Ресейдің сыртқы саясатының жаңа доктринасы жарияланды (2)
(last modified Sun, 08 Jan 2017 10:39:45 GMT )
Қаң 08, 2017 16:39 Asia/Almaty
  • Ресейдің сыртқы саясатының жаңа доктринасы жарияланды (2)

Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасын бұрынғы сыртқы саясат доктринасына қатысты өзгерістер негізінде түсінуге болады. Жаңа доктринадағы ең маңызды өзгерістер ретінде АҚШ пен НАТО-ның қоқан-лоққылары жайлы ашық түрде айтылып, Мәскеудің назарына ілінген бірқатар елдердің тізімге енгізіліп, ал басқа кейбір елдердің одан шығарылғанын айтуға болады.

Путин 2016 жылдың желтоқсан айының басында Ресей Думасында: «Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасының формасы бір қарағанда 2013 жылғы сыртқы саясат доктринасына ұқсайды. Ол кезде Украина оқиғалары және сол дағдарыс салдарынан Ресей мен Батыс елдері қарым-қатынасының өзгеруі осы құжатқа өзгерістердің енгізілуіне себеп болды»,-деп мәлімдеді. Ресей сыртқы саясатының жаңа құжатында Батыс елдерімен қатынасқа байланысты бөлім ғана өзгеріп қойған жоқ, керісінше Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай да 2013 жылғы құжатпен салыстырғанда айтарлықтай өзгерді. Ресей араб-израиль қайшылығын жан-жақты әрі тұрақты түрде шешу бағытындағы талпынысын жалғастыратынын қуаттап отыр. Қазіргі құжатта халықаралық лаңкестіктің таралуы және бөгде идеологияны таңу жайында сөз болған. Бұл идеология теріс реакцияға ұшырап, лаңкестіктің күшеюіне әкеліп соқтырды. Сондықтан жаңа құжатта РФ Президентінің лаңкестікке қарсы халықаралық коалиция құру ұсынысы қайталанған.

Жаңа құжаттың ескі құжаттан айырмашылығын жақсырақ түсіну үшін 2013 жылғы сыртқы саясаттың доктринасына шолу жасау қажет. Ресейдің Премьер-министрі Дмитрий Медведев 2013 жылы осы ел сыртқы саясатының доктринасын жариялаған соң оның негізгі тақырыптарын былайша санамалап өтті:

  • Ресей өз сыртқы саясатының бағытын Еуропа мен АҚШ-тан Шығысқа, яғни Шығыс Азия, Африка мен Латын Америкасына ауыстыруы қажет.
  • Батыс елдерімен өзара қарым-қатынаста халықаралық принциптерді сақтай отырып, Ресейдің ұлттық мүдделерін қорғау қажет. Бұл мәселе алдағы жылдарда Ресейдің АҚШ-пен қатынасына әсер ететіні сөзсіз. 2013 жылғы сыртқы саясат доктринасы Ресейдің халықаралық сахнадағы жағдайын өзгертуге және басқа елдермен, әсіресе Батыс елдерімен әріптестік жасауға белді бекем буып отырғанын көрсетті. Медведев мына мәселені баса айтты: Ресей қалыптасқан халықаралық жүйені (оның айтуынша, бірполюстік жүйені) әлемде тұрақсыздық пен қайшылық тудыратындығына байланысты қабылдамайды және бұл жүйе бірнеше полюстік жүйеге ауысуы керек. Осы доктринаның келесі бір бөлігінде Медведев Ресей азаматтарының жаны мен абырой-беделін, сондай-ақ олардың мүдделерін қай жерде болса да қорғау құқығын баса айтып, оны айқын бір басымдық деп атады.
  • Ресейдің 2013 жылғы сыртқы саясат доктринасы жарияланған соң Батыс күткен түбегейлі өзгерістер Ресейде орын алмады. Ресейдің 2013 жылғы сыртқы саясат доктринасы бұл елдің сыртқы саясатының Батыспен көбірек бәсекелесуге бағыт алғаннын көрсетеді. Медведев Ресейдің кейбір аймақтарда ерекше мүдделерінің барын қуаттады. Ол бұл аймақтардың қай жерде орналасқанына тоқталмағанымен аймақтағы соңғы өзгерістерді ескерсек, оның назарының Грузия, Украина және бұрынғы Кеңес одағы аумағындағы басқа елдерге ауып отырғанын көруге болады.
  • Медведев осы құжатты түсіндіргенде Ресейдің Батыс елдерін сынауды азайтып, жұмсағырақ дипломатия ұстанып, сындарлы диалог пен әріптестік жасау үшін жаңа ұсыныстарға қарай бет бұруға дайын екенін жариялады. Алайда сонымен бір мезгілде Ресейдің 2013 жылғы сыртқы саясат доктринасында бұл елдің АҚШ-қа біржақты негізде ұпай беруге дайын еместігі баса айтылған.
  • Медведев белсенді сыртқы саясаттың Ресейдің дамуын  жалғастырудың ең маңызды көзі екенін қуаттап, бұл елде сыртқы саясаттың бұрынғыдай Ресейдің мүдделерін қамтамасыз ету құралы ретінде қарастырылатынын көрсетуге талпыныс жасады.

Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасының жариялануы және оған Путин тарапынан қол қойылуы Мәскеудің сыртқы орта мен халықаралық қатынастардағы жаңа талаптарға жаңаша қарайтынын көрсетеді. Шын мәнінде соңғы бірнеше жылдың ішінде Шығыс Еуропада да, Таяу Шығыс аймағында да үлкен өзгерістер орын алды. Бұл Украина дағдарысына байланысты Ресей мен Батыстың Шығыс Еуропа сахнасында текетіресуіне әкеліп соқтырды. Қазіргі таңда Мәскеу Балтық және Қара теңіздері аймағында АҚШ-тың тікелей жетекшілігі мен көмектерінің арқасында орын алып жатқан НАТО-ның ауқымды сап түзеуімен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасында да бұл мәселе негізгі тақырыптардың бірі ретінде назарға алынған. Мәскеудің көзқарасынша, бұл жағдайдың жалғасуы Ресей мен Батыс арасындағы халықаралық және стратегиялық тұрақтылыққа зарар тигізеді. Осы құжатта Ресейдің АҚШ-қарсы қатаң ұстанымына керісінше Мәскеу өзінің Еуроодақпен қарым-қатынасын мүмкіндігінше сақтап, қайта жаңғыртуға талпынатын сыңайлы. Мұнымен қоса, РФ Президенті Владимир Путин Ресей Думасында сөйлеген сөзінде осы ел сыртқы саясаты доктринасының баптары туралы Ресейдің Шығысқа бет бұру саясатының іске қосылғанын хабарлады.  Путинның айтуынша, бұл мәселе осы елдің ұзақ мерзімді мүдделерін қамтамасыз етудегі рөліне байланысты уақытша емес, тұрақты түрде жалғасатын болады. Шығыс Азия елдерінің Ресейдің тарихы мен сыртқы саясатының ажырағысыз бөлігін құрайтындығы сөзсіз. Ресейдің осы уақытқа дейін аталмыш бағытта біртұтас стратегиясы болмаса да, қазіргі таңда өз елінің Азия мен Тынық мұхитында алпауыт ел екендігіне сенетін ресейліктер Ресейдің негізгі миссиясын әлемде өз орнын алу деп, сыртқы саясатты осы миссияны орындаудың құралы санайды. Олар әлі күнге дейін сыртқы сахнада Батысқа көңіл аударып, Шығыспен қарым-қатынасты дамыту қажеттігіне сенеді.

Сирия мәселесі де Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасында қарастырылған тақырыптардың бірі.  Ресей 2011 жылы Сирияда тынышсыздықтар басталғаннан бері осы елдің үкіметіне әскери және экономикалық  көмектер жібергеніне қарамастан, Сирия үкіметі мен қарулы лаңкестік топтар арасында қақтығыс күшейген соң тосын әрекет жасап, 2015 жылдың қыркүйек айында Сирия үкіметінің шақыруымен оны қолдау мақсатында осы елге әскер кіргізіп, лаңкестік топтарға қарсы әуеден зымырандық шабуылдар жасай бастады. Батыстықтар мүлде күтпеген бұл шара теңгерім таразысының басын Сирия үкіметі мен оның одақтастарына қарай өзгертті. Сондықтан бүгінде Шығыс Еуропа сахнасымен бірге Сирия сахнасы да Ресей мен Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың күш сынасатын алаңына айналды. Осы мәселелерді назарға ала отырып, Мәскеу өз сыртқы саясатының жаңа доктринасында Батыстың дұшпандық әрекеттеріне тиісті реакция білдіріп, қарымта шара қолдануға құқылы екенін баса айтты.

Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасында баса айтылған тағы бір мәселе – БҰҰ-ның рөлін қуаттау және біржақтылықтан бас тартуға шақыру. Шын мәнінде Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың қазіргі нашар қауіпсіздік жағдайының себептерінің бірі – АҚШ-тың біржақты шаралары. Бұл ел 2001 жылғы қыркүйек айының он бірінен кейін лаңкестікпен күрес сылтауымен Ауғанстан мен Иракқа әскери шабуыл жасады. Бұл шабуылдар лаңкестік пен лаңкестерді жоюға себеп болмағаны былай тұрсын, ДАИШ пен ән-Носрат сияқты жаңа тәкфирлік лаңкестік топтардың пайда болуына әкеліп соқтырды.  Бұл топтар мыңдаған адамды өлтірумен қоса, босқындар толқынының пайда болуына себеп болды. Миллиондаған адам Еуропаға қарай ағылып, Еуроодақты осы ұйым құрылғаннан бергі ең үлкен түйткілге ұшыратты.

Жалпы алғанда Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасы ресейліктердің қазіргі өзгерістер, түйткілдер мен мүмкіндіктерді назарға ала отырып аймақтық және халықаралық жағдайға жаңа көзқарасы мен Мәскеудің осы түйткілдер мен сын-қатерлерге қатынас тәсілдерін көрсетіп, басқа жағынан Ресей үшін тиімді халықаралық жүйені сипаттады. Бұл жүйе көпжақтылық және елдер арасындағы қарым-қатынасты үйлестіруші ретіндегі БҰҰ-ның жоғары рөліне негізделуі тиіс. Қорыта айтқанда, Ресей сыртқы саясатының доктринасында Ресейдің аймақтық және халықаралық өзгерістерге қаталырақ әрі агрессиясы басым көзқарасы білдіріліп, Кремльден Ресейдің ұлттық қауіпсіздігін сақтауды кепілдендіру үшін белсендірек әрі әсерлірек рөл атқару талап етілген.