Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлері (2)
Бұл бағдарлама ирандық Наурыз мерекесінің басқа да салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналады.
Иран халқының ұлттық Наурыз мерекесі – Қытайдың Синьцзян аймағы, Орта Азия, Кавказдан бастап, Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан, Ирак пен Түркия елдерін қамтитын үлкен территорияда тойланатын даналық, ұстамдылық пен өмірге деген үміттің көрінісі болып табылатын мереке. Бұл өзіндік ерекшеліктерге ие мереке көпұлтты ортақ мұра ретінде он екі мемлекеттің қолдауымен ЮНЕСКО-ның халықаралық рухани мұралары тізіміне тіркелген. Наурыз мерекесінің әдет-ғұрыптарында адамгершілік қасиеттер ерекше рөлге ие. Оларды Наурыздың арнайы сыйы ретінде халықаралық қоғамдастыққа таныстыру мақсатында әрбір аймақтың мәдениетіне сәйкес, жүзеге асыруға негіз әзірлеуге болады. Үлкендерге құрмет көрсету, дос-жарандар мен таныстармен кездесу, туысқандармен көрісу, отбасыға көңіл бөлу, әділет, мейірімділік таныту, жақсы істер жасау, сый-сыяпат беру, тазалықты сақтау – бұлардың барлығы қаншама ғасырлар өтсе де, өз тартымдылығы мен жаңалығын жоғалтпаған Наурыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ажырмас бөлігі болып саналады.
Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлерінің бір бөлігі жылдың соңғы күндеріне байланысты болса, басқа әдет-ғұрыптар Жаңа жылға дайындық пен оны қарсы алу кезі мен Жаңа жылдың алғашқы күндеріне қатысты болып келеді. Бұл бағдарламаның алғашқы бөлімінде Жаңа жылға дейінгі салт-дәстүрлермен танысқан едік. Ал бүгінгі бөлімде, сіздерді Жаңа жылды қарсы алу, «һафт син» дастарханы және Жаңа жылдың басындағы әдет-ғұрыптармен таныстыруды ұйғардық.
«Һафт син» дастарханын жаю – ирандықтардың арасында кеңінен тараған рәсімдердің бірі. Бұл дастархан жаңалық, балғындылық пен шаттықтың белгісі және отбасы мүшелерінің Жаңа жылды қарсы алудың рухани сәттерінде бір дастархан басында жиналуы үшін негіз саналады. Жаңа жылдың басталуымен тұспа-тұс келетін көктемнің алғашқы күні отбасының барлық мүшелері бір-біріне көмектесе отырып, үйді тазалап, жуынып, үстеріне жаңа әрі таза киімдерін киіп, «һафт син» деп аталатын дастархан басында жиналып, Жаңа жылды махаббат пен шаттыққа толы ортада қарсы алады. «Һафт син» дастарханына атауы парсы тіліндегі «син» әріпінен басталатын және өсімдіктер мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің символы саналатын жеті түрлі өсімдік пен тағам қойылады. «Һафт син» дастарханының құрамдас бөліктеріне қайта туу, шаттық, жасыл табиғат пен адам өмірінің табиғатпен байланысының белгісі ретінде бидай, жасымық немесе маштың жас өскіні, өсімдіктердің құнарлығының белгісі ретінде бидайдың өскінінен дайындалатын "саману" тағамы; денсаулық, сұлулық және құнарлық белгісі ретінде сиб-алма; сүйіспеншілік нышаны саналатын жапырақтары мен гүлдерінің жұпары махаббатқа себеп болатын сомбол-шырғанақ қойылады. Сондай-ақ дастарханға шипа мен денсаулық белгісі – сумах, сир-сарымсақ пен серке-сірке ағашы, сабырлықтың белгісі ретінде серке-сірке суы қойылады. Сірке суын дайындауға ұзақ уақыт керек болғандықтан ол сабырлықтың символы ретінде танылған. Сонымен қоса, ирандықтар әсем "Һафт син" дастарханына басқа ұғымдардың белгісі ретінде өзге де заттарды қояды. Мысалы, өмірдің белгісі ретінде тауықтың жұмыртқасын, мөлдірлік пен шынайылықтың нышаны – айна дастарханның төріне қойылады. Ал сол дастарханнан табылатын су – береке мен пәктік және тазалықтың белгісі, қызыл түсті алтын балық өмірдің белгісі әрі есфанд айының символы саналады. Бұлармен қоса, байлық пен істің өркендеуінің белгісі ретінде тиындар мен нұр, жылудың нышаны ретінде шам қойылады.
Сауырағаш пен сүмбілдің бұтақтары мен мускус ағашы гүлдерінің жұпар иісі көктемнің келгенін білдіретін «һафт син» дастарханының құрамдас бөліктері болып табылады. Әдетте тәтті дәмдер де осы дастарханның басынан орын алады. Осы аталған заттармен қоса, мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құран Кәрім «һафт син» дастарханында ерекше рөлге ие және оның негізгі бөлігі саналады.
