21 наурыз – Дүниежүзілік нәсілшілдікті жою күні
БҰҰ-ның күнтізбесінде 21 наурыз Дүниежүзілік нәсілшілдікті жою күні деп аталған. Бүгінгі бағдарлама осы тақырыпқа арналады.
1960 жылдың наурыз айының 21 күні Оңтүстік Африкадағы қара нәсілділердің апартеидтік заңның бекітілуіне қарсы бейбіт жиыны мен наразылығын ақ нәсілді билеушілер қанға бөктіргендіктен Дүниежүзілік нәсілшілдікті жою күні деп жарияланды. Бұл оқиғада полиция шерушілерге қарсы оқ жаудырып, 69 адамды мерт қылды. Осы оқиғадан 5 жыл өткен соң, яғни, 1965 жылдың 21 желтоқсанында БҰҰ-ның Бас ассамблеясы тарапынан нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жоюға бағытталған халықаралық конвенция бекітілді. Бұл конвенция нәсілдік теңдік идеясын баяндайтын жан-жақты әрі айқын хаттама деп сипатталды. Ол кіріспе мен екі бөлімде дайындалған 25 баптан тұрады. Бірінші бөлімде нәсілшілдікке сипаттама беріліп, мүше елдердің міндеттемелері баяндалған. Екінші бөлімде осы конвенцияға бақылау жасайтын орган, яғни нәсілшілдікті жою комитеті мен оның конвенцияда белгіленген ережелерді орындау жолдары баяндалған.
Конвенцияның 2 бабында БҰҰ-на мүше елдер нәсілшілдікті айыптауға және кешіктірмей нәсілшілдіктің кез-келген түрін жойып, ұлттық түсіністікті қалыптастыруға міндеттелді. Конвенцияның ережелерін орындауды бақылау үшін нәсілшілдікті жою комитеті құрылды. Ол жоғары ақлақтық біліктілікке ие 18 аға маманнан тұрады. Олардың маңызды міндеті – мүше елдердің есептерін қарастыру. Осы конвенция бекітілген уақытта әлемде ресми түрде үш нәсілшіл мемлекет болған: Родезиядағы ақ нәсілділердің үкіметі, Оңтүстік Африкадағы нәсілшіл үкімет пен басып алынған Палестина жеріндегі сионистердің режимі. Көңіл аударуға тұрарлық мәселе мынада: үш режимнің пайда болуының факторы осы жерлерде тұрып жатқан еуропалық мигранттардың нәсілшілдік және нәсілдік кемсітушілік саясатын ұстануы болды. Нәсілшілдіктің осы айқын үлгілері бірнеше рет халықаралық ресми құжаттарда аталды. Родезияда 1979 жылы Ян Смиттің үкіметі жойылып, 1990 жылы Оңтүстік Африкада нәсілшіл үкімет құлатылған соң ақ нәсілділердің қара нәсілділерден артықшылығына негізделген нәсілшіл жүйе ресми түрде жойылды. Алайда үшінші үлгі, яғни сионистік режимнің нәсілшіл үкіметі басып алынған Палестина жерінде әлі күнге дейін қалып отыр.
Конвенциядағы көңіл аударуға тұрарлық жайттардың бірі – нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою, азшылық топтарға, яғни этностық, тілдік және діни азшылықтарға қолдау көрсету. Қазіргі таңда әлемде барлық азаматтары тек бір этнос пен бір ұлттан тұратын, немесе тек бір тілде сөйлейтін, я болмаса бір ғана дінді ұстанатын ел мен жүйені табу қиын. Елдердің көбінде ортақ тарих, мәдениет, тіл, дін мен ұлтқа ие бір көпшілік бар. Көпшіліктің арасында өздерінің ұлттық, тілдік немесе діни ерекшеліктерін сақтап өмір сүріп жатқан шағын топтар немесе азшылық та бар. Родезия, Оңтүстік Африка (республикасы) мен Израильдің жалған режимі әлемдегі нәсілшіл үкіметтер болған.
Осындай елдердің бірі – АҚШ. Бұл елде сырттай нәсілшіл үкімет билік құрмағанымен, іс жүзінде елдегі қара нәсілділер азшылығына нәсілшілдік қатынас көрсетіледі. Авраам Линкольн президент болған кезде құлдық туралы заң күшін жойды. Алайда, шын мәнінде, АҚШ-тың көптеген штаттарында қара нәсілділер әлі күнге дейін екінші дәрежелі азамат саналады. Елдің оңтүстігіндегі штаттарда нәсілдік кемсітушілік кеңістігі қалыптасқан болатын. 1943 жылы Ку-клукс-клан тобы құрылған соң қара нәсілділердің қоғамында террор кеңістігі бұрынғыдан бетер арта түсті. Автобустар мен оқу орындары және басқа да қоғамдық жерлерде нәсілдік тұрғыдан бөліну орын алды. Ақ нәсілділер әрдайым бірінші болу құқығын пайдаланды. АҚШ-тағы мұндай кеңістік БҰҰ Бас ассамблеясы Нью-Йоркте нәсілшілдіктің барлық түрін жоюға бағытталған халықаралық конвенцияны бекіткен жағдайда қалыптасты. Роза Паркс есімді қара нәсілді әйелдің автобуста өз орнын ақ нәсілді ер адамға беруден бас тартуы АҚШ-тағы қара нәсілділердің нәсілдік кемсітушілікке қарсы шығуына түрткі болды. АҚШ полициясы Роза Паркстың осы ісіне наразылық ретінде оны қамауға алып, айыппұл салды. Осы хабардың таралуы АҚШ-тағы қара нәсілділерді кемсітуді доғаруға бағытталған Мартин Лютер Кинг бастаған азаматтық құқық қозғалысының басталуына себеп болды.
