Нұрлы жол. 909-бөлім. "Духан" сүресінің 1-8 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 909-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Духан" сүресінің 1-4-аяттарына құлақ түріңіздер:
«حم»، «وَالْکِتَابِ الْمُبِینِ»، «إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِی لَیْلَةٍ مُّبَارَکَةٍ إِنَّا کُنَّا مُنذِرِینَ»، «فِیهَا یُفْرَقُ کُلُّ أَمْرٍ حَکِیمٍ»
Аяттардың аудармасы:
Ха Мим. (1)
Ашық баян етуші Құранға серт. (2)
Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында Біз ескертушіміз. (3)
Ол кеште барлық хикметті істер айрылады. (4)
Құранның жеті сүресі "Ха Мим" әріптерімен басталады. Осы сүреден бөлек алдыңғы 4 сүре мен кейінгі 2 сүре осы әріптермен басталған. Бұған дейін айтып өткеніміздей, әдетте осы әріптерден кейін Құранның ұлылығы және оның адамзат баласына жетекшілік етудегі рөлі жайлы айтылған. Бұл сүреде Алла тағала Құранмен ант етеді. Кітаптың мазмұны анық, тағылымдары өміршең, оның өзі – ақиқат екенінің дәлелі.
Аяттардың жалғасында осы кітаптың Алла алдындағы орнына тоқталып былай делінген: Бұл кітап әр жылдың ең жақсы уақыты Қадір түнінде түсірілген. Содан кейін Қадір түнінің маңызды ерекшеліктері айтылған. Құран түсірілген Қадір түні – берекеге толы түн. Құранның түсуімен әлемдегі адамзат тағдыры жаңа реңкке ие болды. Бұл түнде Жаратылыс пен олардың бір жылдағы тағдыры белгіленеді, әрбір маңызды да тағдыр шешер істер айқындалады.
Аятта былай делінген: Бұл кітап адамдарға ескерту үшін түсірілген. Бұған дейінгі илаһи кітаптар да халыққа қапы қалмасын, адаспасын деп ескерту үшін түсірілген.
Бұл Алла тағаланың дәстүрі деп айтуға болады: Ол өз елшілерін залымдар мен адасқандарды қорқыту үшін жібереді. Ислам пайғамбары – осы тізбектің ең соңғы өкілі.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Ислам мәдениетінде кейбір уақыттар маңыздырақ әрі қасиеттірек. Мысалы, Қадір түні – Құран кітабы түскен және тағдыр айқындайтын түн.
- Түн адамдардың рухани өсуінде айрықша орынға ие. Сондықтан Құранда түнде ғибадат етіп, дұға оқуға көп кеңес берілген.
- Ғапылдыққа бой алдырған қоғамда адам баласын қорқыту және ескерту әсерлірек әрі қажеттірек.
"Духан" сүресінің 5-6-аяттарына құлақ түріңіздер:
«أَمْرًا مِّنْ عِندِنَا إِنَّا کُنَّا مُرْسِلِینَ»، «رَحْمَةً مِّن رَّبِّکَ إِنَّهُ هُوَ السَّمِیعُ الْعَلِیمُ»
Аяттардың аудармасы:
Бұл өз қасымыздан бір бұйрық. Расында елшілерді жіберушіміз. (5)
(Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңның игілігі. Күдіксіз Ол, әр нәрсені естуші, толық білуші. (6)
Аяттардың жалғасында былай делінген: Құран кітабы мен ислам пайғамбары Алланың бұйрығымен жіберілген. Бұл Алланың өз құлдарына деген рақымы мен мейірімінен бастау алады.
Алла тағаланың адам баласына берген материалдық нығметтері адамды бақытқа жетелегенде ғана толық болатыны анық. Бұл жетекшілік илаһи кітап пен үлгі болар пайғамбарсыз орындалмайды.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Құран толығымен Құдай тарапынан түсірілген. Ол пайғамбардың сөздері емес, Құдайдың сөзі саналады.
- Кітап түсіру өздігінен жеткілікті емес. Оны түсіндіретін, іс жүзінде үлгі болып, жетекшілік ететін адамды қажет етеді. Мұндай рөлді пайғамбарлар атқарғаны сөзсіз.
- Адамға жетекшілік ету және тәрбиелеу – Алла рақымының көріністерінің бірі. Өкінішке қарай, адамдардың көбі өздерін осы рақымнан мақрұм қалдырған.
"Духан" сүресінің 7-8-аяттарына құлақ түріңіздер:
«رَبِّ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَمَا بَیْنَهُمَا إِن کُنتُم مُّوقِنِینَ»، «لَا إِلَـهَ إِلَّا هُوَ یُحْیِی وَیُمِیتُ رَبُّکُمْ وَرَبُّ آبَائِکُمُ الْأَوَّلِینَ»
Аяттардың аудармасы:
Егер анық сенетін болсаңдар, көктер мен жердің әрі екі арасындағылардың Раббы. (7)
Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Тірілтеді, өлтіреді. Сендердің де Раббыларың, бұрынғы аталарыңның да Раббы. (8)
Мүшріктердің қате сенімдерінің бірі – аспан мен жер, жел мен жаңбыр сияқты табиғи құбылыстардың бөлек құдайлары бар деп сенуі. Олар құдайлардың символдарына табынған.
Бірақ бұл аяттар осы дұрыс емес сенімдердің барлығын жоққа шығарады, дүние істерінің иесі мен ғаламның Раббысы біреуден артық емес, барлық болмыстың бір ғана Жаратушысы бар екендігін баса айтады. Сондықтан одан басқаға құлшылық етудің мәні жоқ.
Кімде-кім Құдайға иман келтіруге ұмтылса, Ол туралы ең айқын және сенімді көзқарас Оның бірегейлігі мен теңдессіздігіне иман келтіру болып табылады. Өйткені оның бірлігі мен ұлылығының белгілері ғаламның барлық бөлшектерінде көрініс тапқан. Сондықтан тек Оған бет бұрып, Оған ғана құлшылық етуіміз керек.
Ол тек сендердің Раббыларың емес, ол әуелден осы уақытқа дейін өмір сүрген сендердің ата-бабаларыңның және бүкіл адамзаттың Раббысы. Одан басқа тәңір жоқ, бүкіл адамзаттың өлімі мен өмірі оның қолында.
Өмір мен өлім мәселесі өте маңызды екені сөзсіз. Өйткені адам өміріндегі ең шешуші мәселе және сонымен бірге ғаламның ең күрделі мәселелері және Алланың құдіретінің ең айқын дәлелі – осы өмір мен өлім құбылысы.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Дүниенің жаратушысы, иесі және билеушісі бір. Бүкіл ғалам Алла деп аталатын бір құдіреттің ұлылығымен басқарылады.
- Илаһи кітапты түсірген – сол аспан, жер және құбылыстарды Жаратушы. Оның шариғат заңдары табиғат заңдарымен үйлеседі.
- Бұрынғылардың дәстүрлері мен жалған сенімдеріне ермей, Алланың нұсқауын орындаңыздар. Ол сіздің және сіздің ата-бабаларыңыздың Жаратушысы.
Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.