Maм 17, 2016 18:30 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Иран фильмдерінің шетелдерде, әлемдік қауымдастықта көрсетілуі – көптеген пікірталас пен сын тудырып, әртүрлі қырдан талқыланған маңызды тақырыптардың біріне жатады.

 Бұл көрсетілімдердің Иранның киноиндустриясына тигізетін әсерінің маңыздылығы мен ықпалы зор болғандықтан біз алдағы бірнеше бағдарламада әлемдік сахнадағы Иран кинематографиясы мен шетелдерде экрандалған және талқыланған фильмдерге тоқталамыз.

Кинофестивальдарда ой-пікірлер мен мәдениеттер алмасатындықтан ол кинематография әлемі үшін үлкен сый болып табылады. Онда тіпті экрандалмаған фильмдер де көрсетіледі. 20-ғасырдың басындағы алғашқы кинофестивальдардың негізін қалаушылар оны тек фильм көрсетілетін жер ғана емес, жергілікті кинематографияға құрмет көрсету және әртүрлі елдердің өнерпаздары арасында қарым-қатынас орнатуға арналған мүмкіндік деп атады. Қазіргі фестивальдардың өткізілу себептерінің біріне де осы мәселе жатады.

Бірақ кинематографияның өзгеруі және кинематография әлемінде фильм түсіру түрткілерінің өзгеруіне сәйкес кинофестивальдардың көбісі өз бағдарламаларына жаңа мақсаттар енгізді. Мысалы, әралуан кинематографияға қолдау көрсету, фильмге өнер ретінде баға беру, дамушы елдердің кинематографиясына көңіл аудару, жаңа дарындарды анықтау, жаңа кинематографиялық көзқарастарды таратуға қолайлы жағдай жасау.

Басқа қырдан алғанда, егер бұрын фестивальдар таңдалынған фильмдердің топтамасын көрсетіп, көптеген көрермендерге ие болса, қазір фестивальдардың өздеріне ғана тән ерекше көрермендері бар. Жалпы жұрт қабылдайтын жылтырағы көп кинодан шаршаған мұндай көрермендер кинотеатрға тек көңіл көтеру үшін ғана бармайды.

Бүгінде фестивальдардың ең көрнекті жетістігі – кинематографияның жаңа көкжиегін көрсететін режиссерлерді анықтауы. Киофестивальдар арқылы дүние жүзіне танылған әртүрлі елдердің көптеген режиссерлерінің атын атауға болады. Ларс Фон Триер, Куин ағайындылары, Квентин Тарантино, Аббас Киаростами және ондаған басқа да есімдер – кинофестивальдар болмаса, осыншалықты танылмай, фильмдері таралмай қалуы мүмкін режиссерлер.

Алайда бұл режиссерлердің өнері мен техникасы және олардың танымал болуы кинофестивальдарды ұйымдастырушылар мен өткізушілердің еңбектерін назардан тыс қалдырып, олардың бәрін бір сатыға қоюымызға себеп болмауы керек. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі кинофестивальдардың көптеген секторлары бар. Олар мазмұндық сипат, тіпті кинематографиялық ағым тудырудағы маңыздылығы тұрғысынан бөлінеді. Олардың бірқатары саудаға негізделген. Фильмдер мен киножұлдыздардың қаржылай демеушілері фестивальдарды өткізеді. Екінші топ көрермен тұрғысынан бөлінеді. Ал кейбір кинофестивальдар аз болса да, мәдени мақсаттарда өткізіледі. Оларда салыстырамалы тәуелсіздік бар. Олар кинематографияға байыппен көңіл аударады.

Мына жайт сіздерді таң қалдыруы мүмкін, бірақ мойындауымыз керек: кинофестивальдар жөнінде айтылған барлық жақсы қасиеттермен қоса, онда фильмдер үшін үлкен зиян да бар. Бұл зиянды "фестивальдық фильм" деп атайды, ол киноиндустрияға ие елдердің көбінде кездеседі. Жалған сюжетке құрылған бұлыңғыр да түсініксіз фильмдер түсіру арқылы айналадағы әлем туралы шынайы емес бейнені көрсеткен санаулы режиссерлер бар. Жалған бейнелер әрбір елдің шынайы фильм түсірушілерінің туындыларының негізгі ұғымдарына нұқсан келтіріп қана қоймай, кинофестивальдардан әралуандықты талап ететін бетке ұстар көрерменінің сеніміне де терең жарақат салады. Мұндай фильмдердің зияны осы айтылған жағдайлармен шектелмейді. Мұндай ағымдардың кең етек алуы кинематографияның жалпы әрі қалыпты үдерісіне нұқсан келтіріп, "фестивальдық фильм" деп аталатын туындылардың түсірілуіне себеп болады.

