Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Кинорежиссер, продюсер, әрі зерттеуші Пуран Дерахшанде ханым шәмси жыл санағы бойынша 1330 жылдың фарвардин айында (1951) Иранның батысындағы Керманшах қаласында дүниеге келді
Ол Иранның Ислам революциясы басталмас бұрын кинематография саласында жоғары білім алып, теледидарда жұмысқа кірісті. Дәл сол уақытта қауіпті сырқат туралы "Оба" фильміне продюсерлік етіп, кейін түрлі аспектідегі дәстүрлі рәсімдер мен Иранның жергілікті музыкасы туралы кинотуындысын түсірді. Ол теледидарда қызмет атқарған уақытта әйелдер, олардың кәсібі мен Күрдістанның қол өнері туралы деректі туындысына режиссерлік етті. Аталмыш туынды деректі фильмдер арасында ең үздік болып саналады. Пуран Дерахшанденің көзқарасы әрдайым әлеуметтік қиындықтарға шоғырланды. Ислам революциясынан кейінгі алғашқы жылдары да осы мәселе аясына бет бұрып, бірқатар машина жасау зауыттарының экономикалық құлдырауы туралы "Чархха ми чарханд" атты деректі фильм түсірді. "Шоукаран" фильмі режиссердің 17 бөлімнен тұратын әйелдер, ер адамдар мен балалар арасындағы нашақорлық, оның алдын-алу жолдары мен есірткі контрабандасы мәселелері туралы зерттеуін қамтитын келесі бір деректі фильмі болып табылады. Дерахшанде ханым осы уақытқа дейін толық метражды 9 фильмге режиссерлік етті. Бұл фильмдердің қатарына "Жалғасушы түстер", "Жалған арман", "Желге ұстаған шырақ", "Шексіз махаббат", "Жоғалған уақыт", "Тұманнан өту", "Бақыт құсы" және "Қарым-қатынас" туындылары жатады. Оның кинотуындылары қазіргі таңда бірқатар отандық кинофестивальдердің жүлдегері атанып, Италияның "Джейфун", Аргентинаның "Әйелдер", Солтүстік Кореяның "Қарсыласу" сынды кинофестивальдерде де осы режиссердің бірқатар туындысы көрсетілді. Пуран Дерахшанде Ислам революциясы жеңісінен кейінгі жылдары кинематографияның түзу кеңістігінің қалыптасуына байланысты фильм түсіру саласында белсенділік танытып, алғашқы кезден бастап әлеуметтік мәселелер, отбасы және қоғамдағы жеткіншектердің қиындықтарын баяндауға ынтық болды. Ол әлеуметтік кинематографияны жеткіншектердің қиындықтары мен мәселелерін және қоғам деңгейінде осы қиындықтарды шешу жолын көрсететін ең оңтайлы, әрі әсерлі құрал деп санайды. Пуран Дерахшанденің кинематографиядағы өнер жолы 1365 (1986) жылы "Қарым-қатынас" атты мелодрама түсірумен басталды. Сюжеттің негізі құлағы естімейтін жеткіншектің айналасында құрылған. Ол бұл фильмде осы жеткіншектің өмірдегі және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасындағы қиындықтары туралы баяндайды. Жүргізген кең ауқымды зерттеулерінің арқасында өзге туындылардан ерекше фильм ұсынып, көрермендерді терең ойға батырды. Осы жеткіншектің өміріне мұғалімінің жақын әрі ықпалды қатысуы фильмнің екпінді қыры болып, көрермендер мен фильм арасында қатынас орнатуда да маңызды рөл атқарды. Пуран Дерахшанде аталмыш кинотуындысы үлкен экранда сәтті көрсетіліп, көрермендер тарапынан жақсы қабылданғаннан кейін "Бақыт құсы" атты фильмін түсірді. Бұл фильмде психикалық есеңгіреу салдарынан сөйлеу қабілетінен айрылған, мұғалімінің талпынысы арқылы күнделікті өмірге қайта оралған бір жас жеткіншек қыз бейнеленеді. Осы фильмнің ең көрнекті қыры – актерлердің тамаша ойыны. Әсіресе камераның алдында алғаш рет асқан шеберлікпен рөлін сомдаған құлағы мүкіс жеткіншектің ойынын тілге тиек етсе болады. Дерахшанде ханымның "Тұманнан өту" және "Жоғалған уақыт" туындылары эмоционалды-экспресивті факторы қатты көзге түсетін келесі фильмдері. Осы мәселе аталмыш туындыларға ішінара өзінің теріс әсерін тигізді. Кейін режиссер ерсі және ирандықтарға қарсы "Қызымсыз ешқашан" атты туындыға жауап ретінде Америкада "Шексіз махаббат" атты фильмін түсіреді. Дерахшанде өзінің туындысында қоныс аударған отбасының қарым-қатынасы, мәдениет айырмашылықтарына байланысты душар болған қиындықтары, сондай-ақ осындай жағдайда