Maм 31, 2016 16:26 Asia/Almaty

«Мың бір түннің» халық ауыз әдебиетіне жататыны және оның негізінің Иранның «Хезар афсан» (Мың әпсана) кітабынан алынғаны жайында айттық.

Бұл кітап араб тіліне аударылған кезден бастап бірнеше салада байып, дамыды. Оған қосылған бірінші бөлік – Бағдадта пайда болған әрі Харун ар-Рашидтің есімімен байланысты ертегілер. Бұл ертегілердің кейбіреулері толығымен адамның қиялынан туындаған. Ал кейбіреулері бір хикая немесе шағын тарихи оқиға негізінде туындап, сол оқиғаға сәйкес болғанымен  көптеген жанама эпизодтармен толықтырылған.
 «Мың бір түн» кітабында Харун ар-Рашидтің есімі х.қ.ж.с.б. 2 ғасырдағы бай да бақытты дәуреннің белгісі ретінде аңызға толы әдемі эпизодтарда  келтірілетінін ескеру қажет. Сондықтан Харун ар-Рашидтің есімінің аталуына байланысты ертегіні Бағдадта пайда болған ертегілер қатарына жатқыза алмаймыз.
Зерттеушілер «Мың бір түн» кітабын талдай келіп, мынадай нәтижеге жеткен: саудагерлік туралы әңгімелер, Бағдад халифі қиындықтарды шешуге әсерлі түрде атсалысатын хикаялар, ғашықтық сияқты белгілі бір негізгі факторға ие берік, қысқа әрі қарапайым хикаялар Бағдадта «Мың бір түн» кітабына қосылған ертегілерге жатады. Ал әдет-ғұрыпты сипаттап, әртүрлі елдердің ерекшеліктерін баяндайтын әңгімелер мен жын-шайтандар маңызды рөл ойнайтын хикаялар, әңгіменің желісі әлсізірек әрі жөнсіз келетін әңгімелер жаңарақ саналып, Мысырдан бастау алады.
Құбыжықтар, диюлер мен жындар иран мен үндінің көне ертегілерінде де көптеп кездесіп, әңгіме желісіне араласады. Бірақ  иран мен үндінің көне ертегілерінде диюлер мен құбыжықтар тәуелсіз түрде көрініс тауып, өз еркімен әрекет етеді. Ал Мысырдың жаңарақ ертегілерінде бұл тылсым тіршілік иелері үнемі сиқырланған және сиқырдың иесі оларды уысында ұстап, олардың таңғажайып әрекеттерін басқарады. Әлгілер басыбайлы құлдай иелерінің бұйрықтарын екі етпей орындайды.
Бағдадта пайда болған ертегілерде барлық оқиғалар сиқырдың араласуынсыз қарапайым жағдайда орын алады. Жаңарақ дәуірлерге тиесілі әрі адам сенгісіз таңғажайып сиқырлы эпизодтар көптеп кездесетін мысырлық ертегілердің келесі бір бөлігінің бір мысырлық яхуди тарапынан жазылғаны анық. Ертегілердің бұл тобының «Мың бір түн» кітабындағы басқа хикаяттармен салыстырғанда көркемдік және эстетикалық құндылығы төменірек.    

