Maм 17, 2016 17:48 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Рухани бағыттағы кинематография адамды өзі мен әлемнің сырлары және оның күрделіліктерімен бетпе-бет келтіріп, оны рухани дүние мен табиғаттан тыс (тылсым) әлемнің жай-жапсарын жақсырақ тануға бастап баратындығын айтқан болатынбыз.

Бірақ әрбір көрерменнің рухани бағыттағы туындыға көзқарасы осы мәселеге қатысты оның жеке наным-сенімдерінен қалыптасады. Басқа жағынан, шығарманы тудырушының сенімі туындымен етене байланыста, осындай жақындықтың әсерін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Рухани бағыттағы кинематографияның дүниежүзілік сипаттамасы «ой кинематографиясы» немесе «тылсым сырлар кинематографиясы» деген аттармен танымал. Әдетте сезілетін материалдық дүниеден тыс тақырыптар (мазмұндар) осы киножанрда жинақталған. Бұл фильмдер дүниедегі күнделікті тұрмыс-тіршілікті бейнелеген кезде болмысты көбіне тылсым дүниенің тартымды сырларымен әрлендіре көрсетеді.

Рухани бағыттағы кинематография Ирандағыдай әлемнің басқа жерлерінде де әртүрлі атаулармен қарастырылып жүр. Соңғы жылдарда әлемдік режиссерлердің арасында осындай туындылар тудыруға айтарлықтай талпыныстар жасалды. Бұл тенденция қазіргі кезде әлемнің рухани дүниеге сусап қалғандығынан туындап отыр. Өнердің басқа салаларынан, әсірее әдебиеттен оның үлгілерін көптеп көруге болады. Халықтың мінез-құлқымен біте қайнасқан кинематография да өз ғұмырының жалғасын осы рухани бағыттағы көрермендердің назарын аударуда деп біледі.

Иранда «рухани бағыттағы кинематография» деп болмыс, әлем мен адамзаттың ақиқаты жайлы сөз қозғайтын кинематографияны атайды. Бірақ осы шындықтың ар жағында құпия-сырларды ашуға да талпыныс жасалуда. Әлемнің рухани бағыттағы кинематографиясында белгілерді пайдалану негізгі принцип болып табылады, ал Иран кинематографиясында мақсатқа жету үшін кейде діни тағылым, Шығыс әдебиеті, әсіресе Иранның мистикалық әдебиеті пайдаланылады.

Рухани бағыттағы фильмдердің мазмұны жайлы әралуан сипаттама берілген. Жалпы алғанда мынадай ортақ сипаттама беруге болады: рухани бағыттағы кинематография шындық жайлы баяндайды, бірақ құпия-сырға толы шындықтарды қарастырады. Ғайыптағы дүниелермен қатар тұратын құпия – шын мәнінде рухани бағыттағы кинематографияның бір қыры. Құпияның кейбір рухани дәлелдері мыналар: адам мен әлемнің шыққан тегі мен барар жері, әлемге әсер ететін дұға сияқты механизмдер, тағдыр мен мистикалық тәжірибелер.

Осылайша, рухани бағыттағы кинематография ғайып дүние мен материалдық әлемнің жақындығын, олардың бір-бірімен біте қайнасып жатқандығын көрсетеді. Осындай кинематографияның озық туындыларында материалдық шындықтардың қатпарларында ғайып белсенді түрде ат салысады және оның адамдардың өміріне тигізетін әсерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Мысалы, бір періштенің төмен түсуі (қонуы), рух немесе басқа бір ғайыптан келген тіршілік иесінің адамға келуі осы екі дүниенің ең құпия әрі ең күрделі араласуы болып табылады. Шын мәнінде, рухани бағыттағы кинематография күнделікті материалдық шындықтарды құпияға толы рухани дүниемен қатар алып жүруді көздейді және өз көрермендеріне басқа бір әлемді таныстыруға тырысады.

Мынайдай сұрақ туындауы мүмкін: рухани бағыттағы кинематография дегеніміз діни бағыттағы кинематография ма? Барлық діни ұғымдар рухани бағыттағы кинематографияда бейнелене ала ма? Бұл сұрақтың жауабы кесімді түрде болымсыз болмақ. Діни бағыттағы кинематография рухани бағыттағы кинематография деген сөз емес, бірақ онымен байланыста. Осы екі бағыттағы кинематографияның байланысына қатысты кейбір жерінде бір-бірінен бөлек, ал кейбір бөліктерде бір-біріне ортақ екі шеңбердің қатынасын мысал ретінде айтуға болады. Яғни бір фильм діни сипатта да, рухани бағытта да бола алады. Бірақ әрбір діни фильмді рухани бағыттағы, ал кез-келген рухани бағыттағы фильмді міндетті түрде діни сипаттағы фильм деп айта алмаймыз.

Бұл саланың айырмашылығы бәрінен бұрын ғайып пен діннің айырмашылығына байланысты. Дін дегеніміз сенім, шариғат пен ғибадатта көрініс табатын тағылымдардың жиынтығы екендігін білеміз. Осы кеңістіктердің кейбіреулерінде ғайып айтарлықтай рөл атқармайды, олар тек философия, құқық және фикһке сүйенеді.