Азаматтық құқық қозғалысы қара нәсілділердің азшылығына қатысты көптеген кемсітушіліктер мен нәсілшілдік қатынастарды тоқтатты, бірақ Мартин Лютер Кинг осы жолда жанын құрбан етті. АҚШ-тың азаматтық құқық қозғалысының басшысы 1968 жылы 4 сәуірде Теннесси штатындағы Мемфис қаласында террорға ұшырады. Мартин Лютер Кингке террор жасалған соң АҚШ-та оның есімі мәңгілікке қалды. 1986 жылы АҚШ-та Мартин Лютер Кингті еске алу үшін қаңтар айының үшінші дүйсенбісі ресми түрде демалыс деп жарияланды. Бұл күн – АҚШ-та федералдық деңгейдегі ресми демалыстардың бірі. Бұл күні адамдар Мартин Лютер Кинг пен оның атқарған еңбегін еске алып, ұлықтап, әртүрлі бағдарламалар мен рәсімдер өткізеді. 2011 жылдың тамыз айында доктор Мартин Лютер Кингтің ескерткіші Вашингтонның ұлттық саябағының оңтүстік-батыс жағына қойылды. Мартин Лютер Кингтің ескерткіші ел астанасының ұлттық паркі аумағында танымал ақ нәсілділердің ескерткіштерінің қасына қойылған америкалық қара нәсілдінің алғашқы ескерткіші болып табылады. АҚШ-тың ақ нәсілді үш президенті – Авраам Линкольн, Томас Джеферсон, Теодор Рузвельттің ескерткіштері осы саябақтың батыс жағында Потомак өзенінен бастау алған субұрқақтың жанында орнатылған.
Мартин Лютер Кинг пен азаматтық құқық қозғалысының басқа да көрнекті тұлғаларының, соның ішінде Малкольм Икстің есімдерінің мәңгілікке сақталғанына қарамастан, қазіргі таңда қара нәсілділермен бірге басқа түсті нәсілдер, соның ішінде мексикалықтар, АҚШ-тың мұсылман азшылығы кемсітушілік пен бөгдеден үркіту саясатына ұшырап отыр. Жылына ондаған қара нәсілді АҚШ полициясы тарапынан қара болғаны үшін жазым болады. Түрмедегі қара нәсілділер мен басқа түстілердің саны, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі және білім беру деңгейінің нашарлығы ақ нәсілділермен салыстырғанда бірнеше есе артық. Нәсілдік кемсітушілік АҚШ-тың экономикалық, әлеуметтік, қауіпсіздік және мәдени құрылымына бойлай енген деп айтуға болады.
Бүгін де Ақ үйде АҚШ-тың экономикалық және қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік және қауіпсіздік саясаттары нәсілшілдік, бөгделермен жауласу және мұсылмандарды жек көру сезімін таратуға негізделген адам отыр. Кеше әлемнің жер-жерінде адамгершілік, азаттық пен теңдікті қорғауды көксеген адамдар бүгін өздерін өзгелерден бөліп, дуал салудан тайынбайды. Дональд Трамптың Ақ үйге келген бірінші аптада терроризммен күрес сылтауымен 7 мұсылман елінің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салған миграциялық жарлығы немесе Мексикамен арадағы шекараға дуал салуы АҚШ Президенті Дональд Трамптың нәсілшілдік қатынасын көрсетеді.
Алайда кеше әртүрлі діндерді ұстанушылар мен әралуан ұлттардың өкілдеріне шыдамды да төзімді болу керек деп уәж айтушылардың арасында этностық, діни және ұлттық кемсітушіліктердің қайта жандануы АҚШ-пен шектелмейді. Өкінішке орай, Еуропада да ұлттық болмыс-бітімді қорғау және терроризммен күрес сылтауымен, әсіресе мұсылмандарға қарсы этностық, діни және ұлттық кемсітушіліктердің қайта жанданғанына куә болып отырмыз. Нәсілшілдік және бөгделермен жауласу төзімділік пен шыдамдылыққа шақырушы елдерде басқа қалыпта қайта жанданып келеді. Халықаралық конвенцияда нәсілшілдіктің барлық түрімен күресу баса айтылған. Осы конвенцияның бекітілгеніне 50 жылдан астам уақыт өтті. Қазір нәсілшілдіктің барлық түрін жоюға бағытталған халықаралық конвенцияға баса назар аударудың қажеттігі басқа кезден көбірек айқын сезіледі. Батыс елдері, солардың ішінде АҚШ осы конвенцияға мүше болып табылады. Сондықтан сол елдер нәсілшілдік, кемсітушілік және бөгдемен жауласу сипатындағы кез-келген шараны атқармас бұрын өздерінің осы конвенциядағы міндеттемелеріне көңіл аударғаны дұрыс.