Maм 17, 2016 18:10 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Деректі фильм саласында Саддамның Иранға қарсы соғысының алғашқы күндерінен бастап орын алған оқиғаларды бейнетаспаға түсіріп, Иранның шекаралық қалаларында жұмыс істеп, сол заманнан құнды ескерткіштер қалдырған адамдар болды.

1979 жылы ақпандағы Иран Ислам революциясынан шамамен 1 жыл 7 ай өткен еді. Барлық дүние өзгеріп, қайта құрылып, өнер мен мәдениет саласы да басқа салалар сияқты революциядан кейінгі кеңістікте еркін тыныстап жатты. Өнер иелері революция жеңіске жеткеннен кейін жаңа тәжірибелер жасап, деректі фильм түсірушілер жаңа оқиғаларды дамылсыз түсіріп, сонымен қатар бұрынғы кезеңдерден қалған әлеуметтік жағдайды тіркеумен айналысып жатқан еді.  

1359 жылы 31 шаһриварда (1980 жылы) Ирактың Баас тәртібі АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің атынан батыс пен оңтүстік-батыстан Иранға қарсы ауқымды шабуылдарды бастады. Бұл күн сегіз жылдық күрестің бастамасы болды. Мұнда Саддам Хосейннің батыстық демеушілері мен алпауыт елдер Иран халқын тізе бүктіру үшін бар күшін жиып, соғыс алаңына келді.

  Бірақ Иран дұшпандарының бұл арманы ешқашан орындалмады. Ирандық ер адамдар мен әйел адамдардың ержүректігі мен батылдығы олардың алдына бөгеттей тосқауыл болып, өздерінің діні мен Отанын қорғай алды.

Иран кинематографиясы соғыс басталғаннан бірнеше ай өткеннен кейін біртіндеп осы салаға еніп, Иран халқының Қасиетті қорғанысы жайлы фильмдер түсіре бастады.

Иран кинематографиясының соңғы отыз жылдағы озық жетістігі деп Қасиетті қорғаныс тақырыбында түсірілген фильмдерді, ал осы салада фильм түсірумен айналысқан және айналысып келе жатқан адамдарды Иранның қазір заман кинематографтары арасындағы бірнеше үздік режиссер деп ауыз толтырып айтуға болатындығында күмән жоқ.

Деректі фильм саласында Саддамның Иранға қарсы соғысының алғашқы күндерінен бастап орын алған оқиғаларды бейнетаспаға түсіріп, Иранның шекаралық қалаларында жұмыс істеп, сол заманнан құнды ескерткіштер қалдырған адамдар болды. Әрине бұл ескерткіштердің барлығы ақпараттық деректі репортаж түрінде болды. Кейде оны қарапайым адамдар дайындаған. Сондықтан олар бір стандартқа сай деректі фильмнің ерекшеліктерінен кенде. Бірақ бұл мәселе олардың жоғары тарихи құндылығын кемітпейді. Бұрынғысынша мұндай деректі фильмдерге жүгініп, олардың арасынан құнды жайттарды табуға болады.

Таңылған соғыстағы оқиғаларды таспаға түсіру үшін майданға жіберілген алғашқы топ фотографтар болған. Олар жекелей немесе ұжымдасқан түрде Иранның батыс және оңтүстік аймақтарына барып, майдандағы оқиғаларды суретке түсірген. Олар соғыс болып жатқан қалалар мен ауылдарда да болып, сол аймақтардағы күнделікті тіршілікті бақылаған.

Соғыстың бірінші күндерінен бастап майданда болып, суретке түсірген ирандық фотографтардың бірі Саид Садеғи осы жайында былай дейді: "Фотографтар ең ауыр жағдайларда жауынгерлердің жандарында болып, өздерінің кішкентай фотоаппараттарымен соғыстағы өмірді қалыпты жағдайда суретке түсірді. Сол кездегі суреттер адамдарды егжей-тегжейлі және жалпы сипатта тарихқа үңілуге шақырады. Бұл суреттер – Иран халқының өз революциясын сақтау жолында кешкен қиындықтарының көрінісі".

Саддамның Иранға қарсы соғысы үдей түскеннен кейін фильм түсірушілер, әсіресе деректі фильм түсірушілер майданға баруға мүмкіндік алып, олардың назары осы тақырыпқа шоғырланды. Махмұд Бахадори түсірген "Хоррамшахр – қанды қала" және "Ғашықтық қаласы" фильмдері 1361 жылы (1982 жылы) «Фаджр» фестивалінің алғашқы кезеңінде көрсетіліп, көпшіліктің көңілінен шыққан алғашқы туындылардың бірі болды. Мұхаммадреза Исламлу түсірген "Абадан – тәлкекке түскен қала" фильмінде де соғыстың құрбандары сөз болған. Ол да соғыстың алғашқы жылдарына қатысты деректі фильмдердің қатарына жатады.

Х.ш.ж.с.б. 1361 жылы (1982 жылы) Мехди Маданидің режиссерлығы және Фархад Сабаның операторылығымен дайындалған "Азаттық көпірі" атты екі сағаттық фильмнің революция мен Қасиетті қорғаныс жанрындағы ең маңызды тарихи-кинематографиялық құжаттардың бірі екендігінде күмән жоқ. Хоррамшахр қаласы Ирак армиясы тарапынан басып алынған соң, Иран қолбасшылары оны азат етудің әралуан жолдарын ойластырды. Осы жолдардың бірі Карун өзенінің үстіне "Азаттық" деп аталатын көпір салу болатын. "Азаттық көпірі" атты фильмде ауыр жағдайда жауынгерлердің осы көпірді салудағы талпыныстары бейнеленген. "Бейтулмұқаддас" амалдары барысында Иран армиясы осы уақытша көпір арқылы Хоррамшахр қаласына енеді. Фильмнің соңғы сахналары әсерлі музыкамен бірге сезімді баурайтын эпикалық сипатқа ие болған.

