Иран ертегілері мен аңыздары (116)
Айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» кітабы ең үлкен әрі бай әпсаналар жиынтығы болып саналады.
Бұл кітаптың ең көне бөлігі Иранның «Мың әпсана» кітабынан алынған деген ықтимал зор. Бұл кітаптағы ертегілердің тағы бір бөлігінің мазмұны үндінің көне ертегілерінен алынған. Осының негізінде зерттеушілердің сенімінше, «Мың бір түн» кітабының таңғажайып мәйектерге негізделген ертегілерінің дені үнді және иран ертегілерінен алынған. Сондай-ақ, бұл кітап араб тіліне аударылғаннан кейін оған қосылған бірінші бөліктің көбінесе ғашықтық тақырыбындағы бағдадтық ертегілер болғанын айттық. Бұл топтағы ертегілердің барлығы дерлік халиф Харун әр-Рашид пен оның уәзірі Джавад Бармаки туралы ертегілерден тұрады.
«Мың бір түн» кітап ертегілерінің үшінші бөлігі 13-16 ғасырларда қосылған мысырлық ертегілерден тұрады. Аңшы Джузар туралы ертегі осындай ертегілердің қатарына жатады. Бұл ертегіде марокколық элементтер өте көп кездеседі. Ертегілердің тобы ғажайыптарға толы.
Батырлық роман түріндегі екі маңызды туынды – «Шах әл-Наман» ертегісі мен теңіздегі шытырман оқиғаларға толы «Синбад Бахри» ертегісі «Мың бір түн» кітабына қосылған.
«Синбад Бахри» ертегісі 19 ғасырда Басрада Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты арқылы сауда-саттық қарқындап дамып тұрған шақта шығарылған. Андре Шеделдің пайымдауынша, «Синбад» ертегісінде айтылған географиялық мәліметтер шамамен берілген. Жануарлар мен үлкен жыландар, өсімдіктер мен нулы орман жайлы оқығанда Синбадтың Сонд аралдарына сапар шеккенін айтуға болады.
Бүгінде зерттеушілер Синбад ертегісінде айтылған аймақтарды кейбір географиялық аймақтармен салыстырған. Зерттеушілердің пайымдауынша, әдетте географтар айтатын және ертегіде айтылатын Сарандиб аралы Суматра аралы болуы ықтимал. Син аралының Цейлон екені, «Морварид теңізі» Үнді мұхитының батыс бөлігіндегі Оман теңізі екені анық.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Абу Қир мен Абу Сир» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Александрия қаласында Абу Қир есімді бояушы мен Абу Сир есімді шаштараз бір-бірімен дос болыпты. Абу Қир өтірікші, суайт адам болған екен. Ал Абу Сир шыншыл әрі дұрыс жұмыс істейтін адам болыпты. Бұл екеуі жұмыстары тоқырауға ұшырағандықтан басқа қалаға барады. Сапар барысында Абу Қир тамақ ішіп алып, ұйықтай береді, ал Абу Сир тынбай жұмыс істейді. Абу Сир көп жұмыс істегендіктен ауырып қалады. Ал суайт Абу Қир науқас досын тастап кетіп, жұмыс іздеуге шығады. Әлгі қалада бояушылар қара түстен басқа түс білмейтіндіктен патшаның көмегімен жақсы кәсіп ашады.
Патша Абу Қирдің дүкеніне бояуға 500 орама мата жібереді. Абу Қир маталарды бояп, оларды кепсін деп, дүкенге қарама-қарсы жерге күннің астына іліп қояды. Осы уақытқа дейін түрлі түсті мата көрмеген жұрт маталарға таңдана қарап, Абу Қирдан түстердің атын сұрайды. Боялған маталар кепкеннен кейін Абу Қир оларды жинап алып, патшаның сарайына апарады. Патша боялған маталарды көріп қуанып, Абу Қирге көп ақша береді. Қысқасы, Абу Қир осы арқылы көп байлыққа кенеледі. Абу Қирдың аты қалада танымал болып, оның бояу дүкені «Патша бояуханасы» деген атпен танылды. Абу Қирдің тағдыры осы жерге жетті. Ал енді Абу Сирмен не болғанын көрейік.