Ал рухани бағыттағы кинематографияда бұлай емес. Әрбір діннің болмысы құдай түсінігімен айқындалатындығын білеміз. Аспандық дін өзіндік рәсімдері мен дәстүрлері болса да, құдайсыз дін емес. Діннің сипаттамасында кез-келген сөзден бұрын құдай сөзінің мағынасы болуы тиіс. Осы тұрғыдан діни бағыттағы кинематографияда Алла тағаламен тікелей немесе жанама түрде байланысы бар тақырыптар қозғалады. Діни тағылымдарда кездесетін Алланың сипаттарына көңіл аудару діни бағыттағы кинематографияның негізгі өзегі бола алады. Ал рухани бағыттағы кинематографияда руханиятты құрайтын сырға толы ғайыптағы дүниелер қарастырылады. Осы аралықта құдайға ишарат етілмей, тек адам өміріндегі рухани мәселелер қарастырылуы мүмкін.

Рухани бағыттағы кинематографияның тарихы 20 ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Кинематографияның декорация жасау, жарықпен қамтамасыз ету, ауыр гриммен бояу және тағы басқа салалардағы ерекше қабілеттері (мүмкіндіктері) кейбір әдеби туындылар немесе рухани наным-сенімдерді бейнелегісі келген режиссерлер үшін үлкен көмек болды. Ол заманда рухани бағыттағы кинематографияның жеке (тәуелсіз) мағынасы болмады, бірақ белгілі бір рухани бағыттағы фильмдерді түсіру әйгілі дастандар немесе ұлы жазушылардың еңбектерін қайта жазып шығумен тең болды.

Рухани бағыттағы кинематография бірқатар өнерпаздардың көрерменге аса ұнамайтын фильмдерді түсіре бастағанынан бері шындап басталды. Бұл толқын 20 ғасырдың 30 жылдарында Францияда қалыптасты. Авангард өнерпаздар өздерінің идеяларын көрсету үшін осы баяндау тәсіліне бет бұрды.

Бүгінде рухани бағыттағы кинематография әдебиетпен қоса, дін (мазхаб) және психология ілімінен нәр алады. Дін саласындағы кейбір түсініктер еркін, жеке, тіпті пайдакүнемдік сипатта қолданылады, бірақ олардың тамыры дін жайлы бұрмаланған рауаяттар мен түсініктерден алынған. Оның үлгісін ақырзаман мен әлемнің құтқарушысы жайында түсірілген көптеген фильмдерден көруге болады. Олардың көбі иудейлік дін және тіпті христиан дінінің рауаяттарын өз фильмдеріне арқау етеді. Үлкен қаржымен түсірілетін бұл туындылар шын мәнінде сырттай діни-рухани мәнге ие, бірақ оның астарында сионистік экстремистер мен саяси билеушілердің мақсаттары таратылады.

Залым бір тұлғаның болуы – бүгінгі кинематографиядағы осы жанрдың қажетті элементтерінің бірі. Фильмнің жағымды кейіпкерлері үнемі осы залыммен күресуде болады, олар ақырында зұлымдықты жояды.

Рухани бағыттағы фильдердің келесі бір тобында жағымды кейіпкер кәміл әрі абсолютті сипатта көрініс береді, бірақ зұлымдық күшінің кұдіретінің зорлығына байланысты басқалардың көмегіне мұқтаж болады және басқаларды дайындауды өз мойнына алады. Мұндай фильмдер эпостық фильмдердің стиліне жақын келеді және кейде алып қаһарман туралы фильмдермен шатастырылады. Рухани бағыттағы мұндай фильмдер де режиссердің қаһарман туралы көзқарасымен тығыз байланысты, әдетте әлемді құтқарушы қарапайым адамдар дәрежесіне дейін төмен түсіріліп, рухани бағыт құпия мен ғайыптан алшақталынады.

Алайда рухани бағыттағы кинематографиядағы ауыр әрі күрделі бөлім – психологиялық фильмдер. Мұндай фильмдерді түсіну үшін психологиялық мектептердің теориясын жеткілікті дәрежеде біліп, оларға анализ жасай білу керек. Мысалы, Фрейдтың ойлары негізінде түсірілген психологиялық фильмдердің басқа психологтардың пікірлері негізінде түсірілген фильмдерден айырмашылығы бар. Мұндай туындыларда көрермендер сана әлемі және оның күрделіліктерімен бетпе-бет келіп, рухани бағыт адам санасының танымы дәрежесіне дейін төмен түсіріледі.

Рухани бағыттағы кинематография жайында айтылуы тиіс тағы бір мәселе: әлемнің қай жерінде болмасын осы бағытта түсірілген фильмдердің бір-бірінен айырмашылығы болады. Себебі бір мектеп пен белгілі бір принциптерге сүйеніп түсірілсе де, әр адам оны әртүрлі қабылдайды.

Кейбір осындай туындылар белгілі бір сенімді жарнамалауға бағытталған. Рухани бағыттағы фильмдерді түсірудің астарында көптеген саяси-экономикалық мақсаттар болуы мүмкін. Сондықтан да кинематографияны талдағанда осы мәселені назардан тыс қалдырып, тек туындының құрылысына көңіл аударуға болмайды. Қазіргі заманда кинематографияның әсері оны жүзден аса жыл бұрын ойлап табушылар көздеген мақсаттан әлдеқайда зор екендігі айқын.