Қар 22, 2023 22:41 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 907-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Зухруф" сүресінің 79-80 аяттарына құлақ түріңіздер:

«امْ أَبْرَمُوا أَمْرًا فَإِنَّا مُبْرِمُونَ»، «أَمْ یَحْسَبُونَ أَنَّا لَا نَسْمَعُ سِرَّهُمْ وَنَجْوَاهُم بَلَى وَرُسُلُنَا لَدَیْهِمْ یَکْتُبُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Немесе олар (Пайғамбарға қарсы) шара қолданды ма? Шын мәнінде Біз шара қолданушымыз. (79)

Немесе олар сырларын, сыбырларын Біз естімейді деп ойлай ма? Әрине періштелеріміз алдарында жазуда. (80)

Алдыңғы бағдарламаның соңғы бөлімінде тоухидті қабылдаудан бас тартқан кәпірлер мен мүшріктер туралы айтылды. Мына аятта былай делінген: Олар хақтан жиреніп қашып қана қоймай, оған қарсы күресті. Олар ақиқатты әлсіретіп, оның нұрын өшіру үшін жоспар құрып, неше түрлі айла-амалдарға барды. Олар ақиқатты жоюға бел шешіп кіріспек болды. Бірақ олардың қарсысында Құдай тұрғанын білмеді. Құдайдың қалауы олардың еркінен жоғары. Олар не қаласа, сол орындала қоймайды. Қастандық ойлаған қарсыластар өздерінің құпия кездесулері мен сұхбаттары "Алладан жасырын қалады, Ол оларды көрмейді және естімейді" деп ойлайды! Құдай олардың жасырын жиналыстарда немесе құлаққа айтқан жұмсақ сөздерін естиді. Өйткені ол үшін ашық пен жасырын нәрсе бір. Құдайдың періштелері де барлық жерде бар, олар адамдардың іс-әрекеттері мен сөздерін, тіпті сыбырларын үздіксіз жазып отыр және олардан ештеңе жасырын қалмайды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Әрбір шешім қаншалықты маңызды және сенімді болса да, Алланың қалауынан тыс емес және Алланың рұқсатынсыз жүзеге аспайды.
  2. Қарсыластар Алла олардың құпия істерінен хабарсыз деп ойлайды. Адамдардан шығатын барлық нәрселер илаһи жүйеде жазылып, тіркелген. Алланың агенттері болып саналатын періштелердің көзінен ештеңе тыс қалмайды.

 

 "Зухруф" сүресінің 81-82 аяттарына құлақ түріңіздер:

«قلْ إِن کَانَ لِلرَّحْمَـنِ وَلَدٌ فَأَنَا أَوَّلُ الْعَابِدِینَ»، «سُبْحَانَ رَبِّ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ رَبِّ الْعَرْشِ عَمَّا یَصِفُونَ»

Аяттардың аудармасы:

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Мүбада Алланың баласы болса, сонда мен құлшылық қылушылардың алды болар едім” де. (81)

Көктер мен жердің Раббы әрі ғаршынын Раббы, олардың сипаттаған нәрселерінен пәк. (82)

Бұл сүренің алғашқы аяттарында мүшріктердің періштелерді Алланың балалары деп санайтыны айтылған. Ал келесі аяттарда христиандардың Иса Мәсіхті Құдайдың ұлы деп есептейтіні туралы болды. Бұл аяттарда осындай жалған сенімдер жоққа шығарылып былай делінген: Алла тағалада құлшылық ететін перзент болса, оған ең бірінші пайғамбарлар құлшылық ететін еді. Біріншіден Алла әйел мен бала-шағаға мұқтаж емес. Екіншіден Ол ешбір жаратылысына, оның ішінде періштелерге де, адамдарға да құлшылық етуді бұйырмаған. Аяттардың жалғасында былай делінген: Көктер мен жердің иесі  әрі әміршісі және Ұлы Арштың Раббысы балаға мұқтаж емес. Ол – шексіз тіршілік иесі және ғаламның ортасы. Расында, ұрпақ жалғастыру үшін адамға бала қажет, әлсіздік пен қабілетсіздік сезінген кезде балалардың қолдауына зәру. Тағы бір мәселе, баланың бар болуы дене болуды және уақыт пен кеңістік шегінде болуды қажет етеді. Бүкіл ғаламды жаратып, уысында ұстап басқарып тұрған Құдай мұның бәрінен ада, Оған ештеңе де, ешкім де, соның ішінде балалар да керек емес.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Қарсыластармен пікірталас кезінде толеранттық танытып, олардың пікірі дұрыс деп болжау арқылы қандай нәтижеге қол жеткізілетінін нақтылау керек, сонда олар өз сенімдерінің дұрыс еместігін анықтайды.
  2. Алла Тағала кез келген кемшіліктен, мұқтаждықтан немесе адамға ұқсастықтан пәк әрі көркем екені күмәнсіз. Сондықтан адам тәрізді құдайдан әрқашан аулақ болу керек. Өйткені мұндай құдай адам қиялының нәтижесі және Алланың теңдесі жоқ екенін білмеудің салдары.
  3. Аспан мен жер қанша үлкен болса да, Алланың қалауы мен жоспарына сәйкес бір орталықтан басқарылады.