контрабандамен айналысатын бір қылмыстық топпен қақтығыстарды баяндайды. Дерахшанде шамамен өзінің бүкіл туындысында әлеумет пен жастарға қатысты алаңдаушылығы мен үрейін білдіреді. Дерахшанде ханым "Жалған арман" және "Желге ұстаған шырақ" фильмдерінде осы жас санатының арасында есірткінің пайдалануы, жастардың үйлерінен қашып кетуі туралы түсіріп, осындай әлеуметтік ауытқушылықтардың шешім жолын көрсетуге талпынған. Дерахшанде ханым: "Әлеуметтік фильмдер ақиқат пен адам абыройы жайында баяндайды. Өкінішке орай, кейде осы ақиқатты баяндауда белгілі бір шектелуер болады. Ал оларды бұзу немесе оған жақындай түсу бізді қызыл шекке әкеліп тірейді. Алайда әлеуметтік кинематография қиындықтарға жақындай түсіп, қоғамның астыртын қабатында жасырынған қиындықтарды шығарып, оның қауіп-қатерін көрсетіп, жою үшін шешім жолын іздестіру мүмкіндігін пайдалануы қажет" – деп санайды. Дерахшанде өзінің туындыларында нашақорлық сынды мәселелерді ащы сарынмен баяндайды. Осы сарын оның туындыларының сапасын арттыра түсті. Мысалы "Желге ұстаған шырақ" фильмінде біз нашақорлыққа ұшыраған үш түрлі әлеуметтік топқа жататын жастармен танысамыз. Олар дөрекі және шариғатқа қайшы келетін қарым-қатынастарымен өздеріне зиян келтіріп қана қоймай, қоғамға да залалын тигізеді. Біз олардың өткен өмірлерімен таныс болған кезде олардың іс-әрекеттерін отбасыларында орын алған қатерлі жағдай мен қоғамның қылмыстық тобымен ара-қатынастарының салдары ретінде көреміз. Әрі ақиқатында оларды құрбан болған жастар ретінде көріп, жанымыз ашиды. Дерахшанде бұл жайында: "Үлкен қалалардағы өмір әдетте әлеуметтің үлкен зиян, залалымен қатар жүреді. Осы ретте кинематография бұқаралық ақпарат құралының бірі ретінде осы әлеуметтік зарар туралы ескертіп, солардың бірқатарын экранда баяндай алады. Кинематография мен бұқаралық ақпарат құралдарының қалалық мәдениеттің ілгерілеуіндегі рөлі әсерлі. Өзінің құрылымдық көзқарасымен қала тұрғындары үшін қалалық өмір мен олардың қоршаған ортаға көбірек көңіл бөлуге, сондай-ақ қоғамның заңдарын сақтауға жағдай тудырта алады" – дейді. Пуран Дерахшанде әлеуметтік фильмдерді түсіру арқылы ұлттық кинематографияны нығайтуға өз септігін тигізген режиссерлердің бірі болып есептеледі. Ол: "Менің пікірімше түсірілетін фильмдердің барлығы сол мемлекеттің ұлттық болмысы мен рухани негізінде болуы қажет. Кинематография, мәдениет, өркениет, салт-дәстүр мен рәсімдер, дін және тағлым мен тәрбиеінің ерекшеліктері дүниенің бір бөлігін ішінде қамтып, өзге халықтар үшін көңіл тартатын көркемөнер ретінде баяндала алады. Сіздер әділеттік пен теңдік, өзара жәрдемдесу мен достық жайында айтқанда, шынтуайтында өмірдің мән-мағынасы туралы айтасыздар. Әрі осы мән-мағына сіздің еліңіздің халқының көзқарасымен кинематография құралы арқылы өзгелерге жетеді" дейді. Дерахшанде өзінің режиссерлік өнер жолында әлеуметтік міндеттің үлгісін қолданып, қоғамдық індет құбылыстарын зерттеу арқылы отбасы мүшелерін қорлайтын қауіп-қатерлі жағдайларды баяндауға тырысады. Бұл әдіс өзінің үздік және озық формасында үстірт көзқарас пен ұранды ұстанбайды, әрі қатаң баяндау стиліне қарамастан түзелу жолында аса ауыр және мәжбүрлікті талап етпейтін үміт шырағын да көрсетеді. Пуран Дерахшанде туындыларының ортақ аспектісі – оның әлеумет мазмұны мен отбасының психикалық ортасына деген ұстанымының тұрақтылығы. Осы орайда отбасы әлеуметтік зарар тиген орган ретінде немесе жанұяның әлеуметтік психологиясы түрінде де қарастырады. Бұл үдеріс кинорежиссердің өнер жолында әрдайым шарықтау мен құлдырау шектерімен бірге жүрсе да, қазіргі таңда өзінің тұрақты жағдайын сақтап келеді. Режиссер "Қыздар жыламайды" атты соңғы түсірген кинотуындысында ырымшылықтың шеңберіне тұзаққа түскен, одан құтылып шығуға тырысатын жас қыз туралы баяндайды. Бұл кинотуындының көрермендері жастар емес, ересектер болып табылады.