Maм 17, 2016 18:04 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Мұджтаба Рааи х.ш.ж.с.б. 1336 жылы (1957 жылы) Исфахан қаласында дүниеге келген. Ол Өнер университетін режиссура мамандығы бойынша тамамдаған.

Қысқаметражды фильмдер саласында тәжірибе жинағаннан кейін кәсіби фильм түсіру саласындағы еңбек жолын бастады. Оның алғашқы фильмі «Адам және қару» деп аталады. Онда Саддам тәртібінің Иранға қарсы таңған соғысы жайында баяндалған. Бұл фильм Мұджтаба Рааидің дипломдық жұмысы ретінде ұсынылды. Ол кейін кинематография мамандығы бойынша сабақ беруді бастап, сонымен қатар фильм түсіруді де жалғастырып, өмірге мәңгілік туындыларын әкелді. Олардың көбісін Иранның діни немесе рухани киноларының тізіміне қосуға болады.

Мұджтаба Рааи – «Бір көбелектің туылуы», «Жеңімпаз жауынгер», «Ғазал», «Қарағай», «Хидалуға сапар», «10-шы күннің кеші» және «Торандж» атты фильмдердің авторы. Сондай-ақ ол бірнеше телехикая да түсірген.

Діни кинематографияға ерекше қырдан қарайтын Мұджтаба Рааи ол туралы: «Мен кинематографтар қоғамның пайдасына жарайтын фильмдерді түсіруге тырысулары қажет деп санаймын. Әрине, мақсатым тек қуанту ғана емес, өйткені фильмде кедейшілік тақырыбы да көтерілуі мүмкін. Бірақ оның көрсетілу тәсілі өте маңызды. Көрермен фильмді тамашалағаннан кейін үйге салы суға кеткен күйде қайтпауы тиіс. Тіпті азғындық пен жемқорлық мәселелерін баяндаған фильм де режиссер мен көрерменнің көңілін азғындық‎пен былғамайтындай етіп түсірілуі тиіс. Сондықтан осындай көзқараспен фильм түсіруді діни кинематография деп атауға болады»,-дейді.

Бұл режиссер өзінің еңбек жолында діни және рухани мәселелерді екі тәсілмен баяндады. Сондықтан оның туындыларын екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа бейне белгілер мен символдар өте аз қолданылған, діни хикая немесе қиссаны тура баяндаған фильмдері жатады. Осындай фильмдерде режиссер дін мәселесіне қатысты өзінің нақты ұстанымын білдіріп, оның адам өміріне қажет екендігін жеткізіп, өз көрерменін діни туындының қонағы етеді. Осы топтағы фильмдердің қатарына «Адам және қару» және «10-шы күннің кеші» фильмдері жатады.

Әрине, айта кетерлік жайт, мұндай фильмдердің желісі діндердің тарихы мен пайғамбарлар және шариғат мәселелерін тікелей баяндауға кіріспейді. Бірақ бұл туындыларда қазіргі заман адамының діни ұғымдармен байланысы, оның діни және рухани мәселелерге беріктік деңгейі көрсетілген. Мысалы, «Адам және қару» фильмі х.ш.ж.с.б. 1367 жылы (1988 жылы) ‎Иранға таңылған соғыстың соңында түсірілді. Бұл фильмнің хикаясы аймақты дұшпанның шеңгелінен азат етуді баяндайды. Бірақ оның арасынан біз ирандық жауынгерлердің мықты иманын көреміз. Олардың әрекеттерінен Алла жолында шейіт болу және өзін құрбандыққа шалудың жоғары құндылығын түсінеміз.

Осылайша Рааи бүгінгі хикаяларда діни және рухани тақырыптарды жобалап, кинематографияны пайдалану арқылы дінді жаңа тәсілмен баяндауға күш салуда. Ол «10-шы күннің кеші» атты фильмінде исламдық құндылықтар негізінде хикаяның негізгі сахнасын Ираққа апарып, тақырыпты имам Хұсейннің (ғ.) көтерілісі және Ашура оқиғасымен байланыстырады.

Бір дәрігер әйел «Қызыл жарты ай» қоғамының дәрігерлерімен бірге Ирак халқына көмектесу үшін осы елге аттанады. Ол өзінің жоғалған сіңлісін тауып алмаққа бел байлайды. Бұл фильм жанұялық авантюра, мелодрама тәсілі арқылы Ашура тарихын қазбалап, астыртын түрде осы оқиғаға сараптама жасап, талқылайды. Кербала мен Ашура оқиғасы негізгі оқиға желісінің тасасында қалады. Бұл оқиға жоғалған екі бөлшекті бір-біріне қосып, соғыстан бірнеше жыл бұрын бір-бірінен көз жазып қалған апалы-сіңлі әйелдерді қайта табыстырады.

Рааи фильмнің кейбір бөліктерін Кербалада, аза тұтушылар арасында, қалың жамағаттың ортасында түсірді. Бұл көріністер режиссердің шеберлігін көрсетеді. «10-шы күннің кеші» фильмі Ашура оқиғасын баяндаған басқа туындылар арасында имам Хұсейнді (ғ.) аза тұту сахналары көрсетілгендіктен деректілік пен әсерлілік тұрғысынан өте маңызды.