"Зухруф" сүресінің 83-84 аяттарына құлақ түріңіздер:

«فَذَرْهُمْ یَخُوضُوا وَیَلْعَبُوا حَتَّى یُلَاقُوا یَوْمَهُمُ الَّذِی یُوعَدُونَ»، «وَهُوَ الَّذِی فِی السَّمَاءِ إِلَـهٌ وَفِی الْأَرْضِ إِلَـهٌ  وَهُوَ الْحَکِیمُ الْعَلِیمُ»

Аяттардың аудармасы:

Енді оларды қойып қой. Өздеріне уәде етілген күнге дейін сүңгісін, ойнасын. (83)

Ол сондай Алла, көкте де Тәңір, сондай-ақ жерде де Тәңір. Және Ол, аса дана толық білуші. (84)

Пайғамбарлар адамзатқа дұрыс жол көрсетуге жауапты. Олар бұл жолда жанашырлықпен барын салады және адамдарды құтқару үшін әртүрлі тәсілдерді пайдаланады. Бұл аяттарда былай делінген: Осы мейірімдік пен жанашырлықтың шегі бар. Ал адамдар өзі жүріп, бақытқа қол жеткізгісі келмесе, оларды мәжбүрлеу мүмкін емес. Керісінше олар теріс жолды таңдап, жалғандыққа түсудің салдарын көруі үшін жалғыз қалдыру керек. Мүмкін сол кезде қателігін түсініп, қайтатын шығар. Бәлкім олар өмірлерінің соңына дейін өздерінің адасқан жолында қалып, қайта оралмайтын шығар. Сөйтіп Қиямет күнінде өздерінің бұрыс ойлары мен амалдарының ащы жемісінің дәмін татады.

Келесі аяттарда Алланың адамдардың иман келтіруіне мұқтаж еместігіне баса назар аударылып, былай делінген: Кәпірлер Алла олардың ғибадаттарына мұқтаж, олардың күпірліктері мен бой ұсынбауы Оның ұлылығына зиян тигізеді деп ойламауы керек. Ол аспан мен жердің құдайы және барлық жаратылыстардың құдайы. Басқа сөзбен айтқанда, нағыз құдай – ғаламды басқарушы. Демек, періштелер, пұттар, ай, күн, жұлдыздар сияқты табиғи құбылыстардың ешқайсысы құлшылыққа лайық емес. Олар өз кезегінде Құдайдың жаратылысы және оған тәуелді.

Бұл аяттың соңында былай делінген: Құдай бәрінен хабардар. Және Ол әлемді өзінің шексіз білімі мен даналығы негізінде басқарады.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Пайғамбарларға адамдарды дінге шақырып, жол көрсету міндеттелген, бірақ оларға жалыну немесе оларды мәжбүрлеу міндеті жүктелмеген.
  2. Иман мәселесінде себеп айтылып, дәлел аяқталғаннан кейін адамдарға қысым жасауға болмайды. Керісінше оларды өз жолын таңдау үшін еркін қалдыру керек.
  3. Алла ешбір пендеге мұқтаж емес. Тіпті олардың құлшылығы мен ғибадатына мұқтаж емес.
  4. із жоқ кезде Құдай болды, біз дүниеден өткен соң да Ол болады. Ол аспан мен жердің және бүкіл ғаламның Құдайы.
  5. Білімі мен даналығы шексіз күш қана құлшылыққа лайық.

 

 Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.