Аптаның экономикалық журналы (59)
Әлемдік мұнай нарығы 2015 жылдың соңғы күндері де бағаның төмендеу үдерісіне куә болды.
Мұнай бағасының төмендеуінің жалғасында бұл маңызды шикізат тұрақсыз күндерді бастан өткеруде. Иранның шикі мұнайының бағасы соңғы күндері әр баррель үшін 30 долларға жетті. АҚШ мұнайының нарықтық бағасы 34 доллар 74 центті құраса, ал Солтүстік теңіздің мұнайы 35 долларға бағаланды.
Мұнайды тұтынушы басты елдер, соның ішінде Қытай мен Үндістан тарапынан сұраныстың азаюы және Арабстанның өз үлесінен артық мұнай ұсынуы мұнай бағасының төмендеуіне себеп болған факторлардың қатарын құрайды.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК бағалардың күрт төмендеуі мен мұнайдың артық ұсынысын назарға ала отырып, Венада өткен 2015 жылдың соңғы отырысында мұнай ұсынысын реттеуге талпыныс жасағанымен басты мәселе, яғни, ОПЕК өндірісінің деңгейін төмендету бойынша шешім қабылдай алмады.
ОПЕК қазіргі кезде ресми түрде күніне 30 миллион баррель мұнай өндіреді. Бірақ іс жүзінде ОПЕК-тің өндіріс деңгейі күніне 32 миллион баррельді құрайды. Ал ОПЕК-тен тыс өндірушілер, соның ішінде, Ресей тарапынан сұраныстан артық ұсыныстың жалғасуы және АҚШ-тың өз мұнайын әлемдік нарықтарға экспорттауға қойған шектеуін алып тастауы мұнай нарықтарына көбірек қысым түсірді.
Иран экономикасындағы мұнайдың үлесі соңғы 20 жылда орта есеппен 16 пайызды құрады. Сол себепті мұнай бағасының төмендеуі Иран экономикасының қарқынына әсер етеді. Осындай жағдайда санкциялардың әсеріне қарсы жасалған бұрынғы дайындықтар мен мұнай бағасының ауытқуларының алдында табанды болуын назарға алсақ, Иран экономикасының жағдайы басқа өндірушілерге қарағанда жақсырақ. Мұнай Иран бюджетіне әсерлі түрде ықпал етіп, жалпы бюджеттің шамамен 54 пайызын мұнай экспортынан түскен табыстар қамтамасыз еткендіктен үкіметтің бар назары шикі мұнай экспортынан түскен валюталық кірістерге тәуелділікті азайтуға бағытталған. Үкімет сондай-ақ шығыс пен кіріс арасындағы тепе-теңдікті сақтауға талпыныс жасауда.
ИИР Президенті Хасан Рухани өткен аптада өзінің 24-ші облыстық сапары аясында Рей қаласы халқының алдында сөйлеген сөзінде: «Алдағы жылға арналған бюджеттегі мұнайдың үлесі тек 25 пайызды құрайды, бірақ үкімет мұнайдың орнын басқа табыс көзімен алмастыру үшін кешенді бағдарлама жасауы керек» деді.
«Ортақ қадам» бағдарламасы мен санкциялардан кейінгі кезең – маңызды кезең. Мұнай кірістері тез арада Иран экономикасына енгізіле алады деген ой туындауы мүмкін. Алайда мұндай болжам нақты әрі кесімді емес. Үкімет бұдан да ауыр кезеңдерді бастан өткеруі мүмкін. Сол себепті қарсыласу экономикасы 11-ші үкіметтің экономикалық бағдарламаларының бұрынғысынша басты бағдары болып отыр. Осы аяда пайдалы қазбалар экспортын жақсарту және осы бөлімнің кірісін 1 миллиард 500 миллион доллардан 6 миллиард долларға дейін арттыру мақсатында үкімет алдағы он жылға арналған стратегиялық жоба қабылдады.
Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін барлық кедергілер жойылған жағдайда мұнай-химия өнімдерінен өзге өнеркәсіптіктік тауарлардың экспорты 15 миллиард доллардан 60 миллиард долларға жетеді деп күтілуде. Иран барлық санкциялар жойылғаннан кейін 20 миллиард доллар көлеміндегі шетелдік инвестицияларды тау-кен өндірісі және өңдеуші өнеркәсіпке тартуды көздеп отыр. Мамандардың пайымдауынша, егер үкімет алтыншы бағдарламаның жалпы саясаттары шеңберінде мұнайға тәуелділікті азайта алған жағдайда, бір үлкен қадам жасайды. Бірақ үкімет кірістерінің көп бөлігін құрайтын тікелей төленетін субсидияларды назарға алсақ, мұнайды Иран экономикасынан бөлудің оңай жұмыс емес әрі қысқа және ұзақ мерзімді бағдарламаларды қажет ететіндігін көреміз.
