Қаң 17, 2024 19:53 Asia/Almaty

Иран Ислам революциясын көптеген себептерге байланысты 20 ғасырдың теңдессіз революциясы деп атауға болады. Ол қазіргі заманда жоғалып кеткен діни және рухани құндылықтарға негізделген жаңа өмір салтын ұсынып, әділет, азаттық, қауіпсіздік және тәуелсіздік сияқты түбегейлі құндылықтарды алға тартқан болатын. Сондықтан бұл революцияны дұрыс түсіндіру өте маңызды. Бүгінгі подкастта Иран Ислам революциясының қалыптасу жолдарын қарастырып, оның басқа революциялардан айырмашылығы жайлы баяндаймыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Әлемнің көптеген ойшылдары мен сарапшыларының айтуынша, Иран Ислам революциясы 20 ғасырда орын алған ең ғажайып, теңдессіз әрі ерекше революциялардың бірі болды. Сол себепті бұл революция жайлы әлемде ғылыми еңбектер көп жазылған. Біліп жүргендеріңіз жақсы, бұл революция Батыс Азия аймағында орналасқан Иранда орын алса да, оның пайда болу себебі және өту тәсілі туралы еңбектер Иран мен аймақ елдерінде емес, батыстық ойшылдар тарапынан жазылып, кітап болып басылып шыққан. Мұның ең маңызды себебі мынау болуы мүмкін: Ислам революциясының ерекшеліктері батыстық ойшылдар мен сарапшылар үшін ғана емес, Батыс елдерінің саяси бақылаушылары мен саясаткерлері үшін де күтпеген жағдай болды. Мынадай сауал туындайды: Иран Ислам революциясының жеңіске жетуіне себеп болған саяси өзгерістердің қандай ерекшеліктері болды? Әлемнің көрнекті саяси сарапшылары мен тәжірибелі саясаткерлері неліктен оның үдерісін болжай алмады?

Біз "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастта осындай сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.

"Иран Ислам революциясының жеңіске жетуіне себеп болған саяси өзгерістердің қандай ерекшеліктері болды? Әлемнің көрнекті саяси сарапшылары мен тәжірибелі саясаткерлері неліктен оның үдерісін болжай алмады?" деген сұрақтарға жауап бермес бұрын саяси сарапшылар мен саясаткерлердің Иранда Ислам революциясының болатынын болжауға қауқарсыз болғанын дәлелдеу үшін мына тарихи оқиғаға тоқталу жеткілікті. Шах кезінде Иран АҚШ-тың стратегиялық одақтасы болса да, Теһрандағы АҚШ елшілігі Иранның саяси-экономикалық, әлеуметтік, әскери-қауіпсіздік мәселелері туралы ең көп нақты ақпарат жинап отырса да, Иран Ислам революциясы жеңіске жетерден 1 жыл бұрын Иран халқының шах режиміне қарсы революциялық күресі шарықтау жегіне жеткен кезде АҚШ-тың сол кездегі Президенті Джеймс Картер Теһранға сапарында Иранды Батыс Азияның тынышсыздыққа толы аймағындағы «тұрақтылық аралы» деп атады. Сондықтан сол кезде ешкім 15 айдан кейін Иранда шах режимі құлайтынына және ислам республикасына негізделген жаңа саяси жүйе құрылатынына сенген жоқ деп айтуға болады.

Енді подкасттың басында қойған маңызды сұраққа қайтып оралайық. "Иран Ислам революциясының жеңіске жетуіне себеп болған саяси өзгерістердің қандай ерекшеліктері болды? Әлемнің көрнекті саяси сарапшылары мен тәжірибелі саясаткерлері неліктен оның үдерісін болжай алмады?" Бұл сұрақтарға нақты жауап беру үшін басқа бірнеше сауалға жауап беру керек. Мысалы, Иран Ислам революциясының әлемдегі басқа революциялардан қандай айырмашылығы бар? Әлемде болған барлық революциялық өзгерістер үдерісіне қатысты жеткілікті мағлұматқа ие сарапшылар мен тарихшылар неге Ирандағы өзгерістерді түсінуге және келешек оқиғаларды болжауға қауқарсыз болып шықты? Екіншіден, Иран тарихы саяси сарапшылар мен тарихшылар үшін беймәлім бе еді? Олар неге Иранның тарихи өзгерістеріне қатысты тәжірибеге сүйеніп, 1978-1979 жылдары болған оқиғаларға нақты да дұрыс түсінік бере алмады, Иранның саяси оқиғаларын болжай алмады? Үшіншіден, Иран халқы мен революция жетекшілері шах режиміне қарсы көзқарастары мен позицияларын  ресми әрі ашық түрде жарияламады ма? Сарапшылар неге осы көзқарастарға сүйеніп, Ирандағы халықтық наразылықтардың тереңдігі мен саяси өзгерістердің бағытын нақты түсіндіре алмады?

