Қаң 05, 2024 22:48 Asia/Almaty

Хәкім Омар Хайям – парсы әдебиетінің жұмбақтарының бірі. Оның шығармашылығы ғасырлар бойы талқыланып келеді.

Армысыздар, ардақты ағайын! "Хәкім Омар Хайям Нишапури" туралы бағдарламамыздың үшінші бөлімін назарларыңызға ұсынамын. 
Өткен эпизодта біз Хайямның математика және астрономия саласындағы жетістіктерін қарастырдық. 

Омар Хайямның күнтізбені қалай өзгертіп, "Жалали" деген жаңа күнтізбе дайындағанын айттық. Хайям тарихта бірінші рет үш белгісі бар есептер мен биномдық кеңею коэффициенттері бар теңдеулерді шешу әдісін ұсына алды.

Бүгінгі эпизодта Омар Хайямның басқа бір қырын таныстырғымыз келеді. Ақын әрі сопы Хайям туралы айтып, оның рубаиларындағы ойларын баяндаймыз.

Омар Хайям өмір бойы өлеңдерімен емес, математика мен астрономиядағы білгірлігімен танымал болған. Хайям бір күні өзінің өлеңдер кітабының әлемнің ең әйгілі кітаптарының біріне айналады деп ешқашан ойламаса керек. "Хайям рубаилары" деген атпен танылған өлеңдер – әлем әдебиетіндегі ең кіші өлең жинақтарының бірі. Оның жақтастары өте көп. Бірақ осы кішкентай кітап қалайша танымалдық шекараларынан асып өтіп, өлең жолдары әлемнің ең алыс нүктелерінде айтылып жатыр? Жолдауы жаһандық сипат алатындай    бұл кішкентай кітапта қандай философия мен алхимия бар? Кез келген рухпен байланыс орнататындай Хайям рубаиларында қандай сыр жасырылған?

Хайям – парсы әдебиетінің сәулетшілерінің бірі. Ол туралы пікірталас жүріп жатқанына ғасырлар болды. Хайям сопы әрі діншіл адам болды ма, әлде шариғатты терістеп, ләззат алуды көздеген адам болды ма? Ақынның екіқырлы тұлғасы туралы пікір қайшылығы ақиқат болудан бұрын бір қате түсінікке негізделген.

Шын мәнінде әр адам өз көзқарасы тұрғысынан Хайямға серік болып, оның өлеңдерін талдаған. Сопылық сарынға жақындар Хайямның өлеңдерінде діни және сопылық қырларды көрнекті етіп көрсетуге тырысқан. Басқа топ Хайямды ләззат қуған дінсіз адам деп көрсету үшін оны бүкіл өлеңдерін осы сарында тәпсірлеген. Хайям өлеңдеріндегі тақырып пен мағынаның ұшқырлығынан әркім әрқилы түсінеді. Әркім өзінің идеологиялық құлшынысына қарай тәпсірлейді.

Шындығында, Хайям – құдай танушы әрі құдай іздеуші ақын. Сол себепті ол болмыс философиясында ғалам мен адамдар жаратылысы туралы толғанады. Осы ойларды оның өлеңдерінен табуға болады. Хайям елең еткізетін өлең түрінде өз ойын, ұғымын жеткізу үшін рубаи – төрттаған қалыбын таңдаған. Бұл төрттағанда Хайям өзінің философиялық ойларын ең әдемі қалыпта баяндаған. Ол рубаиларды өзінің философиялық ойларын жеткізу үшін жазған. Хайямның өз заманында ақын ретінде атағы шықпай, данышпан, философ ретінде танымал болуының себебі де осында. Бірақ кейін оның нәзік те философиялық төрттағаны айқындала бастағанда оның есімі әлемге әйгілі ақындардың қатарына енді. Хайямның өлеңдерінен байқалатын тағы бір ерекшелік: оның төрттағандары өте қарапайым да таза жазылған, әсіре поэтикалық көркемдік пен жасандылықтан ада. Оның сөздері байсалды да салмақты. Оның өлеңдері асқан шешендікпен жазылған. Хайямның барлық өлеңдері мағыналы. Ол лепірме сөз бен жағымпаздыққа ұмтылмаған. Ол данышпан хакім болғандықтан, бар күш-жігерін өз ойы мен тиісті мағынаны жеткізуге жұмсаған. Хайям өлеңдеріндегі мағыналар өте нәзік, дәл, ерекше.  Мұндай өлеңдер кез келген қиялдан, жасандылықтан жоғары тұрады. Ол әзілқой емес, сондықтан оның өлеңдері салмақты, әзіл-оспағы жоқ.

Хайям өз өлеңдерінде қолданған тақырыптардың ішінде «өлім мен өмір» екі маңызды тақырып және оның ойлау жүйесінің басты ұстыны болып табылады. Хайям өлеңдерінің көбінде дүниенің жалғандығы мен өлім тақырыбы сөз болған.