11-ші үкімет осы уақытқа дейін инфляция нарығын төмендетуде табысқа қол жеткізді. Статистика көрсеткендей, Иранның 40 пайыздан жоғары деңгейді көрсеткен инфляция нарығы үш жыл ішінде 10 пайыздан төмен деңгейге түсті. Дегенмен, инфляция нарығының төмендеуі көбінесе үкімет пен орталық банктің тежеуші қаржы және валюталық саясаттарының көмегімен орын алды. Бұл мәселе экономикалық тоқырауды күшейтеді. Осындай жағдайда осы салаға салынған санкциялардың алынуы бір мүмкіндік болғанымен Иран экономикасының барлық қиындықтарын шеше алмайды. Иран экономикасы жұмыс орындарын ашу, байлықты өндіруді кеңейту және тоқыраудан шығуға қажетті қолда бар басымдылықтар мен мүмкіндіктерді пайдалану үшін ақша нарығындағы тұрақтылық, инвестицияны ұлғайту, өндірісті қолдау мен қаржылық және банктік саясаттарды түзетуді қажет етеді.
Иран мен Арменияның ортақ әріптестіктері комиссиясының 13-ші отырысы өткен аптада Ереванда өтті.
Ортақ экономикалық және өнеркәсіптік белсенділіктерді кеңейту, энергия, әсіресе, табиғи газ алмасу, электр қуаты, Арас өзенінде ортақ су электр стансасын салу, электр желілерінің мүмкіндіктерін арттыру осы екі күндік отырыстың басты мәселелерінің қатарын құрады.
Ирандық тараптың басшысы ретінде Иранның Энергетика министрі Хамид Читчиан мен армениялық тараптың басшысы ретінде Арменияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Эрванд Захарянның төрағалығымен өткен отырыста екіжақтың түрлі салалардағы әріптестіктері, әсіресе, энергия алмасу және техникалық-инженерлік қызметтердің экспорты бөлімдеріндегі ынтымақтастықтар қарастырылды.
Иран мен Арменияның экономикалық ынтымақтастықтары ортақ комиссиясының екі күндік 13-ші отырысында банк ісі комитеті, қаржылық, инвестициялық, сауда және өнеркәсіп, тасымал, қаланы абадтандыру, ауылшаруашылық, байланыс, мәдени, туристік, жоғары білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық істер, мұнай, газ, су, қоршаған орта, қуат комитеттері ортақ әріптестіктер жолдарын қарастырды.
Иран мен Арменияның арасында қуат алмасу мөлшерін арттыру мақсатында 400 кВт-тық электр желісінің құрылысы екі тарап арасында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі. Арас өзеніндегі ортақ су электр стансасы іске қосылғаннан кейін Иран мен Армения жылына 1800 мВт көлемінде қуат өндіретін болады.
Осы аяда Армения астанасы Ереван қаласында ИИР, Армения, Грузия елдерінің энергетика министрлері және Ресей өкілінің қатысуымен электр энергиясы саласында аймақтық әріптестік құжатына қол қойылды.
ИИР электр қуаты саласындағы инвестициялармен қатар, Армениямен мұнай және газ жөнелту құбырлары құрылысының жобасы бойынша әріптестік жасайды. Иранның қайраткерлері Арменияның үшінші елдерге, соның ішінде Еуропа одағына табиғи газ экспорттау ұсынысын қарастырып жатыр.
Иран мен Арменияның жолдарын қосу, әсіресе, темір жол желілерін қосу да соңғы жылдардағы екі елдің әріптестіктерінің бір саласы болды.
Иран инфрақұрылым, абадтандыру, техникалық-инженерлік қызметтер, өнеркәсіп, тау-кен, өндіріс пен мал шаруашылығы салаларында да Армениямен әріптестік жасауға әзір. «Солтүстік-оңтүстік» дәліз жолында орналасуымен қатар, Иранда жан-жақты темір жол желілері мен порттық инфрақұрылымдардың болуы Армениямен ынтымақтастықтарда қолдануға болатын басымдылықтардың бірі саналады. Иран 2015 жылы Армениямен ең көп экономикалық қатынас жасаған төртінші ел болды. Екі елдің қайраткерлері өзара сауда айналымы мөлшерін жылына кем дегенде 1 миллиард доллар деңгейіне жеткізуге күш салуда.