Ол Абу Қир досы дімкәс халде тастап кеткеннен кейін үш күн ес-түссіз жатады. Төртінші күні есін жиып, ыңырси бастайды. Керуен сарайдың күзетшісі оның бөлмесінің жанынан өтіп бара жатып, ыңырсыған дауысын естиді. Күзетші бөлмеге жақын келіп, есігі жабық тұрғанын көреді. Кілтін тауып, құлыпты ашып, бөлмеге кіргенде Абу Сирдың жерде ыңырсып жатқанын көреді. Одан: «Досың қайда?»-деп сұрайды. Абу Сир: «Одан хабарсызбын. Біраз уақыт ес-түссіз жаттым. Бүгін есімді жинадым. Үйде ешкім болмады. Мен қатты ашпын. Қалтамдағы қапшықтан тиын ал да, маған тамақ алып келші»,-деп жауап береді. Күзетші Абу Сирдің қалтасынан қапшықты алып шығып қараса, бос екен. Абу Сир Абу Қирдің тиындарды алып кеткенін түсінеді. Абу Сир «аһ» ұрып: «Демек, ол менің тиындарымды алып, қашып кеткен екен ғой»,-деп, жылап, зарлай бастайды. Күзетші оны жұбатып: «Қайғырма, Құдай оның сазайын тарттырады»,-дейді де, сыртқа шығып, бір кесе ыстық көже әкеліп береді. Абу Сир ыстық көже ішіп, ол үшін Құдайдан дұға тілейді. Керуен сарайдың күзетшісі бірнеше күннен дейін Абу Сирге су мен тамақ әкеліп, оны күтеді. Біртіндеп Абу Сирдің халі жақсарады. Ол күзетшінің қамқорлығына алғыс айтып: «Ей, бауырым, егер Құдай маған күш-қуат берсе, жақсылығыңды қайтарамын»,-дейді. Күзетші: «Мен барлық істі Алланың разылығы үшін істедім. Ал енді сенің денсаулығыңың жақсарғанына қуаныштымын»,-дейді. Абу Сир керуен сарайдан шығып, қаланың базарына барып, аралауға кіріседі. Кенеттен Абу Қирдің дүкеніне кезігеді. Халық оның дүкенінің айналасына жиналып қалған екен. Алға жүріп, бір адамнан: «Бұл қандай дүкен? Халық неге жиналған?»,-деп сұрайды. Әлгі адам: «Мұнда патшаның бояуханасы орналасқан. Абу Қир атты адам – оның иесі. Бұл шебер бояушы басқа қаладан келді. Ол біздің қаланың ешбір бояушылары білмейтін түстерді біледі. Халық оның боялған маталарын тамашалауға жиналған»,-деп жауап береді. Абу Сир досының атын естігенге қуанып: «Жұмысы көп болғандықтан Абу Қир маған келмей кеткен екен ғой. Менің жақсылығымды ұмытпаған болар. Мен ол жұмыссыз әрі науқас болған кезде жұмыс істеп, қаражатын беріп тұрдым. Енді мені көрсе қуанатын шығар»,-деп ойлап, дүкенге кіреді. Абу Қир үлкен биік орындықтың үстінде отыр, 8 нөкер қолдарын кеуделеріне қойып, жанында тұр, ал 10 жұмысшы жұмыс істеп жатыр екен. Алдыға жүріп, Абу Қирдің алдына тұрып, досының оны көріп қуанып, қарсы алуын күтеді. Бірақ Абу Қирдің көзі Абу Сирге түскен кезде: «Ей, арсыз ұрлықшы, менің дүкеніме тағы да келдің бе? Бұл жерге аяғыңды аттап басуға қақың жоқ деп айтпап па едім?»,-деп айқайлайды. Содан соң нөкеріне қарап: «Мына кісіні жылдам ұстаңдар да, менің дүкенімнен сыртқа шығарып жіберіңдер»,-деп бұйырады. Нөкерлер Абу Сирді ұстап алып, дүкеннен шығарайын дегенде Абу Қир: «Менің алдыма әкеліңдер»,-деп ақырады. Нөкерлер Абу Сирді қолын байлап Абу Қирдің алдына апарады. Абу Қир қолындағы асасын көтеріп, Абу Сирдің ішін бірнеше рет ұрып: «Егер тағы бір рет осында келетін болсаң, патшаның алдына жіберемін. Ол сенің басыңды кесіп алсын»,-дейді. Абу Сир өз көзіне өзі сенбей, Абу Қирге таңдана қарап, үндемейді. Нөкерлер оны дүкеннен шығарып тастайды. Дүкенде болған адамдар Абу Қирдан: «Осындай қатынас көрсететіндей бұл кісі саған не істеп қойып еді?»-деп сұрайды. Абу Қир: «Ол талай рет менің дүкенімнен ұрлап, халықтың матасын алып кетті. Әр жолы шығынды өзім төлеп тұрдым. Сыпайы түрде одан ұрлықты қоюды сұрадым. Бірақ ол өзінің жаман ісін қоймады. Тағы да дүкеніме ұрлық жасауға келді. Сол себепті осы жолы оған ескерту жасадым. Құдай атымен ант етемін, егер тағы бір рет осында келсе, жазаласын деп патшаның алдына жіберемін»,-дейді. Абу Сир жаралы дене және шайлыққан жүрекпен керуен сарайға қайтып оралады. Бірнеше күн өз бөлмесінде қалып, жарасы жазылғанға дейін демалады. Содан соң керуен сарайдан сыртқа шығып, моншаға барғысы келеді. Бір адамнан: «Бұл қаланың моншасы қайда екен?»-деп сұрайды. Әлгі адам: «Монша деген не?»-деп таңдана сұрайды. Абу Сир: «Монша – дененің кірін жуатын жер»,-дейді. Әлгі адам: «Біз денемізді жуу үшін өзенге барамыз»,-дейді. Абу Сир әлгі қалада моншаның жоғын, халықтың монша дегеннің не екенін білмейтінін түсінеді. Басына бір ой келіп, патшаның сарайына барып, патшамен кездесуге рұқсат сұрайды. Оны патшаның алдына апарады.