20 ғасырда өмір сүрген француз аудармашысы әрі ирантанушысы Пьер Паскаль Хайям рубаиларының француз тіліне аудармасына кіріспесінде өлімді Хайям төрттағандарының басты тақырыбы мен ерекше ойы ретінде атаған. Бұл ойдың Хайямның өлеңдерінде үстемдік еткені сонша, ол адамдарға мүмкіндікті пайдалануға кеңес берген жерде де өлім туралы айтып отырған. Бірақ бұл өлімнен қорқу дегенді білдірмейді, өйткені психологиялық қағидалар бойынша өлуден қорқатын адам мұншалықты өлім жайлы сөз қозғамайды, керісінше мүмкіндігінше бұл тақырыптан алшақ болады.

Хайям өлеңдерінің көпшілігінен өмір мен өлімнің қарама-қарсылығын көруге болады. Бұл тақырып әр төрттағанда көркем және әдемі бейнеленген. Осы қарама-қайшылықты өз өлеңдерінің көпшілігінде көрсете отырып, Хайям өз аудиториясына өмірдегі сәттердің құндылығын еске түсіруге және қолда бар уақытты пайдалануға шақыруға тырысқан.

Хайям төңірегіне терең үңіліп, құмыралар мен саз үйлерде, шөл дала мен абадталған ғимараттарының қирандыларынан өлімнің қолын көрген. Ол басы мен аяғынан бейхабар халықтың бүгіні мен өткенін ой елегінен өткізе отырып, дабыл қаққан жыр түрінде өзінің ескертуі мен зарын жазған. Ол өзінің төрттағандарының бірінде бұрын өмір сүрген және біреуді сүйген ғашықты еске алған, бірақ өлім оны жойып, құмырашылар оның топырағынан құмыра жасаған.   

Мына көзе мен сияқты зарлы ғашық болатын,

Сұлу әйелдің бұрымына байлаулы болатын.

Оның мойнында көріп тұрған гүлдесте

Сүйікті жардың мойнына асылған қол болатын.

Бұл төрттағанда Хайям оқырманға көбірек әсер ету үшін саналы түрде топырақ, саз бен көзені құнды әрі әдемі нәрсеге теңейді. Міне, осылайша оларға қалаған ұғымды көркем әрі әсерлі жеткізуді көздеген. Рубаилардың бір бөлігінде Хайям өлім туралы ештеңе айтпайды, бірақ өмірдің өтпелі екеніне сілтеме жасайды, осылайша өлімнің жақындағанын еске салып, бізге өмірдің сәттерін бағалай отырып, өлімнің ызғарлы табынан құтылуға және жеңіл өмір сүруге кеңес береді.

 

Ойшылдар мен ғұламалар мен оның ойларына қызығушылардың арасында Хайямның алатын орны ерекше. Мұнымен қоса, жазушылар арасында да беделді орынға ие. Өлеңдерінің тақырыбына байланысты ол оқырмандар арасында да танымал. Оның өлеңдерін көптеген әншілер мен суретшілер өз шығармаларында пайдаланады.

Осы көрнекті ақынның есімімен байланысты ирандық музыканың әдемі мәдени рәсімдерінің бірі – «Хайям хани» (Хайям оқулары).

Хайям оқулары немесе Хайями –  Нишапурдан Бушерге дейін шаттыққа толы философиялық рәсім ретінде қабылданатын Хайямның өлеңдерін оқу стилі. Әсіресе Иранның оңтүстігіндегі және әсіресе Бушердегі өнерпаздар арасында ерекше танымал. Мәдени және көркем мұра ретінде бұл рәсім Иранның рухани мұраларының тізімінде тіркелген.

Иранның оңтүстігі – өте қарқынды өлке. Бұл аймақтан музыканың түр-түрін кездестіруге болады. Бушерде Хайям оқуларының сарыны басқа поэтикалық оқуларға қарағанда қуаныш пен шаттыққа толы. Өйткені ол Хайямның ойымен біте қайнасып жатыр. Шын мәнінде  Хайям оқулары – бұл дүниеде бақытты өмір сүруді басты мақсат санайтын, жүрекке өткеннің мұңы мен болашақтың үрейіне жол бермейтін Хайям көзқарасына негізделген философия. Осылайша  Хайям оқулары – тек поэзия мен музыкаға толы кеш емес, бақытты өмір сүру және бүгінгі күнді қабылдау философиясы.

Айтқанымыздай, Хайямның ойынша, дүние өтпелі. Барлығына өмір сүруге және осы әлемде жүріп өтуге қысқа уақыт беріледі. Сондықтан оны пайдаланып, күндерді шаттықпен өткізген абзал.