Бір қызығы, осы үш сұрақтың да жауабы оңды. Басқа сөзбен айтқанда, түрлі елдердің саяси сарапшылары мен саясаткерлері әлемдегі басқа революциялардың қалыптасу себептері мен үдерісінен хабардар болған және Ирандағы өзгерістер жайлы толық ақпаратқа ие болған, революция жетекшілерінің ұстанымдары мен халықтың талап-тілектерін нақты бақылап отырған. Бірақ осынша нақты ғылыми мағлұматтар мен сараптамаларға қарамастан бәрін таңқалдырып Ислам революциясы қалайша жеңіске жетті? Осы сұраққа жауап беру үшін алдымен Ислам революциясының кейбір айрықша қырларына тоқталу керек. Саяси сарапшылар мен саясаткерлер Ирандағы саяси өзгерістерді дұрыс түсіне алмады, өйткені осы айрықша ерекшеліктермен таныс болмады.

Саяси сарапшылар мен саясаткерлердің Иран Ислам революциясын түсіне алмай, бұл революцияның жеңіске жететінін болжай алмауына себеп болған нәрсе наразылықтардың діни болмысы болды. Мәселені түсіндіру үшін екі жайтқа тоқталған жөн: біріншіден, жаңа дәуірде, яғни 16-17 ғасырлардан кейін әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе Батыс және Еуропа елдерінде дін  адамдардың саяси-әлеуметтік өмірінен мүлде ығыстырылды, оның ықпал аймағы адамдардың жеке өмірімен шектелді.

Бәріміз орта ғасырлардағы оқиғалардан азды-көпті хабардармыз. Христиан діні мен шіркеудің билігі Батыстағы адамдардың өмірінде қам-қайғыға толы қараңғылық орнатты. Ағартушылық дәуірі орта ғасырлардағы саяси-ақлақтық құлдырауларға жауап ретінде дін мен шіркеу билігін қатты шектеп, секуляризмді ресми түрде қабылдап, дінді саясат пен биліктен толық бөліп алғанын білеміз. Соның жалғасында дін біртіндеп қоғамдық салалардан да шығарылып, адамның Құдаймен рухани байланысы тақырыбымен шектелді. Тіпті бұдан да асып түсіп, кей жағдайда зайырлы ойлау үстемдік етіп, дін саяси-әлеуметтік саладан ғана емес, адамдардың жеке өмірінен де ығыстырылып, жалпы адамзат өмірінен толық шығарылды. Бүгінде Батыс қоғамында рухани дағдарыс немесе мағына дағдарысы деген атпен болып жатқан нәрсе – осы көзқарас пен қатынастың нәтижесі. Батыстың ойшылдары мен саясаткерлері секуляризм мен лаицизм көзілдірігімен қарап, саяси-әлеуметтік салаларда дінге минималды орын да бермеді. Ал бұл жағдайда Иранның исламдық қозғалысында халықтың жаппай мобилизациялануына себеп болған нәрсе – шиіттік діни идеологияның біріктіруші рөлі. Батыс ойшылдары 20 ғасырдың соңғы ширегінде дін тағы да адамның саяси-әлеуметтік өміріне қайта оралып, зұлымдық пен деспотизмге қарсы наразыларды біріктіре алады деп ойламаса керек.

1978-1979 жылдары болған Иран халқының революциялық қозғалысында діннің айрықша орны және оның секуляр мектептерден түбегейлі айырмашылығы туралы айтылған нәрсе әдетте оңшылдар лагеріне, яғни либерализм әлеміне қатысты болды. Бірақ оқиғаның шындығы айтылғандардан асып түседі. Қызығырақ әрі ойланарлық қисса солшылдар лагері немесе марксизмге байланысты. Өздеріңіз білетіндей, 20 ғасырдың екінші жартысында, әсіресе "қырғи қабақ" соғысы кезінде әлемде екі блок – Шығыс және Батыс блоктары саяси, әскери және идеологиялық текетірес жүргізген. Әлемнің көптеген аймақтарында отаршылық пен империализмге қарсы болған қозғалыстар мен революциялар солшылдар идеологиясының әсерімен жүзеге асырылды. Басқа сөзбен айтқанда, 20 ғасырда әлемде болған көптеген революциялардың негізі – 1917 жылғы Ресей революциясынан бастап 1949 жылғы Қытай революциясына дейін және 20 ғасырдың екінші жартысында болған басқа көптеген революциялар солшыл марксистік идеологиядан бастау алған. Бұл идеологиялық мектепте дін езілген халықты залымдар мен отаршыларға қарсы көтеріліске ынталандыруда ешқандай рөл атқармағаны былай тұрсын, керісінше өзі қалың бұқараны улайтын апиын саналды. Яғни билеуші тап үшін дін халықты ақымақтандырып, отарлайтын құрал болды. Сол себепті қатты сынға ұшырады. Солшылдар идеологиясы аясында дін езілген халықты жансындандыру үшін қолданылды және үстем таптың зұлымдығы мен қанауын ақтау құралы деп есептелді. Сол себепті бұл көзқараста революция ұғымы дін мен мазхабқа түбегейлі қайшы. Осындай идеологияның табиғи нәтижесі мынау болды: Қоғамда кез келген адам діндарлау және мүміндеу болса, көбірек қысымға ұшырайды және үстем тапқа қарсы анағұрлым пассивті болады. Сондықтан марксистер "Революцияшыл болу үшін діндарлықты қойып, коммунистік идеологияға бет бұру керек. Сонда езілгендерге төңкеріс жасаудың жолы көрсетіледі. Сонда қоғамда әлеуметтік әділеттікке қол жеткізуге болады" деген. Осындай сараптама бойынша халықтың діндар болуы ешбір жағдайда үстемшілдерге қарсы көтеріліп, азаттық әкелетін революция тудыра алмайды. Сол себепті Иранның революциялық өзгерістерін сараптағанда мынаны байқауға болады: солшылдар лагеріндегі теоретиктер мен саясаткерлердің идеялық алалығы либералдар лагеріндегілерден әлдеқайда көп әрі түбегейлі болды. Олар Иранда діни реңкке ие саяси-революциялық оқиғаларды сараптауға қабілетті болмағаны былай тұрсын, керісінше таңданыстан ауыздарын ашып қалды. Өйткені Ирандағы оқиғалар олар ойлағаннан кері бағытта дамыды.