Өткен аптада Каспий теңізі елдерінің тасымал министрлерінің отырысы Әзірбайжан Республикасының Тасымал министрі Зия Мамедов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов, Ресей федерациясының Көлік министрі Максим Соколов, Түркіменстанның Жол және тасымал министрінің орынбасары Анадурди Касаев пен Иранның Жол және қала құрылысы министрінің орынбасары Мохсенпур Сейедағайидің қатысуымен Теһранда өтті.
Осы отырыста Каспий теңізінің батысы мен оңтүстігіндегі темір жол тасымалы байланысының толықтырылуы қуатталды.
Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахунди Каспий теңізі жағалауындағы елдердің тасымал министрлерінің отырысының өзегі туралы: «Бұл отырыста инфрақұрылымдық үлгілер жасау, логистикалық орталықтарды дамыту, көп жақты және өзара тасымалды кеңейту қуатталды. Бұл отырыста сондай-ақ, Каспий теңізі аумағындағы жолаушылардың қатынас жолдарын ұйымдастыру және іске қосудың қажеттілігі, Каспий теңізі маңы елдерінің кеме жүргізуді кеңейту саласы басшыларының келісімін жүзеге асыру қуатталды» деді.
ИИР мен Ресей екіжақты экономикалық қатынастар деңгейін саяси қатынастар деңгейіне дейін көтереді.
Иран президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангири Теһранда Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасары Игорь Шуваловпен кездесуінде Иран мен Ресейдің қарым-қатынастарын кеңейтудің маңыздылығына тоқталып: «Теһран Мәскеумен өзінің барлық салалардағы қатынастарын кеңейтуге мүдделі» деді.
Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасары осы ел президенті Владимир Путиннің жуырда Теһранға жасаған сапары мен екі елдің арасында жасалған келісімдерге тоқталып, Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасарының сапарының екіжақты әріптестік үдерісін жылдамдатынына үміт білдірді.
Игорь Шуваловтың Теһранға сапары барысында Иран мен Ресейдің ортақ экономикалық әріптестіктері комиссиясының ирандық төрағасы әрі Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Махмұд Ваези және Игорь Шуваловтың қатысуымен мал дәрігерлік саласында екі әріптестік құжаты мен инвестицияларды қолдау көрсету келісіміне қол қойылды.
Бұл келісім екі елде инвестиция салатын барлық ресейлік және ирандық азаматтарға халықаралық және құқықтық қолдау көрсетеді. Игорь Шувалов екі елдің орталық банктері банкаралық мәселелерді шешу және ортақ жобаларды қаржыландыру үшін жақсы келісімдерге қол жеткізетініне үміт білдірді. Ол Ресейге салынған санкциялар мен Мәскеудің кейбір елдермен қарым-қатынастарының азайғанына тоқталып: «Бұл жағдай Иран үшін өз тауарларының экспортын кеңейту мақсатында Ресейдің нарықтарын пайдаланып, осы жолмен екі елдің экономикалық әріптестіктері мен сауда айналымын арттыруына жақсы мүмкіндік болып табылады» деді. Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасарымен бірге Теһранға осы елдің сауда делегациясы да келді.
Осы аптада Нью-Делиде Үндістан мен Иранның ортақ экономикалық ынтымақтастықтарының комиссиясы өтті.
Осы комиссияның соңында Иран мен Үндістанның жан-жақты экномикалық ынтымақтастықтары құжатына қол қойылды. Бұл құжат 73 тарауда түрлі экономикалық бөлімдер, соның ішінде, энергетика, инфрақұрылым, байланыс, денсаулық сақтау, туризм және сауда әріптестіктері бөлімдері бойынша реттеліп, оған Иранның Экономика және қаржы министрі мен Үндістанның Сыртқы істер министрі қол қойды.
Иран үшін кредиттік желі ашу және үндістандықтардың жобаларға қатысуы үшін Иран мен Үндістан арасында жан-жақты экономикалық құжатқа қол қойылуы, үндістандықтардың мұнай-химия, өңдеуші өнеркәсіп және мұнай салаларына инвестиция салуы үшін келісімге келу, үндістандықтардың Чабаһар-Захедан темір жол желісінің құрылысына атсалысуы үшін 85 миллион долларлық инвестициясының жүзеге асырылуы және екі елдің банктері мен сақтандыру компанияларының қатынастарын жандандыру осы келісімшартта келтірілген тараулардың қатарын құрады.