Аптаның экономикалық журналы (64)
Иранға қарсы санкциялар жойылғаннан кейін еуропалық компаниялар үшін Иранмен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту үшін бірегей мүмкіндік туындайды.
Теһран әлі де еуропалық елдердің экономикалық делегацияларының барыс-келістерінің орталығы болып отыр.
Осы аяда Германияның Сыртқы істер министрі Иран қайраткерлерімен кездесіп, екіжақты қатынастар мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту туралы сұхбаттасу үшін сейсенбі күні кешке Теһранға келді.
Франк-Вальтер Штайнмайер Теһранға жасаған қысқа сапарында Иран қайраткерлерімен, соның ішінде, президент, Сыртқы істер министрі және Ислам Кеңесі мәжілісінің төрағасымен кездесіп, кеңесті. Германия Сыртқы істер министрінің Теһранға жасаған сапарында германиялық сауда-экономикалық делегация мен сол елдің БАҚ-ның өкілдері де бірге келді.
Бірнеше күн бұрын Аустриядан жоғары дәрежелі экономикалық делегация осы елдің Экономика және туризм министрімен бірге Теһран және Шығыс Әзірбайжан облысының орталығы Табриз қаласында экономика және ортақ инвестиция салалары бойынша келіссөздер өткізу үшін Иранға сапармен келді. Осы делегацияның құрамында Аустрияның Штирия федералды жерінде орналасқан көлік жасау, тасымал, жаңартылатын энергия түрлері, экология саласындағы маңызды кәсіпорындар мен академиялық орталықтардың өкілдері де болды. Бұл экономикалық делегация Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі мен Сауда палатасының төрағасымен кездесіп, Теһран облысының өнеркәсіптік орталықтарын аралады. Аустрия Президентінің Иранға жасаған жуырдағы сапарынан кейін Аустрияның Зальцбург федералды жерінен де бір делегация Исфаһан облысына сапармен барды.
Өткен аптада Иран Президентінің Италия мен Францияға жасаған сапары кезінде ондаған экономикалық ынтымақтастық құжатына қол қойылды. Иран мен Италияның арасында 14 құжат, ал Иран мен Франция арасында шамамен 20 ынтымақтастық құжатына қол қойылды.
Осы құжаттарға қол қойылғаннан кейін санкциялар жойылғаннан кейінгі кезеңде Теһран-Париждің саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми қатынастарының қарқындауы үшін жол ашылды. Екі елдің жан-жақты және ортақ ынтымақтастықтарының көкжиегі мен жол картасын іс-жүзінде ұсынған осы құжаттарға өткен бейсенбі күні Иран мен Францияның басшылары Хасан Рухани және Франсуа Олландтың қатысуымен қол қойылды.
Бірінші құжат ретіндегі Иран мен Францияның екіжақты қарым-қатынастарын нығайтуға арналған жол картасының құжатына Иран мен Францияның Сыртқы істер министрлері қол қойды. Екі ел арасындағы қаржы ынтымақтастықтары туралы меморандумға Экономика министрлері, ал өнерәкісптік және экономика саласындағы меморандумға Иран мен Францияның Өнеркәсіп министрлері қол қойды. Жолаушылар тасымалына арналған 118 ұшақ сатып алу туралы келісімге Iran Air компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы әрі компанияның бас директоры мен Airbus компаниясының бас директоры қол қойды. Иранның тізімінен 12 дана Airbus-A380 ұшағы көзге түседі. Францияның ADP компаниясымен Имам Хомейни атындағы әуежайды кеңейту туралы келісімге қол қойылды. Осы сапар барысынла кеме қатынастарының жолы мен терминалдары туралы келісімге қол қойылды. Caicó және Golden Corp арасында жоғары технологияларды қолданып, су мен энергияны тиімді пайдалану арқылы жылына 9 мың тонна қызанақ өндірісі үшін жылыжайлық жоба саласында ауылшаруашылық келісіміне қол қойылды.