Батыс елдерінің саяси сарапшылары мен саясаткерлерінің Иран Ислам революциясына қатысты өзгерістерді саралай алмауына себеп болған жайттардың бірі оқиғаларды руханияттың, дінбасылардың басқаруы болды. Батыс қоғамдарында секуляр ойлар үстемдік етіп, коммунистік мектеп діннің саяси өзгерістердегі орнына теріс қарағандықтан сарапшылар мен саясаткерлер Иранның революциялық өзгерістеріндегі діни идеологияға нақты түсініктеме бере алмады. Бірақ Иранның өткен бір ғасырдағы өзгерістер тарихына шолу жасау оларға осы тақырыпты түсінуге көмектесе алатын еді. Өйткені 19-20 ғасырларда руханият (дінбасылар) қоғамдағы өзгерістерде белсенді топтардың бірі болды. Бірақ осыған қатысты маңызды жайт: сарапшылар Иран тарихында үкімет пен руханияттың қарым-қатынасы туралы жан-жақты түсінікке ие болуға қабілетсіз болып шықты. Тарихи оқиғалар көрсеткендей, 15 ғасырдан бері патшалар мен дінбасылар арасында әрдайым текетірестер болғанымен, жалпы алғанда Иранда дінбасылардың басым бөлігі ешқашан саяси билікке қол жеткізуді қаламаған. Олардың өздері үшін белгілеген максималды рөлі билеушілердің ел басқару тәсілін бақылау болды. Сондай-ақ көп жағдайда руханият патшаларға демеуші болған. Бұл тақырып міндетті түрде руханияттың биліктегі патшаны қолдауымен аяқталмайды. Басқа сөзбен айтқанда, Иранда руханияттың айтарлықтай бөлігі кемінде 5 ғасыр бойы, яғни Сефевилер заманынан екінші Пехлевидің кезеңіне дейін билікті бақылау және сын айту қатынасын сақтау арқылы әрдайым азаматтық қоғамда және халық арасында бір маңызды орган ретінде патша билігінің қолдаушысы болған. 1970 жылдарда, әсіресе Иранның революциялық қозғалысының соңғы жылдарында елде болған оқиғаларда үлкен бұрылыс орын алды. Имам Хомейни алдыңғы дінбасыларға керісінше патшалықты дінге қайшы деп жариялап, патшалық жүйені алып тастап, оны республикалық жүйемен алмастыруды талап етті. Бұл үлкен оқиға болды. Оны түсіну үшін бір жағынан Иранда дін мен биліктің қатынасын, ислам, мазхаб пен шиизмді терең әрі дұрыс түсіну қажет еді. Ал екінші жағынан имам Хомейнидің революция жетекшісі ретіндегі тұлғасын нақты тану керек еді. Имам Хомейни дін мен биліктің қатынасындағы парадигмалық өзгеріс арқылы іс жүзінде Иранда 2500 жыл билік құрған патшалық жүйені жойып, исламдық идеологиядан шабыт алған, демократиялық өзекке негізделген және уақыт талабына сай жаңа жүйе құрды. Батыстың саяси сарапшылары мен саясаткерлерінің Иранның революциялық өзгерістерін түсіндіруге қауқарсыз болу себептерінің бірі осы болғаны күмәнсіз. Олар Иранның саяси-әлеуметтік өзгерістеріндегі руханияттың рөлінен дұрыс хабардар болмаған, дін, әсіресе шиіт мазхабы Иранда Ислам революциясын басқаруды мойнына ала алады деп ойламаған.   

Келесі эпизодта осы жайлы көбірек сөз қозғайтын боламыз. Және әлемдегі басқа революциялармен салыстырғанда 1979 жылы Иранда болған Ислам революциясының айрықша белгілерін талдайтын боламыз.  

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкасттың бірінші эпизодын назарларыңызда ұсындық. Бұл бағдарламаның келесі бөлімдерінде 1979 жылы Иранда болған Ислам революциясының қалыптасу үдерісіне шынайы түсінік беріліп, басқа маңызды революциялардан айырмашылықтары баяндалады.

Тегтер