Франциядағы сайлаудың болашағы
(last modified Mon, 01 May 2017 11:02:12 GMT )
Maм 01, 2017 17:02 Asia/Almaty
  • Франциядағы сайлаудың болашағы

«Тәуелсіз» және «әсірешіл оңшыл» ағымдар үміткерлерінің Франциядағы президенттік сайлаудың екінші кезеңіне жол тартып, бұл екі үміткердің бағдарламалары жарияланып, оларға ішкі-сыртқы реакциялар білдірілген соң, еуроаймағы мен Еуроодақтағы ең үлкен экономикаға ие екінші, әлемнің жеті ірі өндірістік елінің бірі саналатын Францияның саяси-экономикалық болашағы бұлыңғыр болып отыр.

23 сәуірде Францияда өткен президенттік сайлаудың бірінші кезеңіне  қатысқан 11 үміткердің арасындағы бәсекелестікте «Оң да емес, сол да емес» деп ұрандатқан "Алға!" тәуелсіз қозғалысының үміткері Эммануэль Макрон мен "Ұлттық майдан" оңшыл популистік партиясының үміткері Марин Ле Пен  7 мамырда өтетін президенттік сайлаудың екінші кезеңіне жол тартты.   

Франциядағы президенттік сайлаудың осы кезеңіндегі көңіл аударуға тұрарлық мәселе мынада: Еуропада маңызды өзгерістер тізбегі орын алып,  соның ішінде Ұлыбритания Еуроодақтан (brexit) шығып, Еуропа қоғамында популизм кең таралғаннан кейін Франциядағы президенттік сайлау нәтижесі мен салдарына байланысты 2017 жылы осы құрлықта орын алатын ең маңызды әрі шешуші саяси оқиғалардың бірі болмақ.  Өйткені, бірінші рет Францияның бесінші республикасында екі негізгі билеуші партиялардың өкілдері, яғни "Республикашылдар" партиясының өкілі Франсуа Фийон  мен  социалистердің ымырашыл солшыл үміткері Бенуа Амон осы елдің президенттік сайлауының екінші кезеңіне жіберілмеді.  

Бұл Франция халқының ымырашыл оңшыл және солшыл партиялардың басқаруындағы осы еуропалық елдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік алшақтықтарға наразы екенін көрсетеді. Бірнеше онжылдық бойы билік осы екі партияның қолында алмасып отырды. Алайда олар қабылдауға тұрарлық амал-әрекет жасамады. Франция азаматтары соңғы онжылдықта республикалық және социалистік партиялардың елдегі ішкі саясат, экономика және сыртқы саясат саласындағы жұмыстарының теріс әсерлерін көрді. Олар Елисей сарайында Николя Саркози мен Франсуа Олланд сияқты адамдардың билігі Париждің халықаралық жүйеде кері шегініп, елде әлеуметтік және экономикалық дағдарыстардың туындауынан басқа нәтиже берген жоқ.

Осындай жағдайда Францияда жуырда өткен сайлау бәсекесінің нәтижелеріне немқұрайды қарауға болмайды, өйткені Франция қоғамында орын алған терең әрі түбегейлі өзгерістер осы ел азаматтарының тәуелсіз, тіпті әсірешіл оңшыл үміткерлерді қолдауына әкеліп соқтырды.  Бұл мәселе Париждің алдағы жылдардағы саяси болашағын анықтайтын болады.

Тәуелсіз және әсірешіл оңшыл үміткерлер миграция, лаңкестік әрекеттер, brexit, Еуроодақтың әлсіреуі, билік басындағылардың жемқорлығының әшкере болуы сияқты мәселелер туындағанда сахнаға шығып, өз бағдарламаларын таныстыру арқылы басқалардан озды.

Осы арада «Ұлттық майдан» партиясының әсірешіл оңшыл үміткері Марин Ле Пен мигранттарды шығару, ұлттық шекараны нығайту, Францияны Еуроодақтан шығару (frexit), ұлттық валюта – франкқа қайта оралу, жаһандануға ашық түрде қарсы шығу сияқты бағдарламасын ұсыну арқылы дауыс берушілердің назарын аударып, президенттік сайлаудың бірінші турының екі жеңімпазының бірі ретінде таныстырылды. Ле Пен президенттік сайлаудың бірінші турында жеңіске жеткен соң екінші кезеңде Франция халқының көбірек дауысына ие болу үшін «Ұлттық майдан» партиясын басқарудан бас тартты. Ле Пеннің бұл шарасы президенттік сайлаудың екінші кезеңінен екі аптадан аз уақыт қалғанда жасалғанын және сауалнамаларда Макронның одан арақашықтығы көп болғанын ескерсек, бұл «Ұлттық майдан» жетекшісінің президенттік сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жету мүмкіндігін азайтады. Сауалнамалар бойынша, Макрон 7 мамырда өтетін сайлауда 64:38 пайыз дауыспен Ле Пенді жеңіліске ұшыратады. Алайда АҚШ-тағы президенттік сайлауда Дональд Трамптың күтпеген жерден жеңіске жеткенін ескерсек, бұл жағдай Франция сайлауында да «Ұлттық майдан» партиясының әсірешіл оңшыл үміткері үшін де қайталануы әбден мүмкін. Ондай жағдайда Еуроодақтың өмірі қатерге ұшырайды.  