Иран Президенті Францияға сапарында осы елдің премьер-министрі Мануэль Вальспен бірге франциялық кәсіпкерлер одағы MEDEF-тің бас кеңсесіне барды. MEDEF-тің Президенті Пьер Гаттаз Руханиді жылы қарсы алып, франциялық мердігерлерден Иранға баруды сұрады. Франция премьер-министрі Мануэль Вальс Францияның Иранды модернизациялауға өз компанияларын жұмылдыруға әзір екендігін мәлімдеді.
Total мұнай компаниясы да Ираннан 150-200 мың баррель шикі мұнай сатып алатынын мәлімдеді. Peugeot Citroën зауыты да Iran Khodro компаниясымен ортақ инвестиция салу арқылы өзінің Иранға қайтып оралуы үшін жағдай тудырды. Осы ортақ инвестицияның мақсаты жылына 200 мыңға дейін көлік жасап шығару болып табылады. Peugeot Citroën компаниясының бас директоры Карлос Таварес 2017 жылдың соңына дейін компанияның ирандық сатып алушыларға жаңа технологиялармен жабдықталған көліктің жаңа үш үлгісін ұсынатындығына үміт білдірді.
Иран мен Францияның ұлттық темір жол компаниялары бірнеше салада, соның ішінде, жүрдек пойыз жолдарын кеңейту алаңында жақын ынтымақтастық жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Иранның үш әуежайын кеңейту франциялық компанияларға тапсырылды.
Иран мен Түркия сауда айналымының мөлшері қазіргі уақытта 14 миллиард долларды құрайды. Бұл деңгейді жоғарылату үшін ортақ инвестицияларды арттыру керек.
Теһран Сауда палатасының төрағасы Масуд Хансари Түркияның Газиантеп облысының Сауда палатасының төрағасы және екі елдің сауда делегацияларымен өткізген отырысында осы мәселені хабарлап: «Иранның Түркиядағы мұнай, газ, мұнай-химия мен өнеркәсіптік потенциалдары негізінде Түркиямен көбірек сауда-саттық жасауға болады» деді. Ол Иран мен Түркияның ынтымақтастықтары үшін жағдай туындағанын баяндап, қазіргі кезде Иран мен Түркияның саудасын кеңейту үшін банктік істер, тасымал, кеден және тариф бөлімдері бойынша кедергілердің бар екенін және неғұрлым тезірек оларды бейтараптандыру керектігін айтты.
Теһран Сауда палатасының төрағасы Газиантеп облысының Түркия елінде экономикалық жағдайы бойынша алтыншы орында тұрғанын айтып: «Теһран Сауда палатасы Иран өндірісінің 50 пайызын қамтамасыз етіп, түркиялық делегацияларды қабылдау және ирандық кәсіпкерлер делегациясын Түркияға жөнелту арқылы осы елмен сауда қарым-қатынастар деңгейін жоғарылата алатын елдегі ең үлкен сауда палатасына ие» деді.
Түркияның Газиантеп облысы Сауда палатасының төрағасы да осы отырыста Иранның Түркия үшін үлкен нарық екенін айтып: «Біз сауда әлемінде саяси мәселелерге назар аудармаймыз. Иранмен әріптестік жасауға мүдделіміз. Еш жағдайда бұл елден бас тартпаймыз» деді.
Газиантеп облысы Сауда палатасының төрағасы екі қала арасындағы сауда қатынастарын кеңейтуді пайдалы деп атап: «2015 жылы қол қойылған ынтымақтастық құжатына сәйкес, мақсат – Иранмен сауда айналымы деңгейін 35 миллиард долларға жеткізу. Газиантеп Сауда палатасының осы мөлшерден үлесі жоғары болады» деді.
Қазақстанның кәсіпкерлері, өнеркәсіп иелері мен Қазақстан Сауда палатасының төрағасынан құралған жүз адамдық ірі экономикалық делегациясы елдің Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешовтың жетекшілігімен Иранның қайраткерлерімен кездесіп, сұхбаттасу үшін жақында Иранға сапармен келеді.
Қазақстанның экономикалық делегациясы өзінің Иранға жасайтын үш күндік сапарында Иранның экономика бөліміндегі қайраткерлерімен кездесумен қатар, екі елдің төртінші бизнес-форумына қатысады.
