Бахрейн: наурыздан наурызға дейін
(last modified Fri, 31 Mar 2017 08:12:42 GMT )
Нау 31, 2017 14:12 Asia/Almaty
  • Бахрейн: наурыздан наурызға дейін

Халифе әулеті режимінің бахрейндік наразыларға қарсы қатігездіктері 1395 жылы 1394 жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты.

Бахрейн х.ш.ж.с.б. 1395 жылы Халифе әулеті режимінің қатігез қатынастарының артқанына куә болды. Шейх Иса Ғасемді азаматтықтан айыру, шейх Әли Салманды 9 жылға түрмеге қамау, исламдық «әл‑Уафақ» қоғамын тарату, сондай‑ақ, үш бахрейндік жігітті өлімге кесу 1395 жылы сол елде орын алған басты қатігез әрекеттер болды.

Халифе әулеті билігі 2016 жылдың маусым айында Бахрейннің 80 жастағы көрнекті дінбасшысы шейх Иса Ғасемді азаматтықтан айырды. Халифе әулеті режимі оның азаматтығын Бахрейннің азаматтық заңының 10‑бабының «ж» тармағы негізінде айырды. Халифе әулеті режимінің мәлімдемесінде осы көрнекті шиіттік дінбасыны азаматтықтан айырудың себебі «шетелдік мүдделерге қызмет ету және ағымаралық қатігездікті тарату» үшін өз лауазымын теріс пайдалану деп аталды. Халифе әулеті режимі шейх Иса Ғасемді бұл аятолланың жасының сол режимнен шамамен екі есе үлкен болған жағдайда азаматтықтан айырды. Халифе әулеті билікке келгеннен бірнеше онжылдық бұрын осы ғалым Бахрейнде өмір сүріп, осы елдің шиіттерін басқаруды өз міндетіне алған болатын.

Халифе әулеті сотының үкімі Бахрейн халқының ауқымды реакциясына ұшырады. Тіпті осы үкім шығарылған күннен 1395 жылдың соңғы күндеріне дейін Бахрейн халқы әр аптаның жұма күні ел астанасы Манаманың әд‑Дераз ауданындағы шейх Иса Ғасемнің үйінің алдына жиналып, үйде қамау үкімінің күшінің жойылуын және осы дінбасының жетекшілігімен жұма намаздарының өткізілуін талап етті. Алайда Бахрейн үкіметі халықтық наразылықтарға назар аудармастан, шейх Иса Ғасемге тағы бір айып тақты. Шейх Иса Ғасем «заңсыз ақша жинады, ақша жылыстатты, сондай‑ақ шариғат заңдарын Йеменде қатігездікті тарату үшін қолданды» деп айыпталды. Бірақ оның сот жиналысы бірнеше рет кейінге қалдырылды. Шейх Иса Ғасем де: «Осындай жалған айыптарға бола сотқа баруды қаламаймын»,‑деп мәлімдеді.

Бахрейн үкіметі 2012 жылдан 2017 жылдың ақпан айына дейін 280‑нен астам бахрейндікті азаматтықтан айырды. Олардың 200 жайты 2015 жылы орындалды. Азаматтықтан айырылған адамдардың арасында университет ұстаздары, діни жетекшілер, кәсіпкерлер мен Парламенттің бұрынғы өкілдері бар.

Исламдық «әл‑Уафақ» қоғамының бас хатшысы шейх Әли Салман да өткен жылы Халифе әулеті сотының әділетсіз үкіміне ұшыраған бахрейндік дінбасылардың бірі. Шейх Әли Салман елдің қауіпсіздігіне қатер төндірді деген айыппен 2014  жылы қамауға алынып, өткен екі жыл ішінде оған қатысты екі түрлі үкім шығарылды. Исламдық «әл‑Уафақ» қоғамынының бас хатшысы 2015 жылдың маусым айында 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл үкім 2016 жылы Аппеляциялық сотта 9 жылға ұзартылды. Бахрейннің Әкімшілік әділет соты да желтоқсан айында шейх Әли Салманды 9 жылға бас бостандығынан айыру үкімін растады.