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Абу Қир мен Абу Сир» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, Александрия қаласында Абу Қир есімді бояушы мен Абу Сир есімді шаштараз дос болыпты. Абу Қир өтірікші, суайт адам болған екен. Бұл екеуі жұмыстары тоқырауға ұшырағандықтан басқа қалаға барып, бақтарын сынап көрмекке бел байлайды. Сапар барысында Абу Сир кемедегі жолаушылардың шашын қиып, азық табады. Қыптан есімді бір мансап иесі Абу Сир мен оның досын кешкі ас ішуге шақырады. Абу Сир қуанып, Абу Қирге келеді. Ол әлі ұйықтап жатыр екен. Абу Қир Абу Сир келген соң оянып, алдына қойылған көп тамақты көріп, отыра қалып, жеуге кіріседі. Абу Сир оған: «Мына тамақты басқа бір кезге сақтағанымыз дұрыс. Бүгін екеумізді кемедегі бір жолаушы қонаққа шақырды»,-дейді. Абу Қир: «Теңіздің ауасынан ауырып қалдым. Сен қонаққа өзің барып кел, ал мен мына тамақты жейін»,-дейді. Абу Сир жалғыз өзі Қыптанға барып, досының келмегеніне кешірім сұрайды. Содан соң дастархан басына жайғасып, тамақ жей бастайды. Кетер кезде Қыптан оған толтырып тамақ салып беріп: «Мынаны досыңа апарып бер»,-дейді.  Абу Сир тамақ толы ыдысты алып, Абу Қирге келіп: «Қыптан – жомарт адам. Ол саған тамақ беріп жіберді. Әттең, сенің қарның тоқ»,-дейді. Абу Қир Абу Сирдың қолынан ыдысты алып, жылдар бойы тамақ жемеген адамдай қомағайланып жей бастайды. Абу Сир оған таңдана қарайды. Абу Қир асты жеп тауысады. Содан соң басын жерге қойып, қайтадан ұйқыға кетеді. Келесі күндер де осылай өтеді. 20 күннен кейін кеме жағаға келіп тоқтайды. Абу Сир мен Абу Қир кемеден түсіп, бір керуен сарайға барып, бір бөлмені жалға алады. Абу Қир бөлмеде ұзыннан түсіп ұйқыға кетеді. Абу Сир базарға барып, нан мен ет сатып алып, үйге әкеліп, тамақ жасап, дастархан жайып, Абу Қирді оятады. Абу Қир тамақ жеп алып, қайта ұйқыға кетеді. 40 күн өтеді. Осы аралықта Абу Сир күнде қаланы аралап, жұмыс істейді. Ал Абу Қир үйде тамақ ішіп, ұйықтап: «Теңіздегі сапардан әлі оңалмадым, басым ауырып тұр»,-дейді. Осылайша тағы 40 күн өтеді. 81 күн болғанда Абу Сир көп жұмыс істеп, шаршағандықтан дімкәстанып, үйден шыға алмай қалады. Керуен сарайдың күзетшісін шақырып, оларға тамақ тауып әкелуді өтінеді. Абу Қир бұрынғыдай орнынан қозғалмай ұйықтап жата береді. Абу Сирдың ауырғанына төрт күн болады. Осы аралықта  керуен сарайдың күзетшісі Абу Сирдың жалынуымен  оларға тамақ тауып әкеліп тұрыпты. Бесінші күні Абу Сир ауруы асқынғандықтан есінен танып қалады. Абу Қир тамақсыз қалып, қарны ашқаннан дегбірі қашады. Абу Сирдың жанына барып, қалтасын ақтарып, бірнеше тиын тауып алады. Тиындарды алып, досын әлгі бөлмеге қамап, есігін кілттеп, ешкімге ештеңе айтпастан керуен сарайдан шығып кетеді. Базарға барып, жаңа киім сатып алып, қаланы аралауға кіріседі. Бірнеше сағат тамашалағаннан кейін қала халқының киімдерінің түсінің кілең ақ пен қара ғана екенін байқайды. Мата бояйтын бір дүкенге барып, ондағы маталардың бәрінің қара түсті екенін көреді. Беліндегі шәлісін шешіп алып, бояушыға беріп: «Мына шәліні түрлі түсті етіп бояп беруіңді қалаймын. Қанша төлейін?»-дейді. Бояушы алатын ақысын айтады. Абу Қир: «Өте қымбат. Біздің қаламызда бояу үшін азырақ ақша алады. Мына шәліні қай түске боямақшысың?»-деп сұрайды. Бояушы таңдана қарап: «Әрине, оны қараға бояймын»,-дейді. Абу Қир: «Оны қызыл түске бояп бер»,-дейді. Бояушы: «Мен сен айтқан түсті білмеймін»,-дейді. Абу Қир: «Онда шәліні жасыл түске боя»,-дейді. Бояушы тағы: «Мен сен айтқан түсті білмеймін»,-дейді. Қысқасы, Абу Қир барлық түстердің атын атап шығыпты, бояушы олардың ешқайсысын білмейді екен. Ақырында Абу Қир: «Шәлімді бер, мен оны басқа бір бояушыға апарайын»,-дейді. Бояушы: «Біздің қалада 40 бояушы жұмыс істейді. Ешқайсысының дүкенінде қара түстен басқа түс жоқ, олар да басқа түстерді білмейді»,-дейді. Абу Қир:«Онда менің де бояушы екенімді біл. Егер маған жақсы жалақы берсең, сенің қол астыңда жұмыс істеп, қарадан басқа түстерді жасауды үйретемін. Сол кезде сенің жағдайың басқа бояушылардан жақсырақ болады»,-дейді. Бояушы: «Біз бөтен адамды өз арамызға кіргізбейміз»,-дейді. Абу Қир: «Онда мен өзім бір дүкен ашамын»,-дейді. Бояушы: «Ешқашан дүкен аша алмайсың»,-дейді. Абу Қир ашуланып, оның дүкенінен атып шығады. Ол басқа мата бояйтын дүкендерге барып, өз ұсынысын айтады, бірақ олардың барлығынан бір жауап естиді. Қатты ашуланған Абу Қир патшаның сарайына барады. Оны патшаның алдына апарған кезде тағызым етіп: «Ей, патша, мен бөтен жерден келген жолаушымын. Атым – Абу Қир, кәсібім – бояушы. Сіздің қалаңыздың бояушылары білмейтін түстерді білемін. Мысалы, жердің түсі, мармелад түсі, лимон, мандарин мен зейтүн түстері. Мен оларға әртүрлі түстерді жасауды үйреткім келді, бірақ олар қабылдамады. Сол себепті сізге олардың үстінен шағым айта келдім»,-дейді. Патша ойға батып: «Ей, бояушы, мен саған дүкен ашып, қаражатыңды да беремін. Жұмысыңды істе. Егер қаланың бояушылары келіп, саған наразылық білдірсе, маған айт. Мен оларды жазалаймын»,-дейді. Осы сөзден кейін патша қаланың ең жақсы сәулетшілерінің бірқатарын шақырып, оларға: «Мына адаммен бірге қаланы аралап, ол қалаған жерді сатып алып, сол жерге мына кісінің қалауы бойынша ғимарат салып беріңдер»,-дейді. Патша қымбат киім, 1000 алтын ділдә, екі нөкер мен алтын әбзелмен ерттелген бір атты Абу Қирге беріп: «Саған бір зәулім үй беруге бұйырамын»,-дейді. Тез арада Абу Қирге қалада теңдесі жоқ үлкен де әдемі дүкен салынады. Патша Абу Қирге істің бастапқы қаражаты ретінде 4000 алтын ділдә береді. Абу Қир дүкенге қажетті заттарды сатып алып, жұмыс істеуге дайындалады.