Бушер халқы да ежелден келе жатқан дәстүр бойынша Хайямның өлеңдерін жеке жиындарда, ерлер кештерінде оқитын. Осындау әдісі келесідей: Иранның ежелгі әдет-ғұрыптарының көпшілігі сияқты ұлыларға құрмет көрсету үшін әуелі жиынның жетекшісі кіріспе ретінде Хафиздің немесе басқа да атақты ақындардың өлеңдерін оқи бастайды. Содан кейін қонақтар бірте-бірте әннің ырғағына қосылып, Хайямның төрттағандарын топ-топ болып дағыра мен сыбызғының сүйемелдеуімен айтады. Орындаудың бұл түріне ирандық музыкалық сарын әсер еткен. Бұл рәсімді орындауда ырғақты да үйлесімді қол соғылады.

Хайямның "сәтте өмір сүру" философиясын еске түсіруге тырысатын жылы сарын төрт түрлі стильде және «шәки» (скептицизм) мақамында орындалады. Және қатысушылар мен қарапайым адамдардың қолдарындағы жеті тесікті сыбызғы, темір сыбызғы, жұпты сыбызғы, тонбак пен барабан аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады. Отандық музыканың бұл түрі біркелкі және қызықсыз болып көрінбей, керісінше қызықтырақ бола түсуі үшін әуенді құбылтып, көтеріп-құлдыратумен қатар жүреді.

Хайями рәсімін қыздыру үшін олар Иранның оңтүстігінде кең таралған эпикалық музыканың түрі болып табылатын бушерлік язлелерден де көмек алады.  Мұны оңтүстік өңір тұрғындарының «сезімі мен эмоциясының ең биік көрінісі» деп атайды.

Хайями рәсімі әдетте екі бөліктен тұрады: алдымен олар Хайямға тиесілі төрттағандардың бірін оқиды, содан кейін «язле» немесе «хелалиус» орындайды. Бұл – бушерлік музыканың ескі түрлерінің бірі, оның ырғағы жылдамырақ. Қол алысу (қол шапалақтау) – бұл рәсімнің тағы бір бөлігі. Содан кейін екі немесе бірнеше рубаи оқылады және қатысушылар қайталайды. Кейде дәстүрлі билер де орындалады. Бұл бушерлік поэзия кешіне ерекше көңіл-күй сыйлайды. 

Кейбір зерттеушілердің айтуынша, 1836 жылы Хайям оқулары басталып, бұл рәсімге көпшілік тартылды. Иранның ең мықты Хайям оқушылардың бірі ретінде марқұм Хұсейн Моуджи мен марқұм Расул Шуштариді атауға болады. Сондай-ақ ұстаз Рухолла Сафави мен ұстаз Ғұламреза Вазан де осы өнерде жарқырай көрінді.

Бушердегі Хайям оқуларында ақындар мен әншілер өз талғамы мен қабілетіне сәйкес Хайямның ұйқасы мен ырғағына келтіріп, көпшілік алдында суырып салып өлең оқиды. Суырып салмалылық – кез келген адамның қолынан келе бермейтін айрықша қабілеттердің бірі. Бұл өлеңдердің шаттыққа толы болатыны сондай, қонақтардың бәрін қуантады.

Хайям оқуларының жалғасында ұстаз Ғұламреза Вазанның дауысымен оқылған өлеңді тыңдайық.

 

Хайямның философиясы, өмірге деген көзқарасы және соған қатысты мәселелер Бушер халқының өмір салты, көңіл-күйі мен мінез-құлқына ерекше үйлеседі. Бушер халқы Хайямның жолдауын өз өмірлерінің басты ұраны етіп алған сияқты. Олар шаттықта өмір сүруді күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырып алған. Қоғамтанушылардың кейбіреулерінің ойлауынша, бұл мәселеге географиялық және климаттық жағдай әсер еткен болуы мүмкін. Олардың сенімінше, Иранның оңтүстігінің ыстық ауа райы, өмірдің қиындығы және жұмыстық машақаты олардың Хайям өлеңдеріне бет бұруына себеп болды.

14 ғасырда өмір сүрген тарихшы, қоғамтанушы әрі этнограф Ибн Халдунның "әл-Ебәр" кітабында: "Ыстық аймақтарда тұратын халық арасында сезім маңызды да айрықша рөлге ие. Бұл аймақтардың халықтары музыка тұрғысынан жылдамырақ ырғақты қажет етеді",-делінген. 

Осы тұрғыдан Хайямның өлеңдері оның туған жері Нишапурдан жырақ жердегі оңтүстік тұрғындарының музыкалық күйімен үйлесіп, олардың жиындарына көрік беріп келеді.  

Ардақты ағайын, "Хәкім Омар Хайям Нишапури" атты подкастымыздың үшінші эпизоды аяқталды. Бүгінгі бағдарламада көңілдеріңізден шықты деген үміттенеміз. Подкасттың келесі әрі соңғы эпизодта Хайям өлеңдерінің жүздеген жылдардан кейін қалайша әлем поэзиясында танылғаны жайлы баяндайтын боламыз. Оның өлеңдерін алғаш рет аударған адам Фитцджеральдмен таныстырамыз. Содан соң Хайямның рубаиларын оқып, Нишапурдағы ақынның кесенесі жайлы айтып өтеміз.  

Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз. Аман-сау болыңыздар!           

Тегтер