Осындай жағдайда Бахрейндегі ең үлкен қарсылас ұйым – Исламдық «әл‑Уафақ» қоғамын тарату да Халифе әулеті режимінің күн тәртібіне қойылды. Сондықтан Бахрейннің Жоғары соты 17 шілдеде «әл‑Уафақ» қоғамын тарату және оның мал‑мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Сот үкімі бойынша, «әл‑Уафақ» қоғамының тәркіленген мал‑мүлкі мен қаражаты мемлекеттік қазынаға аударылуы тиіс. Халифе әулеті режимі «әл‑Уафақ» қоғамына қарсы мұндай үкім шығарудың себебін қатігездікке шақыру, билікке қарсы наразылықтарды өткізуге ынталандыру және лаңкестікті қолдау деп жариялады. Осы негізде Бахрейннің Аппеляциялық соты да 2017 жылдың ақпан айында ««әл‑Уафақ» қоғамын тарату мен бұл партияның мал‑мүлкін тәркілеу туралы үкімді қайта қарастыру жөніндегі өтінішке қарсылық білдірді. 

«Әл‑Уафақ» қоғамы 2001 жылы құрылып, 2010 жылы өткен парламенттік сайлауда Бахрейн Мәжілісінде шиіттерге бөлінген 18 орынның барлығына ие болды, бірақ бұл партияның депутаттары 2011 жылы шерулерді басып‑жаншуға наразылық ретінде топтасып отставкаға кетті.   

Халифе әулеті үкіметінің 1395 жылы жасаған келесі бір қатігез шарасы үш бахрейндік жігітті өлімге кесуі болды. Бахрейн үкіметі 2017 жылдың 16 қаңтарында халықтың өтінішіне көңіл аудармастан,  үш бахрейндік жігітті өлтірді. Халифе әулеті үкіметі: «Бұл адамдардың 2014 жылы наурыз айында 10 бахрейндік қауіпсіздік қызметкер мен БАӘ‑нің бір офицерінің қазасына әкеліп соқтырған лаңкестік әрекетке қатысы бар»,‑деген уәж айтты. Алайда Халифе әулеті осыған қатысты сот қабылдайтындай ешқандай құжат көрсеткен жоқ. Мынадай көзқарас  та болды: БАӘ‑нің үкіметі 2014 жылы наурыз айында өзінің бір офицерінің қаза болғанына байланысты Бахрейн үкіметіне осы елдің үш азаматын өлім жазасына кесуге қатысты қысым жасаған. Бұған қарамастан, Халифе әулетінің осы елдің үш азаматын өлімге кесудегі негізгі мақсаты Бахрейн халқына қарсы үрей мен қорқыныштың жаңа кезеңін қалыптастыру болды деп айтуға болады. Өйткені Бахрейн үкіметінің осы елдің революцияшылдарына қарсы қауіпсіздік стратегиясы ретінде қолданған тәсілдерінің ешқайсысы азаматтардың Халифе әулеті режиміне қарсы наразылықтарын тоқтатуға немесе азайтуға көмектеспеді. Сондықтан Халифе әулеті режимі үш бахрейндік азаматты өлтіру арқылы ең қатігез тәсілдердің бірі, яғни саяси репрессияны Бахрейн қоғамында үрей кеңістігін тудыру үшін пайдалануды көздеп отыр. Бахрейн режиміне саяси репрессия жасау үшін қажетті батылдық берген жағдай мынадай: Батыс Азия мен әлемдегі қоғамдық пікір Бахрейндегі өзгерістерге Сирия, Ирак, тіпті Йемен мен Ливиядағы өзгерістерге қарағанда әлдеқайда азырақ  назар аударады. Бахрейн үкіметі  Сирия, Йемен мен Ирактағы дағдарыстардың жаңа кезеңін өзі үшін мұрсат санады. Әсіресе Таяу Шығыстағы қоғамдық пікірдің назары Сирия, Ирак пен Йемендегі маңызды өзгерістерге аударылған жағдайда Бахрейн үкіметі бұл мұрсатты қарсыластарға, әсіресе жетекшілерге қарсы қатігездіктерді арттыру үшін пайдаланды.

