Мосул – ДАИШ тарапынан адамның қадір-қасиеті жойылған жер(2)
(last modified Sun, 29 Jan 2017 12:00:56 GMT )
Қаң 29, 2017 18:00 Asia/Almaty
  • Мосул – ДАИШ тарапынан адамның қадір-қасиеті жойылған жер(2)

Бірінші бағдарламада ДАИШ лаңкестерінің Ирактың солтүстік-батысындағы Нейнава облысының орталығы Мосул қаласының мәдени, діни және тарихи болмысына қатысты ескерткіштерді жоюдағы қылмыстарына тоқтадық. Бүгінгі бағдарламада ДАИШ лаңкестерінің Мосул қаласындағы адамгершілік пен адамның қадір-қасиетіне қарсы қоршаған ортаны жою қалыбында жасаған қылмыстарын талқылаймыз.

Бүгінде қоршаған ортаның маңыздылығына күмән келтіретін ешкім жоқ. Қоршаған ортаның маңыздылығы туралы сөз қозғағанда оны жоюдың адамдардың денсаулығына қарсы ең үлкен қауіп-қатерлердің бірі болып саналатынын айтудың өзі жеткілікті. Басқаша айтқанда, қоршаған орта мен адамдардың денсаулығының арасында тікелей байланыс бар. Әртүрлі елдерде халық қоршаған ортаның жағдайына алаңдап, тіпті бұл тақырып әлемдік деңгейдегі алаңдаушылыққа айналған шақта ДАИШ лаңкестері Мосулда қоршаған ортаны жойып жатыр. Шын мәнінде лаңкестер Мосулдағы адамдарды оқ ату, дарға асу және бауыздау арқылы ғана өлтірген жоқ, қоршаған ортаны ластау арқылы да адамдардың шығынын арттырды.

Халықаралық ұйымдар Мосулда қоршаған орта апатының туындағанына қатысты ескерту жасады

Қоршаған ортаны ластау арқылы өлтірудің басқа тәсілдерден айырмашылығы мынада: фотоаппараттар мен бейнекамералар ластанудан қаза болғандарды көре алмайды, ал адамдарды бауыздау, дарға асу мен жарымжан ету фактілерін ақпарат құралдары сурет пен бейнетаспаға түсіріп таратады. Бұл әрбір адамның жүрегін ауыртады. Басқа бір мәселе мынада: оқ ату, бауыздау, өртеу және осыған ұқсас кез-келген тәсілмен өлтіру ең қысқа уақытта орын алады, ал қоршаған ортаны ластау жылдам әсер етіп қана қоймайды, болашақта ұзақ мерзімді әсерге де ие болып, адамдардың, әсіресе балалардың болашағына қатер төндіреді. Қоршаған ортаға қауіп-қатерлер тек шұғыл өлімге әкеліп соқтырмайды, қысқа мерзімде және ұзақ мерзімде  адамдар үшін ауыр да жеңіл физикалық зақымдарды да ала келеді.  Мына жайт та маңызды: қоршаған ортаға тиетін қауіп-қатерлер елдердің азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесі, ауыл шаруашылығы мен табыс табу көздеріне теріс әсер етеді. Бұл ащы оқиға жалпы түрде Иракта, жеке түрде Мосул қаласында орын алды. Мосулдың Ирактың солтүстік аймақтарының сауда-экономикалық орталығы саналатынын ескерсек, бұл қалада қоршаған ортаны жоюдың мүмкіндіктері өте көп. Бұл ДАИШ лаңкестерінің қылмыстық болмысы үшін де тиімді.   

Мосул қаласындағы маңызды салалардың бірі – геоэкономикалық сала. Осы негізде ДАИШ лаңкестерінің Ирактың солтүстік-батысындағы Нейнава облысының орталығы Мосул қаласының қоршаған ортасына қарсы қылмыстарына қатысты көптеген деректер бар. Осы куәлердің ең маңыздылары төмендегідей:

Мосулда көптеген мұнай кеніштері бар. Олардың 95 пайыздан астамы Мосулдың оңтүстігіндегі әл-Қиара ауданында орналасқан, бірақ лаңкестер бұл қуат көздерін ұрлап, содан алынатын табысты өздерінің лаңкестік мақсаттары үшін қолданды. ДАИШ лаңкестері қазан айының он жетісі күні Мосулды азат ету амалдары басталған соң  20-дан астам мұнай ұңғымасы мен 1 күкірт зауытын өртеп жіберді. Мұнай ұғымалары мен зауыттарды өртеу улы газдың таралуына себеп болатындықтан, Нейнава облысының әртүрлі аудандарындағы мыңдаған тұрғын ластанған ауамен тыныс алу салдарынан уланып қалды. БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасы 2016 жылдың қазан айының соңындағы өз мәлімдемесінде: «ДАИШ бір өнеркәсіп кешенінде  күкірт диоксид газының қорын  өртеп жіберді. Бұл осы улы газдың ауқымды түрде таралуына және онымен тыныс алған адамдардың тыныс жолдары ауруына шалдығуына себеп болды»,-деп хабарлады.

