Maм 19, 2016 15:17 Asia/Almaty

Пайғамбарлар мен олардың ертегі желісіне қатысуы халық ауыз ертегілерінің маңызды мәйектерінің бірі екендігін және олардың кейіпкерлердің түсіне еніп немесе шынайы өмірлеріне келіп көмектесетінін айттық. Олар кейде өздерінің құралдары мен қаруларын кейіпкерге беру арқылы көмектеседі.

Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, кейіпкерлердің пайғамбарлар дәуірінен қалған мекендерді басып алуы – халық ауыз ертегілердің мәйектерінің бірі. Кейбір халық ауыз ертегілерінде жазушылар немесе ертегішілер ерекше ынта танытып, мұны діни оқиғаларды, әсіресе пайғамбарларға қатысты әңгімелерді қайта баяндау қалыбында келтірген, яғни, ертегінің кейіпкерін пайғамбарлардың бірінің өмірінен алынған маңызды да танымал оқиғалардың бірінен үлгі етіп алынған оқиғаларға ашық кіргізеді. Басқа пайғамбарлармен салыстырғанда Ислам пайғамбары (с.ғ.с) бұл ертегілерге азырақ кірістірілген. Мұның себебі жазушылар мен ертегішілер мұсылмандардың діни-әлеуметтік сезімдерінен хабардар болған және ертегі шығару барысында өздерінің кейіпкерлері үшін Ислам пайғамбарына (с.ғ.с) еліктеуге азырақ рөл берген. Хазірет Сүлеймен (ғ.), хазірет Ибрахим (ғ.) мен хазірет Мұсаның (ғ.) өмірлерінің оқиғалары көбірек пайдаланылған.

Пайғамбарлардың ертегілердегі рөлі бірдей емес. Хазірет Ибрахим (ғ.) сияқты кейбір пайғамбарлар көбірек қатысып, хазірет Жүніс (ғ.) сияқты кейбіреулері азырақ рөл атқарады. Хазірет Сүлейменнің (ғ.) құпияға толы тұлғасы, дін мен дүниеге қатысты ұғымдардың жиналуы, сол хазіреттің  салтанаты мен пайғамбарлық дәуірі, хазірет Қызырдың (ғ.) тірі де әсерлі тұлғасы халық ауыз әдебиетінде рөл атқаруда тиімді кейіпкерлер болып табылады.

Ертегілердің көбінде бала тілеу, ақырында бір мұғжиза, дұға, тамақ немесе белгілі бір дәрінің әсерінен қартайған шағында патшаның немесе атақты адамның балалы болуы – қартайған шағында хазірет Ибрахим (ғ.) мен әйелінің балалы болуын еске салады. «Нушафарин Гоухартадж» ертегісінде  Дамаск патшасының баласы болмайды. Файяз атты ғибадат етуші оған екі түйір бидай береді. Патша мен оның әйелі сол бидайды жегеннен кейін қызды болады. «Бади ул-Джамал уа бади ул-Малек» атты ертегіде де Мысырдың әділ патшасы сұлтан Санджар Құдайдан бала тілейді. Бірнеше жыл күткеннен кейін әйелі бір баланы дүниеге әкеліп, атын «Бади ул-Малек» деп қояды. «Шахзада Хормоз» ертегісінде  Стамбұл қаласында бір патша өмір сүріпті. Оның баласы болмапты. Бір күні дәруіш патшаның сарайына барып, патшаға балалы болатынын айтып сүйінші сұрайды. Ұл бала дүниеге келеді, оның атын «Хормоз» қояды.