Енді Иран кинематографиясының дүниежүзілік кинофестивальдарға қатысу тарихы мен Иранда фестивальдық фильмдердің түсірілу жағдайы жөнінде сөз қозғаймыз. Иран фильмі алғаш рет 55 жыл бұрын халықаралық кинофестивальға қатысты. Х.ш.ж.с.б. 1337 жылы (1958 жылы) "Тозақтағы кеш" атты ирандық фильм Берлин кинофестивалінде көрсетілді. Одан кейін х.ш.ж.с.б. 40 жылдары (1960 жылдары) Иранның бірнеше деректі фильмі мен деректі фантастикасы халықаралық сахнаға жол тауып, алғашқы халықаралық жүлделерге ие болды.

Осы онжылдықтың аяқ шеніндегі кинематографияның жаңа толқынының фильмдері кинофестивальдарда көрсетіліп, киносыншылар мен ұйымдастырушылардың назарына ілікті. Бұл фильмдер ащы сарын мен қараңғы кеңістіктің болуына байналысты "наразы кинематография" деген атпен танымал болды. Олар режиссер үшін қаржы көзі ғана емес, цензура жасайды деп айыпталған тәртіп үшін оң ұпай болып бағаланды.

Ирандық режиссер әрі жазушы Дариуш Мехрджуи Ислам революциясына дейінгі жылдары кинофестивальдарға қатысу бойынша рекорд жасады. Оның "Сиыр", "Пошташы" және тағы бірнеше фильмі сол жылдары халықаралық кинофестивальдарға қатысып, көптеген мақтау естіді. Чикаго, Лондон, Венеция, Париж, Мәскеу, Берлин, Роттердам мен Канн кинофестивальдеріндегі жүлделер осы режиссердің Ислам революциясына дейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктерінің бір бөлігі болды.

Х.ш.ж.с.б. 1350 жылы (1971 жылы) Венеция халықаралық кинофестивалінде "Сиыр" фильмі көрсетілгеннен кейін Сержио Фрусали атты сыншы "Национе" басылымында: "Маған "Сиыр" фильмі қатты әсер етті. Ол Бунюэль мен Эйзенштейн сияқты ұлы киногерлердің туындыларын есіме түсірді. Бұл бір терең поэтикалық сюрреалистік фильм. Режиссердің жетекшілігі оның даналығы мен саналылығынан хабар береді",-деп жазды.

Ирандық фильмдердің шетелдерге шығуының ең маңызды ерекшелігі осы елдердің киносыншылары мен зиялы адамдарының танылмаған елмен танысуға құлшынысы болуы мүмкін. Олар фильмдер арқылы Иранның саяси-әлеуметтік және мәдени жағдайы жөнінде әралуан мәліметтерге қол жеткізіп, тарихи еңбектерде құпияға толы деп танылған елмен танысуды қалады.

Бірақ шындық мынада: Иранның Ислам революциясына дейінгі кинематографиясы Иран қоғамы мен халқын шынайы бейнелеуге аса көп күш салмады. Тіпті режиссер отандық көрермендерге шындықты айтуды аса қаламады. Сол жылдардағы фильмдер өте айқын екі топқа бөлінді: олардың бірі мәдени кедейлік пен бақытсыздықты көрсетіп, халықтың жалпы наным-сенімдерін сынай келе, бөгделерді мақтап-мадақтауға бейім болды. Осындай туындылар шетелдерге шығып отырды.

Кино өнімдердің басым бөлігін құрайтын туындылардың келесі бір тобы қиялдау, әлсіз сезімдерді бейнелеуді өз міндетіне алып, отандық кинотеатрларды жаулап алды. "Корпустық кинематография" деген атпен танымал бұл екінші топ сапа мен техника тұрғысынан төмен деңгейде тұрғандықтан халықаралық кинофестивальдарға шығуға ешқандай мүмкіндігі болмады. Ал керісінше ащы, пессимистік, сырттай наразы фильмдер сан жағынан аз болса да, шетелдерде ыстық ықыласқа ие болды.

Иран кинематографиясы шетелдердегі кинофестивальдарға қатысу тарихы бойында шамамен 2500 халықаралық жүлдені жеңіп алды. Статистикалық есеп бойынша, ирандық киногерлер Ислам революциясына дейінгі жылдар тек 152 жүлде алған. Қалған жүлделер Ислам революциясынан кейінгі жылдары түсірілген туындыларға берілген.

Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін фильмдерді шетелдерге жіберуде үзіліс байқалды. Бірақ х.ш.ж.с.б. 60 жылдардың соңынан бастап (1980) ирандық фильмдердің халықаралық кинофестивальдарға қатысуының жаңа кезеңі басталды. Бірте-бірте бұл көрсетілімдердің жиілегені соншалықты, Иран фильмдерінің қатысуынсыз өтетін кинофестивальдар кемде-кем болып шықты. Қазір де жалғасын тауып жатқан бұл үдеріс Иран кинематографиясы үшін жүздеген беделді халықаралық жүлде сыйлап, кейбір кезеңдерде Ирандағы фильм өндірісіне әсер етті.

Бірақ статистика тиынның бір беті, ал кинофестивальдарға қатысатын фильмдердің түрі мен сапасы, оларға айтылған мадақтар – тиынның екінші беті. Осы тақырып жайында біз келесі бағдарламада көбірек баяндайтын боламыз.

 

 

 

Тегтер