Һашеми Рафсанджани – теңдессіз саясаткер 1
2017-ші жылдың қаңтар айының сегізі күні Теһран уақыты бойынша сағат 19:30-да таралған хабар әлемнің жер-жеріндегі миллиондаған ирандықтар мен Ислам революциясының жақтастарын қайғыға батырды.
Залым патшалық режимге қарсы күрескерлердің бірі әрі Ислам революциясының іргетасын қалаушы имам Хомейнидің жақын серіктерінің бірі Иранның Жүйе мүддесін анықтау алқасының төрағасы аятолла Һашеми Рафсанджани жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болды. Сол сәтте мыңдаған халық аятолла Һашеми Рафсанджани жатқан аурухананың алдында жиналды. Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи аятолла Һашеми Рафсанджанидың қайтыс болуына байланысты жолдауында: «Елу тоғыз жыл бойы әріптес әрі дос болып жүрген жолдас пен жанашырыңнан айрылу өте ауыр әрі қасіретті қайғы. Осы жылдардың ішінде басымызға көптеген қиындықтар мен ауыртпашылықтар түсті. Пікірлестігіміз мен ортақ мүдделеріміз бізді талпыныс, төзім мен тәуекелдің ортақ жолында сан рет тоғыстырды. Ол кісінің сол жылдардағы көрегендігі мен қайталанбас адалдығы онымен әріптес болған барлық адамдар үшін, әсіресе мен үшін берік тірек болды. Ол кісі шахқа қарсы күрескерлердің алғашқы буынының теңдессіз үлгісі болып табылады әрі сол қатерге толы жолда азап шеккендердің бірі болды. Елдің қауіпсіздік және барлау ұйымының (САВАК) азаптаулары мен зынданда болуы, солардың бәріне қарсы күресу, сондай-ақ Қасиетті қорғаныс пен Ислам кеңесі мәжілісі мен Эксперттер кеңесін басқару және тағы да басқа істердегі қатерлі жауапкершіліктер бұл күрескердің өмірінің жарқын сәттері болып саналады. Хашемидің қазасынан соң тарихтың шарықтаулар мен құлдырауларға толы сан түрлі кезеңдерінде ұзақ уақыт бойы ортақ тәжірибеге ие басқа ешкімнің жоқ екенін түсіндім...»,- деді.
Аятолла Һашеми Рафсанджани 1935-ші жылы Керман облысының Рафсанджан ауданының Баһреман ауылында діндар шаруаның жанұясында дүниеге келді. Ол 14 жасында исламдық ғылымдардың орталығы Құм қаласына аттанды. Діни білім алуды мақсат еткен бұл жас тез арада саяси күрескерлердің қатарына қосылды. 1953-ші жылы Мұсаддеқ үкіметіне қарсы америкалық-британиялық төңкерістен кейін Акбар Һашеми Рафсанджани өзінің саяси және мәдени жұмыстарын бастады. Сол жылдары аятолла Хаменеимен танысты. Бірақ Һашеми Рафсанджанидың өмірінің жаңа кезеңінің басталуына оның имам Хомейнимен танысуы себеп болды. Имам Хомейни ол кезде халықтың ортасында дін саласының танымал тұлғасы ретінде белгілі емес еді. Бірақ Құмның діни оқу орындарында ақылды әрі атақты ұстаз саналды. Һашеми Рафсанджани бірте-бірте имам Хомейнидің жақын шәкірттерінің қатарына қосылды. Ол білім алу және күрес саласындағы белсенділігімен бірге исламдық еңбектерді тарату сынды мәдени жұмыстармен де айналысып, бірнеше діни шәкірттің ынтымақтастығымен шиіттердің мектебі туралы еңбек жариялады.
