Қасиетті Рамазан айында сақталуы тиіс жайттарға шолу (5)
Қасиетті Рамазан айы – Алла жолында қадам басуға арналған ерекше ай. Аллаға жақындай түсу жолындағы осы қозғалыс үшін адам ізгі қасиеттерді алып, жаман қасиеттерді алыстатуы тиіс. Бұл жаман қасиеттерден арылу үшін Алладан пана сұрау қажеттігін имам Саджад (ғ.) «8 жазба» атты дұғасында атап өткен. «Қасиетті Рамазан айында сақталуы тиіс жайттарға шолу» атты бағдарламада Алланың көмегімен осы тақырыптарды талқылайтын боламыз.
Кейбір рауаяттар бойынша, Қасиетті Рамазан айы – жаңа жылдың алғашқы айы. Сондықтан олардың сенімінше, егер адам Қасиетті Рамазан айында материалдық және рухани кеселдерден алшақ болса, жыл бойы денсаулығы мықты болады. Сондықтан көкірек көзі ояу сергек адамдар осы ұлы қонақасыға кірмес бұрын рухани дайындықтан өтуді көздеп, осы мүмкіндікті ең жақсы тәсілмен пайдалануды мақсат тұтады. Олар ізгі ақлақтық қасиеттерге ие болумен қоса, өздерін ақлақтық кемшіліктерден тазартады.

Оразаның қабыл болуына кедергі жасайтын жаман қасиеттердің бірі – ашкөздік. Ашкөздік «бірдеңеге қатты қызығу» деген мағынаны береді. Ол дәріптеу объектісі де, кінәраттау объектісі де бола алады. Ұлық пайғамбар (Тәубе сүресінің 128-аяты бойынша) өз үмбетінің бақыты мен дамуына қатты қызығушылықпен қараған және осы мақсатқа жету үшін ешбір талпыныстан бас тартпаған. Пайғамбардың дәріптелушіге қатты қызығушылығы оның өз үмбетін құтқаруға қатты көңіл бөлуінен туындайды. Ал кінәратталатын объекті ашкөздік толқуынан шығады. Одан құтылу үшін Алладан пана сұрау қажет.
Ашкөздік толқуы – адамның нәпсісін қоздыратын нәрсе. Ол басқалардың құқықтарын азайтып, әлсіретуге, илаһи үкімдерге назар аудармауға итермелейді. Осы тұрғыдан ашкөздік толқуы адамның құлдырауына жағдай жасайды. Адам одан құтылу үшін Алладан пана іздеуі керек. Ашкөздіктің орнына қанағатшыл болуы керек.

Адам атамыздың шайтанның азғыруымен ашкөздікке салынып, қателікке ұрынғаны есімізде. Адам мәңгілік өмірді қалады. Шайтан Адамды алдау үшін оның мәңгілікке қызығатынын пайдаланып, оны тыйым салынған ағаштың жемісін жеуге итермеледі. Адамның балалары да осылайша шайтанның азғыруына түсіп қалды. Шайтан оларға фәни жалғанның өткінші ләззаттары мен дүниесін мәңгілік деп көрсетуге тырысты. Ал негізі біз дүниенің өткінші екенін, сондықтан мәңгіге қалар нәрсеге қарай ұмтылуымыз керектігін ұмытпауымыз керек.