Деректі фильмдер топтамасында сейіт Мұртаза Авини – соғыстың алғашқы жылдары "Қанның жеңісі" атты топтаманы түсіріп, соғыс жайлы деректі фильмдер түсіру тәжірибесінен өтіп жүрген жастарға үлгі болған көрнекті тұлға. "Ақиқат" атты деректі жоба жасап шығарған Авинидің пайымдауынша, әрбір деректі жоба оған дейінгі топтама мен фильмнің ішінен алынып, пайда болады. Оның айтуынша, "Қан жеңісі" фильмінде Хоррамшахр құлар алдындағы қалалық қақтығыстар баяндалған. "Қан жеңісі" фильмінің эфирге шыққанына бір апта болмай-ақ, Хоррамшах құлады. Біз оқиғаның ақиқатын табу үшін қатаң қоршауда болған Абадан қаласына бардық. Осы ізденістің нәтижесі 11 бөлімде таратылған "Ақиқат" топтамасы болды. Онда Абадан, Сусангар және Дезфул қалаларында болған соғыстың екі жылындағы оқиғалар баяндалады".

Бірақ соғыс туралы деректі фильм түсіру тек бірнеше адамның қолында болған жоқ, осы салада әртүрлі топтар жұмыс істеді. "Қырық куәгер" тобы Ахваз қаласының фильм түсіруге қызығатын оқушыларынан тұрды. Бұл топ 1361 жылы (1982 жылы) “Super 8» фотоаппараттарымен майданға аттанды. Топтың 40 мүшесі бар еді, сондықтан да олар "Қырық куәгер" деген атпен танымал болды. Олардың 8 адамы фильм түсіру барысында шәһид болды, қалғандары сол уақытты деректі фильмдерде сақтауды жалғастырды. «Хоррамшахрды азат ету» фильмі – осы фильм түсірушілердің еңбегі.

Одан кейін басқа да топтар құрылды. Олардың ұжымдық жұмысының нәтижесі бір телетоптама ретінде дайындалып, ИИР Телерадио бірлестігі арналарынан көрсетілді. «Құрбан болған шәһидтер» мен «Жеңіс рауаяты» атты топтар таңылған соғыс жылдары жұмысқа кірісіп, Қасиетті қорғаныс мезеттерінен жарқын естеліктер қалдырған топтардың қатарына жатады.

Сол замандағы деректі фильмдерді дайындаған адамдардың тізіміне көз салсақ, барлық режиссерлер, операторлар мен дыбыс операторлары, Исламдық бағдар министрлігі, Сақшылар корпусының басидждері, Ислам республикасының армиясы, Исламдық үгіт-насихат ұйымы өкілдерінің майданда болғандықтарын және олардың соғыс жайлы деректі фильм түсіру тәжірибесін бастарынан өткізгендерін көреміз.

Мұхаммадреза Хонарманд түсірген «Оңтүстік майданға сәл үңілу», Әзизулла Хамиднежад режиссерлық еткен «Халабчені жоқтау» және «Биіктікте өмір сүру», Мұхаммад Тахаминежад түсірген «Қайта оралу» және «Хамуннан Хурулазимге дейін» фильмдері осы кезеңнің көрнекті деректі фильмдерінің қатарында болды. Бұл фильмдерде жауынгерлер мен соғыс алаңдары тақырыптарымен қоса, босқындар, соғыстан зардап шеккендер, тұтқыннан қайтып оралғандар, тіпті майданның арғы жағындағы шекара халқы жайында да баяндалып, өте маңызды тарихи кезеңнен шынайы куәлік беруге талпыныс жасалған. Тіпті сол замандағы деректі фильм түсірушілердің бірқатары, атап айтқанда Ибрахим Хатамикиа, Ахмадреза Дәрвиш, Расул Муллақалипур соғыс туралы деректі фильмдер дайындау және майданды суретке түсіру саласында тәжірибе жинай отырып, хикаялық кинематографияға аяқ басып, киносүйер қауымға Қасиетті қорғаныс жанрындағы кинематографиядағы ең үздік әрі кәсіби туындыларды тарту етті.

Таңылған соғыс туралы деректі фильм түсірушілердің тізіміне шолу жасағанда оның осы салаға тәжірибе жинау үшін келген немесе иман мен сенім негізінде Қасиетті қорғаныс жанрында фильм түсіруге бет бұрып, өз есімін осы жанрда мәңгілікке қалдырған адамдарға толы екендігін көреміз. Айтып өткеніміздей, осындай адамдардың бірі – сейіт Мұртаза Авини. Ол осы салада өзінің даралығымен ерекшеленеді. Оның бейнелеу, жазу және сөйлеу саласындағы естеліктері әлі күнге дейін ол кісінің шығармашылығына қызығушылық танытатын адамдардың жадында сақталған. Деректі фильм түсіру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Авини соңында осы жолда шәһид болды.

Тегтер