Халифе әулеті режимі тарапынан үш бахрейндік азаматтың өлімге кесілуі үш ағымның – 14 ақпан жастарының коалициясы, «әл‑Уафа» исламдық қоғамы бастаған алтылық коалиция, үштік коалиция мен басқа да кейбір саяси ағымдардың әрқилы реакциясына ұшырады. 2009 жылы құрылған және Абдулуахаб Хосейннің басшылығындағы «әл‑Уафа» исламдық ағымы Халифе әулеті режиміне қарсы үш бахрейндік жігіттің өлімге кесілуіне қатысты реакциясында: «Бахрейн халқы бұдан былай өзін қорғауы үшін қару пайдалануға құқылы»,‑деп мәлімдеді. Осы орайда Бахрейннің «әл‑Уафа» исламдық ағымы басшыларының бірі сейіт Мұртаза әс‑Санади: «Бахрейн халқы үшін бейбіт революция кезеңі зұлымдықтан басқа нәтиже берген жоқ. Осы ағымның мүшелері осыдан былай қарулы амалдар сахнасында болады. Бахрейн халқының қаны, абыройы, құндылықтары мен адамдық қасиеттерін қорғау мақсатында қару қолданудың айқын дәлелі бар. Өйткені Халифе әулеті режимінің үш бахрейндік азаматты өлтіріп жасаған жуырдағы қылмысы Бахрейн халқының қанына құрметсіздік көрсету болып табылады. Сол себепті соңғы жылдар барысында қолданылған тәсілдер мен механизмдерді өзгерту қажет»,‑деді.

«Сарайа әл‑Мұхтар» ағымы да мәлімдеме жасап: «Басқыншы мафия барлық қызыл сызықтар, принциптер мен құндылықтарды аяқ асты етіп, басып‑жаншу және қылмыстық сипаттағы шараларын қабылдау арқылы Бахрейнің батыл мұсылман халқының барлық әлеуметтік топтарын қырып‑жоюға дайын екенін көрсетті. Алайда осы қылмыспен өз‑өзіне көр қазды. Осы  режимнің кез‑келген жалдамалысын кез‑келген әскери немесе азаматтық құрылымда нысанаға алатын боламыз»,‑деді.

Бұған қарамастан «әл‑Уафақ» исламдық қоғамы бастаған алтылық коалиция мен 14 ақпан жастарының коалициясы Бахрейннің үш азаматының өлімге қиылғанын айыптаумен қатар, бұрынғыдай халықтың Халифе әулетінің саясаттарына қарсы бейбіт шерулер өткізуін қалайтынын білдірді. Осыған орай, Бахрейн «әл‑Уафақ» қоғамы бас хатшысының орынбасары шейх Хосейн әд‑Дейхи мәлімдеме жариялап, Халифе әулеті режимінің осы қылмысына қатысты халықаралық тексерістің жүргізілуін талап етіп: «Біз әлемдік қауымдастықтан Бахрейндегі соңғы өздерістер мен Халифе әулетінің қатерлі шараларына қатысты байсалды ұстаным білдіруін сұраймыз»,‑деді.

Бахрейнде 1395 жылы қатігездіктің артуы, соның ішінде шейх Иса Ғасемді азаматтықтан айыру, шейх Әли Салманды 9 жылға түрмеге қамау, исламдық «әл‑Уафақ» қоғамын тарату, сондай‑ақ, үш бахрейндік жігітті өлім жазасына кесу үкімінің орындалуы бір жағынан Халифе әулеті үкіметінің  дағдарысты басқаруға жеткілікті біліктілікке ие емес екенін, екінші жағынан Халифе әулетінің саудиялық ваххабилік идеологияның ықпалында екенін дәлелді. Халифе әулеті режимі бұрынғыдай қарсыластарға қатігездік жасауды жалғастыратын сияқты. Бұған дәлел, Бахрейннің қауіпсіздік күштері 2017 жылы 22 ақпанда Манамадағы қоршауға алынған әд‑Дераз ауданына шабуыл жасап,  осы аудан тұрғындарымен қақтығысып, 37 адамды жаралады.