Иран ертегілері мен аңыздары (113)
«Мың бір түн» – адамзат тарихындағы ең бақытты кітаптардың бірі.
Бұл кітап атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа әртүрлі замандар мен әралуан жерлердегі халықтардың арасында ұзақ ғасырлар барысында қалыптасқан ертегілер жиынтығы болып табылады. Бүгінде адамдар осы кітаптан алынған жанға жайлы таңғажайып ертегілерді оқып, әртүрлі елдерде осы кітаптағы ертегілер негізінде түсірілген фильмдерді көріп, ләззат алады, алайда мыңдаған жылдар бұрын бұл кітаптың өздерінің ата-бабаларының тәулік бойғы серігі болғанын білмеуі мүмкін. Ұзақ ғасырлар бойы адамдар көздерінен оты жайнап қызығып, ертегішілердің аузына немесе кітаптың бетіне телміре қарап, одан ләззат алған.
Зерттеушілер «Мың бір түнді» әртүрлі ғасырлар мен әрқилы жерлерде өмір сүрген ертегішілердің сиқырлы ойынан туындаған деп санайды. Доктор Мұхаммад Джафар Махджубтің пікірі бойынша, «Бұл ертегілер жиынтығынан үнді, иран, араб пен еврей және мысырлық ертегілердің нышандары байқалады. Бұл кітаптың жер бетіндегі ұзақ та таусылмас сапарында көптеген таңғажайып әрі сирек кездесетін дүниелер көргені және содан сарқылмас қазына жинағаны анық. Бұл іс кітаптың шығу тегін зерттеушілердің жұмысын ауырлатты».
«Мың бір түн» немесе «Араб түндері» 1704 жылы Антони Галланд (Antoine Galland) тарапынан француз тіліне аударылып, әлемге танылды. Марзуловтың пайымдауынша, «Бұл туынды шын мәнінде бір мәдени негізге ие, алдымен Ираннан басталып, Үндістанда кемеліне жетіп, содан соң Бағдад пен Каирге барып, қазіргі қалпына жетті». Араб-ирандық тарихшы Масуди мен Бағдадта кітап сатушы болған тарихшы ибн Надимнің пайымдауынша, «Мың бір түн» Ираннан бастау алып, «Афсун» немесе «Афсане» деп аталған. Бұл екі тарихшы 10 ғасырда бұл кітаптың араб елдерінде ирандық атпен «Хезар афсан» немесе «Хезар афсане» деп танылғанын айтады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Бақытсыз Ахмад» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Ахмад есімді жігіт шешесімен бірге өмір сүріп жатыпты. Бір күні Ахмад жұмыс істегісі келіп, шешесімен екеуінің өмірлік қаражатын табу ниетімен жұмыс сұрай, патша сарайына барады. Патша оған Жұмақ бағына барып, бір мүйізі алтын, бір мүйізі күміс құланды алып келуді бұйырады. Қызыр пайғамбар Ахмадтың түсіне еніп, оған алтын-күміс мүйізді құланды ұстаудың жолын үйретеді. Ахмад құланды әкеліп, патшаға береді. Патша оған еңбекақы берместен, қырық тоты ағашын алып келуді бұйырады. Бұл жолы да Қызырдың жолнұсқауымен Ахмад тапсырманы орындайды. Ахмад ағашты патшаға бергенде ол шапан жабудың орнына алты рет «Бәрекелді» деп айтып, шығарып салады. Жолы болмағыр Ахмад бірнеше рет патша сарайына жұмыс сұрай барғанда патша оған қиын жұмыстар тапсырып, оның есесіне еңбекақы да төлемей, қайтарып отырыпты. Соңғы рет патша одан Шахпариан қызын алып келуді тапсырады. Бұл жолы да Ахмад Қызырдың нұсқауларымен жолға шығып, Қызыр айтқандай, жолда үш кептерді көреді. Олардың әрқайсысы белгілі бір бағытты нұсқайды, бірақ Ахмад Қызырдың кеңесі бойынша ақ қанатты кептер айтқан жолмен кете барады. Ахмад құбылаға қарай жүріп отырып, өзендер, ормандар мен таулардан өтіп, Жұмақ бағына жетеді. Ахмад ақ қанатты кептердің бақтың қақпасының маңдайшасына қонғанын көреді. Кептер: «Осы жерде тұра тұр. Мен өзім саған Шахпариан қызын алып келемін»,-дейді. Ахмад үндеместен қақпаның сыртында күтіп қалады. Кенеттен ақ қанатты кептер ақ тұлпарға айналып: «Шахпариан қызы келгенде не айтса да, «Мақұл» дейтін бол, басқа сөз айтушы болма»,-дейді. Тұлпар осыны айтып, баққа кіріп кетеді. Бірнеше минуттан кейін Шахпариан қызы қақпаның алдына келіп: «Мені мен ақ тұлпар тірімізде сенімен бірге боламыз. Қайғырма. Мен саған бұйырғанмын, ақырында сен патша боласың»,-дейді. Ахмад өзінің үсті-басына қарап, жыртылған ескі киімін көріп, Шахпариан қызы мазақтап, алдап тұр екен деп ойлайды. Сөйтіп