Ескі жылды шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алу кезінде отбасының мүшелері үйде орнаған рухани кеңістікте Жаңа жылды қарсы алу дұғасын оқиды:
»یا مقلب القلوب و الابصار، یا مدبر اللیل و النهار، یا محول الحول و الاحوال، حول حالنا الی احسن الحال«
Бұл дұғада адамдар Құдайдан табиғаттың өзгеріске ұшырап, гүлденуі қарсаңында олардың да жағдайын ең жақсы күйге өзгертуді сұрайды. Содан кейін, қасиетті Құранның аяттары оқылады. Әдетте, Жаңа жыл басталған кезде отбасының ақсақалдары не отағасы отбасының басқа мүшелеріне мерекелік сый ретінде ақша немесе сыйлық беріп, барлығы бірге тәттілерден дәм татып, бір-бірін Наурыз мерекесімен құттықтайды. Кейбір ирандық жанұялардың өздерінің діни сенімдеріне байланысты Жаңа жылды діни кеңістігі бар кесенелер мен қасиетті орындарда қарсы алатындықтарын білгендеріңіз жөн. Осылайша олар сол мекендердегі ұлы тұлғалардың даналығы мен асылдығының нұры мен олардың Құдайдың алдындағы абыройынан сауап алады. Жаңа жыл басталар сәтте діни мекендерде болып, дұға оқып, Құдайға құлшылық жасау жүректерді нұр мен тазалыққа толтырады. Сондықтан да, жыл сайын зиярат жасайтын қасиетті орындар, әсіресе Машхад қаласында орналасқан имам Резаның (с.ғ.с) кесенесі, Құм қаласындағы хазірет Масуменің (с.ғ.с) кесенесі мен Шираздағы Ахмад бин Мұсаның кесенесі немесе «Шағчерағ» мекені мен тағы да басқа қасиетті мекендер осы әулиелерге адал зиярат жасаушыларға толады.
Жыл сайын Жаңа жыл басталған соң көрісу атты ең танымал әрі сүйікті салт басталады. Көрісу дәстүрін Наурыз мерекесінің ең ғажап сыйы деп атауға болады. Бұл сый адамдардың жүректерін жақындастырып, отбасы мүшелері мен достардың бір-бірінің хал-ахуалынан хабардар болуына себепкер болады. Иран мәдениетінде үлкен кісілер ерекше құрметке ие болғандықтан, отбасының жасы кіші мүшелерінің алдымен сол жасы үлкендерге сәлем беріп, олармен көрісуге баруы парыз саналады. Сол себепті, әдетте балалар Наурыз мерекесі кезіндегі көрісу рәсімін ата-әжелері және ата-аналарымен кездесуден бастайды. Әрбір кездесу әдетте кездесу не көрісумен жалғасын табады. Сол үшін Жаңа жылдың алғашқы күндері достар мен туған-туыстардың арасында екіжақты кездесулер мен көрісулер орын алып жатады. Әдетте бұл көрісулер мерекелік сыйлықтар сыйлау, тәттілер, аджил мен жеміс жеумен өтеді. Көрісу салты арқылы адамдар өз өкпе-реніштері мен араздықтарын ұмытып, оның орнына жүректерін сүйіспеншілік пен махаббатқа толтыруға тырысады. Егер бір отбасы бір ғазиз мүшесінен айрылған болса, мереке күні олардың туыстары мен достары аза тұтып отырған отбасының үйінде жиналып, дүниеден қайтқан кісінің рухына бағыштап дұға оқып, Алладан оның жасаған күнәларының кешірілуін сұрайды. Ал кейбір адамдар науқас немесе жалғыз қалған адамдардың көңілін аулау үшін, олардың жағдайын сұрауға барып, олардың үйлері мен баспаналарына көктемнің жылуын әкелгендей болады. Наурыз мерекесі күндері ауруханалар, мүгедектер үйлері мен жетім балалар үйлері халықтың махаббаты мен ақжүректігінің көрініс табуына куә болады.
Иран халқының көпшілігі көктемнің алғашқы күндері Наурыз мейрамының игі салт-дәстүрлерін сақтаумен қоса, өз елінің түрлі жерлеріне сапар шегу арқылы күнделікті өмірлеріне әркелкілік енгізуге тырысады. Сол себепті, көктемнің алғашқы күндері олар үшін сапарға шығып, өз елінің басқа аймақтарын көріп қайту үшін өте ыңғайлы мүмкіндік болып табылады. Міне, сондықтан, Наурыз мерекесіне орай демалыс күндері Иранның қалалары саяхатшыларға толады. Ал х.ж.с.б. фарвардиннің он үші күні «Сиздаһ бедар» күні көне салтқа сәйкес, отбасылар, дос-жарандар мен туыстар бірге жиналып, Жаңа жылдың салт-дәстүрлерін табиғат аясында көктемнің сұлу көріністерін тамашалаумен тәмамдайды.
Наурыз мерекесі достық, адалдық пен мейірімділікке апаратын көпір және барша жүректерге «һафт син» дастарханын кеңінен жаюға арналған мүмкіндік болып саналады. Наурыз – өткен жылы жасаған істеріңе көз жүгірту, бар күш-жігерді жинап, болашаққа жоспар құру, алда күтіп тұрған мүмкіндіктерді ойластыру болып табылады. Әрбір күніңіз жаңа күн болсын!