ДАИШ-тың мұнай ұңғымаларын қасақана өртеуі

ДАИШ лаңкестері Мосул қаласының егіс алқаптарын жоюда да іркіліп  қалмады. Нейнава облысы, соның ішінде Мосул қаласы тұрғындарының көбінің өмірі егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және мұнай кен орындарындағы жұмысқа  негізделген. Алайда ДАИШ лаңкестерінің қылмыстары осы үш салаға да кері әсерін тигізді. Мұнай ұғымалары мен зауыттарды, соның ішінде күкірт зауытын өртеу Мосулда ластанған ауаның қалыптасуына себеп болып, осы қаланың егін және мал шаруашылығын  да көптеген қиындықтарға ұшыратты.  

Кейбір ақпарат көздері кейбір шаруа қожалықтарынан мынадай хабарлар таратты: олар улы және химиялық заттардан туындаған ластанулардың салдарынан малдарын сатып жіберуге мәжбүр болған, ал кейбір мал басы  сатылмайды да. Егіс алқаптары малдың жем-шөбін қамтамасыз ететін негізгі жерлер болып табылады, алайда бұл жерлер улы және химиялық заттармен уланғандықтан ауылдағы малдардың көбі қырылып қалған. Кейбір ақпарат көздерінің суреттері көрсеткендей, улы және химиялық заттармен ластанған ауадан туындаған ауыр түтіннің салдарынан ауылдардағы малдың түстері өзгеріп кеткен. Сол себепті бұл шаруа қожалықтары өздерінің малын сата алмай отыр.

Мұнымен қоса, ДАИШ лаңкестері бөгендерді құрғатып, егіс алқаптарын улау арқылы Мосулдың қоршаған ортасына теріс әсер етті. Осыған орай БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасының директоры Эрик Солхейм 2016 жылдың қазан айында: «Ирак соңғы онжылдықта, әсіресе ДАИШ басып алғаннан кейін куә болған қоршаған орта заңдарын бұзу фактілері, соның ішінде бөгендерді құрғату, егіс алқаптарын ластау бұл елдің қоршаған орта жүйесінің құртылуына әкеліп соқтырды»,-деді.

ДАИШ-тың Мосулда болуының қоршаған ортаға тигізген зардаптары

Ирактың ең үлкен өзені саналатын Тигр өзені мен Мосулдың үлкен бөгеті де Нейнава облысында орналасқан. ДАИШ лаңкестері осы өзен мен оған құятын басқа өзендердің суын улау арқылы халықтың ауыз суын ластады. Лаңкестер кейбір мәйіттерді өзендерге лақтырады. Мұнымен қоса,  ДАИШ лаңкестері кейбір химиялық заттарды немесе қираған көліктерді де өзендерге лақтырды. Осыған орай, БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасының директоры Эрик Солхейм 2016 жылдың қазан айының соңында судың ластану қатері жайында ескертіп,  мәйіттер мен қауіпті заттар мен мұнайдың өзендерге тасталып жатқанын мәлімдеді.

Мосулды ДАИШ лаңкестерінің қолынан азат ету амалдары әлі жалғасып жатыр. Бұл мәселе де Ирак басшыларының алаңдаушылығына себеп болып отыр. Өйткені ДАИШ лаңкестеріне қатысты танымға байланысты олардың Тигр өзенін ластау немесе Мосул бөгетін қирату ықтималы зор. Ирактың кейбір басшылары Мосул бөгетін қирату немесе оның суы мен Тигр өзенін ластау туралы бірнеше рет ескерту жасады.  Тіпті бір ирактық басшы осыған қатысты: «Америкалықтар үнемі «Катрина» торнадосының атын қайталайды, ал Мосул бөгетін қирату Катринадан мың есе артық апатты тудырады»,-деген болатын. Егер Мосул бөгеті қиратылса, бірнеше сағаттың ішінде шамамен 500 мың адам жан тапсырады.

БҰҰ-ның Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің есебіне сәйкес, АҚШ-тың 2003 жылдан бері Иракқа қарсы соғысы мен 2014 жылы бұл елдің кейбір бөліктерінің ДАИШ лаңкестері тарапынан басып алынуы Иракта 2003 жылы таза суға қолы жетпей отырған тұрғындар санының 19 пайыздан 2015 жылы 24 пайызға артуына себеп болды. Бүгінде мынадай алаңдаушылық бар: ДАИШ лаңкестері Мосулдағы су көздерін ластайтын болса,  Иракта су тапшылығы дағдарысы күшейіп, таза суға қолы жетімсіз тұрғындардың саны артатын болады.  

ДАИШ лаңкестерінің Мосулдың қоршаған ортасына қарсы жасаған және жасап жатқан ауыр қылмыстарының салдарларынан келешек ұрпақ та  аман қалмайды. Су тапшылығы дағдарысы, ластанған су көздерінің дағдарысы, қоршаған орта құртылған соң пайда болатын аурулар, кеміс әрі мүгедек балалардың дүниеге келуі – осының барлығы ДАИШ-тың Мосулдың қоршаған ортасына қарсы жасаған қылмыстарының ұзақ мерзімді салдарлары болып табылады. Келесі бағдарламада осы қылмыстардың Мосул тұрғындары, соның ішінде балалар, әйелдер, жүкті әйелдер арасында әртүрлі аурулардың таралуына әсері жайлы сөз қозғайтын боламыз.