тұрғанда бақтың қақпасы ашылып, Шахпариан қызы ақ тұлпар мен ақ қанатты кептермен бірге сыртқа шығады. Перизат қыз Ахмадқа: «Мін»,-дейді. Ахмад атқа мінеді. Перизат: «Жолда үш басты дию кездесіп, саған қылыш береді. Қылышты алуың керек. Содан соң бір басты дию кездесіп, саған қанжар бергісі келеді. Бұл жолы қанжарды алмауың керек»,-дейді. Ахмад келісіп, «Айт, шу, жануар» деп, шаба жөнеледі. Жүріп отырып, жүріп отырып, үш басты дию тұрған жерге жетеді. Дию оларды көргенде қылышты Ахмадқа ұсынып: «Егер Шахпариан қызын патшаға апара жатсаң, патшаны өлтіру үшін мына қылышты ал»,-дейді. Ахмад қылышты алып, қызға беріп, атқа қамшы басып жүріп кетеді. Жүріп отырып, жүріп отырып, бір басты дию тұрған жерге жетеді. Дию қанжарды Ахмадқа қарай көтеріп: «Егер патшаны өлтіргің келсе, мына қанжарды ал»,-дейді. Ахмад көңіл аудармай, шауып кете барады. Ұзақ жүріп өз қаласына келеді. Патшаға Ахмадтың Шахпариан қызымен келгені хабарланады. Патша қаланы безендіруге бұйрық береді. Ахмад та патша сарайына келіп, Шахпариан қызын патшаға тапсырады. Патша уәзір, уәкілдерімен жігітке не беру туралы кеңеседі. Олар: «Осы жолы он екі рет «Бәрекелді» деп айтыңыз»,-дейді. Патша Ахмадтың қолын алып, он екі рет «Бәрекелді» деп айтады. Ахмад ренжиді, бірақ Шахпариан қызы ақырын ғана: «Алаңдама, патшадан үйленгенге дейін қырық күн рұқсат аламын. Сол аралықта бір ебін табармыз»,-дейді. Ахмет көңілі жайланып, үйіне қайтады. Патша Шахпариан қызына уәкілін жіберіп, тура ертең некесін қиғысын келетінін айтады. Шахпариан қызы уәкілге: «Патшаға пілдің сүйегінен сарай салмайынша оған тұрмысқа шықпаймын деп айт. Патша сарай салғанша мен ғибадат етемін. Сарай дайын болғанда хабар беріңдер»,-дейді. Уәкіл патшаға қыздың шартын жеткізеді. Патшаның бұйрығымен сарай салына бастайды. Ертеңінде Ахмад патша сарайына барып, оның нөкеріне айналады. Бірнеше күн өткеннен кейін перизат қыз басқаларға байқатпай, Ахмадқа барып, оған үш басты диюдың қылышын беріп: «Мынаны үйіңе апарып тығып қой»,-дейді. Ахмад қылышты шешесі де білмейтін жерге жасырып қояды. Ахмад күнде таңертең тұрып, патшаның сарайына барып отырыпты. Бір күні патшаға сарайының дайын болғаны хабарланады. Патша Шахпариан қызына «Сарай дайын. Некеміздің қиылғанын қалаймын» деген хабар жібереді. Перизат: «Қырық сіңлім бар, әр түні бір сіңлім көрісуге келуі керек. Соңғысы келіп-кеткеннен кейін әйелің боламын»,-деп жауап береді. Патша шарасының жоқтығын біліп, келіседі. Бірінші түні сіңлілерінің бірі кептердің кейпіне еніп келеді. Перизат қыз сіңлісіне: «Сиқырлы сөз айтып, патшаны есінен тандыршы»,-дейді. Қыз сиқырлы сөз айтқанда патша өліктей сылқ етіп жерге құлап, патша сарайын айқай-шу басып кетеді. Екінші түні екінші сіңлісі келіп, сиқырлы сөз айтқанда, патша жынданып кетеді. Қысқасы, қырық түн қыздың қырық сіңлісі келіп, сиқырлы сөз айтып, патшаның басына әңгіртаяқ орнатады. Қырқыншы түні патша Шахпариан қызына хабар жіберіп: «Сылтауың бітті, енді әйеліме айналуың керек»,-дейді. Перизат: «Қарсылығым жоқ. Қаланы безендіріп, той жаса»,-деп жауап береді. Патшаның бұйрығымен қала безендіріледі. Шахпариан қызы жылдам Ахмадқа барып: «Үш басты диюдің қылышын алып кел»,-дейді. Ахмад кідірмей, қылышты алып келіп, Шахпариан қызының қолына ұстатады. Түн болғанда патша Шахпариан қызына барып, неке қию рәсімінің келісімін айқындамақ болады. Қыз патшаға: «Басыңызды жастыққа қойыңыз, мен сізге ән айтып берейін. Жақсылап ұйықтау үшін қырық түннің қиссасын айтып берейін»,-дейді. Патша басын жастыққа қояды. Перизат патша ұйықтап кеткенге дейін қисса айта береді, айта береді. Патша қатты ұйқыға кеткенде қыз қылышты алып, оның басын кесіп алады. Таң атқанда уәзір мен уәкіл келгенге дейін Ахмадқа патшаның киімін кигізіп, таққа отырғызып қояды. Сарай маңындағылар Ахмадтың патшаға айналғанын көріп, оның бұйрығымен той жасап, патша мен Шахпариан қызының некесін қияды.