Өткен аптада Париждің Шанз-Елизе көшесінде болған лаңкестік оқиғадан кейін халықтың Ле Пенді жақтауының арту мәселесі тіпті АҚШ Президенті Дональд Трамп тарапынан қуатталып отыр. Трамп Франция «Ұлттық майдан» партиясының басшысы Марин Ле Пенді ашық түрде қолдамаса да,  соңғы шабуылдың Ле Пенге көмектесетіндігіне сенім білдірді, өйткені бұл үміткерде шекараны бақылау және Францияда болып жатқан оқиғаларды қадағалауға қатысты қатаң қатынас бар. Трамптың бұл сөздері оның Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Франция халқы ендігәрі мұндай шабуылдарға шыдамайды. Бұл шабуыл осы елдің президенттік сайлауына қатты әсер етеді» деп  жазғаннан бірнеше сағаттан кейін айтылды. Трамп Еуроодақпен қарым-қатынасты дамытудың орнына еуропалық елдердің әрқайсысымен жеке-жеке жылы қатынас орнатуды қалайды. Оның бұл ұстанымы еуропалық интеграцияға сенбейтін Ле Пеннің ұстанымына сай келеді. Бұл мәселе Еуроодақты ұйымның әлсіреуі, тіпті жойылуы туралы алаңдауға әкеліп соқтырды. Сонымен қатар Трамп пен Ле Пеннің  мигранттар мен мұсылмандарға қарсы қатаң қатынасы қоғамда жиіркеніш тудырады. Бұл мәселе Франция мен Еуроодақты қоғамның біртұтастығына сызат түсіру тұрғысынан алаңдатып отыр.

Франция – Еуроодақтың ықпалды мүшелерінің бірі. Ле Пеннің 7 мамыр сайлауында жеңіске жетуі мен оның Францияның Еуроодақтан шығуына қатысты референдум өткізуге негізделген ұрандарын ескерсек, осы ұйым мен ондағы Германия сияқты қуатты мүшелер үшін бір қорқынышты түстей болмақ.  Сол себепті Франция халқының президенттік сайлаудың екінші кезеңінде Еуроодақты қолдайтын немесе оған қарсы үміткерді таңдауы қажеттігін ескеріп, Еуроодақтың жоғары лауазымды басшыларының көбі мен  Германия басшылары Франциядағы еуроодақшыл тұлғалармен бірге президенттік сайлауда ымырашыл тәуелсіз үміткер Эммануэль Макронның жеңіске жетуін ашық түрде қолдап отыр.  Макрон «әлеуметтік нарықтың экономикасы» деген бағдарлама жариялау арқылы экономика саласында  либералдық көзқарасқа, әлеуметтік салада социалистік көзқарасқа ие екенін көрсетті. Ол қуатты Еуроодаққа сенеді, өзінің бәсекелесі Ле Пенге керісінше Францияның экономикасын дамыту мақсатымен осы елдің Еуроодаққа мүше болып қалуын қолдайды.

Франциядағы президенттік сайлаудың екінші турында бірінші турда жеңіліс тапқан үміткерлердің көбі Макронды жақтап отыр. Осы тұрғыдан оның қорытынды сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Бұған қарамастан, жеңіліс тапқан және Ле Пенге қарсылардың Макронға қосылуы оның халықтың қолдауына ие экономикалық бағдарламалары бар шынайы президент емес, тек саяси президент саналуына себеп болды.

Макрон Франсуа Олландтың социалистік үкіметінде Экономика министрі болған, алайда кейін үкіметтің бағдарламаларымен қайшылықтары көбейген соң отставкаға кеткен. Президенттік сайлаудың екінші турында Макрон жеңіске жеткен жағдайда ол белгілі бір бағдарламаны ұстанатын біртұтас әрі тиімді министрлер кабинетіне ие Президент болмайды. Оның үкіметі коммунистер, социалистер мен ымырашылдардың бір бөлігінен құралатын болады. Осы тұрғыдан Францияда алдағы 5 жылда саяси-экономикалық жағдайды жақсартуға қолайлы болашақ болмайтын сыңайлы. Макрон сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Францияда өзгерістер жасауға, өткен 30 жылдан астам уақыт ішінде елдің қиындықтарын шешуде тиімсіз болған Францияның саяси жүйесін өзгерту үшін жаңа тұлғалар мен дарындарды таныстыруға уәде беріп отыр, бірақ мұның бәрі сайлауалды ұрандар ғана.

Франциядағы президенттік сайлаудың бірінші турының нәтижесі осы ел халқының уәделерін орындауға шамалары келмейтін саясаткерлерден шаршағанын және болашақ Президенттің өзгерістерді қалайтын халқы бар мемлекетті мұраға алатынын көрсетті. Жетінші президенттік сайлауда жеңіске жететін кез-келген адам бірқатар мәселелерді шешу міндетіне ие болады. Солардың ең үлкені – Францияның тоқыраған экономикасын қайта жандандыру және мигранттар мен азшылықтар сияқты мәселелерді шешу.  

Мұнымен қоса, Францияда өткен президенттік сайлау қауіпсіздік шаралары көбірек жүргізілген сайлау болды. Францияның жер-жерінде болған бірнеше лаңкестік шабуылдан кейін бұл елдің азаматтары қауіпсіздік мәселесіне қатты алаңдатып отыр. 23 сәуір сайлауына бір күн қалғанда Франция астанасында лаңкестік шабуыл орын алды. Сонымен қатар Францияда президенттік сайлау өткізуге бір күн қалғанда Парижде полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Шерушілер сайлау нәтижесі қалай болса да, үміткерлерден жұмыссыздық мәселесін шешу, экономиканы жандандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етті. Алайда бұл шеру қатігездікке ұласты. Полиция қызметкерлері наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ атып, бірқатар наразыны қамауға алды.

Қалай болғанда да, brexit пен АҚШ-тағы сайлаудан кейін Еуроодақтың жетекші мүшесі ретіндегі Франция сайлауының нәтижесі не боларын білу үшін кемінде екі апта күтуіміз керек.