін бағалайды",-деді.

Адамдардың көзін жаулап, артынан сенделткен алтын мен күміс, түрлі әшекейлер мен қымбат заттар Құдай алдында қадірсіз. Егер кәпірлер әртүрлі материалдық нығметтерді пайдалануы дүниеқұмар әрі әлсіз адамдардың күпірлік пен имансыздыққа бет бұруына себеп болмаса, Құдай олардың үйлерін алтын мен күміс заттарға толтырар еді. Күміс төбелі үйлер (көп қабатты және үлкен), еңселі баспалдақтары мен көптеген есіктері бар салтанатты сарайлармен қоса, Құдай оларға әдемі өрнектермен безендірілген қымбат заттар мен әшекейлер берер еді. Сөйтіп олардың қызылды-жасылды сәнді материалдық өмірін әр тараптан толтырар еді. Әрине егер Құдай бұлай етсе, оның мәнісі мынада: олар өмірлерін материалдық істермен алданып өткізеді. Адамның тұлғалық құндылығы қымбат заттар мен әшекей бұйымдар емес екенін әркім білуі тиіс.

Аяттың аяғында: "Бұлардың бәрі – осы дүниенің заттары. Ақырет тақуаларға тән",-делінген.             

 

 Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Халықтың көпшілінің ақылы көзінде. Егер күпірлердің өмірі байлық пен молшылыққа толы екенін көрсе, солардың жолы дұрыс екен деп ойлап, соны ұстанады.
  2.  Адамның құндылығы оның өзінде. Оның үйі, көлігі, жиһазы мен қымбат заттарында емес. Басқа сөзбен айтқанда, әр адамның қадірі оның сырттағы заттарында емес, ішкі жан дүниесінің әдемілігінде.
  3. Егер адам бұ дүниеде ұстамды да адал болса, Құдай қияметте өтеуін береді. Байлардың осы дүниедегі мүлкінен әлдеқайда жақсы нәрселер ақыретте бізге нәсіп болады. Оларды осы дүниедегі ешбір затпен салыстыруға келмейді.    

 

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.