Мұджтаба Рааи туындыларының екінші тобы дүниеге, дін мен руханиятқа деген символдық көзқарасты көрсетеді. Режиссер бұл туындыларда тәмсіл тілін қолданады. Сыншылардың бірі осы фильм жайлы былай дейді: «Рааи – кинематография тілін жақсы түсініп, білумен қатар, әдетте жүрек сөзін айтатын режиссер. Діни тақырып оның фильмдерін рухани және наным-сенімдік фильмдердің қатарына қосты».

«Бір көбелектің дүниеге келуі», «Хидалуға сапар» және «Торандж» фильмдері осындай туындылардың қатарына жатады. Бұл фильмдерде рухани тәжірибелер саласындағы негізгі және маңызды ұғымдар тәмсілдік қиссалар және бейнелік тілмен баяндалған.

 «Бір көбелектің дүниеге келуі» фильмі эпизодикалық, бірнеше бөлімдік құрылым мен мистикалық мазмұнға ие. «Туу», «жол» және «көбелек» атты үш эпизод мистик жүріп өтетін үш сатыны бейнелейді. Бірінші эпизод – жердегі өмір, екіншісі – жер мен көктің ортасындағы өмір, ал үшіншісі – аспандық өмір.

Бірінші эпизодта жерлік адамның тәжірибесімен кездесеміз. Ол бала кезінде анасынан айырылып, өзін бүкіл әлемде жалғыз сезінеді. Ал екінші эпизодтан бір қасиетті мекенге зиярат етуге барғысы келетін адамды кездестіреміз. Ол ақиқатты іздеп шыққан жолаушы сияқты. Сапар барысында орын алған оқиғалар бір тәмсілдік-мистикалық хикаяның ерекшеліктеріне ие. Үшінші эпизодта біз өзінің бір оқушысы арқылы Құдайдың құдіретіне көз жеткізіп, соңында Құдайдың шапағатын тіпті ауылдық кішкентай баланың болмыс-бітімінен де көруге болатынын түсінген мұғаліммен кездесеміз.

Мұджтаба Рааи бірнеше жыл өткеннен кейін «Бір көбелектің дүниеге келуі» фильмінің кеңістігіне қайта оралып, діни және рухани, сонымен бір мезгілде символдық фильм түсірді. «Торандж» фильмі терең діни мағынаға ие. Бұл фильмде режиссер өзінің осыған дейінгі фильмдерінің мазмұнын жалғастыра келіп, бір діни көркем тілге жетуге талпыныс жасаған: бір атақты суретші шетелде өткен көрмесінен қайтып оралғаннан кейін өлім мәселесімен бетпе-бет келеді. Ол өзінің ескі досының «Тамұқ» атты картинасынан әсер алып, өлімді өзінен екі қадам жерде тұрғандай сезінеді. Ол әртүрлі тәсілдер арқылы өлімнен қашуға талпынады.

Рааи өзінің хикаясын жаңашыл кинематографиялық қалыпта ескі суретшінің көзқарасы тұрғысынан ұсынады. Режиссер осы фильмді түсіру барысында исламдық-ирандық сурет салу өнерінің қалыптарын пайдаланып, Иранның дәстүрлі сәулет өнерімен қоса, фильм түсірудің жаңа тәсілін қолданады. Бұл фильмнің кинематографиялық құрылымы өткен ғасырлардағы исламдық Иранның өнерлерінің құрылымына сәйкес келеді. Ескі ғимараттар, суреттер, кітаптар мен сапарнамалар, сондай-ақ ирандық өрнектер мен нақыштар осы фильмде көптеп көрініс тапқан. Мұнымен қоса, өмір мен өлім сияқты маңызды ұғымдар және өнерпаздың осы ұғымдарға көзқарасының қандай екендігі талқыланған.

Суретшінің өлім ұғымымен бетпе-бет келуі және діни мәтіндер, рауаяттар мен хадистер арқылы оны өз жанында көру дәрежесіне жетуі шын мәнінде ирандық-исламдық өнердің болмысын осы фильмде ашып көрсетеді. Суретші фильмнің бір айшықты сәтінде имам Хұсейнмен (ғ.) байланыс орнатып, шейіт болудың жоғары мәнін түсініп, оны өзінің картинасында көрсетуге мүмкіндік табады.

Бірқатар сыншылар ағымдағы жылдың ақпан айында өткен 31-ші халықаралық «Фаджр» кинофестивалінде осы фильм экрандалған соң оның баяндаудағы тәуелсіздігін, тектілігі мен діни мазмұнын мадақтады. Осы киносындарда «Торандж» фильмі құнды туынды деп сипатталды. Бұл фильмнің негізгі мазмұны негізгі кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалыстар мен текетірестермен жақсы үйлесім тапқан. Алайда бұл тақырып белгілі бір мезгіл мен мекенге тәуелді емес, әрқашан талқыланатын ішкі адами тақырып.           

Тегтер