Мұхаммад Реза Пехлеви 1953-ші жылғы төңкерістен кейін АҚШ пен Британияның жан-жақты қолдауына ие болып, өз үкіметінің негіздерін күшейтуге талпынды. Бірақ халықтың қолдауына ие болмағандықтан мақсатына жету үшін Британия мен АҚШ отаршылығының қарамағына кіруге әрекет жасады. Осы салада заңдарды өзгертіп, «Ақ революция» және «Үлкен өркениеттің дарбазасына жету» деп аталған реформалар енгізуге кірісті. Бірақ бұл реформалар шын мәнінде Иран халқын өз мәдениеті мен дінінен алыстатып, АҚШ пен Британия басқарған Батыс үкіметтерінің отарына кіру болды. Шиіттердің әйгілі діни үлгісі аятолла Бруджерди қайтыс болған соң имам Хомейни Құмның діни ортасы мен Иран деңгейінде әйгілі діни үлгі ретінде танымал болды. Имам Хомейни Һашеми Рафсанджани сынды батыл діни шәкірттерімен күрескерлерді жинап, халықты патша үкіметінің «Ақ революция» деп аталған реформалары арқылы елді отаршыларға тәуелді ететін мақсаттарынан хабардар етуге күш салды. Имам Хомейнидің әшкерелеген сөздері Мұхаммад Реза Пехлевидің үстемшіл режимін сілкіндірді. Патша режимі имам Хомейни мен шәкірттерінің әшкерелеу әрекеттеріне байланысты алаңдаушылықтардан құтылу үшін зорлық-зомбылықтарды қолданып, саяси және діни белсенділерді қамауға алып, қысым көрсетуге кірісті. Патша режимі 1963-ші жылдың наурыз айында бірінші ең үлкен діни оқу орын Фейзие медресесіне шабуыл жасап, жүздеген адамды өлтіріп, жаралап, қамауға алды. Қамауға түскен діни шәкірттердің бірі Һашеми Рафсанджани еді. Сол кезде діни шәкірттер әскерде қызмет етуден босатылған болатын. Бірақ патшаның режимі Құм діни оқу орындарын жастардан босату мақсатында діни шәкірттерді әскерге баруға мәжбүрледі. Һашеми Рафсанджани әскерге кеткен алғашқы діни шәкірттердің қатарында болды.
15-ші хордад оқиғасынан кейін Мұхаммад Реза Пехлеви режимінің әскери-қауіпсіздік күштері көптеген адамды өлтіріп, жаралап, қамауға алған соң имам Хомейнидің қозғалысы үстемшіл режимге қарсы күресін бастады. Һашеми Рафсанджани 15-ші хордад көтерілісінен кейінгі демалысынан кейін әскери базаға оралмады. Ол туған жерінде бірнеше ай жасырын өмір сүріп, Акрам Зағитердің «Палестина тарихы немесе отаршылдықтың қара әрекеттері» деген кітабын аударып, оған ішкі және сыртқы отаршылыққа қарсы наразылығын білдірген және мұсылмандардың, әсіресе Палестинаның езілген халқының жағдайы туралы кіріспе сөзін жазып, жарыққа шығарды. Бұл кітап сол күндері зиялы қауым өкілдері мен жауынгерлергн қатты әсер етті. 1964-ші жылдың қараша айыында имам Хомейнидің Түркияға, содан соң Иракқа қудалануымен Һашеми Рафсанджани мен имам Хомейнидің басқа шәкірттерінің күрестері жаңа кезеңге қадам басты. Һашеми Рафсанджани имамның режимге қарсы басқа шәкірттері мен саяси және діни белсенділер сынды бақылауға алынды. Ол сан рет патша режимінің САВАК деп аталған қауіпсіздік және барлау ұйымының қамауына түсіп, көптеген азап-қорлықтарды бастан өткерді. Бірақ абақты мен азаптар Һашеми Рафсанджани мен имам Хомейнидің басқа шәкірттерінің патшаға қарсы күрестерін тоқтата алмады. Әлибакбар Һашеми Рафсанджани абақтыда да өз рухынан айрылмады. Ол әрбір мүмкіндігін мақала немесе кітап жазуға және оларды таратуға пайдаланды. Һашеми Рафсанджани абақтыдан шыққан кездерде де өзінің міндеттерінің бірін патша режиміне қарсы саяси және діни жұмыстарымен бірге абақтыда отырған адамдардың отбасыларына қаржылай көмек көрсету санады. Ол патша режиміне қарсы күрестің негізгі тұлғаларының бірі болды. Ол Иракта, содан соң патша режиміне қарсы шерулер толқыны шегіне жеткен күндері Парижде имам Хомейнимен жақын қарым-қатынас орнатты. Имам Хомейнидің революция кеңесінің мүшелерін анықтаған тізімде Һашеми Рафсанджанидің есімі тізімнің ең басындағы есімдердің арасында болды. Һашеми Рафсанджани патша режиміне қарсы күрескерлер мен ислам қозғалысының басшысы имам Хомейнидің жақын серіктерінің бірі болғандай Ислам революциясының жеңісінен кейін де Ислам рвеолюциясының негіздерін нығайтып, Иранның дамуына маңызды атсалысқан тұлғалардың бірі болды.