«Ескендір мен айлакерлер» атты романда Ескендір патша сипатталады. Ол соғыстың алғы шебінен тысқары жерде отырып, батырлар ол үшін соғысып, Аристотель оған кеңес береді. Шын мәнінде Ескендір  белсенді кейіпкер емес, бірақ бақытты адам, басқалардың талпыныстарының жемісі оның атына тіркеледі. Бірақ екінші томда оның өзі соғыс майданына шығып, ертегінің түйткілдерін шешіп, хазірет Сүлейменнің (ғ.) дәрежесіне көтеріледі. Тіпті оны «Екінші Сүлеймен» деп те атаған. Ертегінің осы жерінде Ескендірде «Зүбәржаттан жасалған тақташа» болады. Оған қараған әрбір адам бірден құлдық ұратын болған. Насим Айяр тақташаны қолға түсіріп, Әзірейіл дию тақташаны алып, Галеннің ұсынысымен оны өзенге лақтырып жібереді. Бұл сурет диюдің Сүлейменнің сақинасын өзенге лақтырғанына ұқсас.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Бақытсыз Ахмад» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, Ахмад деген ұл шешесімен бірге өмір сүріп жатыпты.  Ол бір күні жұмыс істемекке бел байлап, жұмыс сұрап, патша сарайына барады. Сөйтіп, өзі мен шешесінің күнделікті қаражатын таппақ болады. Патша оған Жұмақ бағына барып, бір мүйізі алтын, екінші мүйізі күміс құланды алып келуді бұйырады. Қызыр пайғамбар Ахмадтың түсіне еніп, алтын-күмісті құланды қолға түсірудің жолын үйретеді. Ахмад құланды алып келіп, патшаға береді. Патша оған еңбекақы берместен, қырық тоты ағашын алып келуге бұйрық береді. Бұл жолы да Қызыр түсіне еніп, оған жол сілтейді. Ахмад осы жолы да тапсырманы орындап, ағашты патшаға береді. Патша оған шапан жабудың орнына, «Бәрекелді» деп жібере салады. Ахмад үйіне құр қол қайтады. Анасы баласының қатты қамығып келгенін көріп: «Алаңдама. Нанға мұқтаж емеспіз. Менің ұршығым айналып тұр, жібім иіріліп жатыр, нан табылады»,-дейді. Ахмад сабыр етіп, ертеңінде патшаның сарайына барып, одан жұмыс беруді сұрайды. Патша: «Бір сарай салуға болатындай пілдің сүйегін алып кел»,-дейді. Ахмад үйіне қайтып оралып, тіл қатпайды. Түнде ұйықтағанда Қызыр түсіне еніп: «Бір торсық шарап ал да, жолға шық. Пілдердің орманына жеткенде шарапты пілдерге бер. Олар шарапты ішкен соң құлап түседі. Сол кезде 10 қасапшы шығып, пілдерді өлтіріп, терісін алып, сүйектерін саған береді»,-дейді.  Ахмад ояна салып, шарап толы үлкен торсықты иығына артып  жолға шығады. Күндіз де, түнде де кейде тез, кейде баяу жүріп отырып, пілдердің орманына жетіп, шарап толы торсықтың аузын ашып, бәрін пілдерге береді. Жануарлар бір-бірден жерге құлап, кенеттен бұрыш-бұрыштан 10 қасапшы шығып, пілдерді өлтіріп, терісі мен еттерін бөліп алып, сүйектерді бірнеше пілге артып, шідерін Ахмадтың қолына ұстатып кетеді. Ахмад келген жолымен қайтып оралып, қалаға жақындағанда халық хабардар болып, патшаға хабар жеткізеді. Осы жолы ешкім оның алдынан шықпайды. Уәзір мен уәкіл патшаға «Ахмад сенің дұшпаның. Орныңнан тапжылмай отырғаның дұрыс. Өткен жолы алты рет «Бәрекелді» деп айттың, осы жолы тоғыз рет «Бәрекелді» деп айт»,-деп қорқытады. Ахмад сүйектерді патшаға апарып береді. Патша тоғыз рет: «Бәрекелді»,-дейді. Ахмад осы жолы да шапан мен пұлдан хабар жоғын түсінеді.  Қайғыға салынып қайта оралып, шешесіне: «Осы жолы да ештеңе жоқ. Ертең базарға барып, сонда жұмыс табуға тырысамын»,-дейді. Анасы: «Ақырында патша сені ақысыз қалдырмайды. Бүгін ұйықта, ертең де Құдайдың күні бар. Ертең де патша сарайына бар, міндетті түрде бірдеңе берер»,-деп жұбатады. Ахмад ұйқыға кетіп, ертеңінде таң ата тұрып, сарайға барады. Патша Ахмадты көре сала: «Соңғы шартымды да орында, сонда ақыңды төлеймін. Енді маған Шахпариан қызын алып кел»,-дейді. Ахмад бұл сөзді естігенде, қатты күрсініп, үйіне қайтып келіп, еңіреп жылайды. Шешесі жұбатып: «Құдай мейірімді. Осы жолы да ісің оңалар»,-дейді. Кеш батып, Ахмад ұйқыға кеткенде Қызыр түсіне еніп: «Ертең жолға шық. Жолайрыққа жеткенде үш кептерді көресің, біреуінің қанаты қызыл, екіншісінікі жасыл, үшіншісінікі ақ. Қызыл және жасыл қанатты кептерлер не айтса да, тыңдама. Ақ қанатты кептер айтқан жолмен жүріп отыр. Сонда өз мақсатыңа жетесің»,-дейді. Таң атқанда Ахмад бас киімі мен орамалын тағып, жолға шығады. Жолайрыққа жеткенде бір ағаштың бұтасында отырған үш кептерді көреді. Қызыл қанатты кептер Ахмадты көре салып: «Оң жаққа жүріп, менің соңымнан ер»,-дейді. Жасыл қанатты кептер: «Сол жаққа жүріп, менің соңымнан ер»,-дейді. Ақ қанатты кептер: «Құбылаға қарай жүр»,-дейді.