Түрлі өнеркәсіптік бөлімдер, тау-кен өндірісі, тұрғын үй шаруашылығы, банк істері, тасымал және транзит, мұнай және мұнай-химия өнімдерімен алмасу, биржа, ауылшаруашылық және жеке сектор бөлімінің жұмыстарын кеңейту екі елдің экономикалық делегациялары келіссөздерінің өзекті тақырыптарының қатарын құрайды. Иран мен Қазақстанның сауда айналымы алдағы 5 жыл ішінде 5 миллиард долларға, ал екі ел арасындағы ортақ инвестицияның көлемі 2 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.
«Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейінгі экономикалық алмасулар алаңындағы келесі қадамда Иранның Экономика министрі Әли Тайебния инвестицияға қатысты екіжақты келісімге қол қою үшін сейсенбі күні Жапонияға барады.
Kyodo ақпарат агенттігінің Токиодан хабарлауынша, осы келісімге қол қойылғаннан кейін Жапонияның табиғи ресурстарға бай Иран еліне инвестиция салу үдерісінің америкалық және еуропалық компаниялар Иранның сауда мүмкіндіктерін пайдалану үшін бәсекеге түсетін кезде жеңілдейтінін жазды. Жапонияның Сыртқы істер министрі де Тайебнияның сенбі күнге дейін жалғасатын үш күндік Жапония сапарында осы елдің Сыртқы істер министрі Фумио Кисидамен кездесіп, сұхбаттасатынын мәлімдеді. Жапония – Иран мен әлемдік алпауыт елдер арасындағы ядролық келісім жүзеге асырылған соң Иранға қарсы салған санкцияларын алып тастаған ел. Бұл санкциялар Иранның мұнай және табиғи газ бөлімдеріне инвестиция салуды тоқтату мәселелесін де қамтыған болатын.
Иранның кілем экспорты қайта өркендейтін болады.
Америкалық кәсіпкерлер ирандық қолдан тоқылған кілемдерді сатып алуға мүдделік танытып отыр. Иранның АҚШ-қа кілем экспорты жақын болашақта қайта жанданады деп күтілуде.
Иранның Ұлттық кілем орталығының төрағасы Хамид Каргар «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының тараулары Ираннан АҚШ-қа кілем экпорттауға рұқсат беру мәселесін қамтығанын және Германияның DOMOTEX көрмесінде Иранның кілем экспортына қарсы санкциялардың ресми түрде жойылғанын айтты.
Иранның Ұлттық кілем орталығының төрағасы Иранға қарсы санкциялардың жойылуы Иранның кілем саласының белсенділері үшін нарықтың жаңғыруының жаршысы екенін, себебі, Иранның Үндістан және Пәкістан сияқты бәсекелестері АҚШ-тың кілем нарығының басым бөлігін басып алғанын айтты. Иранның бірнеше мың жыл тарихы бар кілем өнері әлемде бірегей орынға ие. Санкциялардың салдарынан ирандық қолдан тоқылған кілемге ең көп қызығушылық танытатын Еуропа мен АҚШ нарықтарына Иранның кілем экспортының деңгейі төмендеген болатын. Енді бұдан былай бұл сала қайта өркендейтін болды.
Осы аптада Теһранның тұрақты халықаралық көрмелер мекенінде ағаш бұйымдары мен жанама өнеркәсіптер көрмесі өтті.
14-ші Халықаралық Құрал-жабдықтар, машиналар, жиһаздар және жанама өнеркәсіптер көрмесіне 300 ирандық компания және Германия, Аустрия, Испания, Украина, АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Италия, Бельгия, Тайвань, Таиланд, Түркия, Ресей, Жапония, Қытай, Франция, Гонконг, Үндістан, Малайзия және Оңтүстік Кореяның өкілдігімен 180 шетелдік компания қатысты. Бұл көрме ағаш бұйымдары мен жиһаз саласындағы әлемдегі соңғы жетістіктерді таныстыру мақсатында өтті.